Жаңалықтар

ҚАЗАҚТЫ СОҒЫСТАН СОҢ ДА АЛАЛАҒАН

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚТЫ СОҒЫСТАН СОҢ ДА АЛАЛАҒАН

1942 жылы жазда бомбаланған Жәнiбек ауданы көпке дейiн жоғарыдан көмек күтiп едi

Осы кезге дейiн фашистерге қарсы соғыс тек орыс, украин, беларус жерлерiнде ғана болды деген ұғым басым. Ол негiзсiз де емес, славян тобына жататын үш ұлттың гитлершiл жауыздардан өлшеусiз зардап шеккенi аян. Миллиондаған адам қырылып, мыңдаған қала, село, хуторлар жойылды. Соғыстан кейiн көпшiлiгi қалпына келтiрiлгенмен, қайтып еңсе көтере алмағандары қаншама?!

Ал ендi қазақ жерiнде ұрыс қимылдары болды ма? Ол жайлы не бiлемiз?

Шыны керек, кезiнде Қазақстанның батыс аймағындағы базбiр елдi қоныстар жау шабуылына ұшырады дегенге онша иланбай, илансак та мән бермедiк (қазiр де көңiл онша сене бермейтiнi рас). Бiрлi-жарым алыпқашты ауызекi сөздер болмаса, баспасөз беттерiнде жарытып ештеме жазылмады. Бұдан бiраз жыл бұрын, Ұлы жеңiстiң 30 жылдығын мерекелеуге 4-5 ай қалғанда «Мәдениет және тұрмыс» (қазiргi «Парасат») журналының редакторы соғыс ардагерi Мұса Дiнiшев кезектi жиында «Қазақстандағы бiр ауданға фашистер бомба тастаған дегендi құлағым шалушы едi, рас екен. Кiм барады? Қол көтерсiн,– дедi қызметкерлерге жағалай көз тастап (жаңа жылдық саннан бастап 30 жылдыққа қатысты материалдар берiле бастаған-ды).

Редактордың айтып отырғаны – қиыр шеттегi Жәнiбек ауданы, Батыс Қазақстан облысында. Ресейдiң Волгоград облысымен шектеседi. Орал қаласынан 700 шақырымдай. Мен елден бұрын қол көтерейiн. Мұсекең:

– Сен, немене, соғысқа қатысып па едiң? – дедi салқын қабақпен сүзiле қарап, соғысқа қатыспағанымды бес саусақтай бiлсе де.

Оның мынандай жауапты сапарға соғысқа қатысып, майданды көзiмен көрген адам барса деп отырғанын түсiне қойған жұрт тым-тырыс бола қалды. Редактормен құрдассынып сөйлей беретiн Жекең Жұмақанов:

– Менiңше, соған өзiңiзден лайық ешкiм жоқ-ау деймiн, – дедi көздерi күлiмдеп. – Әйтпесе…

– Немене, әйтпесе? – деп Мұсекең оның сөзiн бөлiп жiбердi. – Соғысқа қатысқанмын, мен барайын дейсiң бе?

– Жо-жоқ, – деп ыршып түстi Жекең. – Батыс өлкенi жақсы бiлесiз дегенiм ғой, өзiңiз сол жақтансыз, әйтпесе…

– Әйтпесең таусылмайды екен, – деп Мұсекең селк-селк күлдi. Оған менiң батыстан екенiмнiң қатысы қанша?

– Өтебай да соғыста болған ғой, – деп күмiлжiдi Жекең.

– Өзiне қатысты айтылатын сөздiң бәрiн заң деп ұғатын Өтекең:

– Жарайды, мен барайын, – деп елп еттi танауын көтере.

– Солай ма? Келiстiк, – дедi Мұсекең. – Менiң де қалауым сен едiң. Бұйрық әзiрле, – деп маған қарады.

– Ал сен, – дедi Жекенге қарап. – Келесi аптада Мыльников (фототiлшi) екеуiң Мәскеуге ұшыңдар. Шайқасқа сол жерден кiрiстiк деп жүрушi ең ғой. Мерзiм бiр ай. Бiр айдың iшiнде Мәншүк, Әлиямен бiрге болған жерлерiңнен бастап, бүкiл майдан жолыңды түгел аралап, суретке түсiрiңдер. Сосын өзiң очерк жаз.

–Жарайды, – дедi Жекен лыпыл қағып, – Апырай, Мұсеке, бұл идея басыңызға қалай келдi? Бүгiн жүрiп кет десеңiз де дайынмын.

– Соғысқа қатысты кейбiр фотосуреттердi госархивтен өзiм аламын, – дедi редактор. – Сендер де сол жақтағы бiреу-мiреулерде фотосуреттер болса, қарастыра жүрiңдер. Материал сапалы болсын. Асығып-үсiкпеңдер.

Сөйтiп, Өтебай Қанахин Жәнiбек ауданына, Жекен Жұмақанов (фототiлшi екеуi) Мәскеуге кеттi. Сонымен бiраз күн өткен соң Өтебай «Жау бомбасы түскен жер» деген мақала, соғыста болған жерлерiн түгел аралаған Жекен Жұмақанов көлемдi очерк жазып әкелдi.

Арадан жылдар өткенде – 1990 жылғы мамырда – Жәнiбек ауданына менiң де жолым түстi. Отан соғысының жалыны шарпыған қазақ жерiн көру арман болатын. Мезгiл мамырдың ортасы. Аудандық атқару комитетi төрағасының бiрiншi орынбасары (ол кезде одақ әлi тарамаған) Амангелдi Уәлиев екеумiз селоны аралап жүрмiз.

