Жаңалықтар

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: ӘР ҚАЗАҚ МЕНIҢ ДЕ ЖАЛҒЫЗЫМ

ашық дереккөзі

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: ӘР ҚАЗАҚ МЕНIҢ ДЕ ЖАЛҒЫЗЫМ

Ақұштап Бақтыгерееваның есiмi көпшiлiкке жақсы таныс. Ақұштап апаның ақындығы бiр төбе де, қайраткерлiгi бiр төбе. Қай кезде туралықты айтып, әдiлдiктi сүйетiн ақынның кейде «тура айтам деп, туғанына да жақпай жүретiн кезi» аз емес. Соған қарамастан, қоғамдағы болып жатқан түрлi келеңсiздiктер мен әдiлетсiздiкке шыдап тұра алмайды. Кезi келсе сөзiмен болса да жөнге салғанды ұнататын Ақұштап апамен әйелдер мерекесiнiң қарсаңында жолығып, сұхбаттасқан едiк.

– Ақұштап апа, былтырғы жылы әйелдер мерекесiнiң қарсаңында, бiздiң газетiмiзге сұхбат бергенiңiзде, әйелдердiң билiк басына келiп, ел басқарғанын қаламайтыныңызды айтқансыз. Әлi де сол ойдасыз ба? Жалпы, гендерлiк саясат дегенге қалай қарайсыз?

– Мен Кеңес одағында тәрбиеленген, кеңестiк тәрбиенi ұстанған қыздың бiрiмiн. Кеңестiк тәрбие «кеңес әйелi бәрiмен тең» дегендi айтқызды ғой.

«Ұшырды анам ұядан,

Тағына қарай бақыттың.

Самғаймын қанат қиядан,

Жыршысы болам уақыттың», деп өзiм де өлең жазғам. Сол бiр кезеңдi жырлағанымыз да, сол бiр кезеңге қызмет еткенiмiз де рас. Шын мәнiнде соған имандай сендiк. «Алдымызда коммунизм тұр» деп ойладық. Осы қоғамның қажет қызы боламыз деп сендiк. Бiрақ сол кезде де, осы тең құқылыққа iштей қарсы болатынмын. Бiреулер «сенiң осылай жүргенiң сол қоғамның арқасы емес пе?» деп, таласар да бәлкiм. Ал, былай қарасаңыз, менiң тең болып жүргенiм, ол табиғи талантымның арқасы.Табиғаттың маған берген сыйы. Теңдiктi немесе өлең жазуды ешқандай институттан да, университеттен де үйренгенiм жоқ. Тек қана өзiңнiң тәрбиең мен жаратылысыңа байланысты. Мiне, сол «әйел теңдiгi» деп жүрiп, ұлттың азаматының беделiн түсiру арқылы, бiз ұлттық тәрбиеден айрылып қалдық. Әке сыйлау, бала сыйлау, құрметтеу, тәрбиенiң бәрi осыдан басталады. «Әкең ұрсады» дегенде қыз бала қиналатын, ұл бала сескенетiн. Қазiр ондай жоқ. Әке өзiнiң қасиетiн, әке құдiретiн жоғалтты. Әйел теңдiгi деп жүрiп, әйелдердiң көбi өз күйеуiн мойындамайтын болды. Қайдан мойындасын, «жалғызбасты болса да, жұмыстан шығарма» деген саясат жұмыс iстесе. Қазiр бизнесмен әйел, машинасы бар әйел, қолында билiгi бар әйел ер адамды менсiнбейдi. Онымен бiз бәрiбiр матриархатқа өткен жоқпыз. Ондай қоғамда тәртiп кетедi. Тәртiп кеткен қоғамнан берекетсiз бала, көргенсiз келiн өсiп шықты. Қазiр мектепте шылым шекпейтiн қыз жоқ. Көше толған қыз. «Не қып жүрсiң?» десең, көшеде тұрып, күн көрiп жүргенiн айтады. Жасыратыны жоқ, бұл қоғамның ауруына айналды. Мiне, осының бәрi жаңағы теңдiк саясатынан шықты. Әрине, әйелдi ер адам тоқпақтап ұстап отырсын деп айтып отырғаным жоқ. Әйелдiң нәзiк жаратылысын, сұлулығын қадiрлей отырып, қоғамның ең құрметтi адамына айналдырып ұстау керек едi. Қоғам «әйел – сенiң анаң, әйел – сенiң жарың, әйел – сенiң қызың» деп тәрбиелеу керек. Мiне, осындай тәрбие жоқ бiзде. Содан кейiн гендерге әкеп соқтырып отырмыз. Гендерлiк саясатпен ұлы әйел жасай алмаймыз. Ұлы әйелдi табиғат өзi жаратады. Арғы тегiнен анасы тәрбиелейдi. Ол тал бесiктен тәрбие алып шығады. Оны ешқандай көлеңке жасыра алмайды. Өкiнiшке қарай, қазiргi қуыршақтар оларды көлеңке түсiрiп көрсеткiсi келмейдi. Қуыршақтар өзiн дана санайды, бiлiмдi көредi. Олар қоғамға қызмет етiп жатырмыз деп өзiн-өзi алдаумен тарих алдында күлкiге айналады. Құртқаның, Ұлпанның әдебиетте болса да бейнесiнiң өлмейтiнi, сонау Тұмар ханымнан бастап, Нар қыздардың аттарының өшпейтiнi, Мәншүк пен Әлиядай намысшыл қыздардың есiмдерiнiң ұмытылмайтыны ұлылықтың өлмейтiнiне дәлел. Қазiр гендерлiк саясат деп қолдан жасап шығарған экономика ғылымының докторын, саясаттың өкiлi пәленбай деп саусақпен санап отырғызып қойғаннан ешнәрсе шықпайды.

