БҮГIН – ЕРТЕ, ЕРТЕҢ – КЕШ НЕМЕСЕ СЕРIКТЕС ҚАЛАЛАР ҚАЗАҚТЫҢ МҰҢЫН ШЕШЕ АЛА МА?
БҮГIН – ЕРТЕ, ЕРТЕҢ – КЕШ НЕМЕСЕ СЕРIКТЕС ҚАЛАЛАР ҚАЗАҚТЫҢ МҰҢЫН ШЕШЕ АЛА МА?
Ұланғайыр мекен де кейде қазақ үшiн тарлық етедi деп кiм ойлаған? Бiрақ, тағдырдың жазғанына шараң не? Тарлық етпек түгiлi, бiр шаршы жер мұң болайын деп тұр. Кезiнде даланы қалаға айналдырған Патшалық Ресей саясаты да, Қызыл Империя саясаты да қазақты қаладан аулақ ұстау болғаны белгiлi. Ал, өз қолымыз өз аузымызға жеткен тәуелсiздiк жылдарында ше? Қазақты қалаға әкелу жайлы арнайы бағдарлама жасалған жоқ. Жасалғаны былай тұрсын, жанын жалдап күнкөрiс қамымен келiп алғандарды ақшаға құныққан алаяқ шенеунiктер алдап соққан.
Қазiр белгiлi болғанындай, кезiнде Алматы облысына қарасты Алматы қаласы маңындағы аудандар қала аумағына өткен тұста сол кездегi майда шенеунiктер сәттi ұтымды пайдаланып қалуға жаныққан. Сөйтiп, ашық ауыз халыққа, (ауылдан қалаға ағылған жұртқа) заңды-заңсыз жер телiмдерiн сатқан. «Аңқит, аузыңа саңқит» деген осындайда айтылса керек, жерге қолы жеткен бұқара оның заңды-заңсыздығына мән берiп те үлгерген жоқ. қарашобыр үй тұрғызып, тiрлiк ете бастады. Мәселе жер қатынастарының бәрi реттелiп, қаланың жаңа бас жоспары бекiген соң ушығып отыр. Бей-берекетсiз салынған үйлердiң бәрi «сносқа» кетуi керек. Ал, қарапайыми жұрттың көбiнде үй-тұрағының заңды салынғаны туралы құжат жоқ. Сол себептi де оларға компенсация төленбейдi. Дегенмен, Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов қарашаны құр қол тастамайтындығын айтады. Заңсыз болса да, кiнәсiз, шенеунiктердiң арбауына алданған жұртқа азын-аулақ болса да қаржы төлеудi жөн деп шешкендiктерiн айтады.
Қош, Алматыны шулатқан, соңы дүрбелеңге айналып кете жаздаған Шаңырақ, Бақай оқиғаларының алдын алу үшiн ендi не iстеуiмiз керек? Жақында Премьер-министр тағы бiр iрi жоба ұсынды. Бұл осы жылдың 12-қаңтарында қабылданған, 1-сәуiрден күшiне енетiн «Ойын бизнесi туралы» заңның орындалуына қатысты. Заңда Қазақстанның өз Лас-Вегасын жасау мақсатында ойынханалардың барлығын дерлiк бiр жерге шоғырландыру шарасы айтылған. Щучинск мен Қапшағай қалалары осы мақсаттың үдесiнен шығуы тиiс. Бұл үшiн Щучинск-Бурабай курорттық аймағы мен Қапшағай су қоймасын сәулеттендiру шаралары iске асуы керек. Ақмола облысы әкiмiнiң орынбасары Қадырхан Отаров бұл бағыттағы жұмыстардың бiрқатарын айта отырып, Көкшетау әуежайын қайта қалпына келтiру, жаңа жол құрылысын бастау, бұрынғы трассаны жөндеу және коммуникация желiлерiн iске қосу сияқты жұмыстардың қолға алынғандығын жеткiздi. Қ. Отаров курорт аймағының бас жоспары бойынша келiссөздердiң әлi аяқталмағандығын айтты.
Ал, Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетовке тез арада Алматы-Қапшағай жолының бойында серiктес қалалар тұрғызу мүмкiндiгiн қарастыруды тапсырды. Бұл Алматы қаласындағы бүгiнгi қалыптасқан жағдайды шешу үшiн таптырмайтын жол екендiгiн шегелеп ескерттi. «Серiктес-қалаларды дамыту мәселесi – Елбасының тапсырмасы», — дедi К. Мәсiмов Щучинск-Бурабай курорттық аймағы мен Қапшағай су қоймасын дамыту мәселелерi жөнiндегi кеңесте.
