Жаңалықтар

БАС МҮФТИДIҢ ҮНДIСТАН САПАРЫ

ашық дереккөзі

БАС МҮФТИДIҢ ҮНДIСТАН САПАРЫ

Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi Үндiстанның Лакнау қаласы Имам Ахмад бин Ирфан аш-Шаһид атындағы Ислам университетiнiң ректоры, профессор Салман әл-Хусейни ән-Надуи мырзаның шақыруымен халықаралық симпозиумға қатысу үшiн Делиге келдi. Индира Ганди атындағы әуежайда оны Индиядағы ҚР елшiлiгiнiң жауапты қызметкерлерi күтiп алды.

Қазақстанның Үндiстандағы Төтенше және Өкiлеттi елшiсi Қайрат Омаров Дiнбасы құрметiне қонақасы бердi. Кездесу барысында елшi мырза Әбсаттар қажы Дербiсәлiнi Үндiстандағы дiни ахуал, дiн мен мемлекет, Үндiстанның ұлттар мен ұлыстар аралық қарым-қатынасы жайымен таныстырды.

Өз кезегiнде Дiнбасы Қазақстанда 2006 жылы қыркүйекте өткен әлемдiк дiндер лидерлерiнiң II съезi және Дiни басқарманың қызметi мен атқарып жатқан игi iстерiнен хабардар еттi. Жақында жарық көрген «Ислам –ата дiнiмiз» атты деректi фильмдi сыйлады.

Дiнбасы ҚР елшiлiгi ұйымдастырған мәдени бағдарламаға орай Үндiстанның тарихи жәдiгерлiктерiмен танысу үшiн Делиден 200 шақырым жердегi Агра қаласына жолға шықты. Онда атақты Мұхаммед Заһир ад-Дин Бабырдың (1483-1530) шөпшегi Шаһ Жаһан (1592-1666) салдырған әлемнiң жетi кереметiнiң бiрi Тәж Махал кесенесi мен Синандрадағы Шаһ Жаһанның атасы Акбар шаһ (1542-1605) iргетасын қалаған «Қызыл қамалды», сондай-ақ басқа да тарихи орындарды тамашалап, олардың сәулетi және тарихымен танысты.

Дiнбасы Делидегi ХII-ХIП ғ. iргетасы қаланған «Кутб Минар» дiни кешенiнде болып, оның тарихы және сәулетiмен жан-жақты танысып, аталмыш жерде имам болған, түркiстандық имам Шейх Замин (?-1539) кесенесiне зиярат жасап, баба рухына арнап дүға бағыштады. Сондағы тарихи мешiтте жұма намазын ада еткеннен кейiн, Дiнбасы симпозиумға қатысу үшiн Үндiстанның Уттар Прадеш штатының орталығы Лакнау қаласына аттанды. Лакнау әуежайында оны имам Ахмад бин Ирфан аш-Шаһид университетiнiң жауапты қызметкерлерi күтiп алды.

Дiнбасы Лакнау маңы Малихабад қалашығындағы Имам Ахмад бин Ирфан аш-Шаһид университетiне келдi. Аталмыш ғылыми жиынға Сирия, Кувейт, Сауд Арабиясы, Пәкiстан, Түркия, Ұлыбритания, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi секiлдi басқа да көптеген мемлекеттерден ғалымдар мен дiн қызметкерлерi қатысты. Қасиеттi Құран Кәрiм оқылған соң салтанатты ашылу рәсiмi өттi. Сонан соң университет ректоры шейх Салман ән-Нәдуи жамағатқа халықаралық симпозиумға келген қонақтарды таныстырды. Қазақстан Дiнбасы құттықтау сөз сөйлеп Орта Азияның ислам дiнiн қабылдап қана қоймай, асыл дiнiмiз бен өркениетiне үлкен үлес қосып, дүниеге әл-Фараби, Тарази, Ибн Сина, Бухари, Тирмизи секiлдi әлемге әйгiлi атақты ғалымдарды бергендiгi жайлы айтты. 1972 жылы Оңтүстiк Қазақстандағы Шаян ауданынан осы Лакнауда басылған кiтаптың табылғанын айта келе, Қазақстанның Индиямен дiни-рухани, мәдени байланысына тоқталды. Сондай-ақ Бас мүфти мемлекетiмiз егемендiк алған 15 жыл iшiнде 1800-ден аса мешiттер салынғаны, «Нұр-Мүбәрәк» Египет Ислам мәдениетi университетi ашылып, жұмыс iстеп жатқаны және ҚР имамдарының бiлiмiн жетiлдiру Ислам инситутына тоқталды.

Конференцияда Ислами дiни бiлiм, жоғары және орта оқу орындарындағы оқылатын дiни пәндердiң мазмұны мен сапасы, олардың заман талабына сай болуы, ғылыммен байланысы, дiн мамандарының бiлiм сапасы, бiлiктiлiгiн арттыру, араб тiлiн оқыту, дiни насихат, дiни басылымдар және т.б. мәселелер сөз болды.

Симпозиумның екiншi күнi Бас мүфти ғылыми жиынды басқарумен қатар «Ислам дiнi және Қазақстан» атты баяндама жасады. Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының тапсырысымен «Қазақфильм» түсiрген «Ислам – ата дiнiмiз» атты деректi фильм көрсетiлдi. Түс қайта Дiнбасы Ганга жағасындағы ХVI ғасырда Үндiстанда Моғолдар империясының негiзiн қалап, ұрпақтары осы елдi 3 ғасыр билеген Мұхаммед Заһир ад-Дин Бабырдың баласы Һұмаюн (1508-1556) мен қазақтың тұңғыш тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулатидiң (1499-1551) Үндiстан билiгiне таласушы ауғандық Шершаһпен (1472-1545) соғысқан жерiн көрдi. һұмаюн мен Дулати жолай аялдаған Каннауж қаласына атбасын бұрды.

Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi симпозиумның соңғы күнiн қорытынды сөз сөйлеп, симпозиумның мән-маңызы, тағлымы туралы сөз етiп, жиынға үлкен баға бердi. Аталмыш шараға шақырғандығы үшiн шейх Салман ән-Нәдуи мырзаға Қазақстан мұсылмандары атынан рахмет айтып, Алла? ризалығы үшiн атқарып жатқан қызметiне абырой тiледi.

Сол күнi кешке Дiнбасы Делиге қайтып оралды.

Бас мүфти Делидегi һұмаюн кесенесi мен «Қызыл қамал» атты Акбар шаһ сарайына зиярат жасап, түскi намазды Делидiң орталық «Джами мешiтiнде» оқыды. Осы мешiтте Бабырдың әмiрiмен күнi бүгiнге дейiн бас имам болып келе жатқан Бұхарилық имамдар тарихымен танысты. Мешiт қызметкерлерiмен аталмыш мешiт қызметi жайлы әңгiмелестi. Сондай-ақ, Делидiң «Жамия миллия әл-Исламия» университетiнде болды. Әбсаттар қажыны аталмыш оқу орнының басшылығы күтiп алып, университет жұмысымен таныстырды.

Дiнбасы Делидегi өзге де тарихи жерлердi аралаған соң, елшi Қайрат Омаров елшiлiкте оның құрметiне қабылдау өткiздi.

Сол күнi кешкiсiн Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi Алматыға ұшып кеттi.

Оңғар қажы ӨМIРБЕК, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы