Жаңалықтар

АҚПАРАТ ИМПЕРИЯСЫ

ашық дереккөзі

АҚПАРАТ ИМПЕРИЯСЫ

ЖАҢА ПАРАДИГМАНЫҢ БИЛIККЕ ӘСЕРI

Билiк дегенiмiз — өндiрiстiк үдерiстi иелену мен басқару. Басқару жайлы, уайымсыз болуы үшiн оған мәдениет қызмет етуi тиiс! Сол үшiн билiк мәдениеттi есебiн тауып өз идеяларын насихаттауға бейiмдейдi, оның мықты тұлғалары мен әсер етуге қабiлеттiлерiн сатып алады. Мәдениет халыққа қызмет етедi дегендi жоққа шығармай, мәдениеттiң маңызды бiр мiндетi билiк үшiн қызмет ету екенiн мойындау керек. Мәдениет қашан да қарапайым халықты бағынышта ұстау құралы болған. Бүгiнгi мәдениеттiң озық өкiлдерi саналатын, зиялы деп атайтын тұлғаларымыз билiктi мадақтағанда тыжырынамыз, бiрақ ол бiзде ғана солай емес, бүкiл әлемде бар үрдiс. Сталиннiң, Брежневтiң, Горбачевтiң және Кеңес Одағындағы республикалар басшыларының аттарына ода айтқандар – зиялылар, олар оны өздерiне тиiмдi болған соң жасады, сол арқылы табыс тапты. Лениндi мадақтап, одан тасқұдай жасап, кейiннен сол құдайымыздан бас тартып жатқанымыз ненiң әсерi? Сталин өлгенде «Ендi қайтiп күн көремiз» дегендер де бiздiң халық едi ғой?! Олардың бәрi Ленин мен Сталиндi бiлушi ме едi? Жоқ, олар ақпаратқа Құрандай сенiп едi…

Вольтерден «өз корольдiгiңiздiң тарихын жазбас па екенсiз?» деп өтiнгендерге: «Жалған жазуға тарихтан тайсаламын, шынымды жазсам корольдық зейнетақыдан айырыламын, менi осы iске жұмсамай-ақ қойсаңдаршы», – дептi.

Кеңес Үкiметi кезiнде партия, кәсiподақ, комсомол, Жазушылар одағы, Ғылым академиясы барлығы iс жүзiнде мемлекеттендiрiлген мекемелерге айналып кеткен болатын, өйткенi олар мемлекетке өз идеологиясын жүргiзетiн құрал ретiнде қажет едi. Мемлекетке керек болмай қалып, олардың қызметiнен бас тарта бастаған кезде олар тез-ақ тарады. Саяси жүйенiң қолдан жасалғанының нақты көрiнiсi – осы. Бүгiндерi айдарынан жел есiп тұрған партиялардың да ғұмырының ұзақтығы – мемлекетке керек-керек еместiгiне байланысты – бүгiн керек, ертеңгi күн – көмескi.

Ауырлау айтылса да, мәдениеттiң тұтқасында жүрген зиялылардың көбi халықты маска ретiнде қабылдайтыны, оны жай тобыр ретiнде санайтыны да шындық. Бұларға да, билiк иелерiне де халықтың қараңғылықта болғаны тиiмдi. Уақыты келгенде билiктiң биiгiрек тұтқасын ұстағысы келiп жүрген шенеунiктердiң кейбiр зиялылар мен елдiң көз алдында көп көрiнетiндердi жария түрде сатып алу көрiнiстерi ол тәсiлдiң есепке құрылғанының айқын белгiсi.

Осы ойды әрiректен қозғасақ, аристократтарды Құдайға жақындатқан шiркеу болатын. Шiркеудiң әшекейлi витриналары мырзаға бағынуға үндеп тұратын. Дiн қашан да қоғамдық қарсылықты басу құралы қызметiн атқарған. Оған қарсы тұрған әлеуметтiк топтың лидерлерi барынша басып тасталып отырды. Бұл үрдiс осы күнге дейiн жалғасып келедi, бiрақ шiркеу орнын мәдениеттiң түрлi салалары, әсiресе, билiк қолдан құрған ақпарат құралдары басты. Билiкке қызмет етпеймiз деп жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекетпен күрес жолындағы стратегиясы да көбiне көзбояу ғана. Қазiргi бұқаралық ақпарат құралдары түгелге дерлiк иә, билiкке қызмет етушi, болмаса аздаған бай немесе байлық пен билiктен дәмегер топтың игiлiгiн қорғаушы болып келедi. Әрине, бiрдi-екiлi жариялылық идеясына берiлгендiктен не болмаса бұл iстi шындап сүйетiндiктен газет-журналдар шығарып жүргендер бар, олар кедейдiң күнiн кешуде және басылымдары кезегiмен жабылып жатыр, солай бола да бермек. Олардың күнi – иесiздiң күнi.

