Жаңалықтар

1937 жылғы қуғын-сүргiн құрбандарына – 70 жыл

ашық дереккөзі

1937 жылғы қуғын-сүргiн құрбандарына – 70 жыл

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ: РЕПРЕССИЯНЫҢ ҚҰРБАНЫ — «ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ»

Қазақ ұлт болып қалыптасқан ғасырлар бедерiнде талай зобалаңды басынан кештi. Арғы тарихтың да, бергi тарихтың да қалың қатпарларында қаншама ащы тер жатыр. Бағзы замандарды былай қойғанда, өткен жүз жылдықта ше. Ел болып еңсемiздi көтердiк десек те, жүрекке берiш болып қатқан кезеңдерi аз болған жоқ. Бүгiнде жұрт аузында көбiрек айтылып, шежiреге жазылып жүрген 1937 жылдың ақтаңдақтарына да мiне 70 жыл толғалы отыр. Соған дейiн де халқымыз қаншама репрессияның тар жол, тайғақ кешулi нәубеттерiнен өттi. Ресейдегi патша ағзам қорғанышың боламын деп қорлады. Кеңес өкiметi өзгелермен тең ұстаймын деп өзiне тәуелдi еттi. Ұлтымыздың зиялы қауымын және көш бастаған ауқаттылары мен хақ тағала жолындағы дiндарларын баудай жапырған репрессия зұлматтарының әлi де айтылмай жатқан көлеңкелi беттерi аз емес. Көкейге «Саяси репрессиялардың шығу себептерi неде?» деген сұрақ оралады. Осы сұрақ тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиевпен болған сұхбатымыздың арқауына айналды.

– Мәке, жуырда саяси репрессия тақырыбында әңгiме өткiзсек деп ұсыныс жасаған едiңiз. Соның сәтi бүгiн түсiп отыр. Жалпы бұл мәңгiлiк тақырыптардың бiрi болғандықтан көзi қарақты кiсiнi бей-жай қалдырмасы анық. Оның үстiне осы мәселе төңiрегiнде жүйелi қалам тартып жүрген маған да алыс емес. Олай болса екеуара әңгiменi неден бастағанды жөн көресiз?

– Биыл 1937-1938 жылдары Кеңес үкiметi жүргiзген жаппай репрессия саясатына 70 жыл толмақ. Бұл кезең ұлттық тарихымыздың ең қаралы, ең қасiреттi беттерi қатарынан орын алады. Оны жадымызда шығару мүмкiн емес. Тарихшы ретiнде, қала бердi саяси репрессия тарихын зерттеу iсiмен бiраз жылдардан берi айналысып келе жатқан маман ретiнде, бұл мәселенiң қырық қатпар астарына қоғамның көңiлiн аударуды өзiмнiң азаматтық мiндетiм деп санаймын.

– «Репрессия» сөзiнiң қазақша баламасын «қуғын-сүргiн» деп жүр. Сiздiңше бұл аударма оның дәл мағынасын бере ала ма? Қарапайым оқырмандарға осы екi сөздiң мәнiн түсiндiре кетсеңiз.

– Менiңше, қазақ тiлiндегi аудармасы негiзгi ойды дәл бере алмайды. Латын тiлiндегi «репрессия» сөзi – басып-жаншу, аяусыз жазалау деген ұғымға саяды және халықаралық дәрежеде қабылданған термин. Алайда мен «қуғын-сүргiн» сөзi пайдаланылмасын дегеннен аулақпын. Тiл ғылымдарының мамандары оның дәл баламасын тапқанша, екеуiнiң де қолданыста жүргенi жөн болар.

Осыған орай айта кететiн бiр жай «репрессия» сөзiмен қатар ғылыми айналымға кең көлемде түскен «геноцид» деген тағы бiр атау бар. Грек және латын тiлдерiнiң түбiрлерiнен құралған бұл сөздiң мәнi белгiлi бiр ұлысты, халықты нәсiлдiк немесе дiни ұстанымына байланысты жою. Яғни жер бетiнен жоқ ету. «Геноцидтiң» синонимi түрiнде мазмұндық тұрғыдан одан сәл тарлау «этноцид» деген сөз де айналымда көп кездеседi.

