АЛТЫНСАРИН ТРАГЕДИЯСЫНЫҢ АЙНАЛЫП СОҒУЫ ҚАЗАҚ ҮШIН КҮРЕС ЕЛIМIЗДЕ ТҰЙЫҚҚА ТIРЕЛIП ОТЫР

АЛТЫНСАРИН ТРАГЕДИЯСЫНЫҢ АЙНАЛЫП СОҒУЫ ҚАЗАҚ ҮШIН КҮРЕС ЕЛIМIЗДЕ ТҰЙЫҚҚА ТIРЕЛIП ОТЫР

АЛТЫНСАРИН ТРАГЕДИЯСЫНЫҢ АЙНАЛЫП СОҒУЫ ҚАЗАҚ ҮШIН КҮРЕС ЕЛIМIЗДЕ ТҰЙЫҚҚА ТIРЕЛIП ОТЫР
ашық дереккөзі

Тарих тоқтамайтын, дегенмен дүркiн-дүркiн қайталанып отыратын құбылыс. Әлбетте, әр сәтi, әрбiр нүктесi баяғыдай дәлме-дәл қайталана да қоймас, сөйте тұра негiзгi бағыт-бағдары, iшкi терең ағыстары мен астар-мағынасы, жалпы сипаты қисынды түрде заманалардың тоғысында қайта соққан толқындай айналып келуi ықтимал.

Күрделi, қазақ халқының басына сын сағаты болып соғатын оқиғалар тоғысы соңғы ғасырларда жиi-жиi қайталануда. Осындай әрбiр тарихи сәтте алаш жұртының халық ретiнде бұдан әрi өмiрде қалу-қалмауы аяусыз уақыт таразысына жиi салынатыны ойлы адамның зығырданын ерiксiз қайнатады. 2006 жылы 22 маусымда Ресей Федерациясының президентi Владимир Путин «Шет елдерде тұратын отандастардың Ресей Федерациясына өз ерiктерiмен қоныс аударуына көмектесу шаралары туралы» тарихи Заңға қол қойды. Бiрнеше ғасырлар бойы маңайындағы мемлекеттердi жаулап, бұғаулауды мақсат тұтқан, отары неғұрлым көп болса, метрополия соншалықты қуатты деп санайтын Ресей ендi төрткүл дүниенiң түкпiр-түкпiрiне тарыдай шашыраған қандастарын тарихи отандарына керi шақыруға мәжбүр болды және қоныс аударғандары үшiн айтарлықтай көлемдi қаржы төлеуге бел буды. Осы ретте ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы атақты Столыпин реформасы тұсында отар елдерiндегi орасан зор байсын жерлерге қоныс аударған қара шекпендiлерге – мұжықтар мен мещандарға, көпестерге Ресей ақшалай, заттай қомақты көмек бергенi, түрлi жеңiлдiктер жасағаны белгiлi. Өткен ғасырдың ортасындағы тың игеру жылдарында да игерiлген аймақтардағы байырғы халықтардан гөрi, келiмсектерге қомақты ақша берiлiп, қолдан келген барша жағдайлар жасалған. Патша үкiметi де, кейiнгi қанқұйлы коммунистердiң тоталитарлық жүйесi де нелiктен байырғы тұрғындар емес, келiмсектерге барша жағдайды жасауға ұмтылды, оларды ерекшелеп алды?! Екi жүйе де осынау ұлан-байтақ өлкелердi мәңгiлiк уысымыздағы жерлер, бөлiнбейтiн еншiмiз деп ұққаны кәмiл, бұған өздерiн сендiргенi сөзсiз. Ал түптiң-түбiнде өз иелiгiнде қалатын жерлер үшiн ешқандай амал-айла, шығыннан қашуға болмайтынын да әбден есептеп қойған. Ол жерлердi мәңгiлiк иелiгiнде қалдыру үшiн не iстеу керек? Әлбетте, байырғы халықтың тiлiн, дiнiн өзгерту, метрополиямен бiртұтас етуге күш салулары қажет болатын. Билiктiң мұндай аярлыққа толы, екiжүздi саясаты туралы осыдан 81 жыл бұрын, 1926 жылдың 29-қазанында Ташкент шаһарында педагогтiк жоғары оқу орнының ашылуына арналған салтанатты мәслихатта сөйлеген Қазақстан Халық ағарту комиссары Смағұл