Жаңалықтар

ЭСФИРЬДIҢ ЕСIМI МЕРЕКЕГЕ АЙНАЛҒАН

ашық дереккөзі

ЭСФИРЬДIҢ ЕСIМI МЕРЕКЕГЕ АЙНАЛҒАН

Нәзiктiк пен сұлулық, қажыр мен қайсарлықты бiр бойына жинаған арулардың мерекесi күлiмдеген көктеммен қатар келедi. Сұлулық пен махаббаттың мерекесiне айналған 8-наурыз неге дәл осы күнi тойланады? Себебi, ана – өмiрдiң алтын дiңгегi, бар адамзатқа өмiр сыйлаушы. Ал көктемде табиғат ана қайта құлпырады. Айнала жаңарып жайнайды. Ағаш бүршiк атып, гүл бүр жарады. Яғни, қысқы ұйқыдан жан-жануарлар оянып, өмiр қайта жанданып жатқан кезде аналар мейрамының тойлануы жарасып-ақ тұр емес пе?! Осы мерекенiң негiзгi тарихына көз жүгiртсек, бұл мейрам әйелдер құқығы үшiн күрес күнi ретiнде пайда болған. 1857 жылы АҚШ-та тiгiн және киiм фабрикасының жұмысшы әйелдерi манифестацияға жиналды. Олар он сағаттық жұмыс, жарық, құрғақ жұмыс орындары мен ең бастысы жалақыларының ерлермен бiрдей болуын талап еттi. Ол кезде әйелдер 16 сағат жұмыс iстеп, мардымсыз жалақы алатын, ал ерлер осыған дейiн-ақ он сағаттық жұмыс күнiне қол жеткiзген болатын. АҚШ-тың көптеген кәсiпорындарында кәсiподақ ұйымдары пайда бола бастады. 1857 жылдың 8-наурызынан кейiн тағы бiр кәсiподақ ұйымы құрылып, алғаш рет бұған әйел адамдар да мүшелiкке қабылданды. Дәл осы күнi Нью-Йорктың көптеген қалаларының көшесiне нәзiк жандылар шығып, оларға сайлау құқығы берiлуiн талап еттi. 1910 жылы Копенгагенде өткен социалистердiң халықаралық коференциясында Клара Цеткин 8-наурызды халықаралық әйелдер күнi ретiнде тойлауды ұсынды. Ол тек әйелдерден тұратын революциялық отряд құрғандықтан, қай күндi әйелдер күнi қылып белгiлеу керектiгiн таңдайтын Клара едi. Клара болса жаңа отрядтың туған күнiн еврей тарихымен байланыстыра бiлдi. Клара өзiнiң еврей халқының қызы екендiгiн жасырып жүрген. Көп ғасыр бұрын өз елiн тираннан құтқарған Эсфирьге еврей халқының ең маңызды мерекесi – Пурим арналатын. Сол мейрам болатын күн сол жылы 8-наурызға сәйкес келгендiктен осы күндi таңдап алуы мүмкiн. Оның бұл сөздерi әлем әйелдерiне өз құқы үшiн күресуге шақырған ұрандай әсер еттi. Көптеген елдердiң аналары кедейлiкке қарсы, өз құндылықтары мен құқылары үшiн күресуге шықты. Австрия, Германия, Швейцарияда 1911 жылы осы мейрамды 19-наурызда атап өттi. Келесi жылы 12-мамырда тойланды. Ал Ресейде ең алғаш рет 1913 жылы Петербург қаласында аталып өткен. Кейiн келе Европаның көптеген елдерiнде әйелдер осы күнi соғысқа қарсы марш ұйымдастырып отырған. 1917 жылы ақпанның соңғы жексенбiсiнде Ресейдiң әйелдерi «Нан мен бейбiтшiлiк» ұранымен көшеге шыққан. Содан 4 күннен кейiн император тақтан түсiрiлiп, Уақытша үкiмет әйелдердiң сайлау құқына кепiл болды.

Кеңес Одағы билiгiнiң алғашқы жылдарынан бастап 8-наурыз мемлекеттiк мейрамға айналды. Ал, 1965-жылдан бастап бұл күн ресми демалыс болып жарияланды.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейiн бұл мейрам Әзiрбайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдавия, Тәжiкстан, Түрiкменстан, Украина, Белоруссияда халықаралық әйелдер мерекесi ретiнде аталып өтедi. Ал Өзбекстанда– Аналар күнi, Арменияда 7-сәуiр күнi аналық пен сұлулық мерекесi ретiнде қабылданды.

8-наурыз мерекесiнiң студенттер қауымы үшiн қандай маңызы бар, бұл мерекенi қаламыздағы жастар қалай атап өтедi, осы жөнiнде сауалнама жүргiзген едiк. Олардың бәрi дерлiк сұлулық, көркемдiктiң осынау көктемгi мерекесi адамдарға аса қымбат екенiн айтады.

Көмеков Мұхтар, ҚазҰМУ-дың 4-курс студентi: –Барлық әйел– ана. Олар ана боп туылады, ана болып өмiр сүредi. Сондықтан мен бұл мерекенi асыл Аналар мейрамы деп қабылдаймын. «Жұмақ– ана табанының астында» дейдi емес пе хадистердiң бiрiнде. Анам мен әпкелерiмдi құттықтаймын, сосын оларға дастархан мәзiрiн жасап беруге тырысамын.

Омархан Самал, ҚазҰУ-дың 3-курс студентi: –Бұл мейрам мен үшiн ерекше мейрам. Ең алдымен жан анамды келе жатқан мерекесiмен құттықтағым келедi. 8-наурыз – тек әйелдер мерекесi ғана емес, көктем мерекесi. Жаңару, жандану мерекесi. Әсемдiктiң аспандай түсетiн кезi. Орыстың атақты жазушысы М.Горький: «Жер бетiндегi әсемдiк атаулының бәрi әйелге деген сүйiспеншiлiктен туған» деп айтқаны бар ғой. Мен сол сөзге толық қосыламын. Бұл – әсемдiктiң, көркемдiктiң мерекесi.

Сейтжан Кенже, ҚазҰУ-дың 4-курс студентi: –Жылдың 365 күнiнiң бiреуiн асыл аналар мен аяулы аруларға арнамасақ, бiздiң кiм болғанымыз? Маған 8 деген санның өзiнде бiр философия жатқандай көрiнедi. Себебi, сегiз санын төңкерсеңiз «шексiздiк» белгiсi шықпай ма? Яғни бұл мейрам – шексiз жақсылық пен жылылық, мейiрiмнiң мерекесi. Жүректерiнде шексiз мейiрiм болатын нәзiк жандыларға гүл патшасы – раушан гүлiн сыйлағанды ұнатамын.

Жапекова Жанна, «Сымбат» сән бизнесi академиясының 3-курс студентi: –өзiм жақсы көрiп мерекелейтiн күндердiң бiрi. Бiздерге жiгiттердiң ықыласынан артық ешнәрсе жоқ. Бұл мерекенi тек ТМД елдерiнде ғана аталып өтедi деп естiгенмiн. Бұл мерекенi бүкiл әлем болып тойласа да артық етпейдi. Себебi, бұл дүниеде анасыз адам болмайды.

Рахимов Аяз, Азаматтық авиация академиясының 5-курс студентi: –Бұл мереке адамзат ойлап тапқан мерекелердiң iшiндегi ең жақсы мереке деп есептеймiн. Гүлдей құлпырған қыздар әрқашан жаздай жайнап жүре берсiн. Мұқағалиша айтсақ, «Әдемiлiк бiзге көптiк етпейдi».

Үмiтжан ЖАПАР,

ҚазҰУ-дың 3-курс студентi