Арыстанбек Мұхамедиұлы: Қазақты масқаралап көрсету кімге керек?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Қазақты масқаралап көрсету кімге керек?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Қазақты масқаралап көрсету кімге керек?
ашық дереккөзі

ЭКСПО-2017 көрмесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына, шара аясындағы мәдени бағдарламалардың тартымды әрі мағыналы өтуіне еліміздің барлық театрлары мен музыкалық мекемелері атсалыспақ. Бұл туралы апта басында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының төрағалығымен өткен театр, өнер қызметі және киноөндіріс бойынша көркемдік кеңестердің алғашқы отырысында ведомство басшысы хабардар етті.

Кеңеске еліміздің өнер саласына еңбегі сіңген азаматтар мен өнер ұжымдарының бас­шылары қатысты. Шығармашылық зиялы қауым өкілдері репертуарды, гастрольдік қызметті қалыптастыруды және кадр саясаты мәселелерін шешуге бағытталған тұғырнаманы, сондай-ақ, облыстық театрлар мен музыка ұйымдарының кадр саясаты мәселелерін шешу жолдарын талқылады. Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан көркемдік кеңесті құру өткен жылдың қарашасында ҚР Президентінің жарлығымен бекітілген еліміздің мәдени саясатының тұжырымдамасында көзделген болатын.

Қазіргі таңда қоғам өмірінің өзге сала­лары секілді мәдениет те дамудың стра­те­гиялық бағытына көшті. Сала Қазақстан Рес­публикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттерінің отыздығына кіру жөніндегі Елбасының «100 нақты қадам» жоспарының жүйелі орындалуына айрықша ден қойған.

Министрлік театр, музыка және кон­церт қызметі, хореография, цирк өнері, кино­өндіріс, көркемсурет өнері, мұражай ісі және археология, сәулет өнері мен дизайн, хореография, кітапхана ісі, әдебиет және кітап шығару жөніндегі көркемдік кеңес­тердің ережелері мен құрамын бекітті. Олардың құрамына көрнекті шығар­ма­шылық тұлғалар, шығармашылық одақтар мен мәдениет ұйымдарының басшылары, мамандар, қоғам қайраткерлері кірді. Кеңес мүшелерінің алдында сөз сөйлеген Арыстанбек Мұхамедиұлы халықаралық көрме қарсаңында мәдениет ошақтарының алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерді көр­сетті. Олардың ЭКСПО-2017 жаһан­дық көрмесінде қандай іс-шараға қатыса­тындығы, ведомствоға қарайтын мекеме­лер­ге қандай жауапкершілік жүктелетіні белгіленген бағдарламаны Мәдениет және спорт министрлігі жаздың соңына дейін дайындап, жұрт назарына ұсынбақ.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Мемлекет басшысы Мәдениет және спорт министрлігіне ЭКСПО-2017 көрмесінде бүкілқазақстандық мәдениетті паш ету жоспарының тұжырымдамасын түзу туралы нақты тапсырма берген болатын. Алдағы әлемдік көрмеде мәдени бағдарламаны, сайып келгенде, сондағы бүкіл имидждік саясатты сіз бен біз жүзеге асыратын боламыз, – деді министр.

Көрме аясындағы негізгі мәдени іс-шараларды Астанадағы «Астана Опера» театры мен Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театры мен М.Әуезов атындағы драма театрында өткізу жоспарланған. Бірақ республиканың өзге өнер ұжымдары да ел имиджін көтеретін маңызды шарадан тыс қалмайды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қонақтарға Қазақстанның мәдениеті мен өнерін таныстыру үшін қазақ, орыс, ұйғыр, корей, неміс және басқа да ұлттық театрларымен қоса, ұлт-аспаптық, ән, би ансамбльдері жұдырықтай жұмылмақ.

Ведомство басшысы жұмыстың жүйе­лілігі үшін жоспардың терең ойластырылып жа­салу керектігін ескертті: «Біз үш ай бедерінде жоспарды егжей-тегжейлі жазып шығуға тиіспіз. Онда әрбір қазақстандық театр мен музыкалық мекеменің өз өнерін көрсетуіне орын табылуы қажет. Сіз бен біз осы жылдардағы жетістіктерімізді осылайша көрсетеміз. Егер бірлесе отырып, бір-бірімізді қайталамайтын, бір-бірімізге кедергі келтірмейтін үйлесімді, жақсы жоспар жасап шықсақ, бұл елге де, үлкен сахнадан өнер көрсетушілерге де игілік әкеледі», – деді министр.