Қазiргi кезде ақпарат берудiң айлалы жолдары өмiрге бекем енген, қай фактi болмасын пайда беретiн дәрежеде жеткiзiледi. Мәселен, газеттерге есеп бергендер «бiздiң елде 1100 бала бақшалары сақталып қалды» деп жазады, одан 7 есе көп бала бақшалары жекешеге айналып кеткенiн жазбайды. Мұхтар Шахановтың мәлiметтерiне сенсек, Қазақстанда тiркелген 2571 ақпарат құралдарының 472-сi ғана (18,74 пайызы) қазақ тiлiнде. Оған бiздiң елiмiзде таралып жатқан 2392 шет елдердiң ақпарат құралдарын қоссақ, онда қазағымызды өз тiлiнде сусындатып отырған ақпарат құралдарының саны он пайызға да жетпейтiн болып шығады. Демек, бiз өз қандастарымыздың бетiн қазақ тiлiндегi ақпаратқа бұруға он пайыздық қана ықпалымыз бар…

Бiздердегi ақпарат көздерiне сенер болсақ, бiзде барлығы жақсы, бiз ТМД-дағы барлық елдерден алдамыз. Сенейiк десек, Сапармұрат Ниязов бақилық болған кезде Түркiменстанның ақпарат құралдары өз елiндегi жағдай барлық посткеңестiк елдерден алда деп жатыр. Оған сенбей, өз ақпаратымызға сенейiк десек, халық арасында болып жүргендер басым көпшiлiк көрiп жүрген қиыншылықты, озбырлықты, барымтаны, әдiлетсiздiктi айтқанда ақпарат құралдарының айтқанында әсерлеу мен көзбояу бар екен-ау дейсiң. Неге олай ететiн себебiн қазбаласақ, түгелге дерлiк ақпарат құралдарының басқарып отырған тiзгiнi бiр екенiне, әрi кеткенде аффиляцияланған иелерге қызмет ететiнiне көзiң жетедi.

Бүгiнде саясатқа қатысы бар барлық идея-жоспарлардың бұқаралық ақпарат құралдарынсыз орындалмақ түгiлi, жария етiлуi де қиын. Осыдан БАҚ-тардың қаншалықты маңызды екенi көрiнiп тұр. Болашақта да осылай жалғастыра беремiз дегендер өздерiн-өздерi алдайды. Жаңа Жүйенiң аудиториясы алданбайтын, алдана алмайтын Санаға ие, өзiне өзi патша.

Феодализмнен капитализмге өтудiң парадигмасы жаңа миф қажетсiнгенде гуманизм ойлап табылды. Сол гуманизм жаңа тап – жұмысшыларды буржуазияға бағынышта ұстаудың жаңа әдiсi болды. Iс жүзiнде әрбiр партия, АҚШ-тағы республикалық партиядан бастап, күнi кешегi Шығыс Германиядағы коммунистiк партияға дейiн өзiн гуманистiк деп жариялады. Партиялық жүйе әлi қалыптасып үлгермеген бiздiң елiмiзде, тiптi, коммунистiк партия, шаруалар партиясы екеу болып, екеуi де гуманистiк болып тұр емес пе?! Ескi тарих қайта оралып тұр: бұл «бәрi табиғи» болып көрiнетiн билiктi заңдастыратын идеологияның нақты көрiнiсi. Сондықтан бұл партиялардың бiрi бiрiне қосылып, бiреулерi ат ауыстырып мiнiп, бiреулерi келмеске кетiп жатуы заңды. Жалпы, ең жоғарғы билiк барлық партиялардың үстiнен қарайтын позиция ұстанса, онда тек нақты қолдауға ие партия ғана дамып, басқалары соның көлеңкесiнде қала берерi хақ.

Капиталистiк жүйе жұмысшылардың көңiл-күйiн есепке алмай өмiр сүре алмайтын болғандықтан, мемлекеттiк құрылымның легитимдiгiн қолдауды Парламентке тапсырды. Олар халықтың мүддесiн қорғап, көптiң атынан сөйлеп отыруы тиiс. Бұл франшиза төңкерiстерден қорғанудың жолы болатын. Парламентке сөз жүзiнде көптеген өкiлеттiк берiп қойған болып, оның шешiмдерiн орындауды аксиома санау (құжат жүзiнде) арқылы тыныштандырудың жолы ойластырылған едi. Iс жүзiнде Парламентке тек қана мемлекеттi (анығырақ айтсақ – билiктi) барынша қорғайтындар ғана мүше бола алады, өйткенi, мұнда экспериментке жол жоқ. Сайланғандар өздерiн солшылмын я оңшылмын десiн, сөзде белсендiлiк танытсын, ол маңызды емес, бiрақ Парламенттегi дебаттар ешқашан буржуазияның саяси идеясы— этатизмге тиiспесе болғаны. Үкiметте де саяси күрестiң бояуы бiрде қалыңдап, бiрде бәсеңсiп жатсын, бiрақ ең негiзгi мәселелерде билеушi элитаның шамына тиюге рұқсат жоқ!

Капитализмге жатпайтын Кеңес Одағындағы парламентаризм капитализм дәуiрiндегi парламентаризмнен де сорақы болды емес пе?! Қазiргi кездегi ше?! Демократия туын жамылғаны болмаса бұрынғылардың көшiрмесi емес пе екен?! Парламенттiң осындай декорация екенiн бiле тұра, кейбiр қуыс кеуделiлер сияқты соның iшiнде жүруге соншалықты құлықтылық танытып, өлiп-өшiп күресудiң қаншалықты қажетi бар?!

Одан әрi тереңдей берсек, электораттың өз қалаулысына сенiм бiлдiруi ешқашан да жоғары деңгейде болған емес. Ол – бұқаралық ақпарат құралдарының сайланбалы саясаткер болуға талапкердi қалай насихаттап, қай жағынан жақсы иә, жаман етiп көрсетуiне көбiрек байланысты. Кейiнгi капитализмнiң дәуiрiнде сайланған саясаткерге «сыбайлас жемқорлықтың батпағына белшесiнен батқан пысықтардың сөзiн сөйлеп, сойылын соғады, тiптi, өздерi сондайлардың құрамына жатады, олар өз мiндеттерiн орындамайды, электораттың емес, өз мүдделерi үшiн әрекет етедi» деп халық сенiмсiздiкпен қарайды. Бiрақ мұндай көрсеткiштердi көрсетуде бұқаралық ақпарат құралдары таңдамалылықпен жұмыс iстейдi: бiреулердiң айыбы әсiреленiп, бiреулердiкi жасырылады. Демек, саясаткердiң тағдыры бұқаралық ақпарат құралының уысында, сол қалай айтса солай болады. өйткенi қазiрше БАҚ-тар – таңдаулылардың ғана қолында. Сондықтан саясаткерлiкке ұмтылған әрбiр адам бұқаралық ақпарат құралдарымен санасуға мәжбүр. Байлығы мен ықпалы жеткендер мұндай құралдарды өздерi құрады немесе дайындарын сатып, иә тартып алады.

Капитализмдегi парламентаризмге қатысты жағдай «кәсiподақтар» деп аталатын қорғаушысымақ жүйеде де бар. Олардағы кәсiподақтары жұмысшылар мен қызметкерлердiң құқықтарын қорғауда бiршама оң қызметтер атқарады. Капиталистiк кәсiподақтардың ережелерiн кеңестiк мемлекеттер капиталистiк елдерден де тиiмдiрек пайдаланды. Театрлардағы қала көрiнiсiн беретiн фанерден жасалған арзан бояулы декорация секiлденген нағыз көзбояу кеңестiк кәсiподақтарда болды және бүгiндерi жалғасып келедi. Олар сөз жүзiнде еңбекшiнi қорғайтын мекеме секiлденiп, iс жүзiнде мемлекетке қызмет етуге мүдделiлiк танытумен болды. Нарыққа көшкенiмен осы әдеттен толықтай арыла қалған посткеңестiк мемлекеттер аз.

БАҚ-ТАР БАҚ ӘКЕЛЕ МЕ?

Бұқаралық ақпарат құралдары саясатты өсекке, өсектi саясатқа айналдырып жiбере алады. Содан жаңа заман саясаткерлерi кабаре артистерiне көбiрек ұқсайды, олар американ әлеуметтанушысы Ричард Сеннетт айтқандай, «рухани стриптизбен» айналысады. Ресми адамдардың бiр мәселелерге арналған, эмоцияға берiлiп айтылып кеткен сөздерi медиа базарының қайнаған ортасына түсiп кетедi, ал шын мәнiндегi маңызды мәселе соның тасасында назардан тыс қалып қояды. Бүгiнгi көппарақты бiр газеттiң тiгiндiсiнiң «Алтын сөз» айдары мен ұдайы бiрдей тақырыпқа жазатын бiр-екi журналистердiң мақалаларын оқып қарасаңыз, осыған көзiңiз анық жетедi.

Бiр нәрсенi ұғып алуымыз керек: саясаткерлермен салыстырғанда медиа-империяларды билеушi позицияларды ұстап тұрғандардың мынадай айырмашылығы бар: оларды халық сайламайды да, тағайындамайды да. Медиа империя басшылары жеке топтардың iшiндегiлердiң қалауымен тағайындалады және жеке бiреулерге тиесiлi ложаларға қызмет етуге арналады. Осылай қалыптасып келе жатқан үрдiс жаңа Жүйе кезiнде де жалғасады, тiптi, үдей түседi. Құпия, көзге көрiнбейтiн билiк осылайша қалыптасады.

Бiздегi iрi телерадио империясы жетекшiсiнiң: «Телевидение – это все!» деген сөзi бар. Ол бүгiнгi күнi ақпараттың өзге құралдарымен салыстырғанда теледидардың ролi артып кеткенiн көрсеткiсi келiп әзiрше теледидарды ғана айтып отыр. Оның түпкi ниетi – заман көшiнiң алғы шебiнде жүрiп, келешекте теледидардағы билiгiн жаңа Жүйеге көшу барысында да иеленiп қалу. Өтпелi кезеңнiң аса тез iлгерi дамып жатқанын ол жақсы бiледi. Оның ниетi дұрыс та, өйткенi заман – көштен қалмауға тырысатын, ұдайы ұмтылыста жүргендердiкi. Бiрақ Жүйе бiр адамға қызмет ету аясында қала алмайды. Сондықтан да оны Жаңа Жүйе деймiз.

«Азаматтық қоғам» деп бiздер бүгiндерi ендi ғана айтып жүрген армандағы қоғамның идеясы XIX ғасырдың орта шенiне таман-ақ көтерiлген. Дегенмен, уақыт өте келе буржуазиялық елдер оны қоғамның мүдделi топтарының қарым-қатынас жүйесiне негiзделген ұғым екенiн баса айта бастады.

Жүйе басымдыққа ие болған кезде бұрынғы «бiр адам – бiр дауыс» принципi өзгерiп, «Жүйенiң бiр мүшесi – бiр дауыс» деген принципке көшедi. Кез келген кiсi дауыс беру құқығына ие болады да, дауыс беру әдiлдiгi – санаға байланыстырылады.

Интернеттiң тез дамуы адамдарда демократия ренессансы туды деген үмiт туғызуда. Өйткенi адамдар интернет арқылы үйде болсын, түзде болсын, жұмыста да, кiтапханада да кез-келген саяси мәселеге өз көзқарасын бiлдiре алатын болады. Осы арқылы Жүйе көзге көрiнбейтiн жергiлiктi және орталық Парламенттiң ролiн атқара бастайды, сайлаушы мен таңдаулылардың арасында қазiргi кездегi билiктiң деңгейлерi, партиялардың көсемдерi секiлдi делдалдардың бiрi де қалмайды. Интернет сонымен бiрге бүгiнгi медиа-тираниядан да құтқарады, өйткенi онда шешендер таңдалмайды, кiм қалай қаласа, солай өз пiкiрiн айту құқына ие. Ешкiмге басымдық та, жеңiлдiк те жоқ.

Байқайсыздар ма, интернет өмiрге ене бастағалы берi ұлттардың арасындағы соғыстар жоғалып, оның орнын топтар арасындағы мүдделер қақтығысы басып келедi. Адамдар да ұлт үшiн жанын пида ету патриоттығын бiрiншi орынға қоюдан гөрi жалпыадамзаттық мүдденiң басымдығына бет бұра бастады. Феодализмнен капитализмге өту кезеңiнде де осы секiлдi құндылықтар ауысуы болған.

Бастапқы айтқан бiр ойға қайта оралайық: «алдымен сөз болған». Жоқ, олай емес екен: алдымен ақпарат болған! Ақпараттың (informatio) латыншада екi мағынасы бар екен: бiрiншiсi, кескiн мен белгiлеу, екiншiсi – түсiндiру, интерпретация. Цицерон оны бiр нәрсеге форма беру, материяға жан бiтiру деген екен. Аристотель ұсынған формула бойынша «форма + материя = өмiр» делiнедi.

Ақпарат сөзiнiң мағынасы өткен ғасырдың орта шенiнде АҚШ-та алғаш компьютер пайда бола бастаған кезге қарай өзгере бастады. Математик Норберт Винер «ойланғыш» машиналар арқылы екiншi индустриялық революция келiп жетедi дедi. Ол алғаш рет «жасанды интеллекттiң» дүниеге келуi мүмкiн екенiн болжап айтты.

Демек, Жүйедегi ақпаратты сандық кодқа өту арқылы бастапқы әзiрлеушiден қабылдаушыға байланыс құралдарының көмегiмен өтетiн сөздi де, баспа машинасын да алмастыруға және жетiлдiруге мүмкiндiгi бар байланыс құралы деп тануға болады. Бұдан былай, ақпарат теориясына сүйенсек, ғылыми формуланың, бесiк жырының және саясаткердiң сайлау алды жалған уәделерiнiң арасында айырмашылық болмайды. Ақпараттың бәрi жариялық сипат алады және ұмытылмай сақталады. Оны кез келген адам кез келген уақытта ақпарат иесiнiң есiне сала алады.

Ақпарат менеджментiнiң және коммуникациялық технологиялардың өзгеруi әлеуметтiк және мәдени өрлеудiң негiзгi себебi болады. Бұларды игермей, қоғамның дамуын түсiну қиындайды.

Сонымен бүгiнгi күнi ақпарат сирек кездесетiн тауар емес, қайта оның iшiнен қайсысы мақұл екенiн табу қиындады. Ақпарат ағыны реттелмеген, тазармаған күйiнде бiздердiң санамызға құйыла түсетiн түрi бар. Турашыл, бiздi iзгiлiкке жетелейтiн пайдалы ақпаратты бiз қалай таңдаймыз? Мәселе осында. Ол шын мәнiнде тиiмдi ақпарат па, жәй ғана насихат түрi ме, қайдан бiлемiз?

Диктатура басым елде ақпарат сүзгiден өтiп, билiкке тиiмсiздерi берiлмейдi. Олардың орны мағынасыз мол ақпараттармен толықтырылады, оны лоббистiк топтар мен медиалық конгломераттар әзiрлеп бередi. Халықтың ойын негiзгi проблемалардан ауытқыту үшiн өлтiру мен тонау туралы фильмдер, махаббат туралы таусылмас сериалдар, әлдебiр жердегi апаттар мен зiлзалалар көрсетiледi. Жұртты алаңдататын кез келген ғылыми есеп туралы ақпаратты жоққа шығаратын басқаша ақпараттар пайда болады. Бұлар қабылдауға лайық демократия көрiнiстерiн бередi, бiрақ ол қалың көпшiлiкке арналған спектакль ғана болады. Өйткенi, осылайша қоғамның үстiнен бақылау ұйымдастыруды жалғастыра беру ниетiнен билiкшiлер мен мүдделiлер оңайлықпен ажырағысы келмейдi. Бұл ниеттегiлердiң жұмыс стилiнде жаңашылдықтың иiсi жоқ, олар ештеңенi өзгерткiсi келмейдi, өйткенi өзгерiстер олардың тиiмдi тұрмысына нұқсан келтiредi.

Демократияның классикалық алғышарты – ортақ мүдделер мен қоғамның жағдайы үшiн жауапкершiлiктi бiрдей алып жүру, бiрақ бұлай ешуақытта болмаған. Олай болуға жеке мүдденiң қашанда басым болуы жiбермейдi. Осыған орай бiр ғана мысал келтiрер болсақ: демократия мәселесiнде адамзаттың бәрiне үлгi саналатын Штаттардағы соңғы президент сайлауы демократияға айықпас сызат түсiрдi емес пе – кiмнiң президент болып сайланатыны президентке үмiткердiң губернатор туысқанының қолында қалды ғой. Мұндай жағдайларға жiбермеу демократияның өзiнен саңылау табатын қазiргi жүйеде емес, Жаңа Жүйе толық басымдыққа ие болғанда ғана мүмкiн.

БҰДАН БЫЛАЙҒЫ ҚОҒАМДЫҚ ПIКIРДI КIМ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ?

Бостандық қашан болса да аса ардақты құндылықтар қатарына жатады. Бұқаралық ақпарат құралдары басым бола бастаған алғашқы кезде, яғни, XVIII ғасырда олар билiкке сыни көзқарасты ұстанып, революциялық бейiлге ие болған болса, XIX ғасырда-ақ билiктiң құралына айналды, олардың күшiмен қоғамды саналы түрде сан-саққа жүгiртетiн айлалы әрекеттермен қоғамдық пiкiр қолдан жасалды. Қазiр де солай жалғасуда. Газеттерде берiлiп жатқан билiк өкiлдерi мен саясаткерлердiң рейтингiне көз салсаңыз, оны бiрден түсiнесiз. Демек, бұқаралық ақпарат құралдарының мылтығының шүрiппесi кiмнiң қолында болса, жақсы жағынан жарқырайтындар солар болып келедi. Шүрiппе әдетте, жоғарыда айтқанымыздай, билiкшiнiң ғана емес, байлығы бардың да қолында болады. Ал дүниенiң құлы болғандар аз емес. Дүние мол бола түскен сайын оны сақтау мен көбейту айла мен әдiстердiң жетiле түсуiн қажет етедi.

