«ТАНЫМ» КЛУБЫНДА КӨТЕРIЛГЕН КЕЗЕКТI МӘСЕЛЕ
«ТАНЫМ» КЛУБЫНДА КӨТЕРIЛГЕН КЕЗЕКТI МӘСЕЛЕ
Таяуда «Таным» пiкiр-сайыс клубында кезектi жиын болып өттi. Бұл жолғы отырыстың тақырыбы «Бүгiнгi парламент және ұлттық мүдде» деп аталды. Отырысқа жиналған зиялы қауым өкiлдерi елiмiзде қабылданған заңдардың 90 пайызға жуығының орыс тiлiнде әзiрленгенiне қынжылыс танытты.
Жиналғандар Парламентке өзге ұлт өкiлдерiн квота бойынша тарту мәселесiне де қарсылық бiлдiрдi. Бұл орайда республикалық «Ел болашағы» қозғалысының төрағасы Бағдат Әрiпов: «Ұлттық, нәсiлдiк тұрғыдан бөлiп, депутаттыққа сайлау дұрыс емес. Менiңше, бұл саяси қателiк. Мұндай процестiң ұлтаралық араздық тудыратыны даусыз. Егер бұл саясат iске асатын болса, онда сенат, мәжiлiс, мәслихат құрамында ұлттық фракция болуын талап еткен жөн» – дейдi. Ал, «Халық дабылы» қозғалысы төрағасының орынбасары Кенесары Қаптағаев Парламентте ұлттық мәселенi көтеретiн депуттардың аздығына қынжылады. Өз сөзiнде ол: «Парламенттегi 77 депутаттың бесеуi ғана қазақ мәселесiн қолдаған болып жүр. Басқалары аузын ашпайды. Қазақтың тарихын алып қарайықшы, қай заманда қазақтың құрылтайында жоңғарлар, кәрiстер, орыстар отырды?» – дейдi.
Айтулы жиынға өзге де зиялы қауым өкiлдерi қатысып, қазiргi Парламентке қатысты ой-пiкiрлерiн ашық бiлдiрдi.
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА