МӘМБЕТ ҚОЙГЕЛДИЕВ: РЕПРЕССИЯ ҚҰРБАНЫ – «ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ»

МӘМБЕТ ҚОЙГЕЛДИЕВ: РЕПРЕССИЯ ҚҰРБАНЫ – «ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ»

МӘМБЕТ ҚОЙГЕЛДИЕВ: РЕПРЕССИЯ ҚҰРБАНЫ – «ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ»
ашық дереккөзі

Cоңы. Басы өткен санда

– Мәке, әйтсе де кеңестiк реформалардың бәрi бiрдей сәтсiздiкке ұшырады десек, тарихи шындықтан алшақ кетерiмiз хақ. Қалай айтсақ та, қызыл коммунистердiң халықты жоспарлы экономикаға жұмылдырып, шаруашылықтың кейбiр салаларын дамытқаны да рас. – Жоспарлы шаруашылық жүйесiн қалыптастыра отырып, экономикалық жаңғыруға қол жеткiзгенi тарихи шындық. Қазақстанда бұрын мүлдем болмаған өндiрiс салаларының (транспорт, тамақ және жеңiл өнеркәсiп т.б.с.с.), бiлiм және мәдениет жүйелерiнiң өркен жайғандығын, әрине, жоққа шығаруға болмайды. Сонымен бiрге, мәселенiң басқа да қырларына көз жұмуға болмас. Қазақстанның одақтық бiртұтас экономикалық комплексте шикiзат көзiне айналғандығын, мәдениеттiң ұлттық негiздерiнiң суала, әлсiрей бастағандығын, ең негiзгiсi мемлекеттiк идеясының алыстай түскендiгiн кiм жоққа шығара алады? Бұл тұрғыдан алғанда кеңестiк билiктiң дәрiптеуге тұрарлық ештемесi жоқ! Жаңағы аталған «жетiстiктердiң» қаншама гуманитарлық апат, шығындар арқылы келгендiгiн қалай ұмытуға болады? – Большевиктер партиясы өз сәтсiздiктерiне өздерi сын көзбен қарап, себептерiн қалай анықтады? Жалпы олар жiберген сол қателiктерiн түзетуде қандай шаралар қолданды? – Олар өздерiнiң сәтсiздiктерi мен қателiктерiн мойындаған жоқ. Бәрiн де iшкi оппозицияға және сыртқы жауларына аударып, сүттен ақ, судан таза болып көрiнуге тырысты. Сол кезеңде, яғни 20-30 жылдары Қазақстанда кеңестiк билiк үшiн негiзгi оппозиция Алаш зиялылары едi. Солардан кейiн төс қалталарында коммунистiк қызыл билеттерi бар. Тұрар Рысқұлов пен Смағұл Сәдуақасов секiлдi билiк буындарында жүрген жас саяси элита. Бұлар коммунистер қатарында саналғанымен, бүкiл жан-тәнiмен ұлттық ұстанымда болды. Кеңестiк билiк қоғамдық даму барысында жiберген өрескел кемшiлiктерiнiң себебi мен салдарын, өздерiнiң орашолақ теориялық қателiктерi мен бағдарламаларынан iздеген жоқ. Ондай iзгiлiк жолымен шешуге құлықтары да болмады. Керiсiнше, көпе-көрiнеу сол кемшiлiктерге ұлттық интеллигенцияның бiрiншi, екiншi буындары кiнәлi деп тапты. Аңғал, аңқау халыққа жандарын жолдап: «Бiзде кiнә жоқ. Бiз бәрiн дұрыс жоспарлағанбыз. Ал соларды жүзеге асыруға кедергi жасап жатқан мынау ұлтшылдар, алашордашылар», – деп бағытты солай қарай әдейi бұрып, жәдiгөйлiк танытты. Солай репрессия саясатына жол ашты. Репрессияның бiр себебi осы. Бiрақ мұны жалғыз себебi екен деп қарауға болмайды. Мен осы Қазақстан тарихымен, әсiресе ұлттық элита саясатының тарихымен айналысатын маман ретiнде репрессияның тағы бiр себебiн айтар едiм. ХIХ-ХХ ғасырда Ресейдiң империялық саясаты Қазақстанда үстемдiк еттi. Ал оның қалай жүргiзiлгенiн жоғарыда айттық. Қарсылықтарды аямай басып-жаншумен болды. Соның өзiнде оның тағы бiр жымысқы ерекшелiгi бар. Елдiң тыныс-тiршiлiгiне мысықтабандап енiдi. Бұл көбiне қара халыққа қолданылатын ең қолайлы тәсiл. Басты мақсаты – бейбiт түрде идеологиялық және мәдени жолдармен неғұрлым тереңдеп енiп, ұлттың тамырларын жегi құрттай кесiп түсу. Қаныңды шығармай, жаныңды ауыртпай дегенiне көндiру деп соны айтады. – Оны неден көремiз? – Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Кеңес өкiметi қол астындағы республикаларда әлiппе ауыстыру саясатын жүргiздi. Мұндай жағдай Қазақстанда да өрiс алды. Қолданыстағы араб жазу әлiппесiн әуелi латын жазу үлгiсiне, содан кейiн бiр әлiппе үлгiсiн қолдансақ бәрiмiзге де тиiмдi болады деген сылтаумен орыстың кириллицасына көшiрдi. Олар ұлттық санаға, қоғамның рухани дүниесiне осылай ендi. Ұлттық негiздердiң әлсiреуi осыдан басталды. – Репрессияның ең қауiптi тәсiлi де осы болды ғой. – Кез келген империялық саясаттың көздеген мақсаты бiреу. Өз билiгiн мәңгiлiкке баянды ету. Бұл үшiн оларға мемлекеттiк билiктiң құрылымдарын өзгертiп, өз үстемдiгiн жүргiзудi жалғастыру аз. Экономикалық үстемдiк те өткiншi нәрсе. Түпкiлiктi билеудiң ең тиiмдi жолы тәуелдi ұлттың рухани, дүниетаным болмысын өзгерту. Басқаша айтқанда, ол да билеушi ұлт сияқты ойлап, жүрiп-тұруға тиiс. Сонда ғана империя өзiнiң дiттеген мақсатына жетедi. Жазу әлiппе үлгiсiн өзгерту сол мақсаттарына жеткiзетiн жолдардың бiрi әрi негiзгiсi. Ұлттан ұлттың айырмашылығы олардың тек сыртқы түрiнде, тiлiнде ғана емес, өмiрге көзқарасында, дүниетанымында да. Осы iшкi қасиеттерi бойында сақталған ұлт басқаларға кiрiптар болмайды. Кiрiптар болғанның өзiнде уақытша ғана. Түбiнде ол басқыншы үстем билiктен өзiнiң азаттығын, еркiндiгiн, теңдiгiн талап етерi хақ. – Мәке, империяның жазу әлiппе үлгiлерiн сатылап ендiртулерiнде де қитұрқы сұмдық жай бар екен. Газеттiң өткен санында профессор Мекемтас Мырзахметұлының «Қазақ қалай мәңгүрттендi?!» деп аталған көлемдi мақаласы жарық көрдi. Ол мақаласында осы мәселенiң бiр жақ қырынан толымды әрi құнды пiкiр қозғай келiп: «Қазақ жазу әлiппесiн өзгерту саясатының қатпарлы қабаттары да болған едi. Не себептi әуелi латын жазу таңбасын алудан бастадық? Мұндағы саясаттың бiр қыры – бiрден орыс жазу таңбасына өтер болса, орысқа қарсылықтың күшейiп кету қаупiнде жатты. Өйткенi, ол кезде орталық жүргiзiп отырған саясаттың астарын бiрден танып бiле қоятын зиялы қауымның қатары бұзылмаған едi», – деп түйiндейдi. Демек империялық күш қазақ жазу әлiппесiн бiрден орыс әлiппесiнiң таңбасына өзгертуге ұлт зиялыларынан сескенген ғой. Сондай-ақ халықты олардың ықпалынан айырмайынша,мәңгүрттендiре алмайтындарына да көздерi жеткен тәрiздi. – Жалпы бұл өте нәзiк мәселе. Кеңестiк билiкке дейiн қазақ тiлiндегi кiтаптар мен мерзiмдi басылым араб жазу әлiппесi негiзiнде жарық көрiп, таралды. Ал бұл салада үстемдiк сөзсiз алаштық яғни ұлт-азаттық ұстанымдағы зиялыларда болды. Халық осы топтың рухани ықпалында едi. Жаңа империялық күштер өз дегенiне жету үшiн алдарында кесе-көлденең тұрған алаш зиялыларын жойып, әлiппе үлгiсiн өзгерттi. Сонымен репрессияның басты екi себебi болды. Бiрiншiсi, кеңестiк билiктiң экономикалық реформалар сәтсiздiктерiн ұлттық оппозияцияға аудару. Екiншiсi, қалың бұхараның дүниетанымын өзгертiп, мәңгүрттендiруде кедергi болғандарды жолдан тайдыру. Кеңестiк билiктiң бұл екеуiнде де қатал жазалау нысанасында ұлт зиялылары тұрды. – Коммунистер ұрандатқан интернационализм саясатының халыққа қаншалықты ықпалы болды? –Кез келген iргелi принциптi қоғам өз еркiмен қабылдағанда ғана ол белгiлi бiр мәнге ие бола алады. Интернационализм ұстанымының орнығуына қажет алғышарттар кеңестiк билiкпен бiрге iлесе келдi деп айтуға негiз жоқ. Кеңестiк билiкке дейiн қазақ қоғамы ең аз дегенде бiр жарым ғасырға жуық мезгiл отарлық тәуелсiздiкте болды. Кемсiту мен әдiлетсiздiктiң дәмiн бiр емес, бiрнеше буын ұрпақ татып өстi. Соған байланысты қазақ қоғамында ұлтшыл, патриоттық көзқарастың үстем алуы толық табиғи құбылыс-тын. Бұған қосымша ешқандай да өлшемге келмейтiн ет және астық салығын көрген, жаппай даярлықсыз отырықшы тұрмысқа көшiрiлген, оның артын ала жаппай аштан қырылуды басынан өткiзген қазақтың интернационализм жөнiнде ойлануға да мұршасы болған жоқ-тын. – Кеңестiк билiктiң алғашқы жылдарында репрессия саясаты қалай жүрдi? – Кеңес өкiметi орнап, большевиктер билiк басына келген кезде Польша мен Финляндия мемлекеттiк тәуелсiздiктерiн талап еттi. Ленин бастаған билiк бұл елдердiң саяси тәуелсiздiгiн бiрден мойындады. Осы тұста көкейге мынандай сұрақ оралады. Польша мен Финляндияның еркiндiгiн мойындаған большевиктiк билiк неге Алашорда және Түркiстан автономияларын мойындамай күш қолданып таратты? Большевиктер бiр жайды жақсы түсiндi. Польша мен Финляндияның мәдениеттерi мешеу дамыған Ресейге қарағанда анағұрлым жоғары. Халықтарының ой-өресi биiк. Сондықтан оларды өз ықпалында ұстап тұру өте қиын. Әрбiрден соң олар Кеңес үкiметiне империялық билiгiн жүргiзуiне кедергi келтiруi де мүмкiн. Соны сезген большевиктiк билiк олардан тезiрек құтылуға өздерi мүдделi болды. Кеңестiк билiк Алашорда мемлекетiн мойындағысы келмедi. Мұстафа Шоқай басқарған Түркiстан автономиясын әскер күшiмен талқандады. Кеңестiк Түркiстан республикасы басшылығынан Тұрар Рысқұловты ығыстырды да, Мәскеуден өз өкiлдерiн жiбердi. Большевиктер Орта Азия халқына: «Сiздер кеңестiк негiздегi мемлекет бола аласыздар. Бiз соны ғана мойындаймыз», – деп түсiндiрдi. Олар Польша мен Финляндияға келгенде демократ, ал Орта Азия мен Қазақстанға келгенде диктатор болып шықты. Ұлттарды алалаудың, кемсiтудiң көкесi содан басталды. Ұлттарды тең ұстаймыз деген бос сөзi әрбiр iстерiнен көрiнiп-ақ тұрды. Ал Алаш зиялылары сол теңсiздiктi болдырмау үшiн күрестi. Кеңестiк билiк олардың сол қарсылықтарын кешiрмей, қатал жазалады. Репрессиялық шараларды ұйымдастырушы, бағыт-бағдар берушi Иосиф Сталин болды. Ол сол кезде ВКП(б)-нiң Ұлт iстерi жөнiндегi комиссар едi. Репрессия тақырыбына байланысты мынаны ескерген жөн. Әрине елiмiзде бұл саясаттың салдарының ең алдымен қазақ халқы үшiн өте ауыр болғаны рас. Бұл даусыз ақиқат. Сонымен бiрге саяси репрессия саясатының құрбаны жалпы республика тұрғындары болғандығын да бiлгенiмiз дұрыс. Мәселен, 1918 жылы жазда Ресей чекистерi құпия бұйрықты орындай отырып, Вернай қаласы (бүгiнгi Алматы) жанындағы Новодевичье әйелдер монастырындағы монах әйелдердi түгелдей, ал моныстырға қарасты жетiм қыздар тәрбиеленетiн үйдегi қыз-балалардың жартысын үлкен жауыздықпен атып өлтiредi. Мұндай қатыгездiкке түрткi болған жағдай бұл монастырь мен тәрбие үйiнiң Николай II император отбасының қамқорлығында болғандығы ғана едi. Тура осы жылдың көктемi мен жазында большевиктер билiгiндегi Верный түрмесiндегi тұтқындардың 43-i ешқандай да тергеусiз және сотсыз ату жазасына бұйырылады. Басым бөлiгi қарапайым әскерилерден тұрған бұл топтың арасында Уақытша үкiметтiң комиссары, жергiлiктi халықтардың досы, демократ Орест Шкапский мен оның ұлы Евгений де бар едi. Республикада репрессия құрбандарын белгiлi бiр ұлтқа тәндiгi жағынан алғанда қазақтардан соң екiншi орында орыстар тұр. – Түркi халықтары арасынан шыққан ұлт зиялыларының ара салмағы қандай? Кеңестiк билiк солардың қайсысынан өте қауiптендi? – Түркi дүниесiнде татар зиялыларының орны бөлек. Патшалық Ресейге бiзден бұрын отар ел болғандықтан олар әлеуметтiк әдiлетсiздiктi бiзден бұрын түсiндi. Олардың зиялылары да репрессия саясатының ащы дәмiн бiзден ертерек татты. Жүсiп Ақшора, Садри Мақсуди, Ғаяз Исхани, Рашид Арат, Мұса Бигиев сияқты iрi таланттары соның салдарынан шет елдерге эммиграцияға кетуге мәжбүр болды. Елiнде қалған М.Сұлтанғалиев, М.Вахитов және басқалары репрессия құрбаны болды. Империялық саясатқа әзiрбайжан зиялылары да қарсы тұра бiлдi. Ал Алаш зиялылары Орталық Азия елдерi iшiндегi ең мықты саяси күш болды. Алаш партиясының төңiрегiне жиналғандар халықтың санасына, мiнезiне, ұстанымына елеулi ықпал ететiн саяси күш болғандықтан, кеңестiк билiк оларға өз бәсекелесi ретiнде қарады. Сондықтан алғашқы күндерден-ақ алаштықтарды қоғам сахнасынан ығыстыру саясатын ұстанды. Кейiн бұл ығыстыруды, ұлтқа қарсы қою саясатымен ұластарды. Қалың қауымға оларды жау етiп көрсеттi. Халықты солай психологиялық тұрғыдан дайындап алып, Алаш зиялыларын репрессияға ұшыратты. – Жиырмасыншы жылдардың соңы мен отызыншы жылдардың басында зиялыларға «ұлтшылдар» деген атауды таңу большевиктер партиясының iрi саяси жиындарында да ашық айтылып, қуғындау жүрiп жатты ғой. – Қазақстан өлкелiк партия комитетiнiң III пленумында Смағұл Сәдуақасов, Жалау Мыңбаев, Сұлтанбек Қожанов бастаған топтың ұлтшылдығы айыпталды. Соның алдында Жүсiпбек Аймауытовты солай қаралаған сот процесi жүрдi. Сол жылдары С.Қожановтың «Бiздiң басымызда дамоклов семсерi асулы тұрды» дегенi бар. Оның бұл сөзi сол кезде ұлт зиялыларының қауiп пен қатердiң астында жүргенiн аңғартса керек. Сол семсердiң әйтеуiр бiр уақытта талай ерлердiң бастарын кесiп түсетiнiн ол iштей сезiнген. Кеңестiк билiк 1927-1928 жылдары Алаш зиялыларын екi дүркiн соттады. 1930 жылы 44 адам түрмеге жабылды. Бұл Ахмет Байтұрсынов бастаған топ едi. Содан кейiн ұлт зиялыларының екiншi тобы тұтқындалып, 1932 жылы сотталды. Сол екi жазалаудың өзiнде бас-аяғы сексенге жуық алаштықтар репрессияның тiкендi құрсауында азап шектi. Кеңес үкiметiнiң саясатын батыл сынағаны үшiн ұлттың бетке ұстар Ыдырыс Мұстанбаев, Сұлтанбек Жағыпаров, Иса Тоқтыбаев секiлдi зиялылары түрменiң қараңғы қапастарында жатты. Осыншалық жанның тұтқындалуы Алаш партиясының күшiн әлсiретiп, ел iшiндегi ықпалын азайтты. Сонау жиырмасыншы жылдардың ортасынан күш алған саяси репрессия ауық-ауық тұрақты түрде жүргiзiлiп, ақыры 1937-1938 жылдардың үлкен террорына ұласты. – Кеңестiк билiк ұлт зиялыларына жазалаудан басқа тағы қандай шаралар қолданды? – Олар репрессиялық шаралардың неше алуан жолдары мен әдiстерiн ойлап тапқан. Солардың бiрi қазақтың ең мықты мемлекет қайраткерлерiн қызметтен өсiргенсiп орталыққа, Мәскеуге ауыстырып отырған. Ұлттың жағдайын, болмысын, мiнез-құлқын, салт-дәстүрiн сол ұлттың өз кадрынан артық кiм бiлген. Шын жанашыры да сырттан келгендер емес солар ғой. Ұлттық мүдде қорғалған жерде, империя өзiнiң үстемдiгiн толық жүргiзе алмайтынын бiлдi. Сондықтан да олар Тұрар Рысқұловты, Әлихан Бөкейхановты, Нығымет Нұрмақовты, Санжар Асфендияровты, Әбiлқайыр Досовты Мәскеуге аттандырып, халықтан ажыратты. Зиялыларынан айырылған халыққа тобыр есебiнде қарап, бiлгендерiн жасап, идеологиялық илеулерiне салды. – 1926 жылы Мәскеуде Тұрар Рысқұловтың тiкелей ұйымдастыруымен ұлт өкiлдерiнiң Жеке кеңесi өттi. Онда Ресей Федерациясы құрамындағы автономиялық республикалардағы жағдай талқыға түстi. Мәскеудегi ұлттың өкiлдерi елден алыста жүрсе де халықтың елдiң қамын ойламайтындарын көрсеттi емес пе. – Иә, олар сонда жүрiп те елдiң, ұлттың болашағы үшiн айқастарын тоқтатқан жоқ. Рысқұловтың сол Жеке кеңестi ұйымдастырғанының өзi ұлтқа деген жанашырлықтан туған ерлiк. Кеңеске РСФСР құрамындағы 18 автономиялы республикалар мен облыстардан барлығы 49 өкiл қатысты. Олардың 11-i Қазақстаннан болды. Рысқұлов кеңестiң қандай да бiр орган ретiнде қаралған мәселелердi өздiгiнен шешуге құқығының жоқтығын, тек М.Калинин басқарған комиссияға ұсыныстарын берiп, Орталық органдарда сол ұсыныстарды қорғап, жүзеге асыруға күш жұмсай алатындықтарын ескерттi. Кеңес сол ұсыныстарын ұжымдық пiкiр ретiнде тiкелей И.Сталиннiң өзiне алып барып беретiн бес адамнан тұратын топты сайлады. Оның құрамына Рысқұлов (Қазақстан), Курц (Едiл-Жайық бойындағы немiс автономиясы), Ноговицын (РФСР Әлеуметтiк қамсыздандыру халық комиссариаты), Самурский (Дағыстан), Асфендияров (Қазақстан) ендi. Алайда Сталин «националдар» кеңесiнiң ұсыныстарына мiз баққан жоқ. Соны ұйымдастырған Т.Рысқұловты жеке өзiнiң қырына алды. Сол жылдың 18 желтоқсанында Қазақстан өлкелiк партия комитетiнiң мәжiлiсi болды. Онда өлкенiң бiрiншi басшысы Ф.Голощекин Мәскеуде өткен «националдар» кеңесiнiң жұмысын жөн-жосықсыз сынға алды. – 1929-1930 жылдары Қазақстанда 372 халықтық көтерiлiс болған екен. Сол көтерiлiстердiң басы мен қасында ұлт зиялылары жүрдi ме? –Тарихи әдебиетте сол жылдары соншалық шаруалар көтерiлiсi болғаны жазылған. Оған 80-100 мыға жуық адам қатысыпты. Бұл көтерiлiстер неге болды? Жалпы халық қолына қай кезде қару алып шығады? 20-шы жылдардың соңына қарай тоталитарлық жүйенiң күш алғандығы соншалық, саяси элита ұлт, қарапайым халық мүддесiн саяси жүйе ауқымында қорғау мүмкiндiгiнен бiржола айрылған едi. Яғни саяси кеңiстiкте өз мүддесiн ашық қорғай алатын күш болмаған жағдайда еңбекшi халық қолына қару алып көтерiлiске шықпақ. Сiз атап отырған 372 көтерiлiс осы жағдайдың айғағы. Кеңестiк билiк орындары бұл көтерiлiстердi де аяусыз жаншып басты. Оларға қатысқан 5551 адам сотталып, 883 адам атылды. Бұл тек ОГПУ тарапынан жазаланғандар. Осы мекеме материалдары бойынша ұжымдастыру жылдары жүз мың адам репрессия құрбаны болды. Жиырма, отызыншы жылдары кеңестiк билiкпен тек ұлт зиялылары ғана күресiп қойған жоқ, дiн қызметкерлерi де қарсыласып бақты. Билiк оларды да репрессия нысанасына алды. Бiр ғана Оңтүстiк Қазақстан облысынан 64 молда, имам, ишандар сотталды. Солайша репрессия жалыны елдегi барлық әлеуметтiк топтарды құшағына алды. – Әлеуметтiк топтар демекшi большевиктiк билiктiң дiндi уағыздаушылармен қатар қазақ байларына да қырын қарағаны мәлiм. – Дiн белгiлi бiр дәрежеде ұлттық мәдениеттiң ұйытқысы мiндетiн атқарады. Адамдар басқа мәселелерде бiрiкпесе де дiн жолында бiрiге алады. Мұны да большевиктiк билiк жақсы түсiндi. Кеңес өкiметi орнаған алғашқы күннен-ақ дiн адамдарын қуғын-сүргiнге ұшыратып, халықты дiнiнен айыруға тырысты. Ал байларды кезiнде патша өкiметi де жек көрген. Өйткенi олар меншiк иелерi ғой. Байлар басқа сырттан келген күштердi жақтырмайды. Қазақ қоғамында бай экономикалық ұйтқы. Қоғамды сыртқы жауларға қарсы бағыттап отыратын мiндетi де бар. Сондықтан Патша өкiметi қазақ байларын iштей жаратпаған. Патша өкiметiнiң сол ұстанымы, сол күйiнде кеңестiк билiкке де көштi. Олар байларды жамандап, халыққа қарсы қойды. Ақырында олардың меншiгiн ең анайы, ең жабайы жолмен тартып алып, өздерiн репрессияға ұшыратты. Кеңестiк билiк қазақ халқын зиялыларынан, байларынан, дiн уағыздаушыларынан айырып, тобырға айналдыруды көздедi. Репрессиялық саясаттың белгiлi бiр мақсаты да осы болатын. 1937-1938 жж. жүргiзiлген террордың өз идеологиясы, оны iске асыру механизмi болды. Бұл өз алдына арнайы сөз болуға лайық тақырып. Мәселен, осы жылдары репрессияға алынған мыңдаған адамдардың бәрi бiрдей бiр орталыққа бағынған антисоветтiк, ұлтшыл ұйымның мүшелерiне жатқызылды. ОГПУ тергеушiлерi бұл контрреволюциялық ұйымның басына Т.Рысқұлов, Ұ.Құлымбетов, Н.Нұрмақов сияқты белгiлi тұлғаларды қойып, жергiлiктi жерлерде мыңдап оның белсендiлерiн атап, ұстап жатты. Мұның бәрi де, әрине, ешқандай дәлелсiз сандырақ тұжырымдар болатын. Өкiнiшке орай бұл «сандырақ» мемлекеттiң өз елiне қарсы жүргiзген жаппай репрессиялау шараларына негiз болып қаланды. – Сол кеңестiк репрессиялық саясаттың салдары қазақ қоғамын, қазақ халқын қандай күйге алып келдi? – Кеңес өкiметiне дейiн бiзде белсендi де бiлiктi зиялылар тобы, ұлттық саяси элита қалыптасып келе жатты. Ұзақ жылдарға созылып, ауық-ауық тұрақты түрде жүргiзiлiп келген репрессия саясатынан соң халық озық ойлы зиялыларынан, басқарушы саяси тобынан айырылды. Бұл орны толмас өкiнiш. Сондай-ақ саяси репрессия жеке адамның тұлғалық қасиетiне жасалған шабуыл да едi. Адамдар өз пiкiрiн ашық бiлдiруден, жауапкершiлiктi мойнына алудан қашқақтайтын болды. Бойларында ұстанымсыздық, жалтақтық белең алды. Мiне, репрессия саясатының салдары, оның ең үлкен қасiретi де осында. – Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