– Қазақстан тарихында осы саяси үш терминнiң көрiнiстерi қалай орын алды?

– Өткен ХХ ғасыр бедерiнде қазақ халқы кеңестiк жүйенiң солақай саясатының арқасында осы «репрессия», «геноцид» және «этноцидтi» түгелдей дерлiк басынан кешiрдi. Бұған елде ұр да жық тәсiлiмен жүргiзiлген тәркiлеу, ешқандай даярлықсыз және ерiксiз ұжымдастыру, жартылай көшпелi қожалықтарды жаппай отырықшы тұрмысқа көшiру, сондай-ақ зорлау және күш қолдану арқылы iске асырылған астық және ет дайындау науқаны дәлел. Бұл шаралар 1931-1933 жылдардағы сұрапыл аштыққа ұласып, солардың салдарынан 2,2 миллионнан астам адам қырғынға ұшырады.

– Кейбiр деректерде аштық құрбандарының саны бұдан әлдеқайда көп көрiнедi.

– Оның нақты есебi әлi шығарылған жоқ. Жобалауымызша бұдан көп болмаса аз емес. Сол жылдары 1 миллион адам атамекендерiн тастап, жат жерлерге қарай босып жан сауғалады. Жолай өлiм-жiтiмге ұшырағандары қаншама. Сондай-ақ, 100 мыңнан астам адам (бiр деректерде бұл сан 105 мың деп көрсетiлген) саяси репрессияға тартылып, соның 25 мыңнан астамы атылған.

Репрессияға тартылғандардың басым бөлiгi қоғамдық өсiп-өркендеудiң бағыт-бағдарын айқындайтын билiктегi және шығармашылықтағы сондай-ақ күнделiктi еңбектегi, белсендi топ болғандығы мәлiм. Сандық тұрғыдан аса үлкен емес халқымыз үшiн бұл орасан гуманитарлық апаттың нағыз өзi-тiн. Тiптен осы сандық фактiлер алып айсбергтiк үстiңгi қабаты ғана. Оның халықтың мiнез-құлқына, рухани болмысына тигiзген залалын айтып жеткiзудiң өзi мүмкiн емес.

Кезiнде Әлихан Бөкейханов, құрметтi Әлекең халқына «жетекшiлсiң, ергiшсiң, өз бетiңше жол табуға, лайықты өмiр сүруге жоқсың» деп қатты налығаны бар. Ол ХХ ғасырдың басында осылай деп күйiнген екен. Ұлтын жан-тәнiмен сүйген жанның жүрегi әлденендей қауiп-қатердi сезiнгендей бекер налымапты. Алда ашаршылық, талайлардың басын жұтқан саяси репрессия, мал бiткеннен жұрдай еткен тәркiлеу, ата салт-дәстүрдi ескiнiң сарқыншағы деп жоққа шығарған мәдени революция, екi-үш буынның өмiрiн құшағына алған идеологиялық прессинг күтiп тұр едi. Жоғарыда келтiрiлген фактiлерге, айтылған тұжырымдарға қарап, өткен ғасырдағы репрессия саясатының қазақ тарихында қандай трагедиялық терең iз қалдырғанын байқауға болады.

– Мәке, кеңестiк ғылымда сол репрессиялар тарихы қалай зерттелген? Қалың елге қалай баяндалды? Олар қандай ұстанымдарды негiзге алды?

– Саяси репрессияларға байланысты кеңестiк тарихнаманың қысқаша тұжырымы мынаған саяды. Қазақ елi өз «ұлтшылдарынан», «байшылдарынан» құлан таза құтылып, большевиктердiң қызыл туы астында интернационалистiк жолға түстi. Яғни кеңестiк тарихнама үзiлiссiз жүргiзiлген репрессияларды қажеттiлiктен туған шара ретiнде қарастырды.