Садуақасов ашып әрi ашынып айтқан болатын. Өз баяндамасына «Жоғары оқу орнының Қазақстан үшiн маңызы» деп айдар қойған арыс азамат: «Атыраудың айдынынан Қытайдың атырабына дейiн шалқып жатқан кең жазира өлкемiздi – орыс саудагерлерi мен орыс буржуазиясы тек ауыздан сiлекей шұбыртқан дайын ас деп ұғынатын. Батыс Еуропа ұстанған саясатпен салыстырғанда Ресейдегi мұндай саясат – мейлiнше мешеу, мейлiнше дөрекi, жетесiз саясат болатын. Ресей империализмi өзiнiң iшкi мүмкiндiгiнен гөрi отар елдердiң сүлдерiн сығып алу арқылы нәр алып, өркен жайған империализм болды… …Қазақ сахарасын жаулаудың әдепкi кезеңдерiн еске алып көрелiкшi! Патшалы Ресейдiң ол кездегi көкейiн тескен арманы не едi? Әрине, ол армандап бақты! Бiрақ оның бар арманы қазақты орыстандырып, православие дiнiне мойынсындырсам дегеннен әрi асып жығылған жоқ», – деп сол кездегi құйтырқы саясат туралы ашығын әрi әдiлiн айтты. Патшалы Ресей болсын, қанқұйлы коммунистердiң қызыл империясы болсын «қазақты орыстандырып, православия дiнiне мойынсындырсам» деген арманнан ешуақытта бас тартқан емес. Тiптi, 1961 жылы баяндама жасаған Н. С. Хрущев ендi он тоғыз жылдан соң КСРО-да коммунизм орнайтынын және бiр ғана тiл — коммунизм құрылысшыларының тiлi – орыс тiлi ғана қолданыста қалатынын мәлiмдегенi де тарихи факт.Алып империяның түкпiр-түкпiрiндегi барша коммунистер ұлтына, нәсiлiне, жынысына қарамастан осы мақсатқа жаппай жұмылдырылып, жар құлақтары жастық көрмей жұмыс iстедi. Және қазiргi уақыт кезеңiнен қарағанда, олардың осы жанталастары мен өз халқына жасаған опасыздықтары iз-түзсiз кетпеген екен. Басқа ұлттарды кiм бiлсiн, әсiресе, қазақтар үшiн! Қазiргi таңда 2 млн. қазақ өзiнiң ана тiлiн бiлмейтiн, оған қоса, 500 мың қандасымыз өзге дiндердi қабылдаған көрiнедi. Ондаған мың жастар аралас некеге тұруда. Бұдан асқан ұлттық қасiрет болмайды! Әлгiндейлерден тараған ұрпақтар қай тiлде сөйлейдi, қай дiндi қабылдайды?! Мiне, мәселе қайда?! Бұл жеке адамдардың трагедиясы ғана емес, тұтас ұлттың – қазақ ұлтының жаппай дертi, бұдан әрi көз жұмып қарауға болмайтын iндет! Тiптi, қан төгiссiз жүзеге асырылған геноцид. Бiр кездегi коммунистердiң «болашақ бақытты, азат қоғамда дiн болмайды», «дiн –апиын» деген әсiре атеизмi де айналып келгенде адамдарды, әсiресе, өзге дiндегi жұртты жаппай алдау ғана болып шықты. Соңғы жылдарда Ресейдегi билiк пен саясаткерлердiң бәрi дерлiк православие шiркеулерiне барып ғибадат етудi жаппай үрдiске айналдыруына қарағанда, олар сол кезде-ақ агрессияшыл атеизмнiң көмегiмен өзге ұлт пен ұлыстарды тарихи дiнiнен айырып, ассимиляцияға ұшыратуды ежелден-ақ дiттегендерi әшкереленiп отыр. Амал қанша, бұрынғы отар елдегi талай азаматтар осынау өтiрiк екiжүздi саясатқа имандай сенiп, шын иланған-ды. Небiр