Жаңалықтар

Тамара САТЫБАЛДИНА: ӨМIРIМДI АЛДАНҒА АРНАДЫМ

ашық дереккөзі

Тамара САТЫБАЛДИНА: ӨМIРIМДI АЛДАНҒА АРНАДЫМ

Алдан Әйiмбетов – менiң сүйiктi кейiпкерлерiмнiң бiрi болатын. Осыдан алты жыл бұрын жетпiс жасқа толар шағында өзiм мұрындық болып, ол кiсiден «Түркiстан» газетiне сұхбат алдым. Сол жылдың соңында туған күнiне қарсы газет бетiнде «Ол және Ол туралы» айдарының аясында Әйiмбетов туралы бiр беттiк материалдар топтамасын ұйымдастырдық. Сонда «Толағай тұлға» атты мақалам жарық көрген едi. Жетпiс беске қараған жасында қайтыс болғаннан соң «Қазақ өз Толағайынан айрылды» деген некрологым басылды.

Осының бәрiн арқаланып, мен Алдан Әйiмбетовтiң өмiр жолын, «Казахская правданың» шығу тарихын бiр кiсiдей бiлемiн деушi едiм. Бiрақ Алдан Әйiмбетовпен жиырма үш жыл отасқан Тамара Мұхамедиярқызымен сөйлескенде, толағай тұлғаның өмiрiнде бiз бiлмейтiн күнгейi мен көлеңкесi көп болғаны аңғарылды. Алдан Әйiмбетов болмысы ерекше жаратылған барлық адамдар секiлдi көп замандастары үшiн қыр-сыры мол адам ретiнде есте қалды. Қатпары көп жанының құпияларын сездiрмеген күйi өмiрден озды. Әйiмбетовтiң адами тұлғасының сырына жан жары, философия ғылымдарының кандидаты Тамара Мұхамедиярқызынан қанықтық.

«ХАЛЫҚТЫҚ КҮЙЕУМЕН»ТАНЫСУ

— Алдан аға балалық, жастық шағы туралы, жалпы өмiр тарихын өзi айтып берген болатын. Бiрақ, неге екенiн, отбасылық өмiрi туралы ләм-мим деп сөз қатқан емес. Алдан ағамен қалай таныстыңыздар?

— Екеумiздiң танысқан күнiмiзге дейiн әлi есiмде. Ол 1978 жылдың 5 мамыры болатын. Мен Алматы мемлекеттiк консерваториясының марксизм-ленинизм кафедрасының жас оқытушысымын, семинар сабағын жүргiзiп тұр едiм, бiр кезде лаборант қыз жүгiрiп келiп: «Сенi кафедра меңгерушiсi шақырады» дедi. Сөйтсем, Ғылым академиясынан ҒА мүше-корреспондентi Қасымханов Ағын Қайроллаұлы келген екен. Оның Алданның жақсы досы екенiн кейiн бiлiп жатырмын. Хош, сонымен, кафедраға келсем, төрде Ағын Қайроллаұлы мен кафедра меңгерушiсi Бәтiш Рахымқызы отыр, «Не үшiн шақырдыңыздар?» десем, «Әпкеңiз Күләшқа айтатын сәлемiм бар едi» дейдi. Менiң әпкем оның қарамағында iстейтiн. Сәлемiн тыңдап алдым да, «жарайды» деп шығып бара жатыр едiм, бұрыла бере әлдекiмнiң маған тесiле қарап тұрғанын сездiм. Мойнымды оңға бұрып қарап едiм, терiмшiнiң жанында арықша келген, ашаң жүздi, алтын сары киiмдi кiсi қап-қара екi көзi от болып жанып маған қарап отыр екен. Iшiм алай-дүйлей болып кеттi. Бiрақ сыр берместен, бұрылып алдым да, шығып кеттiм.

Сабақтан кейiн сыпайылықты жиып қойып, Бәтiш Рахымқызынан сұраймын ғой: «Манағы кiсi кiм едi?» деп. «Оу, Тамара сен бiлмейтiн бе едiң, ол «халықтық күйеу» Алдан Әйiмбетов қой» дедi.

– Неге «халықтық күйеу» дейдi?

– Өйткенi Алдан содан төрт жыл бұрын бiрiншi әйелiмен ажырасып, «бойдақ» болып жүрген кезi екен. Таныстарының бәрi оған жар iздеп, жан-жақтан қыз-келiншектермен таныстырып, әуреге түсiп жүрген кездерi болса керек. Сол кезде ғой оған «народный жених» деп айдар таққандары. Алдан ол кезде ҚазГУ-дың доцентi.

— Сiздер танысқанда ол кiсi қаншада едi?

— Ол 46-да болатын.

— Сiз ше?

– Мен 31-ге толғанмын. Сол күнi үйге ерекше қанаттанып қайттым. Әлдебiр жақсылықтың болатынын iшiм сезгендей. Үйге кiргенiм сол, әпкем телефон соғып: «Осылай да, осылай, сенi, менi, жездең – үшеумiздi Алдан Әйiмбетов жексенбi күнi кешкi серуенге шақырады» дейдi. Сонымен, 7 мамыр күнi бiз Николаев маңындағы көлдерге серуенге шықтық. Таныстығымыз сол күннен басталды.

– Сонда ол кiсi сiзбен таныспай тұрып кездесуге шақырған ғой?

– Шын мәнiнде, Алдан сол күнi консерваторияға менiмен танысу үшiн арнайы келген екен. Ал кафедра меңгерушiсi менi оған көрсету үшiн сылтаумен шақырған. Мұның бәрiн мен кейiн бiлiп жатырмын ғой.

– Қазақта «қыз көрсету» деген салт бар, соның ырымын жасаған ғой…

– Иә. Алдан өзiнiң досына Ғылым академиясына барғанда менiң әпкем Күләшпен жақсы пiкiрлесiп, сұхбаттасып жүредi. Бiр күнi қалжыңдап отырып, «Қап, Күләш, сенi ертерек жолықтырғанда ғой, саған үйленетiн едiм» дейдi. Сонда Күләш та қарап тұрмай, «Оған несiне өкiнесiң, менiң Тамара деген тұрмысқа шықпаған сiңлiм бар, ол да доцент, саған әбден лайық» дейдi. Сөзден сөз шығып, олар менi Алданға көрсетудi ұйғарады. Оның көргенi жаңағыдай. Бiр қарағаннан ұнатқан сияқты. Ал мен болсам оны көре сала, оған ғашық болдым десем, өтiрiк айтпаймын.

Бiрақ бiз бiрнеше жыл жай кездесiп қана жүрдiк. «Аузы күйген үрлеп iшедi» демекшi, алдында екi жылға созылған ажырасу процесi оны әбден iштей титықтатқан көрiнедi. Содан болу керек, ол екiншi рет үйленуге бел шеше алмай бiраз уақыт толғанып жүрдi. Оның үстiне, қолында кәрi шешесi бар, бiрiншi әйелiнен қалған үш қыздың жағдайына алаңдайды. Маған дейiн ол бiраз қыз-келiншектермен кездесiп жүрген болуы керек. Бiрақ осындай ауыртпашылығы бар адамға күйеуге шығу үшiн оған шын мәнiнде мен сияқты ғашық болу керек едi деп ойлаймын.

– Үйленгенде той жасадыңыздар ма?

– Тек 1983 жылы, таныстығымызға бес жыл толғанда тойымыз болды.

– Үлкен той болды ма?

– Кiшiгiрiм ғана. Тек отбасымыз, жақын-жуық адамдар болды.

– Мұны сұрап отырған себебiм – Алдан аға өте қарапайым кiсi сияқты көрiнетiн…

– Өте қарапайым болатын. Дастарханы асып-төгiлген жиын-тойларды тiптi ұнатпайтын. Туған-туыстар жиналғанда, дастархан басында он бес-жиырма минут қана отыратын, одан әрiге шыдамы жетпейдi. Одан кейiн жатын бөлмеге барып, кiтап оқып, газет қарап отыратын. Оның бұл әдетiне жақын-жұрағаттың бәрiнiң етi үйренген. Десе де, бұл әдетiне қарап оны мiнезi тұйық адам дей алмайсың. Рухы жақын адамдардың ортасында ол керемет ашылып сөйлейтiн. Асқан ақылдылығы да, ғажап күлкiсi де сонда көрiнушi едi. Кейде көңiлдi болғанда ән де салушы едi. Француздың шансондары секiлдi әдемi дауысы болатын. Аккордеонда ойнайтын. Талантты адамдар бар жағынан талантты дейдi ғой, Алдан не нәрсенi қолға алса да, шебер орындайтын. Қолынан келмейтiнi жоқ. Тiптi «құрал-сайманым болса, мен саған жиһазды өз қолымнан жасап берер едiм» дейтiн. Мен: «Онымен қашан айналысасың, уақытың жоқ қой» деймiн. Ол болса «Жұмыстан бос уақытта iстеймiн» деушi едi.

«ЛЕНИН ЖӘНЕ КРУПСКАЯ»

– Бiз өте жұпыны өмiр сүрдiк. Маған үйленгенге дейiн тiптi көлiкпен адам тасып күн көрген кезi болыпты. Кейде Қазақ энциклопедиясына суреттерге ретуш жасайтын. Әйтеуiр, өзiнiң айтуында қаржы тапшылығынан әбден қиындық көрген. Сол әдет қалмаған болуы керек, өзiне келгенде әсiре үнемшiл болатын. Мен де затқа, байлыққа аса құмар жан емеспiн. Үйге келгендер «Сендер құдды Ленин мен Крупская секiлдi өмiр сүресiңдер ғой» дейтiн таң қалып. Алданның қарапайым өмiр сүруiне табиғи мiнезiне қоса бiр жағынан қалтасының таяздығы себепшi болды ғой деп ойлаймын. Табысының тең жартысын алиментке берiп келдi. Қолындағы кәрi шешесi еш жерде жұмыс iстемегендiктен, зейнетақы да алмайтын. Кейiн мен жүгiрiп жүрiп, зейнетақы рәсiмдеп бердiм. Өмiрiнiң соңғы үш-төрт жылында әжемiз әлеуметтiк жәрдемақы алып тұрды.

– Ол кiсi бөлек тұрушы ма едi?

– Бiздiң қолымызда тұрды. Он жылдай тұрып, Алдан екеумiздiң көз алдымызда өмiрден өттi. Мен кейде қалжыңдап айтушы едiм: «Менi Алдан ғана емес, Тоты апа да таңдаған ғой» деп. Бұл сөз жартылай әзiл, жартылай шын. Әжемiздiң шын аты – Тотыман. Алдан маған дейiн бiрталай қыз-келiншектердi үйге әкелiп таныстырған көрiнедi, бiрақ ол кiсi ешкiмдi жаратпаған.

– Бiрақ Алдан ағаны сараң дей алмайсыз…

– Жо-жоқ. Сырт көзге ол жомарт адам емес сияқты көрiнуi мүмкiн едi. Әрине, француздық мәрттiк бар дей алмайсың, қанша дегенмен оңтүстiктiң қазағы емес пе? Әйел ретiнде маған сый-құрмет көрсеткенiн мен iштей қалаған шығармын, бiрақ талап еткен жоқпын. Өйткенi, мен үшiн бiздiң рухани жақындығымыз бәрiнен артық болды. Есесiне, ол өзi қиналып жүрсе де, көмекке зәру адамдарға ойланбастан қол созатын. Аты-жөнiн ұмытып отырмын, Алдан қайтыс болғанда бiр әйел келiп одан көрген жақсылығын айтып, рахметiн жаудырып жатыр. Алдан өзi қайтыс болардан екi жыл бұрын газеттен әлгi әйелдiң баласының ауруханада жатқанын, оған әкесiнiң бүйрегiн салу үшiн ақша керектiгi жайлы оқыған. Сөйтсе, баласы анасына: «Сен ол ақшаны тапқаннан гөрi менiң өле салғаным оңай болатын шығар» деген екен. Алдан маған келiп ақылдасты. Сонымен, газеттiң тiлшiсi арқылы әлгi әйелдi таптырдық, оған 300 әлде 400 долларды Алдан өз қолымен бердi. Сонда Алдан өз фамилиясын да айтпаған, тек «Алдан аға және Тамара Мұхамедиярқызынан» деген екен. Әлгi әйел бiраз уақытқа дейiн кiмнiң ақша бергенiн де бiлмеген. Кейiн естiп-бiлiп, Алдан қайтыс болған соң маған қайта-қайта телефон соғып жүрдi.

– «Аузындағысын жырып бердi» деп Алдан ағаны айтуға болады ғой.

– Иә. Шама-шарқынша туыстарына көмектесiп тұрды. Туған бауырлары жоқ, бес баладан жалғыз қалған. Жиендер, немере iнiлерi бар. Туыстары қарапайым адамдар. Алданның өзi айтушы едi: «Мен қиналғанда, олардың маған көмектесуге шамалары келмедi, ендi мүмкiндiгiм болып тұрғанда, мен көмектесуiм керек».

– Алдан ағаның Назарбаевпен кездескенi есiңiзде ме?

– 1994 жылдың желтоқсанында кездескен болатын. Қызмет те, ақша да сұрамаған. Бар айтқаны, «көлiк жағынан қиналып жүрмiн» деген. Сонда Министрлер кабинетiнiң гаражынан ескiлеу «Волга» бергiзген. Кейiн «базардың бастығының қызметiн сұрамадың ба» деп күлiп жүрдiк. Қалжың ғой. Шын мәнiнде, Президентпен сөйлесiп шыққаннан кейiн ол бай адам болып шыға келуi мүмкiн едi.

БIЗДIҢ ӨМIРIМIЗДIҢ МАҒЫНАСЫ – «КАЗАХСКАЯ ПРАВДА» ДЕП БIЛЕТIН

– Әйелiнiң күйеуiне көмектесуi заңды деп ойлаймын. Мен Алдан үшiн көп нәрседен қалыс қалдым. Бiр ғана мысал, докторлық диссертацияны қорғап алуға болар едi. Бiрақ мен Алданның диссертация жазғанын қаладым. Үйленгенде, екеумiз де – доцентпiз. Бiраз адамдар менiң шығармашылық қабiлетiмдi жоғары бағалайтын. Екi-үш рет докторлық диссертациямды бекiтiп, ендi тек оны жазып, қорғау қалған болатын. Бiрақ осы кезде бiз үйлендiк те, бiр-екi жылдан соң Алдан докторлық жаза бастады. Ол докторлықты отыздан асқанда жазуы керек болатын. Бiрақ ол кезде отбасылық өмiрi мойын бұрғызбаған. Кейбiр адамдар «докторлықты сен жазып бердiң ғой» деп жүрдi. Олай емес, әрине. Мен кей тұсын редакциялап, тiгiсiн жатқызып көмектескен болып жүрдiм. Соның өзiнде ол «тым болмаса бiр тарауын жазып берсеңшi» дейтiн. Оған менiң мүмкiндiгiм қайда? Қолымда кәрi енем бар, негiзi жұмысым – консерваторияда. Оның үстiне, кез келген әйелдiң үй шаруасындағы iстерi бастан асып жатады емес пе? Сондықтан мен үшiн тым құрыса Алданның қорғап алғаны өте маңызы болды. Бағымызға орай, Свердлов қаласында Алдан өте жақсы қорғап шықты.

Оның бойында Құдай берген таланты болды, бiрақ оның бәрi маған үйленгеннен кейiн ғана жарқырап көрiндi ғой. Сондықтан Алдан екеумiздiң өмiрiмiз мазмұнды болды деп ойлаймын. Мен ол үшiн өзiн көтермелегеннен гөрi күйеуiнiң көлеңкесiнде қалғанды тәуiр көретiн әйел болдым.

Кейiн «Казахская правда» газетiн ашқаннан кейiн әрi газет шығару, әрi сабақ берудi қатар алып жүруге қиналатын болды. Сонда мединститутта Алданның орнына мен дәрiс оқыған кездерiм болды. 2003 жылы маған консерваторияда оқу iсi бойынша бiрiншi проректордың жұмысын ұсынды. Бiрақ күйеуiмнiң өтiнiшi бойынша бас тартуға мәжбүр болдым.

– Алдан ағаның мұнысы өзiмшiлдiкке көбiрек ұқсайды екен.

– Кейбiр адамдар Алданның мұнысын эгоизм деп те қабылдады. Бiрақ Алданның өзi бiздiң өмiрiмiздiң ендiгi мағынасы – «Казахская правда» деп бiлетiн. Ол тiптi маған талай рет «Консерваториядағы жұмысыңды тастап, бiржола газет iсiне көш» деген болатын. Оның үстiне, соңғы жылдары өзiнiң денсаулығы да нашарлап кеттi ғой.

– Қандай аурумен ауырды?

– Ауруы өте көп болатын. Қазiр үйдегi қағаздарды ақтарып отырсам, әр түрлi медициналық анықтама, түрлi рентген қағаздары – толып жатыр. Сiздер кездескенде құлағы ауырлау еститiн едi ғой? Шын мәнiнде, оның бiр құлағы мүлде естiмейтiн, себебi 39 жасында оң құлағына жасалған операцияда құлағының iшiн бәрiн алып тастаған. 1991 жылдан бастап сол құлағына аппарат iлiп жүретiн. Сондықтан оның барлық жұмыстары мен арқылы бiтiп жатты, тiптi телефонмен мен арқылы сөйлесетiн. 2000 жылы көзiне операция жасалып, 2-топтағы мүгедек болып қалды. 50 жыл темекi тартқан, өкпеден өкпе қалмаған.

– Есiмде, бiр-екi сағат сөйлестiк, сонда шамасы бес-алты тал темекi тартты ғой деймiн…

– Темекiнi қай күнi тастағанын айтайын, 2004 жылдың 23 сәуiрiнде тiптi тұншыға бастаған соң тастады. Ерiк-жiгерiнiң мықтылығы сол, бiр-ақ сәтте тастады да кеттi. 37 жасында соңғы рет арақ iшкеннен кейiн мүлде татып алмайтын болған, сол әдетiн өле-өлгенше сақтады. Бiрақ соншама ауруға бой алдырмай, өмiрiнiң соңғы күндерiне дейiн көлiктен түскен жоқ, өзi айдады. Өлерiнен аз уақыт бұрын жеңiл көлiкпен Түркiстанға бардық. Алматыға сол жолы ауырып қайтты. Ауырып жүрiп, газеттiң соңғы санын шығарды. Одан кейiн үйге дәрiгерлер шақырып, ем-дом жасай бастадық. Алдан аурухананы суқаны сүймейтiн. Егер бiрден ауруханаға жатса, басқаша болар ма едi. Әйтеуiр, бiраз дәрiгерге көрiнгеннен кейiн барып, тiк iшекке операция жасалды. Операциядан кейiн үш күннен кейiн қайтыс болды.

– Қоштасып үлгердiңiз бе?

– Мен оны қайтыс болады деп ойлаған жоқпын ғой. Мысалы, Тоты апаның өзi 95 жыл жасады. Бiрақ сол жылы жанында жүрген жiгiттер бар, тағы бiраз адамдар «Алдекең әрең жүрген сияқты» десетiн. Өзi де өлiм туралы ойланып жүрдi ғой деймiн, соңғы жетi-сегiз жылында ұйықтар алдында Құран оқып жататын. Дiни әдебиеттi көп оқитын болды.

– Дiншiл болды ма?

– Жалпы жұртқа тән түсiнiкте дiншiл болмаса да, дiни сенiмi болды. «Менiң тағдырым бала кезiмде-ақ белгiленiп қойған» дегендi жиi айтатын. Жас кезiнде бiр молдамен сөйлескен көрiнедi, сонда ол молда «Сенiң жолың – бөлек жол, сен оны жаман нәрселермен ластамауың керек» деген екен. Өмiрiнде бiздiң санамызға сыймайтын түсiнiксiз жайттар көп болған. Бала күнiнде, 12 жастағы кезi болса керек, Түркiстанның шет жағындағы адам жүрмейтiн елеусiздеу жолдардың бiрiмен ойнап келе жатқанда, қарсы алдынан аппақ киiм киген, өңi боп-боз әйел шығады. Алдан бала жүрегi атқақтап, ойнаған боп жерге еңкейiп, қолына тас алады. Өзiнше қорғанбақ болған ғой. Әлгi әйел үн-түнсiз мұның жанынан өтiп кеткенше, жүрегi аузынан шығып кете жаздайды. Кейiн оны молдаға айтқанда, «Сенi перiштелерiң аман сақтап қалған ғой» дептi. Жаңағы жерде бұрын зират болған екен.

«МЫ С ТАМАРОЙ ГАЗЕТУ ВЫПУСКАЕМ ПАРОЙ»

– Алдан ағаның газет шығару идеясын сiз әу баста қалай қабылдадыңыз?

– Күйеуiмнiң кез келген идеясын мен қуанышпен қабылдайтынмын.

– Бiрақ қолда капитал жоқ, ал газет шығару үшiн ең әуелi ақша керек екенi белгiлi…

– Оған дейiн Алдан бiраз газеттерде мақалалар бастырып жүрдi. Ал «Казахстанская правда» газетi «Ладтықтарға» қарсы мақаласын жарияламай қойғаннан кейiн, намыстанып, «мен өзiм газет шығарамын» деп, есiктi тарс жауып кетiп қалған ғой. Ол сөзiмен ғана емес, iсiмен де патриот болатын. Бұл 1992 жылы күзiнде болған оқиға. Әрине, алғашқы кезде ашумен айтылған сөз болса да, сол ашудың екпiнiмен Баспасөз министрлiгiнен бiр-ақ шыққан. Сейдахмет Құттықадам газеттi бiр-екi күнде тiркеп бердi. Маған келдi де, «Мен газеттi тiркеттiм, ендi не iстеймiз» дедi.

– Яғни, «болары болып, бояуы сiңген» соң айтып тұр ғой.

– Иә. Сол кезде «Азаттықтарға» барып, көмек сұрадық. Ақша жинап, газеттiң бiрiншi саны шықты. Кейiн 2003 жылы «Казахская правданың» онжылдығы болғанда, Алдан туралы жақсы хабар өттi. Арасында Алдан сұхбат берiптi. Сонда Алдан бiр сөзiнде «газет шығару үшiн алғашқы сәтте Тамарадан алтын бiлезiк, жүзiктерiн сұрадым, ол бермеген соң шешемнен сұрадым, ол бердi» деген сыңайдағы әңгiме айтып отыр! Үйге келген соң, мен ренжiп: «Алдан, неге олай дейсiң?» деп сұрадым. Менде ондай қымбат бағалы алтын бұйымдар болған да емес. Сөйтсем, Алдан қолын бiр сiлтеп, күлiп отыр: «Қайтесiң, ол журналистiк әдiстердiң бiрi ғой» дейдi.

Газет шығару iсiн бастағанда, макет жасаудың жөнiн де бiлмейтiн. Таныс журналистерден кiтаптар алып, кеш болса оқып отыратын. Компьютердiң өзiн 60-тан асқанда үйрендi. Алғашқы кезде машинкада тердi. Мен қатесiн түзеп беретiнмiн. Мен «Казахская правданың» бейресми корректоры болдым ғой.

– Ал газетке материал дайындаған кезiңiз болды ма?

– Арасында кей материалдарды дайындап, кейбiрiн редакциялап беретiнмiн. Бiрақ түбегейлi газетпен айналысуға менiң өз жұмысым мүмкiндiк бермедi. Оның үстiне, менiң еңбегiм газет бетiнде көрiнбейтiн. Газеттiң бiрiншi бетiнде «авторы көрсетiлмеген материалдардың бәрi редактордың қолынан шыққан» деген ескертпе тұрушы едi ғой. Бiр-ақ рет Алдан менiң 55-ке толған туған күнiме қарсы газет бетiнде суретiме қоса бiр шумақ өлең жариялады: «Мы с Тамарой газету выпускаем парой, Тамара моя жена, и этим все сказано, Долго-долго еще Тамара, тебе корректировать «КП». Оның газетке қосқан менiң де үлесiм бар екендiгiн ресми түрде мойындағаны сол жолы ғана.