Ресми тарихнаманың басқаша ұстанымда болуы да мүмкiн емес-тiн. Өйткенi оның өзi, проф. Ю.Афанасьев айтқандай, кеңестiк режимге енген, анығырақ айтқанда репрессияланған ғылым болатын. Бұл арада сөз С.Асфендияров, М.Тынышбаев, Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов сияқты тарихшылардың қудаланып, тұтқынға алығандығы немесе атылғандығы жөнiнде ғана болып отырған жоқ. Сөз тарихшы аталған әулеттiң түгелдей өз ұстанымын, тiптен мiнезiн, әдет-ғұрпын билiк пен ресми идеология талаптарына ылғи да бейiмдеп отыруға мәжбүр болғандығы жөнiнде болып отыр. Соның нәтижесiнде оның өзi репрессия құралына айналды. Ұлттық тарихтың өзектi мәселелерi шынайы зерттеу обьектi болудан қалды. Отан тарихы мiндеттi түрде еуропалық, орыстық және кеңестiк өлшемдер тұрғысынан, олардың әдiс-құралдары негiзiнде жазылуға тиiс болды. Ұлттық тарихнама өз бетiн iздеу және табу мүмкiндiгiнен айрылды. Зерттеу жұмыстарын орыс тiлiнде жүргiзу, орыстық және батыстық құндылықтарды дәрiптеу және насихаттау, керiсiнше өз өткенiңдi қомсыну, мiсе тұтпау қалыпты жағдайға айнала бастады.

Тарихнама шын мәнiнде саясатқа кiрiспе мiндетiн атқарды. Сөйтiп өз беделiнен айрылды. Бүгiн бiз тарихнама iргелi ғылым саласына айналуы үшiн ең алдымен саясаттан өз iргесiн бөлек салуы қажет дегенде осы жағдайды айтамыз. Тарих саясаттану емес. Ол барлық ғылым салалары сияқты өз зерттеу әдiс-құралдары бар, шынайы тарихи процестi баяндауды ғана мұрат тұтқан iргелi ғылым саласы болуға тиiс. Ал саясаттану бұл қолданбалы ғылым. Бұл екi ұғымды шатыстыру қателiкке ұрындырады.

– Ал бүгiнгi ғылымдағы жағдай қандай?

– Ұлттық тарихнама, оның методологиялық құралдары өзгеру жолында тұр. Қайсыбiр тарихшысымақтар отандық тарихнама дағдарыста деп бiраз даурықты. Осы айқайға басатындар қазiр де табылады. Бүгiн бiз нақты iстiң заманында өмiр сүрудемiз. Олай болса өзiң не тындырдың? Мұндай сауалға жауап беруге келгенде iркiлiп қалатындығымыз тағы бар.

Кемшiлiктер де жеткiлiктi. Мәселен, жаңа зерттеу құралдарын, ұстанымдарды игеру iсiнде баяумыз, құлықсызбыз. Отандық тарихты зерттеуде жаңа әдiстер мен ұстанымдарға көшпей тұщымды нәтижелерге жету мүмкiн емес. Сондай-ақ, мәселен ұлттық болмыс пен оның психологиясын зерттеуде де атқарылмай жатқан iстер шаш-етектен. Бұл тақырыпты игерудi тарихшы мамандардың бастағаны дұрыс болар едi. Сол сияқты қазақ топырағындағы ақыл-ой тарихын, интеллектуалды тарихты жаңа сапаға көтеруде кешеуiлдеп жатырмыз, т.с.с.

Интеллектуалдық тарих дегеннен шығады, бiзде бүгiн халық алаш зиялыларымен әрқашанда, барлық мәселеде бiр болды деген пiкiр бар. Бұл негiзiнен дұрыс айтылған ой. Негiзгi мәселерде (мемлекет, жер, бiлiм ж.б.) бiр болғаны рас. Сонымен бiрге халықтың Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы, айтқандай «өздi-өзiне мықты», «өзге десе көнгiштiгiн», «бiр күндiк», «бүгiншiлiк» мiнезiн есепке ала бермеймiз…

– Әлекең мен Ахаңдар бастаған Алаш зиялылары өз мiндетiн тиесiлi дәрежеде орындай алды ма?

– ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының ой-өрiсi, бiлiм-билiктiлiгiнiң дәрежесi өзi тақылеттес елдердегi әрiптестерiмен салыстырғанда ешқайсысынан кем болған жоқ. Тiптен халықаралық, әлемдiк деңгейде болды десем асылық етпес. Дәлел ретiнде мынандай фактiнi келтiрсем деймiн.