– Ол қыздардың арасынан бiлiмдiлерi кездеспейдi деп ойлайсыз ба, мүмкiн олардың да арасында шын таланттар бар шығар?

– Нағыз бiлiмдiлерiне жол жоқ. Оны көзiмiз көрiп отыр. Оны мен мысалмен келтiрсем, әңгiмемiз ұзаққа созылып кетедi. Жалпы, адамзат қоғамында таланттыларды анда-санда мойындайды ғой, талантсыздар жүредi ортада. Таланттылар өлгеннен соң ғана танылады. Қазiр бiздiң қоғамымызда өзiн ақылдымын деп жүргендер көп. Ал кейбiр оқу орындарына барсаңыз, олардан он есе бiлiмдi, он есе парасатты, он есе тәрбиелi қыздар ұстаз боп жүр. Оны кiм көрiп жатыр? Ешкiм көрiп жатқан жоқ. Әрине, олар да өз орнында керек шығар. Олар ұрпақ тәрбиелеп жатыр. Қазақ ұлтының қызы мен әйелi парасатты болмаса, солар мейiрiмдi, солар мықты болмаса ұлт болмайды ғой. Қазiр кейбiр ұжымға барсаңыз, ер азамат жоқ. Мәселен, мектепке, емханаларға, бала бақшаларға барсаңыз көбiнде қыз-келiншектер жұмыс iстейдi. Әйелдер тәрбиелеген қоғамнан мықтылар шығуы үшiн, әйелдер мықты болуы керек емес. Сауатты, салауатты, мейiрiмдi болуы керек.

– Парасатты әйелдi, ұлттық болмысын сақтаған азаматты, ұлт тәрбиесiн мықтап ұстаған баланы бүгiнгi қоғам қайтiп тәрбиелейдi?

– Оны ұлттық тәрбиемiздiң негiзiнен алуымыз керек. Оны бүгiн француз бояуымен бояған күннiң өзiнде, оның ар жағында ұлттық болмысы жатыр. Сонау ата-бабасынан келе жатқан қазақтың рухы жатқан жоқ па? Мiне, бiз осы рух тәрбиесiн жоғалттық. Рухы жоқ адам әкенiң тәрбиесiн бiлушi ме едi. Бiз бүгiн тек сыйлауды жоғалттық. Өзiмен-өзi пайда болған қуыршақтармен одан ары қарай кете беруге болмайды. Бiз осылардың арқасында көп тәрбие бере алмай келемiз. Бетiмен жiбердiк. «Бақпасаң бала, қарамасаң қатын кетедi» деген қазақтың сөзi бар. Қараусыз қатын, бақпаған баланың арқасында бiз осындай адам сыйламайтын қоғамға келдiк. Оны нарыққа жабудың қажетi жоқ. Нарықта өмiр сүрiп отырған елдер бар ғой. Мәселен, Еуропаның адамдары сөйлескенде қандай мәдениеттi? Мейлi олары сырт көзге жасанды болып жатсын?! Оның өзiнде ұлттық мәдениетi бар. Қазiр қаланың көлiгiне отыруға қорқам. Жап-жас қазақтың қыздары iлуде бiреуi болмаса, сенi итерiп, сырып тастайды. Сенiң жасыңа да қарамайды. Үлкендiгiңе де қарамайды. Мейiрiмнiң қазақ қыздарынан жоғалып кеткенiне қарап, болашақтан қорқам. Сондықтан, менiң қолымнан келгенiнше қазақтың қыздарына ұлттық тәрбие берiп жүргенiм. Поэзиядан бiлгенiмдi, естiгенiмдi, көргенiмдi үйретiп жүрмiн. Бүтiн кейiпкерлерiм арқылы соны оқып жүрмiн. Ол ендi бiр облыстың университетi үшiн азғантай дүние ғой. Кейде жоғары сынып оқушыларына да айтамын. Бала тәрбиелеуге баратын колледждерде сабақ берем. Махамбет Өтемiсұлы атындағы университеттегi «менi тыңдаймын» деген азаматтардың бәрiне барып, жағым талғанша осы мәселенi айтып келем.