– Соғысқа тек аудан орталығы ұрынды, басқа елдi қоныстарды қамтыған жоқ, – дедi Амангелдi темiржол стансасына таяғанымызда. – 1942 жылғы шiлде, тамыз айларында Сталинград жау қоршауында қалды. Жаудың бомбылау картасында стратегиялық маңызы зор бiздiң аудан бар екен. Мұнда Сталинград шайқасында жараланған жауынгерлер мен соғыстан зардап шеккен бейбiт тұрғындар лек-лек боп келiп жатады. Соны тынымсыз бомбылады. Дүние астан-кестең. Ауданның басқару мекемелерi селоның шығыс жағына, орта мектептер мен балалар үйi және бiраз бейбiт тұрғындар Ұзынкөл, Ақоба ауылдарына көшiрiлдi. Бомбылау 1942 жылдың қазан, қараша айларына дейiн созылды. Бұл аралықта бiрқатар маңызды обьектiлер мен 200-дей тұрғын үй қирады, бүлiндi. Су тартатын станса мен мұнай базасы қатты зақымданды. Бiрақ халық асып-сасқан жоқ, әуеден тастаған қағаздағы араңдату сөздерге елiкпедi, дұшпанға бiр кiсiдей жұмылып қарсы тұрды. Малын бағып, егiнiн өсiрiп, бүлiнген обьектiлердi түзетiп, қалпына келтiрумен айналысты. Сталинградты басып алған фашистердiң өздерi қоршауға түскен соң сейiлдi. Жұрт бейбiт тiршiлiкке кiрiстi. Құдай жарылқап, кiсi шығыны болмады, ал материалдық зиян шаш етектен.

Осылай деген Амангелдi темiржол стансасының iргесiндегi үш-төрт қазаншұңқырды нұсқап: «Мiне, жау бомбасынан қалған ескерткiш-белгi осылар, кейiнгi ұрпақтар бiле жүру үшiн әдейi сақталған», – дедi. Ернеуiне селдiр шөп өскен апандай қазаншұңқырлар ажал елесiндей үңiрейедi.

Сол жылдары үкiмет тарапынан республикадағы ең артта қалған аудандардың тiзiмi жасалып, жәрдем көрсету үшiн бiраз нақты шаралар iске асырылып жатқан-ды. Солардың бiрi – Жәнiбек ауданы-тын. Олардың жағдайы мүшкiл болғанда да тiптi қиын екен. Елдi мекендер арасында бiрде-бiр жөнi түзу жол жоқ, мәдениет мешеу, экономика төмен, кадр тапшы, тұрмыс құлдыраған, ауру-сырқау дендеген.

Жәнiбекке көршi ресейлiк Палласовка ауданы да соғыс кезiнде орасан зардап шегiптi, адам шығыны болыпты. Онда әдейiлеп барып жай-жапсармен таныстық. Ауыл-селоларды араладық. Қайсыбiр елдiмекенге барсақ та, су жаңа ақ шаңқан үй, асфальт көше, жайнаған бау-бақша, мәдени-тұрмыстық жағдайлардың бәрi жасалған, соғыстың iзi жоқ. Олармен салыстарғанда Жәнiбек ауданының орталығы әлi сол баяғы бомба түскеннен кейiнгi қираған қалпында дерлiктей. Ау, бұл қалай? Қатар жатқан екi аудан, екеуi де бiр мемлекетке қарайды. Бiрi — кенiш, бiрi — кемiс. Әдiлдiк қайда?

– Бiздiң бастан кешiп келе жатқанымыз өгей баланың күйi, – дедi Амангелдi өңi кұреңiтiп. – Соғыстан кейiн мемлекет бүлiнген халық шаруашылығын қалпына келтiру үшiн Палласовскаға 10 млн. сом көмек жасады, бiзге көк тиын берген жоқ. Бұл қалай дегенге «тiзiмде жоқсыңдар» дедi. Сондай да сөз бола ма екен? Соғыс қияметiне ұшыраған аудан неге тiзiмде болмайды? Одан кейiн де талай айттық, жаздық, Мәскеуге шейiн бардық, ешкiм құлақ аспады. Волгоград облысындағы соғыстан зардап шеккен басқа аудандар да қазiр кiсi танымастай гүлденген, өскен, өркендеген. Жер қауып отырған бiз ғанамыз, – деп Амангелдi күлген болды.

Бiрақ бұл жетiскен адамның күлкiсi емес едi. Неге? Әдетте соғыс қимылы Еуропа мен Ресейде өрбiп, олардағы түсiнiк санаға сiңгелi қашан? Қазақстан ше? Бәрiнен тыс, бейтарап қалып па едi? Жауға атылған әр он оқтың тоғызы осында жасалғанын былай қойғанда, тiптi бiр аудан көлемiнде болғанның өзiнде де, соғыстың аты соғыс емес пе? От жалынға оранғанының егжей-тегжейлi зерттелмей, айтылмай, жартылай жабық күйде қалып келе жатуының себеп-салдары, сыры неде, ағайындар? Соғыс азабын тiкелей тартқан елдi мекен ретiнде «тiзiмге енбегендiктен» шөмiштен қағылып, басқаларға бұйырған сыбағадан көпе-көрiне құр қалғаны несi? Ендi осылай қала бере ме, әлде, әлi де «ештен кеш» деп ғайыптан бiр серпiлiс болар ма екен? Болса, қандай серпiлiс? Әлде қырық-елу жылдан кейiн иесiн тауып жатқан орден, медальдарға ұқсап, Ұлы Жеңiстiң әлдебiр мекересiнiң шарапаты тиiп қалар ма екен?!

Зәкiр АСАБАЕВ