Жаңалықтар

ПРАВОСЛАВИЕЛIК ШIРКЕУДIҢ “ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ” НЕМЕСЕ ДIНИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫҚПАЛ ДЕГЕН НЕ?

ашық дереккөзі

ПРАВОСЛАВИЕЛIК ШIРКЕУДIҢ “ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ” НЕМЕСЕ ДIНИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫҚПАЛ ДЕГЕН НЕ?

«Шiркеу, мемлекет және бизнес. Дәл осы үш құрылым – қазiргi Ресейдiң басты күштерi». Берлинде өткен Халықаралық инвестициялық форумға қатысқан Орыс православие шiркеуiнiң өкiлдерi осындай пiкiрде. Түптiң түбiнде бұл да рас. Бүгiнде Ресей христиан дiнiнiң православие тармағының дамуына ерекше көңiл бөлiп келедi. Тiптен, «көңiл бөлiп келедi» деген сөздiң өзi Кремльдiң православие дiнiне жасап жатқан «жақсылығының» көлемiн толыққанды аша алмайды. Путиндiк билiк православие дiнiнiң қарыштап дамуына барын салып отыр. Елдi жаппай православие дiнiне иландыру – Кремльдiң көпұлтты Ресейдi орыстандыру саясатымен ұштасқандай.

Көп ұзамай Орыс православие шiркеуi инвестициялық жобалармен де айналыспақ. Тiптен, болашақта православие шiркеуiнiң бастамасымен байларға арналған элиталы үйлер мен орталықтар да салынуы әбден мүмкiн. Дiни орталық өкiлдерiнiң айтуынша, 1917 жылғы революцияға дейiн православиелiк шiркеу Ресей империясының iрi экономикалық субьектiсi саналыпты. Оған 1,2 миллион гектар жер, 84 зауыт, 277 аурухана мен емхана, 436 сүт фермасы, 603 атқора қараған көрiнедi. Ал, демократиялық бағытқа түскен Ресей бiртiндеп шiркеуге қарасты жылжымайтын мүлiктi қайтарып жатыр. Шiркеуге қайтарылған дүние-мүлiк әжептеуiр. Мамандардың айтуынша, қазiр Мәскеу орталығынан элиталы үй немесе офистiк ғимараттар салуға жер табу қиынның-қиыны. Бос жерлер ешкiмде жоқ. Бұл орайда шiркеудiң уысында ұстап отырған Мәскеу төңiрегiндегi жерлерi инвесторлардың ерекше назарына iлiгуi мүмкiн. Тiптен, шiркеудiң құрылыспен айналыса бастауы оған қаржылық тұрғыдан өзiн-өзi асырауға мұрша берерлiктей. Әйтеуiр, Ресейде орыстардың ата-баба дiнi – православиенiң жақсы дамуы үшiн бар саяси-экономикалық құралдар пайдаланылып жатқанға ұқсайды.

Православие шiркеуiнiң құзыры өсiп жатқанда, сырттан ағылып келiп жатқан түрлi ағым-секталармен қатар, католик және протестант миссионерлерi Ресейдi қалайша өз дiнiне иландыра алмақ?! Ресейден бос қайтқан миссионерлер жол-жөнекей Қазақстанға кiрiп, онсыз да «дiни экспансия алаңына» айналып отырған елiмiздi рухани тұрғыдан талан-тараждап кетпесiне кiм кепiл?! Себебi, көршiлес орыс елiмен салыстырғанда, Қазақстан әлi күнге дейiн өзiн «мұсылман елi» ретiнде жариялауға қорқақтап отырғандай. Әп-сәтте 46 дiни конфессияның отанына айналған Қазақстан көпшiлiк ұстанатын дiнге басымдық бере алмайды екен. Қазақстандағы ислам дiнi мен мұсылмандардың жағдайы – көптiң бiрi болу ғана. Қазақтың да күйi сол…