– Сiз iздеген инабатты, әдептi, тәрбиелi қазақтың қыздары қазiр бар ма, жалпы, бүгiнгi қоғамнан кездестiре алдыңыз ба?

– Арасында бар. Бiрақ, олар көптiң iшiнде көрiнбейдi. Мәселен, бес жақсы қыз келе жатса, он бес нашар қыз келе жатады. Сол бесеудi әлгi он бес жаншып кетпей ме? Олардың да сол он беске ергiсi келедi. Кiндiктерiн де ашады, сосын қаланың сұрқия өмiрiне алданып қалады. Даланың қызы әлi де өз инабатымен келедi. Ұят болады деген сөздi ұғады. Бiрақ, олар аз. Бар болғанына қуанам, бiрақ аздығынан қорқам. Олардың мөлдiрлiгiн басқалар мазақ етедi. Олардың мейiрiмдiлiгiн аңқаулық деп мазақ етедi. Көп күрмектiң iшiнде күрiш кетпей ме?

– Бұл кеселден құтылудың жолы бар ма?

– Бұл бүгiнгi қоғамға ортақ кесел. Оған үкiметтiң заңыменен күресетiн болуы керек. Ертеде ару қыздарды бөлек оқытатын институттар болған. Содан шыққан қыздардың отбасы , оған үйленген жiгiттердiң мәдениетi өзiнше бөлек элитаны құрады. Қазiр бiз элитаны тек қана ақшалылар деп санап жүрмiз. Өзiнiң бөлек элитасын жасады. Олай емес, парасатты, мәдениеттi оқымыстылар ғана элита болуы керек. Бiздiң элитамыз Абай мен Мұхтар Әуезов сияқты болса, кешегi көз алдымызда өткен Қаныш Сәтпаев, Мәлiк Ғабдуллин, Зейнолла Қабдолов сияқты парасаты мен бiлiмi, жүрiс-тұрысы сай келетiн адам элита болуы керек. Бүгiнгiдей тек ақшасы бар, әдемi көйлек кигендердi элита деп санау – адасушылық..

– Тастанды бала көбейiп, жетiмдердi шет елге сату жылдан жылға артып барады. Қазақ «жесiрiңдi жылатпа, жетiмiңдi қаңғыртпа» демеушi ме едi?..

– Өткен жылы ғой деймiн, 1200 бала тек қана Америкаға сатылыпты. Мен ұшақпен жиi ұшам. Әр ұшқанымда шет елдiктiң екi-үш баланы әкетiп бара жатқанын көрем. Кәдiмгi зат сияқты сатып әкетiп бара жатыр. Мөлдiреген, қандай әдемi балалар?! Кейде ойлаймын, солардың арасында Шоқан кетiп бара жатыр-ау деп. Бәлкiм Абай, бәлкiм Махамбет кеткен шығар. Кетсе кеткен шығар, ол балалардың келешек тағдыры не болады? Оны олар бала қып өсiре ме, оған олар «сен қазақсың» деп айта ма?! Әлде жеп қоя ма, мүмкiн сатып жiберетiн болар, көзiн көз қып, бүйрегiн бүйрек қып. Мұның бәрi қазiр бiзге жұмбақ. Мұны қазақ жоқтап отырған жоқ. Баласын жоқтамайтын елге көңiлiң қалады. Яғни, әркiмнiң сұрауы болуы керек қой. Отан деген – ана. Отан ана өзiнiң ұрпағын қорғауы керек қой. Отаным деп отырған партияға, Отаным деп отырған мемлекетке баласын сатып жiбергенi үшiн көңiлiң қалады. Мұнда қалғандарының да жағдайы оңып отырғаны шамалы. «Жетiмдер үйiн» аралап жүрем. Сондықтан, бала сату деген – адамның бұ дүниеде де, о дүниеде де кешiрiлмейтiн күнәсi. Баяғы соғыс кезiнде сырттан келген жетiмдердi де асырап, адам қылған жоқ па едiк. Соғыстан қалған жетiмдер оқып жетiлiп, шетiнен бiлiмдi, шетiнен өнерлi боп шыққан жоқ па едi? Мынадай бақуатты заманда қыздарымызды шетiнен көшеге шығарып, жетiмдерiмiздi сыртқа сатып жатырмыз.Оның көз жасы, алдымен әке-шешесiне тиедi. Бұған қыздарымыз ғана емес, жiгiттерiмiз де кiнәлi. Олар жiгерсiз, жауапсыз. Ол бала бiреудiң құдайдан сұрап отырған тұңғыш немересi шығар. Одан кейiн ол қыз бала көтере алмас, бәлкiм. Бiзде жетiм балаларды тастап кеткен күннiң өзiнде асырайтын жағдай бар. Ақшаны қайда жiберетiнiмiздi бiлмей жатырмыз ғой. Ендеше, неге сол жетiмдерге жатақхана салып өсiрмеймiз. Неге жағдайын жасамаймыз? Мейiрiм қайда? Бүтiн қоғамның бұзылуына осының бәрi себепкер болып отыр. Сатылған бала, қаңғырған қыз, жұмыссыз жiгiт, басынған бөтен ұлт.

«ҚАЗАҚТЫҢ РУХСЫЗДЫҒЫМЕН КҮРЕСКIМ КЕЛЕДI»

– «Казакпен емес, қазақпен күресiп жүрмiн» дейсiз. Сiз немен күресiп жүрсiз, кiммен күресiп жүрсiз?

– Менi қинайтыны – ауылдың қазағы емес, қаланың қазағы емес, жалпы қазақ ұлтының оянбайтыны. Сонша бiр батырлар ұрпағы бола тұра, сонша бiр даналар өткен даланың ұрпағы бола тұра, соған елiктемеуi жүрегiмдi ауыртады. Абайдың, Бейбарыстың, Махамбеттiң сарқытымын, солардың тұяғымын, Абылай, Кенесары, Қарасай, Исатай өткен ғажайып даланың қызымын, ұлымын деп желпiнбейтiнiне, өздерiн басқамен қатар санамайтынына, мәдениетке ұмтылмайтынына, жайбарақат жүре беретiнiне, көне беретiнiне, бәрiне шыдай беретiнiне, «қазақпын» деп бастарын көтерiп сөйлей алмайтынына, қызына ие бола алмай отырғанына күйiнем. Менiң ешкiммен күресiп, төбелесiп жатқан ештеңем жоқ. Өз елiнде отырып, қазақша балабақша ашып берсе, соған мәз болып, қол соғады. Ол салынуға тиiс нәрсе ғой. Қазақ тiлiнде бiр жиналыс өткiзсек, мәз боламыз. Жалпылдақтық, күншiлдiк, сосын шала сауаттылық. Не оқығаннан алған қорытынды жоқ. Сол кезде жолына құрбан болам дейтiн қазағымды жек көрiп, ашынып сөйлеймiн.

– Бiздiң сонда Абылайдың түсiндегiдей құрт-құмырсқа, бақа-шаянға айналып кеткенiмiз бе?

– Абылайдың, Ер Тарғынның тұқымы, Махамбеттiң ұрпақтары қайда? Солар тiрi жүрген жоқ па? Солар сияқты сен неге ұлы болмайсың деп сұрар едiм, бұл қазақтан! Сен неге соншама жалпылдай бересiң деп сұрар едiм, бұл қазақтан! Шешендер туған ұлт емес пе едiң, сенiң шешендiгiң қайда деп сұрар едiм, бұл қазақтан! Аудармадан жаттаған бес сөйлеммен қазақша сөйлегенiне мәз боламыз. Неге олай? Неге осындай? Рухсыздығымен күрескiм келiп, рухсыздығы жайлы айтам. «Әр қазақ менiң жалғызым», дейдi Сабыр Адай. Әр қазақ өзiн осы елдiң жалғыз қызымын, жалғыз ұлымын деп есептеуi керек қой. Егемен елдiң, кең байтақ даланың, көл көсiр байлықтың иесiмiн деп санауы керек, әр қазақ! Парасат пен жiгер жоқ бiзде. Қанша жiгiттердi көрем, тепсе темiр үзетiн. Бос жүр, жұмыссыз жүр. Жұмыссыздық дейтiн шығар. Жұмыссыздық десек те, оған сiлтей беруге болмайды ғой. Өздерiнiң кеудесiнде жiгер жоқ. Бойында жiгерi бар адам бiр жерден жол табады. Ұлттық намыс, парасат, бабалар тәрбиесi, осының бәрi ақсап кеттi. Экономикамызды өсiремiз, сөйтiп жарылқаймыз деп жүргенде, адамдарды құрт-құмырсқаға айналдырып алдық. Құрт-құмырсқаға айналып кеткен, өзiнiң ұлттық мақтанышы жоқ, топ бастар серкесi, шешенi, әулиесi жоқ ұлтты ешкiм сыйламайды.

– Қазақтың ең үлкен трагедиясы да осы емес пе? Яғни, қазақтың табынатын тұлғасының болмауы…

– Бүгiнгi қоғамда тұлғаның болуы шарт емес. Неге қазақ жетi атаңды бiл дейдi. «Жақсы болсын, жаман болсын, сенiң жетi атаңда тегiң бар» деп айтып отырады. Мiне, осының бәрi тәрбиеден кетiп отыр. Сөз бiледi десек, Абайға неге сыйынбаймыз?! Батыр, ақын десек, Махамбетке неге сыйынбаймыз?! Қабанбай, Бөгенбай, Исатайға неге сыйынбаймыз?! Сыйынатын есiм көп қой. Соның бәрiн науқан жасап, той қыламыз да, шулап-шулап бiр күнде өлтiрiп жiберемiз. Осылай төрiмiзде мәңгi бақи тұратын есiмдердi ойыншыққа айналдырып жiбердiк. Италияны алыңыз. Микеланжело сияқты, балалардың бәрi туғаннан сұлулықтың суретiн салуға ұмтылады. Басқа ұлттарда осындай тұлғалар бар. Ал, бiзде Абайды айтайын десең, тiл бiлмейдi. Тiл бiлмеген соң, өлеңдi қайтiп түсiнсiн?! Үйде айтатын ата-анаңның сыйқы анау, олар да тiл бiлмейдi. Намыссыздық осыдан келiп шығып жатады. Содан кейiн қазақтың тiлi деп қашанғы шулайды. Өз елiнде отырып, өзiнiң тiлiн жоқтаған неғылған бұл сорлы ұлт. Оған сонша ақша бөлгенше, қазақтың баласына басқа тiлдердi қосып оқытатын жағдай неге жасамайды?! Қазақ тiлiн оқытуға миллиардтап ақша бөлiп жатыр. Қазақ тiлi керек емес ұлттарға неге оқытады?! Онысы да көрнекi құрал сияқты бiрдеңе ғой. Бiр ұлттан бес адам, тағы бiр ұлттан бес адамды жинап алып, диаспора жасап, «бiз тату-тәттi тұрып жатырмыз» дейдi. Сондай концерттiң неге керегi бар? Қазақ өзiнiң тiлiн бiлсiн, ақша төлесең де, төлемесең де… өз анасын танысын, әкесiн қадiрлесiн, тарихын оқысын, қазақты соған мiндеттеу керек. Тiптi, тарихты оқытпаймыз дегендi шығарыпты. Тарихын бiлмеу дегенiңiз, таза мәңгүрттiк емес пе? Тегiн бiлмеген соң, мәңгүрт болды емес пе? Осының бәрiн оқытатын ұлағатты ұстаздар керек. Қазiр ұлағатты ұстаздарыңыз нан iздеп, қарақан басымен кетiп қалды. Содан кейiн, ақшалы оқулар көбейдi. Бiздiң кезiмiзде кейбiр ұстаздың алдына кiруге сескенетiн едiк. Қазiр ондай ұстаз қалды ма?! Ондай ұстаз мыңнан бiреу бар ма, жоқ па? Бүгiнгi мұғалiмдер балалардың құрдастарына айналып кеттi. Ұлағаттан, ұлылықтан қалып, бiз осындай күй кешiп отырмыз?!

– «Тату-тәттi өмiр сүрiп жатырмыз» деймiз. Сол татулықты бұзып, өзге ұлт өкiлдерi төрге шығып қана қоймай, төбемiзге де шыға бастаған сияқты.