Кеңес отырысында отандық кино­өндірістің өзекті мәселелері де талқыланды. Жуыр­да Елбасы «Қазақфильмнің» жұмы­сына сын айтып, жыл сайын бөлінетін мил­лиардтаған қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалауды Үкіметке тапсырған болатын. Жиын барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да отандық кинотуындылардың сапасына көңілі толмайтынын ашық айтты. Министр ел имиджіне нұқсан келтіретін туындыларды санамалап та берді: «Хозяева», «Уроки гармонии», «Риэлтор»... Көрген боларсыздар? Сын көтермейді! Адамда намыс деген болуы керек қой?! Қазақ халқын масқара қылып көрсету кімге керек? Неге біздің әл-Фараби, Шәмші Қалдаяқов туралы бірде-бір фильміміз жоқ? Бауыржан Момышұлы туралы шағын сериал түсірдік. Неге көркем фильм түсірмейміз?», – деп ведомство басшысы қазақстандық киноиндустрияның олқы­лықтарын сынға алды. Кеңес оты­ры­сына қатысқан «Қазақфильм» кино­сту­диясының бас редакторы Дидар Амантайға қатаң ескертулер жасап, айтар ойы мен ұсынар жаңалығы бар әрбір драматургке киностудияның есігі ашық болу керегін ескертті:

– «Қазақфильм» жекелеген адамдардың меншігі емес. Белгілі бір адамдарды жинап алған. Солар ғана жаңа фильм түсіреді. Ал басқа режиссерлер «Қазақфильмге» жуы­майды. Бұлай болмауы керек! «Таңдаулы» режиссерлардың туындылары сын көтерсе мейлі екен, олардың түсіргенін шет ел түгілі, өз көрерменіміз білмейді, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Театрлардың репертуарлық саясаты да кеңес назарынан тыс қалған жоқ. Министр басшылар арасында театрларды бизнес көзіне айналдыру, авторларды қаламақыдан қағу, репертуарды ұжымдық емес, жеке көзқарасы бойынша бекіту сияқты келеңсіз құбылыстардың белең алғанын, соның салдарынан саланың дамуы тұсалғанын айтты. Өнер ошақтарының шығармашылық құрамына еркіндік, актерлік құрамына кең өріс бергенде ғана өнерде өрлеу болатынын ұқтырды. Театрларда орын алған келеңсіздіктермен күресу үшін министрлік қатаң шараларға баруға мәжбүр. Қазақстанның шығармашылық бірлестіктерінің репертуарлық және кадрлық саясатын, сондай-ақ, гастрольдік қызметін бір орталықтан үйлестіру үшін жуырда министрлік аппаратында Репер­туарлық саясат басқармасы құрылған. Ғалым Ахмедьяров жетекшілік ететін құры­лымның құрамында көркемдік кеңес­тер жұмыс істейтін болады. «Біз енді барлық театрлардың бір жыл бойы қоятын қойылымдарын көркемдік кеңесте бекітуіміз керек. Бұл не үшін керек? Жасыратын ештеңе жоқ, өңірлік, республикалық театрларда кім басшы болса, соның пьесасы сахналануда. Дәл осы жайт қоғамда наразылық тудырып, келеңсіз жайттардың орын алуына түрткі болды. Сол үшін біз бүкіл репертуарлық саясатты бір жүйеге келтіруге тиіспіз», – деп Арыстанбек Мұхамедиұлы алдағы уақытта өнер ұжымдары министрліктің қатаң бақылауында болатынын ескертті.

Еліміз бәсекеге қабілетті 30 елдің қата­рына кіруі үшін экономика, білім мен ғылым ғана емес, мәдениет саласының ілгерілеуі де аса маңызды. Сондықтан А.Мұхамедиұы өнер ошақтары дамудың халықаралық деңгейіне ұмтылуы тиіс екенін атап өтті. «Қала мен ауыл халқының театр өнеріне теңдей қол жеткізуін қамтамасыз ету, сондай-ақ, қазақстандық үздік қойылымдарды халықаралық театр кеңістігіне ілгерілету мақсатында гастрольдік және фестивальдік қызметті ұйымдастыру тәсілі қажет. 2030 жылға қарай еліміз кәсіби шеберлік пен шығармашылық өсудің жетекші халықаралық мектебіне айналуы тиіс», – деді министр.

Елордада өткен жиынның тағы бір жаңа­лығы – «Астананы Еуразияның іскер­лік, мәдени және ғылыми орталығына айналдыру» туралы Ұлттық жоспардың 69-шы қадамын жүзеге асыру мақсатында Астанада ірі мәдени ұйым бой көтеретін болды. Нақтырақ айтқанда, құрамына «Астана Мюзикл» театры, Бейбітшілік және Келісім халықаралық мұражайы, «ЮНЕСКО орталығы» РМҚК және «Астана Концерт» мемлекеттік концерт ұйымы» РМҚК кіретін «Бейбітшілік және Келісім сарайы» Өнер орталығы құрылмақ.

Театралдық, музыкалық қызмет және киноөндіріс көркемдік кеңестерінің бірінші отырысында жасалған мәлімдемелер мен қабылданған шешімдерді орындау үшін шығармашылық бірлестіктер қажырлы ізденіс пен жүйелі жұмысты бүгіннен бастау тиіс.