Өткен ғасырдың басында қазақ зиялылары ұлттық идеологияны қалыптастыруды қолға алды. Өйткенi ұлттық идеясыз бар қазақты жұмылған жұдырықтай күшке айналдыру мүмкiн емес едi.

Ұлттық идея деген не өзi? Бұл белгiлi бiр тарихи кезеңде ұлт алдында тұрған мiндеттер. Соларды белгiлеу зиялылар мiндетi. Қандай өзектi мәселелер шұғыл шешуге мұқтаж, соларды iрiктеп, қорытып қоғам алдына, билiк алдына қою зиялылар үлесiнде.

Өткен ғасыр басындағы зиялыларымыз бұл ретте өз мiндеттерiн орындай алды. Олар әбден негiздi «қазақ ұлтшылдығы» идеясын қалыптастыра алды.

– ХХ ғасырдың сол кезеңiнде мұндай құбылыс әлемнiң бiрқатар елдерiнде орын алды емес пе?

– Ұлттық идеология дүние жүзiнiң отарлық езгiдегi көптеген елдерiнде қалыптасты. Солардың бiразын мысалға алар болсақ Түркияда «Жас түрiкшiлдер» шықты. Үндiстанда Ганди бастаған ұлт патриоттары Үндi ұлттық конгресiн құрып, ұлт-азаттық қозғалыс теориясы мен практикасын қалыптастарды. Мынау iргемiздегi Қытайдың өзiнде ше. Сун Ят Сен бастаған ұлттық жаңғыру қозғалысы шамамен осы уақытта жүрдi емес пе? Осы және басқа да елдердегi ұлт зиялылары отарлық және феодалдық мешеулiктен арылмай, өз халықтарының тұрмысын жаңа сапаға көтеру мүмкiн еместiгiн анық сезiндi. Осындай әлемдiк үрдiстер бiздiң елде, қазақ топырағында да жүрдi. Осы негiзде концептуалдық тұрғыдан «қазақ ұлтшылдығы» өмiрге келдi.

– Сонымен «қазақ ұлтшылдығының» түп тамыры ХХ ғасырдың басында болды ғой.

— Қазақ ұлтшылдығы – санадағы патология емес. Өмiрлiк негiздерi айқын құбылыс. Француз социологтары осыдан бiраз бұрын-ақ мынаған көз жеткiзген: егер елге келген келiмсек мигранттардың үлес салмағы жергiлiктi халықтың 17% асып түссе, сондай-ақ олардың сыртқы түрi, тұрмыс-салты, дiлi мен дiнi жергiлiктi жұрттан тым өзгеше болса, онда соңғылары өздерiн оккупация жағдайындағыдай сезiнбек. Патшалық переселен саясатының нәтижесiнде қазақ жерiне iшкi ресейлiк губерниялардан көшiп келгендердiң үлес салмағы 1914 жылы 35% жеткен (қараңыз: Н.В.Алексеенко. А.Н.Алексеенко. Население Казахстана за 100 лет. 1897-1997 г.г. Усть-Каменогорск, 1999, с.26). Өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы қазақ басына түскен қырғындардан соң бұл көрсеткiш 47,7% көтерiлдi. Сондай-ақ бұл жай сандық басымдылық қана емес-тiн. Қазақ жерiнiң табиғи байлықтарын емiн-еркiн иемдену, ал халықтың өзiн орыстандыру процесi жүрiп жатты. Осының бәрiн көрiп және түсiне отырып қазақ саяси тобы үнiн шығармауға тиiс болды. Ал егер қарсылық танытса «ұлтшыл», ретроград атанып, репрессияға алынуы қалыпты құбылысқа айналды. Сөйтiп әрбiр Азамат отанына, әдiлдiкке араша түсу құқынан айрылды. Қазақ ұлтшылдығының түп-тамырын мiне осы ахуалдан iздеген жөн. Басын ашып айтатын бiр жай «қазақ ұлтшылдығы» кейiндеу большевиктер әлемге жар салғандай агрессияшыл, өзгеге көз алартқан құбылыс емес-тiн. Ұлтшылдықтың екi түрi бар. Олар халықаралық деңгейде, ғылыми әдебиетте айтылып та жүр.

