Жаңалықтар

РОГОВ ТҮСIНДIРМЕСIНIҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?

ашық дереккөзі

РОГОВ ТҮСIНДIРМЕСIНIҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?

Конституциялық Кеңестiң күлбiлтемелеуi сансыз сауал туғызды

Сонымен Қазақстанда түбегейлi саяси реформа болмайтын болды. Алдағы он жылдықта президенттiк билiк салтанат құрмақ. Ал, бiздi елеңдетiп отырғаны бұл емес. Басқа мәселе, Ресейден ескен лептi, бiздiң елде жерге түсiрмей қағып әкететiндiгi.

Осыдан бiраз уақыт бұрын, дәлiрек айтқанда өткен жылдың 15 қыркүйегiнде Ресей Сыртқы iстер министрлiгiнiң өкiлдерi Қазақстанда өткен «Орталық Азия елдерiнiң интеграциясындағы Ресей отандастарының рөлi» атты конференцияда мұндағы орыс диаспорасы өкiлдерiне: «Қазақстандық отандастар мұнда салық төлеушi ретiнде орыс тiлiнiң мемлекеттiк статусын талап етуге және мемлекеттi басқаруға қатысуға ерiктi» деген едi. Бiз бұл туралы «Орыс мәселесi және Қазақстан» атты мақаламызда (Түркiстан, №42, 19 қазан, 2006 жыл) жазған болатынбыз.

Ресейдегi жарылқаушыларының берген нұсқауын жерге түсiрмей қағып әкеткен сол кездегi Қазақстан халықтары ассамблеясының төрағасының орынбасары Сергей Терещенко осы өкiлеттi органның ХII сессиясы аясында мәселе етiп қойды. Бiз бұл туралы «Тапсырма орындаудың терещенколық әдiсi» («Түркiстан», №43, 26 қазан, 2006 жыл) атты мақаламызда сөз еттiк. Алайда, ол кезде Қазақстан халықтары ассамблеясының ХII сессиясы басқаша сипат алып, онда мемлекеттiк тiлдiң көсегесiн көгерту шаралары әңгiме болды. Ал, ресейлiк ресми билiк өкiлдерiнiң айтқандары елеусiз қалғандай едi. Бiрақ, арада 4-5 ай өтер-өтпестен Ресейдiң дегенiне құлдық ететiнiмiздi таныттық. Қалай дейсiз ғой?

ҚАЗАҚСТАН – ҚОСТIЛДI МЕМЛЕКЕТ

Бұл жайында Мәжiлiс депутаты Мұхтар Шаханов осыдан 4 ай бұрын, яғни жаңа теңгенiң айналымға енуi барысында Коснтитуциялық кеңеске депутаттық сауал жолдаған болатын. Депутаттың бұл сауалы ол кезде жауапсыз қалды. Арада 4 ай өткен соң, Мәжiлiс қабырғасында бұл мәселе қайта сөз болды. Тағы да Конституциялық кеңеске сауал жолданды. Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов Конституцияның 7-бабын әдемiлеп тұрып түсiндiрiп бердi. Бiз бұған дейiн мемлекеттiк тiл бiреу деп келген болсақ, Қазақстан қостiлдi мемлекет екен. Яғни, мемлекеттiк тiл мен ресми тiлдiң еш айырмашылығы жоқ. Егер, қажет деп тапса, мемлекеттiк қызметкер де, мемлекеттiк және басқа да қоғамдық ұйымдар қай тiлде iс жүргiзем десе өз еркi көрiнедi. Демек, бiз Конституцияға «мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi, ал орыс тiлi ресми және басқа да қоғамдық ұйымдарда қазақ тiлiмен тең дәрежеде қолданылады» деген бап енгiзу арқылы, орыс тiлiн мемлекеттiк тiлмен теңестiрiп қойыппыз.

Әрине, бұл баяғыдан түсiнiктi жағдай. Яғни, мемлекеттiк тiлдi төрге оздырамыз десек, Конституцияға өзгерiс енгiзбей ештеңе өнбейтiндiгi анық. Дәл осы мәселе жайында бiз осыдан бiрнеше жыл бұрын «Мемлекеттiк тiл мен ресми тiлдiң айырмашылығы неде?» («Түркiстан», 4 шiлде, 2002 жыл) атты мақала жариялаған болатынбыз. Бұл мақалада да бiз Констиуциядағы осы бiр олқылықтың орын алғандығын сөз еттiк. Бiрақ, ол кезде бiздiң бұл пiкiрiмiздi қаперiне алып, мән берген Парламент депутаттары болмады. Ал, бүгiнде аталмыш мәселенiң қайта әңгiме болуының өзi, оның түсiнiктемесiн анықтау үшiн Конституциялық Кеңеске сұрау салуымыздың өзi түсiнiксiз болып отыр. Сондықтан да, тiл жанашырлары, ұлт серкелерiнiң ендiгi қадамы Конституциядағы аталмыш бапты өзгертуге ат салысу болмақ. Онсыз құр ұранмен алысқа бара алмаймыз.

