Жаңалықтар

АРАБ ӘЛЕМI ҚАЗАҚСТАНДЫ БӨТЕН КӨРМЕЙДI

ашық дереккөзі

АРАБ ӘЛЕМI ҚАЗАҚСТАНДЫ БӨТЕН КӨРМЕЙДI

Араб әлемi Қазақстанды өз жағына тартуға мүдделi. Өйткенi Орталық Азия аймағында Қазақстан жетекшi орында екенi мәлiм. Ал Таяу Шығыстан кейiн ендiгi үлкен геосаяси ойын осы аймақта өтуi мүмкiн екендiгi айтылып жүр.

Бүкiләлемдiк ғаламдасу мұсылман елдерiн оқшаулануға мәжбүрлеп отыр. Аты суық «терроризмдi» ислам дiнiмен байланыстыратындар, тiптi шатастыратып алатындардың қатары әлi сиреген жоқ. Осы орайда, мұсылман әлемi өзiндiк бiрiгуге қарай ойысқан сияқты. Оның iшiне Қазақстан сияқты амбициялы жас мемлекеттiң кiруi келешек тарихта әжептеуiр роль ойнауы мүмкiн.

Мұндай ойлардың туындауына Елбасының өткен аптадағы Катар және Египет елдерiне жасаған сапары себеп болды.

Қазақстан Президентi өткен аптаның сенбi-жексенбiсiнде де жұмыс күндерiне айналдырды. Наурыздың 10-күнi Елбасы ресми сапармен Катар елiне келдi. Нұрсұлтан Назарбаев Катар елiнiң Әмiрi шейх Хамад Бен Халифа әл-Танимен кездесiп, екiжақты келiссөздер жүргiздi.

Екi елдiң арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасының айтарлықтай жоғары болмағаны бұған дейiн бiр-бiрiнiң елiнде елшiлiктерiн ашпағандығынан-ақ көрiнедi. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сапары себеп болды ма, әйтеуiр, Қазақстан Катар елiнде, ал Катар қазақ елiнде елшiлiктерiн ашуға шешiм қабылдады.

Назарбаевтың Доха қаласындағы «бiлiм қалашығына» сапарын ерекше тоқталып өту керек. Елбасы осы Ғылым бiлiм кешенiне жақын арада Қазақстанның бiлiм және ғылым министрлiгiнен арнайы делегация жiберуге уәде бердi. Бұл делегация катарлық әрiптестiрiнiң тәжiрибесiн зерттеп қайтпақ.

Бiрақ Катар елiнiң әрiптестiк, достық ниетте екендiгiне Астана шүбалана қоймайды. Катар әмiрлiгi Ислам орталығы ғимаратының құрылысын өз мойнына алып, толықтай қаржыландырған болатын. Елбасы бұл үшiн Катар басшылығына өз аузымен ырзашылығын бiлдiрдi.

Екiжақты кездесу барысында Таяу Шығыс, Иран, Ирак мәселелерi айтылды. Қазақстан Президентi Катар Әмiрiн дiндер мен өркениеттер арасындағы шиеленiскен жағдайды реттеуде тiзе қосуға шақырды.

11 наурызда Нұрсұлтан Назарбаевтың Мысыр елiне ресми сапары басталды. Осы күнi Елбасы Абу Симбил қаласында тарихи ескерткiштермен, перғауындар заманынан қалған мұрамен танысты.

Каирде Египет республикасының Президентi Хусни Мүбаракпен кездестi. Қазақстан перғауындар елiне бидайдан бөлек, металл, химия, мұнай өнеркәсiбiнiң өнiмдерiн экспорттауға дайын екендiгiн жеткiздi. Каирде Президент Ислам теологиялық орталыққа барып, тарихи орындарды аралады. Әсiресе, Сұлтан Бейбарыстың мешiтiне көңiл аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев осы жолы Араб мемлекеттерi лигасының бас хатшысы Амро Мұсамен кездестi.

Жалпы, Елбасының осы жолғы қысқа сапарлары мазмұнды өттi.

Гүлбиғаш Омарова