Бiрiншiсi – агрессияшыл ұлтшылдық. Оның анықтамасы басқаның жерiн тартып алу, табиғи байлығын иемдену, шағын ұлттар мен ұлыстарды ассимиляциялау арқылы өздерiне сiңiрiп, ерекшелiктерiн жою. Ал «қазақ ұлтшылдығы» жоғарыда айтқанымыздай бұл топқа жатпайды. Оның өзектi жiбi, дiңгектi ойы, «менiң ұлтым өзгеден ерекше артық» деген оғаш пiкiрге саймайды. Мағжан ақынның «Ұлт үшiн жаным садаға» дегенiндей, елiм деген азаматтардың өркениетке ұмтылған жұртын, өзгелермен тең ету жолындағы жанкештi қызметке әзiрлiгiн бiлдiретiн ұстаным болатын. Яғни ұлтшылдықтың екiншi түрi, аяқ астынан сусып кетiп бара жатқан жерiн қорғау, ұлттық мемлекеттiгiн қалпына келтiру үшiн күрес деген мағынаны бередi. Егер мемлекеттiгiң болмаса, сен ештеңеге де ие бола алмайсың. Жерiң де, салт-дәстүрiң де, жалпы ұлттық құндылықтарыңның бәрi де адыра қалады. Қысқасы, өзiң кiрiптар болған мемлекеттiң құрамына сiңiп, ұлттық болмыс-сипатыңнан мүлдем айырыларың хақ. Сондықтан «қазақ ұлтшылдығы» бұл – қорғаныстық сипаттағы ұлтшылдық. Әлемдiк азаттық қозғалыс арнасында өмiрге келген «қазақ ұлтшылдығының» концептуалды деңгейдегi гуманистiк мазмұн сипатта қалыптасып, ұлт зиялыларының сенiмiне ие болып, олардың күрес қаруына айналуында Әлихан Бөкейханов бастаған озық ойлы қайраткерлердiң қызметi зор. Сонымен, қорыта айтқанда, ұлтшылдық бұл қазақ қоғамы жағдайында Ресей тарапынан төнген отаршылдық саясатқа жауап реакция. Соған жауап ретiнде қалыптасқан концептуалды ұстаным. Сол тұстағы ұлттық идея.

– Мәке, «қазақ ұлтшылдығының» шығуы мен қалыптасуынан бiраз сөз қозғадыңыз. Бұдан газет орқырмандары толық мағлұмат алары кәмiл. Ендi әңгiме арнасын репрессия тақырыбына қарай бұрсақ. Репрессия мен ұлтшылдықтың ара байланысы, ара қатынасы қандай?

– Орыс философы Н.Бердяев кезiнде «Ресей неге революциялық жолға түстi?», «Орыс социализмi қайдан шықты?» сияқты сауалдар тастап, оған өзi жауап iздеген. Ұлы философ Ресейде революция идеясының үстемдiк алуын бұл мемлекеттiң тарихи даму жолымен, ерекшелiктерiмен байланыстырады. Яғни Ресей еуропалық басқа елдермен салыстырғанда ортағасырлық крепостниктiк қатынастар жолында тым ұзақ мерзiм болған ел. Еуропалық елдер капиталистiк даму жолына ХVI-ХVII ғасырларда-ақ түсiп кеткенде, Ресей крепостниктiк тәртiп шырмауында 20 ғасырға дейiн қалып қойды. Крепостниктiк тәртiп мемлекеттiк қатыгез билiктi талап еттi. Ресейде мемлекеттiк билiктiң қатыгез түрi үстемдiк құрды. Көп пiкiрлiкке, түрлi ұстанымдарға орын қалған жоқ. Мiне осындай жағдайда Ресей интеллигенциясы мен большевизм сияқты саяси күштер революцияны қоғамдық мәселенi шешудiң негiзгi құралы, жалқы тәсiлi ретiнде таңдады. Басқаша айтқанда дүлей мемлекеттiк тәртiп өзiне лайық күрес тәсiлдерiн өмiрге әкелдi. Кейiн интеллигенция тарапынан көрiнген революциялық радикализмнен большевизм пайда болды. Айналып келгенде большевизм Ресейдегi крепостниктiк билiкке, крепостниктiк тәртiптке жауап реакция ретiнде өмiрге келдi. Егер бiз империя құрамындағы қазақ халқының жағдайын осы контексте алып қарасақ, онда сол репрессиялық шаралар мен науқандардың болмай қалмайтындығын байқаймыз. Қазақстан Ресей құрамына XVIII ғасырда бодан ретiнде қосыла бастады. Бұл процес ХIХ ғасырдың 60 жылдарында аяқталды. Патша үкiметi де, Кеңес үкiметi де Қазақстанда өз билiгiн жүргiзу iсiнде репрессиялық шараларды билеп-төстеудiң негiзгi әдiс құралы ретiнде таңдап алғанын көремiз. Бұл олар үшiн ең тиiмдi тәсiл едi. Қарсылық көрсетушi күштер болмаса – түрлi мәселерде жоқ.