Каспий инвестициялық холдингiнiң президентi Юрий Цхай арнайы жасалған «G 4 City» жобасын ұсынды. Бұл жоба бойынша Алматы-Қапшағай трассасының бойында 4 шағын қала бой көтеруi тиiс. Кәрiм Мәсiмовтiң көңiлiнен шыққан бұл жоба көп ұзамай өмiрге жолдама алуы да ғажап емес. Кеңес соңында аталған аймақтарды кешендi түрде дамыту жөнiнде жұмыс тобын құруға тапсырма бердi. Бұл топтың үйлестiру органы ретiнде Экономика және бюджеттi жоспарлау министрлiгi анықталды.
Дәл мұндай серiктес қалалар Қазақстанның орталық аймақтарында болғаны белгiлi. Әсiресе, индустриялы Қарағандының маңайындағы Саран, Темiртау, Ақтау сынды қалалар осының айғағы. Бұл бiр кездерi халықты жұмыспен қамтамасыз ету, елдiң қалалы жерде орналасуы секiлдi iрi проблемаларды шешкенi белгiлi. Бiрақ, тағдыр тәлкегiне орай, оңтайландыру мен жекешелендiру жылдарында бұл қалалардың да қаңырап бос қалғанының куәсi болдық.
Алматы қаласының iргесi Қапшағайға дейiн кеңеюi мүмкiн деген болжамды бiз «Орындалмайтын қаулы» («Түркiстан», №, 2006 жыл) атты мақаламызда жазған едiк. Премьер-министрдiң бұл жолғы ұсынысы қалаға ағылған бұқараның мәселесiн шешуде таптырмайтын тетiк екенi белгiлi. Серiктес қалалардың бой көтеруi арқылы бұл елдiмекендерде жаңа жұмыс орындары ашылып, жаңа кәсiпорындар мен өндiрiс ошақтары да салынуы бек мүмкiн. Ол бүгiнгi жұмыссыздыққа да тосқауыл болмақ. Бүгiнде жөндi-жосықсыз Алматы мен Астанаға, басқа да iрi қалалар маңына шоғырлануға құштар қарашаны қала қабылдауға қабiлетсiз. Бiз бұл туралы «Ауылыңа бардың ба?» («Түркiстан», №, 2006 жыл) атты мақаламызда сөз еткен болатынбыз. Алайда, ауылдан қалаға ағылған жұрттың мәселесiн қазiр шешпесек, ертең мұның соңы әлеуметтiк дертке айналмасына кiм кепiл.
Ендеше, Алматы облысында бой көтеруге тиiс серiктес қалалар дәл осы мақсаттың үдесiнен шығуы керек. Үкiметтiң ендiгi нысаны қала жағалаған әлеуметтiң әлеуметтiк мәселелерiн шешу. Ең басты ескеретiн мәселе бүгiнде қала жағалап, базар сағалаған жұрттың басым денi жергiлiктi ұлт өкiлi – қазақтар. Отаршыл күштер қаладан әдейi аластатқан қазақты ендi өз Үкiметiмiз далаға тастамайтын болар. Бұл үшiн арнайы бағдарлама жасалғаны жөн. Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетов серiктес қалалар туралы бағдарламамен қоса, қалаға ағылған қарашаның да мәселесiн шешудiң нақты тетiктерiн ұсынуы керек. Алайда, мұнда бiр кiлтипан бар. Бастысы кезiнде ауылшаруашылығы нысанына арналып, қарапайым жұртқа пай ретiнде үлестiрiлген жерлердi қазiр кейбiр пысықайлар сатып алып, тұрғын үй салу нысанына айналдырып, қайта сатып жатыр. Бұл тағы да бей-берекетсiздiкке жол беретiнi анық. Сондықтан дәл осы бей-берекетсiздiктiң алдын алу үшiн Алматы облыстық әкiмдiгi жаңағыдай iске жол бермеуi жөн. Сөйтiп, дәл бүгiн Алматы облысына қарасты ауылшаруашылық нысанына арналған жерлердi облыстық әкiмшiлiк өз бақылауына алып, қазақтың қала маңынан жер алуын жеделдеткенi абзал. Онсыз қазақ сол баяғыдай далада қала бермек. өйткенi, бүгiнгiдей баға ұшынып тұрған заманда қарапайым халық жер де, үй де сатып ала алмайды. Бұл даусыз шындық. Ендеше ендiгi үмiт Үкiметте болып тұр. Ал, Үкiмет жергiлiктi ұлттың мұң-мұқтажын ескеретiн күн жеттi.
Есенгүл Кәпқызы