Конституциялық Кеңестiң осы түсiнiктемесiнен кейiн, Қазақстан Республикасы премьер-министрiнiң кеңсесiнен, Экономика және бюджеттi жоспарлау министрлiгiнен мемлекеттiк органдар басшыларына, облыс, қала әкiмдерiне, Алматы және Астана қаласының әкiмдерiне Үкiмет регламентi бойынша, барлық iс-қағаздардың мемлекеттiк тiлде жiберiлуi нұсқалған. Алайда, құжаттар тек мемлекеттiк тiлде ғана емес, сондай-ақ, орыс тiлiнде де қабылданады делiнген. Сонда толықтай дерлiк мемлекеттiк тiлге көшкен облыстардан келетiн хат, хаттамалардың барлығы да екi тiлде жiберiлмек пе? Онда оның мемлекеттiк тiлге көшкенi қайсы? Сұрақ көп, жауап жоқ. Демек, бiз алға жылжығанның орнына керi кетiп бара жатқан сындымыз.

КВОТА АРҚЫЛЫ ЖАСАҚТАЛАТЫН БОЛДЫ

Бұл аталған жарылқаушыларымыздың екiншi тапсырмасы болатын. Астанада болуы мүмкiн саяси реформаларды талқылаған Мемлекеттiк комиссияның соңғы отырысында қабылданған басты саяси реформа осы болды десек артық айтқандық емес. Сөйтiп, Терещенко бастаған, өзгелерi қостаған елiмiзде орыс ұлты өкiлдерiнiң айы оңынан, маңдайлары жарқырады. Ал, байырғы ұлт, мемлекеттi жасаушы қазақ халқының сағы тағы сынды.

Бiз азаматтық қоғам жасау жолындағы мемлекетпiз. Елiмiздегi орыс-славян ұйымдарының өкiлдерi қит етсе Еуропаның мемлекет жасау үлгiсiн көлденең тартады. Осы мемлекеттерде Қазақстан үйренетiн бiр жайт бар. Ол – ұлт ұғымының азамат ұғымымен алмасуы. Мемлекеттiлiктiң тамаша үлгiсiн жасаған Франция, Германия мемлекеттерi әуелi азаматы атанғысы келген адамнан сол елдiң мемлекеттiк тiлдi бiлетiндiгi жайында емтихан қабылдайды, екiншiден оның ұлтының кiм екендiгi ескерiлмейдi, төлқұжатына жазылмайды, керiсiнше, «француз» немесе «немiс» деп жазады. Ол адам өзiнiң шыққан тегiн, ұлттық тiлiн бiлетiн болуы мүмкiн. Бiрақ, төлқұжатында өзi азаматтығын қабылдаған елдiң ұлты жазылады. Ол елдерде ұлттық азшылықтың немесе басқа ұлттардың проблемасы деген жоқ. тек әлеуметтiң мәселесi басты нысанада. Ал бiз ұлттардың көңiлiн ойлап, олардың билiк эшелонындағы үлес салмағын есептеп, Парламенттi әрбiр өкiлiнен жасақтап жүргенде өз ұлтымыздың қара қазандай болған өкпесiн жазуға ем таппай қалмасақ жарар.

ТҮЙIН: Сөйтiп, Қазақстан Ресейдiң саяси-мәдени бодандығынан әлi қол үзiп кете алмағандығын танытты. Ресей десе ләппайлайтын баяғы сарынымыздан жаңылған жоқпыз. Ал, Қазақстанмен бiрге бостандыққа қол жеткiзген өзге поскеңестiк мемлекеттерде дәл бiздегiдей ұлт мәселесi шиеленiсiп тұрған жоқ. Қазақстан ұлт боп ұйып, тәуелсiздiгiн баянды етудi мұрат тұтса, бұрын өзi бодандығында болған империядан бойын аулақ салып, олардың арандатушылық саясатынан қол үзуi қажет. Онсыз Ресей үстемдiк танытуынан, Қазақстан бас июiнен жаңылмақ емес.

Есенгүл Кәпқызы