– «Казахская правда» Алдан Әйiмбетовтiң жеке меншiгiнде едi ғой. Ешкiмге тапсырып үлгере алмады ма?

– Мәселе сонда. Газет заңды түрде ешкiмге мұрагерлiкке қалдырылмаған.

– Алдан аға қайтыс болғаннан кейiн газет қайтадан шыға бастады деп естiп едiк…

– Мен уақытша газет редакторы болып, Ермек Нарымбаев екеумiз төрт санын шығардық. Бiрақ Алданның қыздары iшкi саясат бөлiмiне наразылық хат жазғаннан кейiн, ол хатты әкiмшiлiк сотқа берген. Алданның жетпiс беске толған күнiн атап өтiп, ертеңiне сотқа бардым. Газеттi қайта тiркеуден өтпегенi үшiн жауып, айыппұл төлеттi. Ендi газет кiмнiң иелiгiне өту керек деген мәселе шешiлмей тұр.

… Алдан жақсы әке болды. Тiптi шамадан тыс жақсы болуға тырысатын, өйткенi қыздарының әке мейiрiмiнен алшақ қалғаны жанына қатты бататын. Өкiнiшке қарай, қыздары әкесiне салқын болып өстi. Тiптi, кенже қызы Алдан мектепке жолығуға барғанда, әкесiнен қашып кететiн. Кенже қызы мектептiң оныншы сыныбын оқып жүргенде бiздiң қолымызда көп тұрды. Ортаншы қызы тiптi әкесiнен қайда жұмыс iстейтiнiн де жасырған.

Бiзде бала болмады. Бiр бала көтердiм, бұйырмады. Сондағы Алданның қайғырғанын көрсеңiз! Достары соңғы жылдары жұбататын болды: «Өте талантты адамдардың бәрiнiң тек қыздары бар» десетiн.

… Ортақ қайғы Алданның қыздарымен арамызды жақсартпады, басымызды бiрiктiрмедi. Тек үлкен қызы Алима әкесiнiң жаназасына келгенде, менiмен көрiсiп тұрып, кешiрiм сұрады. «Тамара, бiз қателесiппiз, сен әкеме жақсы жар болдың» дедi. Осы сөздi сол жерде тұрған менiң апа-сiңлiлерiме де айтты. Ал ортаншы және кiшi қыздары Зиада мен Шынар қазiр менiмен «Казахская правда» үшiн соттасып жатыр.

P.S. Бет қатталып жатқанда Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының шешiмi белгiлi болды: сот Алдан Әйiмбетовтың қыздары Алима мен Азиаданың шағымы бойынша iстi олардың пайдасына шешiптi. Яғни, Әйiмбетовтiң мұрасы (ең әуелi «Казахская правда») онымен 23 жыл отасқан Тамара Сатыбалдинаға емес, бiрiншi әйелiнен туған қыздарына бұйырады деген сөз. Соттың мұндай шешiм қабылдауына Алдан аға мен Тамара Мұхамедиярқызының некелерi кезiнде заңдастырылмауы да себеп болса керек. Ендi Тамара Мұхамедиярқызы өзiнiң Алдан Әйiмбетовтiң мүлкiнiң тең жартысына мұрагерлiк құқығы бар екенiн сот арқылы дәлелдеуi керек.

«Казахская правда» марқұм Алдан Әйiмбетовтiң өз сөзiмен айтқанда «тiлi бөлек, ұлты бiр» қандастарды бауырға тарту үшiн, өзгетiлдi ортада қазақ мүддесiн қорғау үшiн шырылдап отқа да, суға да түскен басылым едi. Бiр Алдан Әйiмбетовтiң емес, ұлттың газетi едi. Ендi оның да басына күн туып, тағдырына ыдыс-аяқтың сылдыры араласқаны өкiнiштi-ақ.

Әңгiмелескен Гүлбиғаш ОМАРОВА