Жаңалықтар

ҚАРЫЗЫҢ ҚАНШАҒА ЖЕТТI? НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАН БАНКТЕРIНIҢ ШЕТЕЛДЕН АЛҒАН АҚШАСЫ ҚАЙТАДАН ШЕТЕЛГЕ КЕТIП ЖАТЫР

ашық дереккөзі

ҚАРЫЗЫҢ ҚАНШАҒА ЖЕТТI? НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАН БАНКТЕРIНIҢ ШЕТЕЛДЕН АЛҒАН АҚШАСЫ ҚАЙТАДАН ШЕТЕЛГЕ КЕТIП ЖАТЫР

Қазақстан әлеуметiне пайыздық мөлшерi қымбат қарыз берушi банктер сыртқы рыноктен арзан ақша алуға дәнiгiп алған. Дәнiккендерi соншама, олардың алған қарызының құны жылдан-жылға өсiп барады. Банктер деп баса назар аударуымыздың себебi сыртқы қарыздың негiзгi бөлiгi осы банктерге тиесiлi. Бұған дейiн бейтарап позиция ұстанып келген мемлекет сыртқы қарыздың аса жоғары мөлшерде екенiн ескерiп, несие алудың жолын ендi ғана қатайта бастады. Қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттiгiнiң шешiмiне сәйкес, 1-сәуiрден бастап, коммерциялық банктер ендiгәрi сырттан қарыз алған кезде қарыз мөлшерi олардың өз капиталынан аспауы тиiс. Бұл шешiмнен хабардар бола салысымен сыртқы қарызы өздерi басқаратын банк капиталының межесiнен асып кеткен банкирлердiң жан даусы шықты. Ең алғашқы үн шығарғаны су жаңа миллиардер Нұржан Сұбханбердин мен Мұхтар Аблязов және Марғұлан Сейсембаев болды. Ал Григорий Марченко сасқан жоқ.

СЫРТҚЫ ҚАРЫЗ 60 МЛРД. АҚШ ДОЛЛАРЫ!

Марченконың саспайтындай жөнi бар. Өйткенi, «Халық банкi» қаржы нарығындағы алғашқы үштiкке енетiн болса да, сырттан ақша алуға аса құмар емес. Несие алу жөнiнен «Қазкоммерцбанк» пен «ТұранӘлембанкi» қатар келедi. Бұл екi банк активтерi мен рейтингi жөнiнен де қатарлас. Тек «Қазкоммерцбанктiң» жарты қадам алда екенiн ескермегенде…

Сонымен, сыртқы қарызға келейiк: осыдан тұп-тура 5 жыл бұрын 15 млрд.долларға шақ сома сыртқы қарыз болып есептелiнсе, соңғы мәлiметтер бойынша, сырттан алынған несиенiң сомасы 60 млрд.АҚШ долларына жетiп қалған. Жетiп емес, тiптi, асып кетуi де бек мүмкiн. Өйткенi, сырттан қарыз алу процесi айлап емес, апталап өсiп барады. Мәселен, 2004 жылы Қазақстанның қарызы 31 млрд. 940,8 млн.АҚШ долларын құраса, 2005 жылдың аяқ шенiнде 41,5 млрд. АҚШ долларына жеттi. Ал 2006 жылдың сәуiр айында 47 млрд-қа жеткен немесе 2005 жылдың соңы мен 2006 жылдың алғашқы айларындағы қарыздың айырмасы 7 млрд.долларды құраған. Бұл ортанқолды дамушы елдiң жылдық бюджетiне тең қаржы.

Ал 2006 жылдың соңындағы мәлiметтер сыртқы қарыздың 59 млрд.долларға жеткенiн көрсетедi. 2007 жылдың алғашқы тоқсанындағы мәлiметтердiң әлi жарыққа шыға қоймағандығын ескерсек, сыртқы қарыздың көлемi 60 млрд. доллардан асып кеттi деп топшылауға толық қақымыз бар.

60 млрд.АҚШ доллары дегенiмiз Қазақстанның Iшкi жалпы Өнiмiнiң 85 пайызына тең. Қарыздың өзiн мемлекет қарызы және банктердiң қарызы деп бөлiп қарастырсақ, қазiргi күнi бiздi көбiрек алаңдатып отырғаны банктердiң қарызы. Өйткенi, осы 60 млрд. АҚШ долларының iшiнде мемлекеттiң, яғни, Үкiметтiң қарызы шамамен 9 млрд. АҚШ доллары. Дәлiрегiнде, бұл Қаржы министрi Коржованың аузынан шыққан мәлiмет. Ал қалғандары фирмааралық және банктердiң қарызы.

СИНДИКАТТЫҢ СҮРГIНI

Қазiрде банктер iрiсi бар, уағы бар сыртқы рыноктен арзан ақшаны тартудың шеберiне айналды. Халықаралық қаржы ұйымдары мен әлемдiк деңгейдегi алпауыт банктер Қазақстанның банктерiне құрама (синдицированный) несие берудi жолға қойған. Құрама несие дегенiмiздiң өзi несие берген инвесторлардың бас пайдасынан хабар беретiн факт. Құрама несиенiң iшiнде бiрнеше банктiң үлесi болады. Яғни, бұл тәуекелге бел байламаудың жолы. Мысалы, Қазақстанның бiр банкiне 300 млн. доллар көлемiнде құрама несие берiлсе, бiрнеше банк соған 50 млн.доллардай үлес қосады. Құрама қарызды тiптi сенiмсiздiктiң белгiсiндей көруге болады. Өйткенi, бiр банкке қарыз беру үшiн бiрнеше банк бiрлесiп жұмыс iстейдi ғой.

Бүгiнде қаржы нарығындағы негiзгi ойыншылар «Қазкоммерцбанк», «ТұранӘлемБанкiн» былай қойғанда, кiшiгiрiм банктерге дейiн сыртқы несиенiң дәмiн сезiп үлгiрген.

Негiзi, қаржыгерлер несие тақырыбының аса көп көтерiлгенiн қалай бермейдi. Олардың ұғымынша, «сырттан арзан қарыз алғанда тұрған дәнеме жоқ. Бұл iшкi қажеттiлiктi қамтамасыз ету үшiн тартылатын несие». Тiптi, Ұлттық банк Төрағасы Әнуар Сәйденов пен Қаржы ұйымдарын қадағалау агенттiгiнiң төрағасы Арман Дунаевтың ұстанымы да дәл осындай болған. Ұлттық банк Төрағасы Әнуар Сәйденов осыдан екi жыл бұрын мемлекет қарызының өсiп бара жатқанына алаңдаушылық бiлдiрген бiзге: «Бәрi де қадағалауымызда. Қарыз анау айтқандай көп емес» деп тойтарыс беруге тырысқан. («Түркiстан» газетi,13 қазан, 2005 жыл). Алайда, былтыр Президент қаржы секторы өкiлдерiнiң басын құраған жиында, Қаржыгерлер Конгресiнде сыртқы қарыздың ел экономикасына керi әсер ететiнiне назар аударғаннан кейiн ғана Қаржы ұйымдарын қадағалау агенттiгi сырттан несие алуға шектеу қоя бастады. Шектеу қойылған тұста банкирлер шетiнен «Сырттан қарыз алмасақ Қазақстанның өндiрiсiн қалайша өркендетемiз?» деп ақтарылды. Паһ, шiркiн! Қазақстанның банкирлерi қандай отаншыл едi?! Өкiнiшiмiзге қарай, бұл тек сөз жүзiнде қалды ма деп қауiптенемiз. Өйткенi, елдiң iрi өндiрiсiне қаржы құйып жатқан бiрде-бiр банк көзге шалынбайды. Бәрi де корпоративтi клиенттер үшiн қызмет етедi. Онан қалса, кiшiгiрiм өндiрiссымақтарға ақша салады. Әрi бүгiнгi күнi банктердiң негiзгi шаруасы ипотекалық несиелеу мен тұтыну тауарларын несиелеуден тұрады. Несиемен жолы түйiскен кез келген жан отандық банктердiң пайыздық көлемге аса назар аударатындығынан хабардар.

Сонымен, соңғы екi жыл iшiнде «Қазкоммерцбанктiң» сырттан алған қарызының көлемi 1,3 млрд.долларға жеттi. Соңғы қарызы 850 млн.АҚШ доллары. Назар аударарлық жайт: несиенi қайтару мерзiмi 18 ай. Ал банктiң 1,3 млрд.долларлық несиесi рекордтық сома болып есептелiнедi. Банктiң Басқарма Төрағасы Нина Жүсiпова несие тарту жайлы келiсiм-шарт жасалынып жатқан кезде: «Бiз ендi бұрынғыдай емес, өзгеше жолмен жұмыс iстеймiз. Пайда табуды мақсат тұтқаннан гөрi жоғарғы құндылықтарға назар аударамыз»деген едi. Алайда, несие алысымен «Қазкоммерцбанктiң» өзге сүрлеуге түскенiн аса аңдай қойғанымыз жоқ. Қаржысын сол баяғыдай қымбат пайыздық өлшеммен несие ретiнде тартады не болмаса сыртқы рынокке шығарады.

«ТұранӘлембанкке» шетелдiк банктер 1,111 млрд.доллар сомасында құрама қарыз бердi. «АТФ банк» 500 млн.долларға қарыз алды. Бұл банктiң тарихындағы ең үлкен несие. Әзiрше…

Кiшiгiрiм «Нұрбанк» пен «Темiрбанк» әрқайсысы шетелден 200 және 50 млн.долларлық несиенi бiр жылға алды.

Алайда, несиенi уақытында қайтарып жатқан ешқайсысы жоқ. Банктердiң барлығы дерлiк пролонгация немесе оның мерзiмiн ұзартуға қатысты келiсiм-шарттар түзумен әуре. Тағы бiр ерекшелiгi: Қазақстан банктерiне несие берумен негiзiнен Deutsche Bank, ABN Amro, The Bank of Tokyo секiлдi банктер шұғылданады. Deutsche Bank елдегi алғашқы үштiктiң кредиторы.

СЫРТҚЫ РЫНОКТЕН АЛҒАН АҚШАНЫ СЫРТҚЫ РЫНОККЕ…

Қазақстан банктерiнiң сырттан қарызға алған қаржысы ел экономикасына жұмыс iстеп отырған жоқ. Бұлай демеске амалымыз жоқ. Өйткенi, бүгiнгi күнi банктер қарызға алған ақшаны толығымен дерлiк Қазақстан экономикасына жұмсаумен ерекшеленбейдi. Банктер қаржының бiр бөлiгiн пайыздық ставкасы қымбат ипотека рыногiне салса, негiзгi бөлiгiн сыртқы рынокке қайтара шығарып жатыр. Мәселен, «Қазкоммерцбанк» өзiнiң шетелдегi активтерiн көбейтуге күш салуда. 1, 3 млрд.долларлық несие алғанда банктiң топ-менеджерлерiнiң бiрi Дәулет Сембаев: «Сырттағы ықпалымызды арттырамыз» деп бекер айтпаған екен. Банк Ресей банктерiнiң акцияларын сатып ала бастады. Тiптi, Мәскеуде Москоммерцбанк деген атпен өзiнiң серiктес банкiн ашты. «ТұранӘлембанк» өз экспансиясын арттыру тұрғысынан тiптi, алысқа ұзап кеттi. Банк Ресейдiң орталығын былай қойып, көршiмiздiң автономды республикалары мен аймақтарына, Кавказ рыногiне шығып отыр. «Қазкоммерцбанк» пен «Тұран Әлем банкiне» қарағанда активтерi жөнiнен кiшiгiрiм болып есептелiнетiн «АТФ банк» пен «Альянс банктiң» өзi сыртқы рынокке барынша ұмтылуда. Мәселен «АТФ банк» Қырғызстанның «Энергкобанкiн» сатып алса, «Альянс банк» Нидерландыдан өз бөлiмшесiн ашты.

Демек, қарызға алынған қаржы ел экономикасын аттап өтiп, өзге мемлекеттерде нықтап орын теуiп жатыр. Әсiресе, Ресейге құйылған ақшада есеп жоқ десе де болады. Қазақстанның әр банкiнiң қазiргi күнгi арманы Ресей рыногiн игеру. Яғни, банктер Қазақстан мемлекетiнiң кепiлдiгiне алынған қаржыны өзге елдердiң экономикасына жұмсауда. Өз экспансияларын жағымды тұрғыдан «Қазақстан банктерiнiң жеткен жетiстiгiмен» байланыстырғысы келедi. Ал Қазақстанның өндiрiсiн, өнеркәсiбiн қаржыландыруға келгенде көлденең тартар сылтау көп. Бүгiнгi күнi қазақстандық бiрде бiр банк ауылшаруашылығын қаржылай қолдауға бел шешiп кiрiскен жоқ. Ал елдiң ауылшаруашылығы саласын Бүкiләлемдiк банк, Еуропа Даму және Қайта құру банктерi қаржыландырылып отыр. Мұндай қайшылық тек бiздiң елде ғана кездесетiн шығар.

Қанат БЕРЕНТАЕВ, экономист:

Бiр қарағанда, банктердiң қарыз алуында тұрған ештеме жоқ. Тек бiр өкiнiштiсi, егер банктер Ұлттық Қор тарапынан қаржыландырылса, олардың сыртқы қарызы қазiргiдей өсiп кетпес едi. Ұлттық Қордағы ақша қазiр тиiмдi жұмыс iстеп отырған жоқ. Қаржысы сыртқы рынокке бағытталуда. Ал бұл кезде бiздiң банктер ақшаны сырттан қарызға тартады. Қауiпсiздiк тұрғысынан қарағанда, банктер үшiн сыртқы қарыздан гөрi осы Қор ақшасын пайдаланған тиiмдi едi.

Ғалым БАЙНАЗАРОВ, қаржыгер:

Банктердiң сырттан қарыз алуына Қаржы ұйымдарын қадағалау агенттiгi шектеу қойып жатыр. Бұл ендi тiкелей Елбасының тапсырмасы бойынша жүзеге асуда. Банк басшылары да өз пiкiрлерiн айтып-бағуда. Негiзi, олардың пiкiрлерiне де назар аударған дұрыс секiлдi. Олар сыртқы рынокке шығуы керек. Ақша да тауар секiлдi сатылатын нәрсе. Банктер Еуропаның арзан ақшасын алып халыққа несие ретiнде бередi. Олар: «Егер сұраныс болмаса, сырттан қарыз алуды тоқтатар едiк» дейдi. Шындығында да сұраныс бар. Елдегi сауда-саттық, кәсiпкерлiк осы банктердiң қызметiне байланысты жандана бастады. Бұған қоса Қазақстан банктерiнде капитал аз. Мен бiр-ақ мысал келтiрейiн: Қазақстандағы барлық банктiң капиталы Германиядағы бiр банктiң капиталынан да аз.

Гүлнәр Мұқанова