Жаңалықтар

СУРЕТТЕР ДЕ «СЕС» КӨРСЕТЕ БАСТАПТЫ

ашық дереккөзі

СУРЕТТЕР ДЕ «СЕС» КӨРСЕТЕ БАСТАПТЫ

Қазақстанның егемендiк алған алғашқы жылдары елдiмекендерiмiз бен қалаларымыз да жаңа бiр түрге енгендей, әжептәуiр бәрi қазақшаланып, бәрi қазақтанып қалғандай бола бастап едi. Және бұл үрдiс ендi қайта қайтпайтындай, тоқтап қалмайтындай көрiнген.

Ол уақытта көшедегi жарнамалық суреттер де осы мемлекеттiң иесi ретiнде көбiнде қазақтың ұл-қыздарын бейнелейтiн едi.

Сондан соң… билiктiң былқылдақ саясатының «арқасында» сол ұлттың мүдделердiң бәрi баяғы таз кепешiн қайта кие батағандай.

Қазақтың тәуелсiздiк алғаннан берi бас қаласы болған Алматының өзiнде осы күндерi кеңестiк дәуiрдiң кезiндегiдей басқа ұлттың өкiлдерi қаладағы сыртқы жарнамаларды, шағын дүңгiршектер мен дүкендердi жаулап алып жатқандай әсер етедi.

Сөзiм дәлелдi болу үшiн қала көшелерiнде айқайлап тұрған мына бiр сөз тiркестерiнiң өзiн жазсам да жететiн шығар:

«Русский стиль», «Русский размах», «Русская кухня», «Русские машины», «Русские воды», «Русская баня»… Бұны аз десеңiз «Хуторянка», «Славянка», «Русалка», «Валентина».

Осыдан кейiн Алматыны Қазақстан қаласы деп айта аласыз ба, айтыңызшы?!

Ал, қазақшамызға келетiн болсақ, тiптi «Қазақ асханасы» деген былай тұрсын, «қазақ етiнiң» өзiн «бешбармак» деп өзгертiп алған.

Ау, айтыңдаршы, ағайын, «бешбармак» деген қазақта тағам болып па едi?! Бiр жаман жерi, сол «бешбармакқа» қазақтардың өздерi де бiрте-бiрте үйренiп бара жатқан секiлдi.

Бұл да бiр ұлтты азғындатудың, сананы улаудың, қала бердi нағыз «ұлтсыздандырудың» бiр тәсiлi ме дейсiң.

Қазiр қазақшамыз қайта төменшiктеп, көңiлiмiз су сепкендей «басылып» жатқанда, оған керiсiнше, басқа ұлттардың империялық – шовинистiк амбициялары шығандап бара жатқандай әсер етедi.

Басқа халықтардың «ұлттық рухының» мақтаныш сезiмi «күшейе» түскен сайын, көшелер мен аялдамаларда тұрған жарнамадағы суреттер де «сес» көрсете бастапты. Оған дәлел ретiнде Байзақов пен Гоголь көшесiнiң қиылысында тұрған жарнамадағы сурет пен аялдамалардағы «Ирбис» сырасының суретi салынған плакаттарды айтар едiм.

Осы суреттердегi жанында жолбарысы бар, адамды iшiп-жеп жатқандай шегiр «жасыл көз» оқтай қадалып, кiмге «қыр» көрсетiп тұрғанын бiлмедiм?!…

Және әлдекiмдер бұл суреттермен қаламыздың көшесiн безендiру үшiн кiмнен рұқсат алғаны да белгiсiз.

Қарап тұрсаң, осындай iс-әрекеттердiң өзi қандай да бiр «жымысқы саясаттың» көрiнiсi секiлдi.

Осындай «сес» көрсеткен суреттерге қалалық әкiмшiлiктегi «қазақтан» жалақысын алып отырған «тиiстi» орындар не дер екен?!

Асқар СӘРСЕНБАЙ