азаматтар «болашақ бақытты қоғам» үшiн бар күш-жiгерiн, бiлiм-бiлiгiн аямай әрекет еттi. Ақыр соңында өмiрлерi iшкi драма, қасiреттi трагедиямен аяқталды. Бұған мысал көп. Өз ұлтынан қол үзген, туған халқының жан-дүниесiн, арман-мүддесiн аяққа таптағандар бәрiбiр рухани жарымжан боп қалатыны рас. Осы тұста Смағұл Садуақасовтың жоғарыда аталған баяндамасынан ұзақтау үзiндi келтiруге тура келедi. Мұнымыздың нақты себебi де бар, өйткенi, сол бiр арыс азаматтан асырып айтуға, жетеге жеткiзiп жазуға қауқарсызбыз. Сонымен С.Садуақасов: «Өткен ғасырдың екiншi жартысында өмiр сүрген Алтынсарин – орыс мәдениетiне көршi қонған алғашқы қазақтың бiрi. Бiреуден қаймыққандықтан емес, өзiнiң ар-иманымен православие миссионерлерiне көмектескен адам, орыс-қазақ мектептерiн ұйымдастырған да, қазақ жазуын орыс әлiппесiне көшiрудi көздеген де осы кiсi. Ол әйгiлi орыс миссионерi Ильминскийдiң досы болған, соған қалтқысыз қызмет еткен. Мiне, дәл сол Алтынсариннiң өзi өлер алдында өзiнiң қазасын аза тұтуға бiрде-бiр орыс адамы араласпасын, тiптi, маған етене жақын жүрген болса да араластырмаңдар деп тапсырған. Жаназама 99 молда шақырыңдар деп өсиет қалдырған. Бұл, әрине, көзi ашық деген зиялы қазақтың басындағы трагедия едi. Орыстармен ұзақ жыл үзеңгiлес өмiр кешкен кiсiнiң көңiлiне түйгенi, орыс миссионерлерiнiң қазақ жұрты үшiн еш жақсылық ойламайтынына әбден көзi жеткен пенденiң көкiрегiндегi қасiрет болатын. Бәлки, бұл оның тiршiлiкте өз қолымен жасаған күнәсiн қазақ деп қарыс айырылған жүрегiнiң жантәсiлiмдегi айыптауы болар. Қалай болғанда да ол бәлен жыл бiрге iстеп, бiте қайнасқан орыс ымыраластарынан безген. Бұдан дарыны да елге жайылған, даңқы да асып түспесе кем түспейтiн тағы бiр қазағымыз өткен ғой. Ол – Шоқан Уәлиханов. Бұл– орыстың Шығыстағы адал күрескерi болған. Уәлиханов патша үкiметiнiң соғыс министрлiгiне дерек жинау үшiн Қашқарияға сапар шеккен. Түркiстанды шапқан аты шулы генерал Черняевтiң отрядында офицер болып қызмет еткен. Ендi осы Уәлихановтiң дүниеден өтердегi харекетiне бақсақ, оның да ақыры Алтынсаринше тынғанын көремiз. Ол да өмiрiнiң соңында барлық орыс достарынан безген, орыс армиясының осынау бiр сымбатты офицерi кең қолтық қазақ шекпенi мен қырдың саптама етiгiн киiп, сахараның шалғайындағы бiр ауылда бұл пәниден өткен… Жұртымыздың ұйқыдан оянуының таң сәрiсiнде тiршiлiк кешкен зиялы қазақтарымыздың мәдени Еуропамен қалай араласып, не харекет еткендiгiн байқау үшiн осы екi мысалдың өзi-ақ жеткiлiктi ғой деп ойлаймйз. …Алтынсарин мен Уәлихановтың басына төнген iшқұста қасiрет сол кiсiлердiң өзiмен бiрге о дүниелiк болған шығар деп үмiттенемiз қазiр», – деп жаны тебiрене, жүрегi жылап тұрып айтқан. Бiрақ, арыс азаматтың үмiтi ақталмағаны толық анықталды. Путин қол қойған әлгi заңнан кейiн-ақ бұдан былай қазақ өмiрi басқаша сипат-нағыз ұлттық сипат алады деп үмiттенгендердiң де сенiмi көкке бу боп ұшты. Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсарин өз халқынан қол үзгенiн, оның дiлiне қарама-қайшы әрекет еткендерiн өмiрiнiң ақырғы сәттерiнде трагедиялы түрде мойындаса, коммунистер мен олардың қолшоқпарлары тәрбиелеп өсiрген жаңа ұрпақ ондайды ойға да алмайды. Көптеген адамдар өзiнiң туған халқынан бiржола қол үзiп, дүбәра болып, мешеу күн кешiп жүргендерiн қаперге алғысы жоқ. Иә, бұл қалпымызда жеке адамдардың трагедиясы бұдан былай да жалғаса беретiнi сөзсiз. Ең бастысы, әлгiндейлер жеке өз бастары ғана емес, маңындағылар, туған-туыстары, қандастарының да өмiрi осылайша трагедияға ұласқандығын пайымдағысы жоқ. Өмiрде iзсiз кететiн ештеңе болмайды, кейбiреулердiң ана тiлiн бiлмеуi, өз ұлтын мойындамауы да еш iз-түзсiз кете қоймасы хақ. Мiне, осы тұста әрбiр азаматтың өз Отаны, туған халқы, ата-бабалары, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершiлiгi мен парызы келiп туындайды. Әсiресе, билiк жүйесi мен сол жүйеге қызмет ететiн жоғары, орта, төменгi буындағы шенеунiктердiң мойнындағы азаматтық борыштары шексiз. Өздерiне иман, ынсап, ұлтжандылық, халық үшiн еңбек етуге құлшыныс бермесе, жүздеген мың шенеунiктiң әрбiрiн күнәсiнен арылтуға 99 молдадан табыла қоймайтыны да сөзсiз. 2007 жылдың 2 ақпаны күнi Ақтауда жарық көретiн «Ар» газетi Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрi Ермұхамет Ертiсбаев мырзамен екi ауыз сұхбат жариялады. Министр әр сабаққа 500 теңгеден төлеп, күнiне бiр-бiр жарым сағат қазақ тiлiн оқып-үйренiп жүрген көрiнедi. «Құдай қаласа, «Бiр-бiр жарым жылда таза қазақша сөйлеймiн» деген үмiтiм бар», – дейдi ол. Маладес, министр мырза! Бiрақ, осындай жандар, туған халқы алдындағы азаматтық борышын мойындағандар қазiр қоғамда көп пе?! Әй, саусақпен санарлық шығар-ау. Ең сорақысы сол, әлгiндей дүбәралар қазақ тiлiн оқып-үйренгендерi үшiн болашақта мемлекеттен ақша алуға ұялмайтын сұры бар. Өздерiнiң азаматтық борыштарын, қасиеттi парыздарын кезектi рет ақшаға сатпақшы! Елiмiздегi мемлекеттiк тiл жөнiндегi орашолақ саясат ертелi-кеш осындай қисынсыздыққа әкелiп тiрегелi отыр. Қарапайым халықтан жиналған салықтан жырымдаған, яғни сiзбен бiздiң қалтамыздан алынған ақшаға олар ана тiлдерiн қайта үйренбекшi. Отан, өз ұлтының алдындағы адал борышын атқаруға қауқарсыздар түптеп келгенде күнәларын қалың қазақтың есебiнен жуып-шаюға мүмкiндiк алғалы отыр. Айтпақшы, қаңтардың 30-ында Маңғыстау облысының әкiмi Қырымбек Көшербаев мырза Ақтау қаласының әкiмi Сәлiмгерей Бекбергеновке: «Мен сенi Оралда жақсы жұмысыңмен көзге түскен соң осы жерге әкелдiм. Бiрақ «Өмiр бойы сенi арқалап жүремiн» деп мойныма мiндет алған