Сонау ХVIII ғасырдың соңындағы патшалық билiкке қарсы Сырым Датұлының, ХIХ ғасыр Исатай Тайманұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Кенесары Қасымұлы бастаған көтерiлiстер бiрiнен соң бiрi бұрқ ете қалды. Бұл шын мәнiнде патшаның үстемдiгiне қарсы халықтық сипат алған қарсылықтар едi. Сол қозғалыстардың шығу себептерiн Кенесары Қасымұлының патша ағзамға арнайы жазған хатынан да анық байқауға болады. Ашынған Кенесары хан патшалық билiктiң ел iшiне орнығып алған әскери күштерi жиi-жиi ауылдарын шауып, адамдарын, туыстарын қанға бөктiрiп, зорлықпен малдарын тартып алып, тыныш жатқан елiнiң бей-берекетiн қашырып, дүрлiктiрiп жiбергенiн жазып, тыйым салуды ескерттi. Бiрақ оған құлақ асқан патша болмады. «Зорлығыма көнесiң, ал көнбесең солай күшке саламын» дегеннiң керiн келтiрiп, қырын қарап жатып алды. Шыдамның да шегi бар. Оның қорлығына құлақ кестi құлындай көне беретiн жан ба. Бес қаруын сайланып, атқа қонды. Қара құрым халқы қолдап соңынан ердi. Олар елдiң азаттығы үшiн көтерiлдi. Патшалық билiк сол Сырым Датұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстарды басу үшiн репрессиялық шараларды, репрессиялық актiлердi, қитұрқы тәсiлдердi құрал ретiнде пайдаланды. Кейiн осы саясатқа Кеңес өкiметi де көштi. Жалпы ХIХ ғасырдың өн бойында, Қазақстанда болған басқа да көптеген ұлт-азаттық қозғалыстарға қарсы, патша үкiметi осындай репрессиялық шараларды тұрақты түрде ауық-ауық жүргiзiп отырды. Өкiнiшке орай күнi бүгiнге дейiн патша үкiметiнiң тұрақты түрде жүргiзген сол репрессиялық саясатына, қолданған жазалау шараларына бiз әлi де саяси тұрғыдан заңдық дәрежедегi баға беру актiлерi арқылы жауап берген жоқпыз. Ал бұл баға берiлуге тиiс деп ойлаймын.

Осы мәселеге байланысты 1997-1998 жылдары Республика Парламентiнiң Сабыр Қасымов басқарған комиссиясы жұмыс iстедi. Сол жылдары орталық жүргiзген репрессиялық саясатқа байланысты көптеген материалдар жиналды. Бiрақ бәрi де аяқсыз қалды. Комиссияның патшалық және кеңестiк жүйелердiң репрессиялық шараларына берген бағасы түсiнiксiз себептерге байланысты қолдау таппады.

