Жаңалықтар

ЕРТЕҢIҢДI БҮГIН ОЙЛА

ашық дереккөзі

ЕРТЕҢIҢДI БҮГIН ОЙЛА

Қарызды қайтаратын күн тумай ма?

Мектепте оқып жүрген жылдары бiр мұғалiмiмiз «Қазақстан шет елдерден өндiртiп қарыз алып жатыр, оның бәрiн ертең сендер қайтаруға мәжбүр боласыңдар» деген болатын. Бұл 1994 жыл. Одан берi Қазақстан сырттан қарыз алуды арттырмаса, саябырлатқан жоқ. Шамасы, бұл қарыздардың бәрiн қайтарудың мерзiмi бiздiң буынның еншiсiнен өтiп, ендi бiздiң балаларымызға ауысатын шығар.

Әрине, қай-қайсысымызды да «Қазақстанның сыртқы қарызы қанша?» деген сұрақтан гөрi «Өз қарызым қанша?» деген сауал көбiрек мазалауы мүмкiн. Өйткенi, екiншi сауал өзiмiзден басқа ешкiмдi мазалауға тиiстi емес, солай болуы заңды да. Ал бiрiншi сауал бiзден гөрi тiкелей экономист мамандарға қатысты сауал сияқты. «Жұмыстары сол емес пе, өздерi-ақ бас қатырсын». Тап осылай ойлайтын замандастарымыз жетерлiк.

Өкiметтiң өзi «Өз күнiңдi өзiң көр!» деп ұран тастаған қоғамда мұндай ойдағы замандастарға кiнә арту қиын-ақ. Десе де, мемлекеттiң кемелденуi баршамыздың жағдайымыздың дұрысталуына түрткi болатын фактор екенi рас. Ендеше, Үкiметтен «Қазақстанның қарызы қанша?» деп сұрауға толық азаматтық құқығымыз бар. Тiптi, осылай сұрауға мiндеттiмiз.

Болашақ ұрпаққа, қазiргi бүлдiршiндерге бiз қандай Қазақстанды қалдырамыз? Кез келген ата-ана жасына, әлеуметтiк ахуалына қарамастан, ертеңгi күнi бала-шағасына не мұра қалдыратынын бүгiн ойлайды. Тап осы сана бiзде әлi мемлекеттiк деңгейге дейiн өскен жоқ.

Бiздегi «сана-сезiмнiң» шырқау шегi: шұрайлы жерлердi басып қалу, табиғи қазба байлықтарды талан-таражға салу, мүмкiндiгiң болғанда мемлекет қазынасынан «қарбытып асау», қажет-қажетсiзiне қарамастан үстi-үстiне жылжымайтын мүлiк сатып алу.

Бiр сөзбен айтқанда, «қолыңнан келсе, қоншынан басу».

Бiрақ қазақтың «мың асқанға бiр тосқан» дегенiн естен шығарған сияқтымыз.

Мұның бiр мысалы, Қазақстан тәуелсiздiк алғаннан кейiн жоспарлы экономикасының тас-талқаны шығып, капитализм әлемiне ешбiр дайындықсыз қойып кеткенде ретсiз қарыз алу үрдiсi басталды.

Әрине, ендi ғана өз алдына шаңырақ көтерген жас мемлекеттердiң қарызсыз өз шаруасын дөңгелетiп алып кеткенi жоқтың қасы, бiрақ бiзде қарызды қайтаратын уақыт келетiнi есепте болмаған сияқты.

Қазақстан тәуелсiз ел болғалы он бес жылдан асса да, сырттан қарыз алу бiр сәт саябырсыған емес.

Мiне, ендi елiмiздiң статистикалық мекемелерi сүйiншi сұрағандай жар салды: Қазақстанның мемлекеттiк қарызы 9 миллиард АҚШ долларына жеттi! Теңге түрiнде бұл қарыз 1,1 триллион! Бiзде әр өзгерiстiң науқаншылыққа ұрынатын, әйтпесе, науқаншылықтан бастау алатын әдетi ғой, өткен жылдың соңында премьер-министр Кәрiм Мәсiмов «сырттан қарыз алуды тоқтатыңдар» дедi.

Жаңа премьердiң мұнысы жөн-ақ. Тек, Үкiметтiң осы мәселеге бұған дейiн жеткiлiктi көңiл аудармай келгенi түсiнiксiз. Былтыр Есеп палатасының төрағасы Өксiкбаевтың Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы мемлекеттiң экономикалық қауiпсiздiгi межесiнен асып кеттi деп мәлiмдегенi есiмiзде. Кәрiм Мәсiмовтiң жоғарыдағы мәлiмдемесi Есеп палатасының талдау баяндамасымен танысқаннан кейiн жасалған.

Мысал үшiн былтырғы жылдың бiрiншi жартысында мемлекеттiк қарыз көлемi 937 миллиард теңге болған. Кепiлденген мемлекеттiк қарыз 74 миллиард теңге. Қаржы министрлiгiнiң мәлiметi бойынша, Қазақстанның мемлекеттiк қарызы ЖIӨ-ге шаққандағы қатынасы 10 пайыздан аспайды. Еуроодақ елдерiндегi мұндай көрсеткiш 50 пайыз шамасында.

Ал Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы 60 миллиард АҚШ долларына жетiп қалған.

Салыстыру үшiн, Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы 41,5 миллиард доллар болған.

Әзiрбайжанның сыртқы қарызы биыл 2,1 миллиард долларға жетуi мүмкiн. Онда да Баку айналма жолының құрылысы мен Германия даму банкiнiң несиесiне АзТЭС Имишли электроқондырғы желiлерiнiң құрылысы басталғаннан кейiн өседi деп жоспарланып отыр.

Көршiлерiмiзге келсек, Тәжiкстанның сыртқы қарызы 1 миллиард доллардан ендi аспақ.

Қазiргi таңдағы Үкiметтiң iс-әрекетi «суға кеткен тал қармайдының» керiне ұқсайды. Өткен жылдың желтоқсан айында бұдан былай сыртқы қарыздардың көлемiн арттырмау мақсатында Қаржы министрлiгi Мемлекеттiк және жалпы сыртқы қарызды басқару тұжырымдамасын қабылдаған болатын. Осы құжат бойынша қажеттi заңдарға ұлттық компаниялар мен акционерлiк қоғамдардың қарыздарын мемлекеттiк қарызға кiргiзу туралы өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлмек.

Мемлекеттiң iшкi қарызының жартысына жуығы (46,5 пайызы) Ұлттық банкке тиесiлi екен. Үкiметтiң iшкi қарызы былтырғыға қарағанда жарты миллиард долларға өсiп, жыл басында 2,9 миллиард долларға жеттi.

Жергiлiктi атқарушы органдардың қарызы 6,5 миллиард доллар.

Ұлттық банктiң iшкi қарызы 4,2 миллиардқа жеткен, бiр жыл iшiнде 3 миллиард АҚШ долларына өскен!

Жалпы сыртқы қарыздың өсуiне банктердiң халықаралық қаржы институттарынан аз пайызбен көп көлемде қарыз алуы себеп болып отыр.

Үкiмет қазiр сыртқы қарыздарды қайтару туралы сөз қозғап отырған жоқ, тек сырттан қарыз алуды азайтуға ғана күш жұмсалмақ. Бұл миллиардтаған долларлық қарыз ертеңгi ұрпақтың мойнына iлiнедi деген сөз. Сонда бүгiнгi бүлдiршiндерге бiздiң қалдырар мұрамыз – осы ма?

Гүлбиғаш Омарова