— Өзгелердiң бiздiң елiмiзге нан iздеп келiп, соңыра бас көтерiп, қазақтарға қоқаңдауы бұл жаңағы қазақ ұлтының намыссыз, қазақ ұлтының жiгерсiз, қазақ ұлтының рухсыз, немқұрайлы, сорлы ұлт боп көрiнуiнен.Қайткен күнде де, грузин басқа ұлтты басына шығармайды. Екi грузиннiң бас қосып отырған жерiне, өзге ұлттың өкiлi келiп, тайраңдай алмайды. Олар сондай. Олардың Шота Руставелиi бар. Ал, қазақты кiм болса, сол басынады. Құртақандай ғана қытай, қазаққа әлi келмейтiн қытай бастарын көтерiп, Ақтөбеде Қытайдың гимнiн ойнап, жұмыс жасап отыр. Сонда бiздiң қазақ қайда жүр? «Мынау, бiздiң ел ғой, қойсаңдаршы» деп айта алмайды. Оны айтатын Үкiметiң де үнсiз. Олардың айтуына болады ғой. Неге менiң үйiме келген қонақ менi сабап кету керек. Қазақ өзiн сыйлата алмайды. Менiң қазақты жек көрем деп отырғаным да, қазақпен күресiп жүрмiн дегенiм де сондықтан. Мен оятам деп жатқан жоқпын. Мiржақыптар оята алмаған қазақ қой бұл. Менiң қорқатын жерiм тағы бар. Бұлар үндемей жүрiп жүрiп, бiр күнi бұрқ ете қалуы мүмкiн. Сол кезде тыныш жатқан теңiздiң суы сияқты тасып кетсе, барлық жағалауды жуып жiбередi ғой. Бұлар үндемей жүрiп, кешегi желтоқсандағыдай бұрқ етсе не iстеймiз? Сонда қырылып түсемiз ғой, бiз. Тағы да бетке ұстарымыздан, тағы да сауаттыларымыздан, тағы да үмiт күтiп отырғандарымыздан айрылып, тағы да шала сауаттылар қаламыз. Сосын бiздi тапау тағы оңай болады. Көрдiңiз бе, мен осыдан қорқам. Әйтпесе жұмыс iздеп келген, менiң сарайымды, менiң үйiмдi, менiң құрылысымды жасап, менiң мұнайымды өңдеп жатқан түрiк неге қоқаңдайды?! Әрбiрден соң, соларды төбесiне шығарып отырған қазақтың өзi кiнәлi. «Мен баймын» деп кеуде қаққанша, «Мен қазақтың баласымын» деп соқсын кеудесiн. Онда олар басынбас едi. Бiз өзiмiздiң ұлтымызды, өзiмiздiң әлсiзiмiздi қорғай алмай отырмыз. Бiздiң ұлтымызды қорғайтын заңымыз да әлсiз. Заңымыз бар да, оның орындалуы жоқ.

– Ұлағаттан, ұлылықтан айрылып қалдық дейсiз. Қазiр мектептердi он екi жылдыққа көшiремiз деп жатыр. Сонда бала он екi жыл бойы ненi оқып, ненi үйренiп шығады, егер ұлағатты ұстаздары болмаса…

– Оның арасынан өздерiнiң миы барлар, тыпырлап шығады ғой. Бәрi бiрдей жоғалып кетпес. Арасынан бiреулер талпынар, қазақ болуға, қазақ тiлiн бiлуге. Олар жоғалмайды. Ұлт түгелiмен жоғалмайды. Бәрiмiз бiрдей бақа-шаян болдық деп отырғам жоқ. Бiрақ, мына қиындықты өзiмiз қолдан жасап алдық. Қазақ мейiрiмдi, қонақжай деп айта-айта басқаларды басымызға шығарып алдық. Ұлттың ұлттық қасиеттерiнен айрылып қалдық. Туған әке-шешесiн үйге кiргiзбейтiн ұрпақ тәрбиелеп шығардық. Жасыратыны жоқ. Соғыстың кезiнде соңғы дәнiн бөлiсiп жеген абысындарды көрiп едiк. Қазiр тек қана өзiн сүйетiн парықсыздықтарды өсiрiп жатырмыз. Ендiгi қазақты қонақжай деп айтуға да ұялам. Туған баласын көшеге тастаса, туған әкесiн қарттар үйiне апарса, оны қалай қонақжай дерсiң… Бiз ит емеспiз ғой, күшiгiмiздi тастап кете беретiн. Онда бiздiң жануардан айырмамыз қайда? Осының бәрiне жаның ауырғаннан айтасың. Мен мұны бiлгiштiгiмнен айтып отырғам жоқ. Бiрталай жасқа келген соң, көргенiңдi-бiлгенiңдi айтқың келедi. Оны бiреулер оқып, «рас-ау» дейтiн де шығар. Бiреуге болмаса да, бiреуге шапағатың тиер. Бiздi үлкендер сөзбен, тiлмен өсiрдi. Менiң қарт әжем қазақтың ұлағатты сөздерiн, мақалдарын айтып отырып өсiрдi. Содан зиян көргем жоқпын. Компьютер сияқты миыма жазылып қалған әжемнiң сөздерiне әлi күнге дейiн қорытынды жасап жүрем. Мәселен, әжем:

«Жасық туған жаманың,

Атқа мiнiп зор болмайды.

Асыл туған бекзатты,

Қойға салсаң қор болмайды.