жоқпен», – деп қатаң ескерту жасағанын облыстық телеарна бiрнеше рет қайталап көрсетiптi. Қызмет бабына байланысты қисынды, орайы келгенде айтылған сөз, қатаң талап шығар, ал өкiнiшке қарай, қазақтар мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiндердi бұдан былай да өмiр бойы арқалап жүретiн секiлдi. Неге екенiн кiм бiлген, әйтеуiр билiктiң маңындағы шенеунiктердiң көбi қазақ бола тұра өз ана тiлiн бiлмейтiндер болып келетiнi заңдылық ретiнде қалыптасты ғой. Өткен аптада Мәжiлiстiң жалпы отырысында Энергетика және минералдық ресурстар министрiнiң орынбасары А.Сатқалиев пен Сыртқы iстер министрiнiң орынбасары Ержан Қазыханов мырза өздерiне қарата қазақ тiлiнде қойылған сұрақтарға орысша жауап бергенiне әбден ызаланған депутат Тито Сыздықов баяндамашылар келесi жолы мемлекеттiк тiлде жауап бере алмаса, онда мәселенi күн тәртiбiнен алып тастау керек деген ұсыныс түсiрдi. Мұндай сорақы жайттар өмiрiмiзде күн сайын қаншама рет қайталанып жатыр. Бәлкiм, мұндайда қойылған мәселенi күн тәртiбiнен алып тастағаннан гөрi, әлгiндей мырзаларды қызметтен кетiру жөнiндегi мәселенi күн тәртiбiне батыл қою керек шығар. Ащы болса да шындықты мойындауымыз керек. Бiз мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi үшiн, сайып келгенде қазақ ұлтының болашағы үшiн соңғы – ең ақтық күресте оңбай ұтылған жұртпыз. Тәуелсiздiк алғанымыздың он бес жылдығын атап өтiп, сандаған адамдар осы ұлан-асыр мерекеге орай өңiрлерiне мемлекеттiк наградаларды тағынып, тоқмейiлсiгенмен, бiржола күйрей жеңiлдiк және таяу жылдарда саяси, рухани, мәдени идеологиялық бұғаудан арыла алмайтын сияқтымыз. Басқа сипаттарын былай қойғанда, отар елдерге ортақ негiзгi үш сипат бар. Бiрiншiден, билiк бөтен, жат тiлде, яғни жаулап алушылардың тiлiнде сөйлейдi. Халық пен билiк бiр-бiрiн тек аудармашылар, тiлмәштар арқылы түсiнiседi. Екiншiден, экономиканың стратегиялық салалары мен мемлекеттiк идеология бөтен тiлдiлердiң қолына шоғырланады. Елдi өзге тiлде экономикалық топтар мен бөтен тiлдi банк иелерi билейдi. Үшiншiден, өнер, мәдениет, ғылым, бiлiм, ең бастысы, ақпарат билiгi өзге тiлдi топтардың қолына шоғырланады және үстем ұлттың тiлiнде жүргiзiледi. Қазақстан, турасын айтқанда, қазақтар осы үш халдi де бастан амалсыз кешуде. Билiктiң өмiрден алар бар еншiсi белгiлi: Еуразиялық идеяны жүзеге асыруға, «қазақстандық ұлт» жасауға жанталасуда. Ал АҚШ-тың атақты «Форбс» журналы тiркеп отыратын ең бай адамдардың – миллиардерлердiң қатарында қазақстандық 4-5 адам бар, бiрақ ешбiрi қазақ емес! Көп дәлел келтiрiп қажетi де жоқ, Қазақстан экономикасының жетекшi салалары- негiзгi кiлтi шетелдiктердiң қолында екендiгi кiм-кiмге де белгiлi. Телеарналарға көз жүгiрткен адам ақпарат кеңiстiгi ғана емес, Қазақстан өнерi мен