Мұндай жағдай қалыптасқанын тағы мынадан да көруге болады: тұтқа ұстағандар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әлемдегi немесе төңiректегi елдердегi кез келген өзгерiстердi өз пайдасына байланыстырып қана ұсынады және де кез келген саяси өзгерiстердi өз пайдасына бұра көрсетедi, керек десе, жағымсыз өзгерiс ретiнде қабылдатады. Газет оқыған, теледидарға қараған адам жан-жақта болып жатқан бұлғақтар туралы ақпаратпен танысқанда бiршама еңбекпен келген жақсы тұрмысынан айрылып қалатындай сезiмде болады. Бұл ақпараттың иесi: «бiзде осылай бола қалса – хаос пен халықтың толқуы осы секiлдi нәтиже бередi» дегендi тұспалдап жеткiзедi. Сөйтiп, ойластырылып жасалған фокус нәтижелi болып шығады. Қоғамдық пiкiрдi басқаруға болатыны осыдан көрiнедi. Нақ осындай жағдай бiздiң елiмiздегi соңғы сайлауларда көрiнiс тапты және ұйымдастырушылар үшiн оң нәтиже бердi. Бүгiнде PR әдiс деп осыны айтады. Бұл нәтижелердiң түп төркiнiнде заңдарға және өзге де қоғамдық институттарға қызықпайтындардың көпшiлiк болып тұратыны жатады. Мәселен, бiр елдегi Президент сарайының қалай қиратылып жатқанын қайта-қайта көрсетуде «тыныштықты сақтамасақ, бiзде де солай болуы мүмкiн» деген тұспал жатты. «Иракта ядролық қару бар» деген пiкiрге америкалықтарды, оларды өкiлдерi – конгресс мүшелерiн сендiру арқылы дәлелденбеген және, кейiннен анықталғандай, негiзсiз iске кiрiсуi мұндай қызметтiң қаншалықты ауқымды әрi көлемдi, келтiретiн зияны қаншалықты мол болуы мүмкiн екенiнен хабар бередi. Осы жерде «тәубе заңы» деген жазылмаған заң халықты тұсайды. «Бүгiнгi күнiмiзге де зар болып қалмас үшiн осы адамды орнында қалдыра салғанымыз дұрыс шығар» деп шешедi де, солай дауыс бередi. Сонымен ақпарат алу мүмкiндiгiнен бiреулер үшiн тиiмдi ақпарат беруге деген сұраныс осылайша басым түсiп жатады. Осылайша бүгiнгi жайлылықты қалайтын адамдар өз еркiндiгiн даму мен болашақтағы тиiмдiлiкке айырбастайды. Бұл жағдайдан арылтатын жаңа парадигма – ақпараттың жаңа сатысына шығаратын Әлемдiк Жүйе!

Адам генiнiң 98 пайызы шимпанземен ұқсас, қалған 2 пайызының өзi-ақ адамды маймылдан айырып тұр. Адамды өзге жан-жануарлардан ерекшелеп, адам етiп тұрған осы екi пайыздың қадiрiн бiлген жөн! «Мен ойлай бiлемiн, демек мен өмiр сүрудемiн; мен ойлай бiлемiн, демек мен бiр шешiмге келе аламын; мен шешiмдi өзiм қабылдауыма мүмкiндiгiм бар, демек нақты жағдайды өз қалауыма бейiмдей аламын. Өмiрдiң мәнi – адамға жақсылық жасау, адамға қызмет ету, адамға көмектесу». Адамдарға қаншалықты пайдалы болсаң – соншалықты жақсы. Құндылықтың бағасының өзi осында.

Кейбiр адамдар енжар адамдарды басқару iсiне бейiмдiрек және сол iсiнен рахат алады. Басқару iсiне бейiм емес, одан қаша жүретiндер бар, олар ешуақытта шың басына шыға алмайды.

Ғылым туралы айтсақ, XVIII ғасырдың аяғына дейiн ғылым еркiндiкте болды, өйткенi ғалымдар қай мәселенi зерттеудi және соған байланысты пiкiр қорытындылап, тұжырым жасауды өзi шешетiн едi. Кейiнiрек саясаткерлер мен коммерсанттардан академиялық әлемге нақты нұсқаулар түсе бастады. Осы үшiн гуманитарлық ғылым деген ғылым тармағы ойлап табылды. Академиялық ғылым әлемi капиталистiк билiк құрылымының бiр бөлшегiне айналды. Бiзде де осы басымдық сақталуда.