Ұлттың бас көтерер жетекшi саяси топтарына қарсы ауық-ауық репрессиялық науқандарды жүргiзiп отыру патшалық және кеңестiк жүйелердiң қалыптасып қалған үйреншiктi шараларының бiрi болатын. Тек ХХ ғасырдың өзiнде ғана билiктiң репрессиялық актiлерi 1907-1911, 1916-1922, 1925-1926, 1927-1932, 1933, 1937-1938, 1951-1954 жылдары iске асырылды. Яғни репрессия перманенттi түрде, бiрде жабық-жасырын, бiрде ашық,бiрақ үзiлiссiз жүргiзiлiп отырды. Тарихи фактiлер соған меңзейдi.

– Конституциясында барлық ұлттар тең, ерiктi елдер Одағы деп дәрiптелген кеңестiк жүйе жағдайында саяси репрессиялар не үшiн жүргiзiлдi? Билiк жасаған соншалық көп қуғын-сүргiннiң қандай мақсаты бар едi?

– Сол саяси репрессиялардың негiзгi себептерi мынада. Кеңестiк билiк өзге елдермен қатар Қазақстанда да экономикалық реформаларды үстi-үстiне жеделдете жүргiздi. Әсiресе бұл Кеңес өкiметiнiң алғашқы 20-30-шы жылдар шежiресiнен анық байқалады. Большевиктiк партияның саяси күш ретiндегi ерекшелiгi ылғи да орындалуы қиын глобалды мәселелердi қоғамға жүктеп отыруында едi. Ал қоғам соған дайын ба? Дайын емес пе? Үлкен iстердi жүзеге асыруға күшi жете ме, жетпей ме? Ұрандатқыш, ұр да жық, кеудемсоқ партия көп жағдайда мұндайды пайымдап, ескере бермедi. Қалың қауымға «Индустриализация!», «Коллективизация!», «Мәдени революция!» деген ұрандар тастап, көзсiз атойлады. Қоғамды әлеуметтiк-экономикалық жағынан көтеру мақұлдарлық iс. Алайда соларды қоғамға тиiмдi, тыңғылықты даярлықпен, онсыз да жүдеп-жадаған халыққа ауыртпалығын түсiрмей өз жөнiмен, ыңғайлы ретiмен жүргiзсе қанеки. Ұлт зиялылары соның жөнiн айтып, большевиктердiң жолдарына кесе көлденең тұрды.

Пролетариат диктатурасы жөнiндегi лениндiк теория билiк алдында шексiз үстемдiкке, яғни зорлық пен қиянатқа жол ашты. Билiк басындағы В.И.Ленин, кейiннен И.В.Сталин жасаған тұжырымдарға қарсы уәж айту немесе оларды қазақ шындығына байланысты сынға алу тiптен де мүмкiн емес саналды. Сондағы лениншiлдердiң тезисi «большевиктер мәдениет әкелушi, жарылқаушы, ағартушылар, бiр сөзбен айтқанда құрып, жойылып кетуден құтқарушылар. Ал олардың пiкiрiне күмән келтiрушiлер – тез арада жойылуға тиiс халық жаулары». Бұл өзге еркiн ойды, дәлелдi пiкiрдi репрессиялауға жол ашқан саяси мемлекеттiк ұстаным едi. Ал оған қарсы тұрған тұлғалар мiндеттi түрде қуғын-сүргiнге ұшырап отырды. Бұл ретте, мәселен, М.Сұлтанғалиев, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Сәдуақасов, Ы.Мұстамбаев, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов сияқты тұлғалардың тағдырын еске алу жеткiлiктi. Оппозициядағы Алаш зиялыларының өмiр жолы жөнiнде айтпай-ақ қояйын.

Кеңестiк репрессия саясатының тағы бiр ерекшелiгiне ерiксiз назар аударуға тура келедi. Ол кезiнде Т.Седельников сияқты орыс зиялысы айтқан ұлыдержавалық большевиктiк «бонапартизм». Жаңа империяшылдар қазақ сияқты жұрттың табиғи-тарихи ерекшелiктерi мен соған лайық өз даму жолы болатындығын қаперiне де алғысы келмедi. Қазақ қоғамын қайта жаңғырту iсiн (модернизация) олар ультиматумдық астарда қойып, жүргiздi. Басқаша айтқанда, модернизация орыстану жолын қабылдау арқылы жүруге тиiс болды.

Сұхбаттасқан Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