музыкасын, әсiресе, шоу-бизнестi де өзге ұлт өкiлдерi билеп-төстеп отырғанына толық көзi жетедi. Тек бiр телеарна – «Қазақстан» телеарнасы ғана қазақ әншiлерi мен өнер жұлдыздарын жүйелi насихаттайтыны ащы шындық. Ал қалғандары… ағылшын, француз, орыс, түрiк, ұйғыр, өзбек… тағы-тағыларды насихаттауға мүдделi, тек қазақ музыкасын емес. Сонда бiзге – қазақтарға не қалды?! Өмiрден түңiлу, көз алдымызда өтiп жатқан әдiлетсiздiктерге шарасыз көндiгу ғана. Әрине, елiмiздегi тұрғындардың 28 пайызын құрайтын орыстардың бәрi бiрдей қазiргi қалыптасқан жағдайға, Қазақстанның тәуелсiздiгiне қанағаттанғандық бiлдiре қоймасы сөзсiз және олардан жаппай азаттық, бостандық идеясына бас ұруды талап етуге де әлi тым ерте. Сайып келгенде мемлекеттiк тiлдi толық игеруiн талап етуге де. Ал Мұхтар Шаханов айтатын «шалақазақтардан» мұны талап етуге мiндеттiмiз. Өйткенi, тұтас ұлттың – қазақтардың болашақ тағдырына олар да өз жауаптылығын мойындаулары тиiс. Солардың көмегi, шынайы қолдауы арқасында ғана ұлы Отанымыз – Қазақстан толыққанды тәуелсiздiкке ие бола алады. Өркениет дамыған сайын бiр ұлттардың екiншi ұлтқа үстемдiк етуге ұмтылысы – мәдениеттердiң араласуы кезеңiнде бiртұтас емес ұлт тарих көшiне iлесе алмайтындығын алға тартуда. Мәдени, рухани экспанцияны былай қойғанда, өзiнiң ұлттық салт-сана, халықтың дәстүрлi әдет-ғұрыптарын, дiнiн қорғауға қабiлетсiз ұлт өзiне тиесiлi несiбеден қағыла беретiнi кейiнгi уақта толық анықталды. Қазiргi өлiара жағдайда «Zona KZ» сайтында жарияланған Эрик Хамитовтың «Рускоязычное общество – становой хребет нашего государства?!» деген мақаласында айтылған мәселе ащы шындық екенiн амалсыз мойындап, бас шайқағаннан басқа амал жоқ. Тiптi, әлгi сөздерден соң сұрақ белгiсiн қоюдың қажетi де керек емес. «Чем больше увеличивается физическая масса казахов и их доля составе населения страны (в условиях, кстати сказать, государственной независимости), тем слабее становятся духовные скрепы, связывающие воедино казахское общество, и тем больше сил набирает центробежный процесс внутри него. Собственно, оно не сумело вылиться в государство образующую нацию в рамках суверенитета. Более того, к настоящему времени, можно сказать, не стало и его самого. Имею в виду единого общества на основе общих духовных устремлений традиций, культуры и языка. А есть русскоязычное общество: русское – по культуре, проевропейское по духу и гражданское – по форме. Оно-то и является сейчас становым хребтом госдарства»,–деп қанағаттана әрi қазақ тiлдiлердi мұқатып жазғаны шындықтан онша алыс емес. Қазақтар – алдымыздағы ағалар да, қазiргi бiздер де қазақы құндылықтарды қорғай, оны өркендете алмаған қабiлетсiз ұрпақпыз. Алтынсарин трагедиясы бiзге қайта айналып соға беретiнi сондықтан.

Жаңабек ШАҒАТАЙ