Капитализм тұсында философия да тоталитаризмге қызмет етушiлердiң бақылауында қалды. Ол Кеңес Үкiметiнiң құлар тұсындағы жайлап, ешбiр қарсылықсыз өлiп таусылуға тиiс Саяси бюро мүшелерi секiлдi едi: олар отставкаға де кете алмайтын, кетуге жол да берiлмес едi. Мұндай билiк иелерi қазiр де бар: Кеңес Одағынан тараған елдердi алар болса, солардың үшеуiнде сол кезден қалған басшылар өз орындарында он бес жылдап мықты отырды және әзiрге кету туралы ойланбайды, ойлана да алмайды, олай ойлауға оларға ырық та берiлгелi тұрған жоқ. Екi елдiң басшылары өзгергенмен, бiреуi өлер алдында мұрагерлiкпен орнына ұлын тастап кетсе, екiншiсiнiң орнын кеңестiк идеямен мықтап қаруланған, яғни, бұрынғыдан айырмасы жоқ адам басты. Билiкшiсi ұзағырақ отырғысы келген бiр елде жабайы көтерiлiс болып, билiктiң ғимаратын жабайы күштер басып алды, ырымға жаман iс iстеп, патша тағын ел көзiнше тепкiлеп қиратып тастады. Мұның бәрi елдегi халықтың санасының жоғары-төмендiгiне де байланысты болар, бiрақ, сайып келгенде, қай билiкшiнiң болғанын қалайтын сыртқы күштердiң жолы болды.

Қай елдiң болсын сыртқы бәсекелестерi, тiптi, туралап айтсақ, қарсыластары бар. Олар негiзiнен көршiлес елдер болып келедi, кейде бiр түрлi өнiмдер шығаратын күндес елдер, кейде гегемондыққа әбден бауыр басып алған, ол ниеттен арыла алмайтын, өркеуде елдер болады. Бұлай болу, әрине, басшыға, ел иелерiне байланысты. Сыртқы бәсекелестер ешқашан ел iшiн бiрiктiретiн фактор болмайды, олардың мақсаты – лажы болса iштен iрiту. Бүгiнде бетпе-бет қару кезенiп, жеңу немесе тұқыртып алу артта қалған. Қазiргi қауiп қарудың соғысында емес (ол да, әрине, әлi күн тәртiбiнен толық шыға қойған жоқ), жаһандық рынокта бәсекелестiкке жарамау, әлемдiк технологиядан артта қалу қаупi. Мұны бұдан былай Жүйе анықтайтын болады.

Билiктiң адамдарды бағынышта ұстау жолында пайдаланатын мынадай торлары бар: тұрмыс, иерархия, заңдар, шарап, қорқыныш, жан пидалық, зерде, өш алу, симпатия, даму. Бұлардың бiрi қамшы, бiрi награда.

Экономикадағы «десоциализация» деп еңбек ету жағдайының нашарлауы, тұрғындардың басым бөлiгiнiң нақты табыстарының төмендеуi, азаматтарды әлеуметтiк қорғау iсiндегi мемлекет пен нарық қатынастары субъектiлерi мiндеттерiнiң әлсiреуi саналады. Мұның да деңгейiн бұдан былай Жүйе анықтамақ.

Ұқсауға тырысудың өзi – жағынудың ең айқын, сорақы түрi. Жаңа Жүйе заманында индивидуализм мен «өз менiммен қаламын» деудiң өзi де модадан шығып қалуы мүмкiн, өйткенi бас көтермей бейнеттене беру арқылы ғана бала-шағасын асырай алу және соны қанағат тұту ештеңенi терең ойлап, бажайлап жатпайтын төменгi тапқа лайық. Осы тұрмысқа ғана бағышталған өз «менi» мен оның қалауынан шығуға қабiлетi жетпейтiн төменгi тап қашан да төменгi тап болып қала бередi. Осы таптарды теңестiретiн күш – Жүйе. Онда үстем тап та, төменгi тап та – тұтынушы. Екеуi тең.

Әрбiр күшке қарсы тұрарлық күш бар: әрбiр әрекет қарсы әрекеттi туындатады. Жаһандану дамыған сайын мемлекет керек болмайтын бола бастайды немесе басым тұтқа орнына масылға айналады. Қауiпсiздiк, сыртқы саясат және қаржы мәселелерi мемлекетiшiлiк емес, одан жоғары деңгейде шешiлгендiктен ұлттық парламенттерде қарайтын мәселе қалмайды. Осылай әр салада да теңсiздiктер мен мемлекеттераралық бөлшектенулер азаяды.

ЖАҢА ЗАМАН АДАМЫ

Қазiргi жаңа элита теледидарға қызықпайды, оларға Жүйе қауымдастығындағы мүшелiк тиiмдi, онда күн сайын жаңарып, қосылып тұрған коммуникацияның интерактивтi құралдарының жәрдемiмен айналысу қызықты.

Компьютерлiк бағдарлама – жеңiмпаз бен жолы болмайтындар арасын бөлiп тұратын кезең. Эволюция дегенiмiз олимпиадалық ережеге сүйенген жарыс түрi – онда жеңiлгендер ойыннан шығып тұрады. Бұл ойында кездейсоқтық көп. Сондықтан болашақ – Жүйеде.

Жаһандану үрдiсiн дұрыс қабылдайтын Асқар Жұмадiлдаев секiлдi зиялыларымыз аз болса да бар. Бiрде академик Надир Надиров «глобализация деген бәле шығып тұр» дедi, бұл пiкiрде жүргендер де баршылық.

Мемлекетшiлдiктiң ең қызу қолдаушылары – ауыл адамдары. Өйткенi, мықты мемлекет әлсiреп, халық алдындағы уәделерiн орындай алмайтын болса, алдымен жапа шегетiндер солар. Жаһанданудың кең қанат жаюына кедергi болып жатқан да осы фактор. Ауылға берiлiп жатқан орасан мол субсидияны жалғастыра беру – еркiн саудаға кедергi. Жаһандану барысында ауыл жеңiлiске ұшырап, наразы бола түседi, жаһанданудың ережелерiн қабылдаған елдер ауыл адамының пiкiрiмен оншалықты санаса бермейдi. Бұл тығырықтан шығар жол бар: әлемдiк үрдiске сай субсидия бiзде әлi қолданысқа енген жоқ, солай болғанда ауыл халқы өзгелермен теңеледi.

Жаһандануға байланысты пирамиданы ойша көз алдымызға келтiрсек, ондай пирамиданың принципi орталықсыздандыруды өмiрге шындап енгiзу болса керек. Билiктi бiр қолға жинай беру бүгiнгi заманда тиiмсiз. Пирамиданың iшi қыз-қыз қайнаған өмiр, дебаттар мен тартыстар болса да, сыртқа қалпы мызғымас көрiнедi. Демек, мемлекеттiң тұрақтылығы осылайша қамтамасыз етiлуi мүмкiн.

Қазiргi күнi күрес өндiрiстi бақылау үшiн емес, тұтынуды бақылау жолында жүруде. Бұл бiз айтып отырған нетократтарға да тән: олар да өз қалауларын бақылауды қолға ала отырып, өзгелердiң де қалауына әсер етпек.

Бiз өзiмiз ойдан құрап алған әлемiмiздi нақтылыққа айналдыратын және кеңiтетiн, бiзге көмекке келетiн Әлемдiк шырмауық – бiздiң ертеңiмiз. Соның берген ақпараты бiздi алға жетелеп, бағыт көрсететiн болады. Бiз өз бiлетiнiмiзге ғана қарап өмiр сүрмеймiз, бiзге ақпарат берушiнiң де бiлiмiне сенуге мәжбүр боламыз, себебi қандай дана болғаныңмен заманнан кейiн қалмау үшiн өз бiлiмiң жеткiлiксiз әрi заманнан артта қалған болуы мүмкiн.

Адамдардың қызығу тетiктерiн жақсы бiлiп алғандар жетiстiкке жетедi! Бүгiнгi күннiң өзiнде сiздiң әрбiр қателiгiңiз сiз түйсiнген ақпараттың аздығынан, келешекте арта түседi.

Мүмкiн бiз бұдан былай адамдарды не жақсы, не жаман екенiн өзi сезiнiп, өзiн-өзi тәрбиелеуiне мойынсұнармыз?! Ойы жетiлген адам мiнезiн жетiлдiредi, тәртiбiн түзейдi, үстi-басына қарайды, тамағы мен демалысын реттейдi. Бiзде сын айтқанда бiр де бiр жақсымыз қалмағандай түңiлдiрiп айтады, жақсының көңiлi қалады-ау дегендi ескермейдi. Әдемiнiң одан сайын әдемiлене беруi, киiмi жақсының одан да асыра түсуi, яғни, жақсының мұнысынан да жақсара түсуiнiң шегi бар. Бұл – жаңа жүйенiң принципi!

Жаңа жүйе тез орныға қалады деп те асығыс дәмелене салуға болмас. Әрине, ол приматтар мен адамдардың арасындағы 5 миллион жылдай болмас, сөз бен баспа станогының межесiндей 150-200 мың жыл, я болмаса Гутенбергтен теледидарға дейiнгi бес ғасырға да жетпес, бiрақ қалыптасып, өз идеясының биiк деңгейiне мықтап көтерiлуiне алда азы 40-50 жыл немесе бiр ғасырға шамалас уақыт керек болып қалар.

ТҮЙIН

Бiз еркiндiктi көп аңсаймыз. Еркiн болсақ өмiрiмiз өзгеше бола кететiндей көремiз. Бiздiң еркiндiгiмiз – Құдайдың ғана қолында (жетектегi иттiң еркiндiгi – жiп ұстаушының қолында болатыны сияқты). Осы орайда «қашқан да Құдай дейдi, қуған да Құдай дейдi» дейтiн қазақ мақалы ойға оралады. «Құдай қашқанның жағында болады» деген сөз тағы бар. Сонда… қашушы деп билiктiң адалдығы мен әдiл басшылығына сенушi көптi айтсақ, мүмкiн Жаңа Жүйе заманында Құдай көптi алдаусыратуға, пайдаланып кетуге, көзсiз бағындыруға, дегенiне көндiруге, озбырлық жасауға жiбере бермейтiн заман келер…

Бұл орайда жаһанданудың темiрқазығы боларлық Жүйе туралы айта отырып, оның болашағын «келер заманға» сүйегенiмiз – Жаңа Жүйе қанша уақытта, қандай түрде толыққандылыққа жететiнiн бүгiнгiдей күн санап емес, сағат, минут санап өзгерiп жатқан ақпарат империясының орнығу үдерiсi анықтамақтығын, бiздiкi тек замананың беталысына көз жүгiрту ғана екенiн жеткiзгенiмiз деп санарсыз, құрметтi оқырман.

Өркениеттi елдердiң адамдары ең алдымен өз денсаулығын бағалайды, одан кейiнгi екiншi орынға еркiндiктi қояды, содан соң барып – ақша. Бiзде ең алдымен ақша, екiншi орында билiк, немесе керiсiнше, соңғы орындарда ғана денсаулық пен еркiндiк. Бiз еркiндiктi бiрiншi орынға қойғысы келгендердiң сапында болғымыз келедi және осы ойға келгендердiң көп болуын қалаймыз.

Негiз – халық. Халық қайсыбiр жақсы идея болмасын, жалғастырып әкете алмаса қиынның қиыны. Егер өкiмет тым алға ұзап кетсе (демократияшыл болса да), халық оның соңынан iлесе алмаса, арқауының әлсiз болғаны, ол көп ұзамай жарамсызданып қалатын мата секiлдi сыр берiп тұрады.

Бiздiң кемшiлiктерiмiз өркениеттi қоғам құра алмай жатқанымыздың белгiсi. Өркениеттi қоғам құру үшiн қоғамына мемлекетi, мемлекетiне қоғамы сай болуға тиiс. Ол үшiн еркiндiкке жетелер биiк сана, бiлiмдiлiк пен бiлiктiлiк, ояулық керек. Зиялыларды да, оппозицияны да, мемлекеттiк қызметкерлердi де, жалпы халықты да, пайдалылар мен онша пайдасы жоқтар, керектiлер мен керексiздер деп бөлмей, осы талапқа сай келетiндердiң қоғамға ықпал етуiне, көзi ашықтық пен көңiлi ояулыққа баршаны жетелеуге мүмкiндiк туғызу қажет. Бұл: «Жаңа Жүйе заманында қазақ халқы ұлт ретiнде, Қазақ мемлекетi өзгелермен терезесi тең мемлекет ретiнде сақталып қала ма, жоқ па» деген күмәндi сейiлту үшiн күреске қажет.

«Қазаққа қарата ауырлау сөз айтып жiберiптi-мыс» деген сылтаумен өлiмiнiң өзiн атаусыздау еткен қазақтың арда ұлдарының бiрi Нұрболат Масановтың: «Ұлттық идея жоқ дегендермен мен келiсе алмаймын. Бiзде ұлттық идея бар, ол бiреу ғана емес – үшеу, олар – тәуелсiздiк, халықтар достығы және коррупция» деген сөзi бар едi. Коррупция жөнiнде ол, коррупцияның да бiрнеше миллион адамды қамтитын үлкен құбылыс екенiне мегзеп, әзiл-шынын араластыра, мүмкiн, ызамен айта салған болуы тиiс. Немесе сыбайлас жемқорлық пен ұсақ барымтаны тәуелсiздiк пен халықтар достығы секiлдi ұлы мұраттармен салыстыруға келмес.

Осы үшiншiсiнiң орнына мен «бәсекелестiкке қабiлеттiлiк» деген идеяны қояр едiм. Менiң ойымша ол бүгiнгi күнi модаға айналып тұрған «алдыңғы қатарлы елу елге теңесу» ұраны үшiн емес, ұлттың өмiршеңдiгi, ертеңгi бұлтсыз өмiрiмiз үшiн аса маңызды.

Кез-келген идея жалпыұлттық болып қалыптасуы үшiн қоғамдағы көпшiлiктi барынша мол қамтитын болуы тиiс. Тәуелсiздiктiң ұлттық идея болатыны – бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған, еркiндiкке жетсек деген арман-мұраттың жүзеге асуы мен оны сақтап қалуға деген бүкiлхалықтық ынтаның бар екендiгiнде. Қазақстанды мекендеген халықтардың достығын ұлттық идеяға санайтынымыз – жерi ұлан байтақ, халқының саны азғана мемлекетiмiзде iшкi бiрлiк пен тыныштықты сақтаудың кепiлi осы деп түсiнгендiктен. Ал бәсекелестiкке қабiлеттiлiк бiздiң мемлекетiмiз бен халқымыз үшiн ұлттық идея болуға тиiс дейтiнiмiз – егер бiз бәсекеге қабiлетсiз болып қалсақ, екi ұлы мемлекет пен амбициясы биiк, мемлекет құраушы ұлтының саны бiзден үш есе көп тағы бiр көршi мемлекеттiң ортасында тұрып, нарық экономикасына көшу мерзiмiмiз әлемде негiзiнен барлық байлық пен халықаралық сауда әбден жолға қойылып, жаңа мемлекеттерге өркениеттен өз орнын табу аса қиындаған сәттерде барып осы жүйеге бет бұрған бiздiң елiмiздiң тағдыры – бiздiң ұлтымыздың ұлт ретiнде, мемлекетiмiздiң мемлекет ретiнде сақталып қалу үшiн – әлемдiк бәсекелестiкте лайықты орнымызды табуда болып тұр. Ол үшiн бiздiң экономикамыз ғана емес, билiк те, халқымыз да бәсекеге қабiлеттi болуы тиiс. Егер бiз бәсекеге қабiлеттi бола алмасақ, онда мемлекеттiлiгiмiздiң iргесiнiң берiктiгiне, халқымыздың тiлiне, дiнiне, дiлiне нұқсан келуi оп-оңай. Бұдан былай өкiмет катализаторлық және инициаторлық роль атқарса жетерлiк, қалғаны халықтың өзiне байланысты.

Әлемнiң даму үрдiсiн зерттеушiлер ұлы мемлекеттер сапына халқының саны 50 миллион адамнан асатын елдердi жатқызады. Бұл сан бостан-босқа алынбаған, оның ғылыми негiзi бар: егер мемлекеттегi халық саны 50 миллион болса, онда олар сырттан рынок iздеп жатпай, өздерi шығарған заттарын өздерi тұтынады екен. Қазақстанның бұл топтың iшiне кiру мүмкiндiгi жақын 50 жылдың iшiнде тек теория жүзiнде ғана мүмкiн.

Бiз жоғарыда бағындыру жеңiлдеп, көп тараптарға және ұзақ қашықтықтарға бiр мезгiлде бұйрықтар мен нұсқаулар жiберу мүмкiндiгi рулық мемлекеттер мен кiшiгiрiм мемлекеттердiң ыдырауына әкеп соқты деген ой айтқан едiк. Сол секiлденiп, Жаңа Жүйе тұсында бiрыңғай орталыққа сөзсiз тәуелдiлiктiң арта түсуiне байланысты және шекаралардың барынша азаюы көзделiп әлеуетi мықты, бай, бiрақ халқының санасы қалық мемлекеттердiң өзге елдерге жұтылып, я болмаса бiр-бiрiне мәжбүрлi бiрiгуiне әкелiп соқпас па екен деп те ойланасың… Сөйткен күнде әлемде бiр-бiрiне өлiспей берiспейтiн 50-60 қана ел қа