Тегi таза жiбектi

Шылғау етсең, бөз болмайды,– дейдi шырағым», – дейтiн. Ол кезде мағынасын түсiне бермейсiң. «Қандай-қандай тақпақтар айтасың, әже» деп күлетiнмiн. Тыңдамаймын. Қазiр соны ойласам, өмiрде ондай да болады екен. Жаңағы жасық туған жаманды атқа мiнгiзiп, зор қылып отырғандарды көресiң де, әдiлетсiздiкке жолығасың. Ал, ендi асыл туған бекзатты, қойға салып қор қылсаң да, азаматтық келбетi жоғалмайды. Кейбiр ауылдағы шаруа қожалығын басқарып жүрген жiгiттердiң қолындағы барын беруге, елге көмектесуге тырысып тұратындары бар. Бұл жаңағы асыл туғандар. Сондықтан, асыл адам бөзге айналмайды. Бәлкiм, шындықты, әдiлеттiлiктi көрмес. Ол адам өзiнiң ортасында шапағат шашып өтедi. Ол адам өлсе, жұрт жылайды. Оның бай-кедейлiгiне қарамайды.

«ХАЛЫҚТЫҢ КӨЗIНДЕГI ЖАСТЫ СӨЗIММЕН БОЛСА ДА СҮРТЕЙIН ДЕП ОЙЛАЙМЫН»

– Тiлге қарсы болатындардың көбiсiн байқасаңыз, олардың арасында зиялылардың балалары көбiрек…

– Жалпы, мен тiл бiлмеген адамнан қорқам. Бiр кездерi сондай кезең болғаны рас. Алматыда қазақша жалғыз мектеп қана қалды ғой. Жазушылардың көбi балаларымызды сонда бердiк. Сол мектепке балаларымызды сүйретiп оқыттық. Сол кездерi бiр баласын қазақшаға, бiр баласын орысшаға бергендерден естiп едiм. Қазақша оқығаны адам сияқты келiп, «Апа, қалыңыз қалай?» деп адамша келiп жағдайымды сұрайды да, орысша мектепке баратыны, анадайдан «Что с тобой?» деп қарап тұрады. Көрдiңiз бе, екеуiнiң психологиясы екi түрлi. Өзге тiлге оқыту арқылы, оның дүниетанымы өзгередi екен. Еврейлерде байқасаңыз, олардың ойлылары көп болды ғой. Оларға кiшкентай кезiнде Чуковскийдi оқытады. Ол кiп-кiшкентай балаға жан-жануардың өз даусымен сөйлегенi дұрыс екен деп айтады. Қарға қарқылдау керек, ит үру керек деген сяиқты. Ал, мысыққа үрген, итке мияулаған жараспайды. Кiшкентай баланың санасында әр нәрсе өзi болып қалу керек дегендi қалыптастырады. Сөйтiп, еврейлер кiшкентай баланың кiшкентай ғана тақпақтарын осылай жазады. Осының өзiнде үлкен мән жатыр. Немесе тауықтың бауырында өскен қыңыр үйрек, бәрiбiр үйрек боп ұшып кетедi ғой. Тауық қыт-қыттап қалып қояды. Қазiр осыларды оқытпайды ғой деймiн.

– Қазiр оқулықтардың көбi өзгерiп кеттi…

– Ол кездiң оқулығының өзiнде ұлттың намысы жатты. Тауық балапанды шатастырып шығарып едi, үйрек бәрiбiр суына кеттi. Содан шығатын мәселе, балаңды қанша жерден ағылшынша оқытсаң да, ол барып Англияда тұрғанымен, ол елге керек емес. Қартайғанда елiне келедi. Қазақтың қыздары шет елдiктерге шығып жатыр ғой. Ал, әлгi қыз кейiн шүйкедей қазақтың қара кемпiрiне айналады. Сол кезде ол ұлтқа кiрiге алмай қалады. «Ұлтың немесе елiң басқа» дейдi. Сенiң өсiретiн балаң да сенiкi емес, басқа ұлттiкi. Бiз Абай жылында Қасым Қайсенов бар, бiр топ жазушы Украинаға бардық. Сонда Қазақстанның жазушылары кеш өткiздiк. Соғыста қалып қойған офицер жiгiттер, қазақтың шалдары отырды. Көздерiнiң жасын тыя алмайды. «Бiз Украинаның қыздарына үйленiп, осында қалып едiк, қартайғанда олар бiздi лақтырып тастады. Бiздiң Қазақстанға қайтатын жолымыз жоқ. Бiз ағайынымыздың кiм екенiн ұмытып қалдық?! Кiмге баратынымызды да бiлмеймiз?» деп жылағанын көрдiк. Марқұм Қасым Қайсенов те көрдi. Басын шайқап, ауру көзiнiң жасын сүртiп қайтқан. Әлi күнге басқа ұлттан әйел алып отырған жiгiттерiмiз өте көп. Олар, қазақтың ұлттық мәселелерiн ауыздың ұшымен айтып келедi, үйiне келген соң, басқа ұлттың сөзiн сөйлеп шыға келедi. Бiздiң ұлттың қиын жерi осы. Атырау деген ең қазақы облыс. Өткен жылы сол бiр Атыраудың өзiнде 55 қыз шетелдiктерге тұрмысқа шығып кеттi. Олардың қаншасы қайтып келедi, қаншасы қорлыққа кеттi, сатып жiбередi, мен бiлмеймiн. Оның есебiн алып жатқан ешкiм жоқ қой. Бәрiбiр өзiнiң ұлтын аңсайтын сияқты. Ол кезде орысша бiлмесең, ешнәрсе жасай алмайсың дейтiн. Орысшаны орыспен бiрдей сөйлеуiң керек. Олжастан бастап, орысша өлең жазғандар да болды. Бiрақ, елдiң бәрi Олжас емес қой. Аттары Николай, Светлана, әкесiнiң аты тағы бiрдеңе деген сияқтылар толып жүр. Күнi кешегi «Валют транзит» банкiнiң бастығы Айтпақы Бiләловiң Андрей Беляев болып жүрiптi. Ол қазаққа не жоқ десеңшi, соңында ақын да емес, болып шықты. Оның сол ұлттық намысының жоқтығы ғой. Әйтпесе, Бiләл деген әкесiнiң атын неге ауыстырады?! Өзге ұлтқа өзiн ауыстыру, ол жаңағыдай күшiктiң мияулап, мысықтың үргенi сияқты боп шығады.

– Демек, тiлдi, ұлтты қажетсiнбейтiндер, ұлтқа да қажет емес дейсiз ғой.

– Кейiн олар өз қасiретiн өздерi шегедi. Тiлiн сатқан, Отанын сатқан,анасын сатқан, дiнiн сатқан түптiң түбiнде қайғы-қасiрет шегедi ғой. Ол қайғыны өзiнiң баласынан шегуi мүмкiн. Өз баласы өзiнiң аузына су тамызбауы мүмкiн. Себебi, одан ұлттық сипат көрген жоқ. Оларды табиғат қайтармаса, санасы бiлсе, өздерi бұрылады. Бiз кеткендермен емес, болашақ ұрпақты, өмiрге жаңа келген баланы тәрбиелеуiмiз керек. «Сен қазақсың, сенiң елiң – қазақ елi» деп, өз тiлiнде өскен азаматтан ғана қазақтың ұлтын сүйген азамат туады.

– Тiлге қарсы болып, мемлекеттiк тiлдi екi тiл жасаймын деп жүргеннiң бiрi Олжас ағамыз емес пе?

– Оның өсiрген әкесi ұлтты сүйюге қатты қызмет еттi. Олжасқа орыс тiлi жанына жақын, оның үстiне әйелi орыс, одан туған қызы орыс. Оның тәрбиелейтiн уақыты болған жоқ. Оған замандастарымен орысша сөйлескен өте жеңiл. Сондықтан, ол өзiнiң жағдайын ойлап отыр. Күнделiктi тiрлiгiнде жеңiл болған соң айтып отыр. Олжас бiреу ғой. Ол талантты адам. Ол да өз уақытында керек болды. Кезiнде «бiз сендерден кем өлең жаза алмаймыз» деп айтуға керек болған шығар. Ол да бәрiбiр қазағына қайтып келедi. Оның жазғанын бәрiбiр қазақ қана оқиды. Оны қазақ қана мойындайды. «Бiздiң Олжас» дейдi. Оның атын қазақ деп атайды.

– Ақұштап апа, өз шығармашылығыңыз не боп жатыр? Не жазып жүрсiз?

– Төрт қаланың ортасында шапқылап жүргенiмде уақытым өтiп жатыр. Үш қалада балаларым тұрады. Төртiншiсiнде өзiм. Одан қала бердi, елдiң сөзiн сөйлеймiн. Баяғы ақындардан қалған қасiрет қой. Сонау Мөңкелерден бастап, халықтың мұңын айтқан ғой. Сондықтан, халықтың көзiндегi жасты сөзiңмен болса да, сүртейiн деп ойлайсың. Зейнетақымды алып, жай жүре бермейiншi деген оймен, лекция оқимын, халықпен кездесем, жетiмдер үйiне барам. Жылап жүрген оралмандарға шапағатым тиедi. Құжатына бiрдеңе соқтырып берем. Соның арасында аздаған жаңа өлеңдерiм бар. Дайындасам ба деп отырмын. Оны кiм басып шығарып беретiнiн бiлмеймiн. Жазғандарымды шығарайын десем, көңiлiм қалды. Жиырма бес табақ кiтабымның бесеуiн алсам, ол да жүк, бесеуiн апарып сату, ол мен үшiн қорлық. Ақшаға шығарған кiтапты қолтаңба берiп үлестiрейiн десем, ондай бай емеспiн.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА