Жаңалықтар

ОРЫСТАР ДИАСПОРА БОЛА АЛА МА? НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАНДА ҚАШАН ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТI ОРНАЙДЫ?

ашық дереккөзі

ОРЫСТАР ДИАСПОРА БОЛА АЛА МА? НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАНДА ҚАШАН ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТI ОРНАЙДЫ?

Таяуда бiрнеше орыс құрбыларым Қазақ тiлi пәнiнiң кiтаптарын арқаланып маған келдi. Көршiлерiмнiң бұйымтайы – «тез арада мемлекеттiк тiлдi үйретсең» дейдi. Бұл олардың қазақ тiлiн үйрет деген екiншi ұсынысы. Есiмде, сонау 90-шы жылдардың басында елiмiз ендi тәуелсiздiгiн алып жатқан тұста орыс, немiс көршiлерiмiз балаларын жетектеп маған әкелетiн. Мен де ол кезде бастауыш сыныптардың оқушысымын. Ата-әжемнiң қолында өскен соң, бiр ауыз орысша сөз бiлмеймiн. Бiрақ көршiлерiмiздi бұл да тоқтатпайды. «Қазақша сөйлеп ойнаңдар, бәлкiм балаларымыз қазақшаны тез үйренiп кетер» – дейдi. Кейiн бұл балалардың сабақтарына да көмектесе бастадым. Әйтеуiр, әжептеуiр тiлдi үйренiп жатқандай едi, бiрақ…

…көп ұзамай Қазақстан билiгi мемлекеттiк тiлдi ары ысырып, орыс тiлiне ерекше көңiл бөле бастады. Орыс тiлiне «ресми тiл» мәртебесiн берумен қатар, «ұлтаралық қатынас тiлi» деген айдар тақты. Сөйтiп, Қазақстанда диаспора тiлiне айналуы тиiс орыс тiлi екi бiрдей статусқа ие болды. Бұны естiген көршiлерiм балаларына: «Қазақ тiлiн үйренгенше, ағылшын тiлiн үйрен» – деп, шет тiлi үйiрмелерiне кете барды. Орыс мектептерiнде мемлекеттiк тiлдi бiлуге қатысты қатаң талап болмаған соң, тiл бiлмейтiн орыс балаларының күнделiктерi «өтiрiк» бес пен төртке толды. Жасыратын несi бар, қазақша екi сөздiң басын қоса алмайтын талай өзге ұлт балалары Қазақ тiлi пәнiнен үздiк бағаларға ие болып, тiптен, қызыл аттестат та алып жатқанға ұқсайды. Мектептерде бағаның қалай қойылатыны тағы белгiлi. Қазақ тiлiн бiлмесең де, қазақ тiлiнiң мұғалiмiне жақсаң болғаны… Дегенмен, «Үмiтсiз — шайтан». Басқаны қайдам, бiрақ бiлiм саласында мемлекеттiк тiлге деген жақсы бетбұрыс байқалады. Таяуда Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев үстiмiздегi жылы жаңадан салынатын мектептердiң денi мемлекеттiк тiлде бала оқытатын болатынын мәлiмдедi. Оның үстiне биылдан бастап Қазақ тiлi Бiрыңғай ұлттық тесттiң мiндеттi пәнiне айналды. Яғни, әрбiр мектеп бiтiрушi түлек Қазақ тiлiнен мiндеттi түрде емтихан тапсыруы тиiс.

ҚАЗАҚСТАНДА ТУЫЛҒАН 9 МИЛЛИОНЫНШЫ ҚАЗАҚ БIЗГЕ НЕ ӘКЕЛЕДI?

Кейбiр ақпарат көздерiне сенсек, үстiмiздегi жылы тоқсаннан астам мектепалды және орта бiлiм ордалары салынатын болса, олардың жетпiстен астамы мемлекеттiк тiлде бала оқытатын көрiнедi. Әрине, бұл қуантарлық жәйт. Дегенмен, елiмiзде қазақтiлдi мектептер саны күрт көбейiп жатса, бұл билiктiң мемлекеттiк тiлге жасап жатқан жақсылығы емес, бұл уақыт талабынан туындап отырған жағдай. Бүгiннiң өзiнде қазақ халқының саны 9 миллионнан асты. 2007 жылдың басында Атырау өңiрiнде қазақтың 9 миллионыншы өкiлi дүниеге келдi. Осылайша қазақтар саны «жүз отыз ұлт пен қырық алты конфессияның» барлығына қарамай, алпыс пайыздан асты. Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң мәлiметiне сенсек, бүгiннiң өзiнде Қазақстандағы барлық мектеп оқушыларының 58 пайызы мемлекеттiк тiлде оқиды екен. Дегенмен, қазақтiлдi мектептерге деген сұраныстың бұдан да жоғары екенi көпшiлiкке жасырын емес. Ресей президентi Владимир Путиннiң «Отандастарды елге қайтару» жөнiндегi жарлығы шыққаннан берi тоқсаныншы жылдардағы «ұлы көштен» қалып қойған орыстар сәл ойланып қалған сияқты. Статистика жөнiндегi мемлекеттiк агенттiктiң мәлiметi бойынша, 2005 жылдың бiрiншi қаңтарына қарай қазақтар саны 8 миллион 913,3 адамды құраса, орыстар 3 миллион 979,3 миллионды құраған. Дегенмен, орыс тiлiнiң Қазақстандағы «ресми һәм ұлтаралық қатынас тiлi» деген статусын кеңейтiп, екiншi мемлекеттiк тiл деңгейiне жеткiзудi аңсайтын кейбiр орыс-славян ұйымдары орыстiлдiлер қатарына азды-көптi украин, беларусь, тiптi, немiстердi қосуды да әдетке айналдырған. Керек болса, олар, тiптi, «орыстар» қатарына орыстiлдi қазақтарды да қосып, баяғы байбалымдарына салып, iс-қағаздарының мемлекеттiк тiлде жүргiзiлу процесiн тежегiсi келедi. Дегенмен, бүгiнгi күннiң шындығы сол, күн өткен сайын елiмiзде орыстiлдiлер саны кемiп барады. Яғни, болашақта орыс мектептерiне бала жетпей қалуы да әбден мүмкiн. Қазақстандағы орыстар ненiң есебiнен кемiп жатыр? Ең басты себеп – олардың Ресей мен өзге де дамыған Батыс елдерiне көшуiнде болып отыр. Шынтуайтына келсек, елiмiзде қалған орыстарды мұнда iрiлi-кiшiлi бизнесi, жақсы тұрмыстық жағдайы ғана ұстап тұр. Елiмiздегi бiр-екi байбаламшыл орыс-славян ұйымдарының айғайына қарамастан, мұндағы орыстардың денi жергiлiктi ұстанымдар мен тiлдiк саясатқа илануға дайын. Киiмi бүтiн, тамағы тоқ, астарында көлiк. Тiптен, Қазақстандағы орыстар кемiнде 50 көрсеткiшiне жете алмай жүрген жергiлiктi телеарналарға да мұқтаж емес. Себебi жергiлiктi орыстардың денi спутниктiк антенналар немесе кабельдiк құрылғылар арқылы Ресей телеарналарын көредi. Әлбетте, «НТВ» мен «ОРТ»-ның қызғылықты бағдарламаларымен Қазақстандағы ешбiр телеарнаның бағдарламасы бәстесе алмайды. Өз басым Павлодар сапарынан байқағаным, солтүстiк аудандарында көзге бiрден түсетiнi – спутниктiк антенналардың тым көптiгi. Жаңадан салынған тұрғын үйлердi айтпағанда, жұпыны үйлердiң өзiнде әйтеуiр бiр спутниктiк антеннадан менмұндалап тұрады. Яки, жергiлiктi орыстардың денi Ресейдiң телеарналарын көредi. Сондықтан бiздiң еңiреп, Қазақстандағы телеарналарды қазақша сөйлете алмай жүргенiмiз қызық. Бәрiбiр жергiлiктi телеарналар орыс халқының талғамы мен сұранысына жауап бермейдi. Шынтуайтына келсек, отандық телеарналардың жалғыз жоқтаушысы – қазақ көрермендерi. Әлеуметтiк тұрғыдан алсақ та, қазақтар iшiнде екiнiң бiрiнiң «Алма Тивидi» қосып, ай сайын оған ақша төлеп тұруға қалтасы көтермейдi. Спутниктiк антенна алу да оңай емес. Оның үстiне шетелдiк телеарналарды көрерлiктей қазақтың менталитетi бөлек. Айтыс, домбырасыз болса, телеарнаның құны қазақ үшiн көк тиын. Сондықтан Қазақстан телеарналарының жалғыз көрерменi бар. Ол – қазақ және мемлекеттiк тiлдi түсiнетiн түркi тiлдес ұлт өкiлдерi. Сондықтан рейтингтi ойлаған телекомпаниялар, ең алдымен, басты көрермендерiнiң талғамы мен тiлiне жауап беруi керек.

Өкiнiшке қарай, Қазақстан телеарналары әлi күнге дейiн «кеңестiк саясаттан» арыла алмай келе жатқанға ұқсайды. Кеңес одағы тұсында көрерменге орталық телеарналарды көрудi мәжбүрлейтiн. Себебi ол кездерi орталық телеарналардан басқа альтернативтi телеарналар болмайтын. Содан болар, «ұлтаралық достық пен көпұлттылық» жайлы бағдарламалар шаш-етектен едi. Қазiр де Қазақстан телеарналарының денi осы саясаттың құрбанына айналып барады. Ең алдымен, Кеңес одағы тұсындағыдай телеарналардың денi орысша сөйлейдi. Екiншiден, көпұлттылықты насихаттайтын орталық телеарналар көбейiп кеттi. Қазiр заман басқа. Телеарналар рейтингтi ойласа, мемлекеттiк тiлде көптеп әрқилы шоу-бағдарламалар, телесериалдар, ойындар, сараптамалық хабарлар шығара бастауы керек. Өзге ұлт өкiлдерiнiң кулинариясына, өзге ұлт өкiлдерiнiң салт-дәстүрлерiне, өзге ұлт өкiлдерiнiң мейрамдарына арналған бағдарламаларға жергiлiктi көрермен әбден «тойды». Тiптен, Кеңес одағынан қалған керiтартпа саясат Қазақстан телеарналарының заман талабына сай дамып, ресейлiк телекомпанияларымен қатар дамуына кедергi болып отыр. Ары қарай да осылай кете берсе, күндердiң бiр күнi отандық телеарналар өздерiнiң жалғыз көрермендерi һәм жоқтаушысы – қазақтан да айырылып қалуы мүмкiн. Уақыт өте, қазақтың да әлеуметтiк жағдайы түзелер. Бәлкiм, сонда жергiлiктi қазақтар Қытайда толыққанды қазақша хабарлар мен фильмдер көрсететiн телеарналарды кабельдiк жүйе арқылы тамашалауға қол жеткiзер. Кiм бiлсiн…

ОРЫС – РЕСЕЙДЕ ДЕ ҰЛТ, ҚАЗАҚСТАНДА ДА ҰЛТ, АЛ ҚАЗАҚ ӨЗ ЕЛIНДЕ ДЕ ДИАСПОРА ДЕҢГЕЙIНДЕ

Қазақтың шыдамдылығына ескерткiш қою керек. Тәуелсiздiк алған он алты жыл бойы құлағымызға «қазақ тiлi мiне-мiне дамиды» деп ұзын «лапшаны» салып-ақ келедi. Қазақ та құлағына iлгiзiп келедi. Есiмiзде, 90-шы жылдардың басында билiк өкiлдерi: «Қазақтың саны қырық пайызға да жетпедi. Тiл мәселесiн халқымыз елу пайыздан асқан соң көтеремiз!» – дегендей ұран тастады. Шынымен-ақ, 1989 жылғы соңғы санаққа сенсек, Қазақстанда қазақтар саны 39 пайызды ғана құраған едi. Бiрақ көп ұзамай қазақтар елу пайыздық меженi де бағындырды. Ал, 2007 жылдың басында 60 пайыздан да асып шықтық. Не үшiн астық? Тiл үшiн. Қазақтың қара басы үшiн емес, қазақтың қызыл тiлi үшiн… Тағы бiр сылтау табылды. Ендi дамыған елу елдiң санатына кiру үшiн бiз үштiлдi мемлекет болуымыз керек екен. Тiптен, «Атамекен» партиясының кейбiр өкiлдерi орыс және ағылшын тiлдерiне де мемлекеттiк статус беру қажеттiгiн аңдамай айтып қалды. Әрине, өзге шет тiлдерiн бiлу жақсы. Бiрақ шет тiлдерi жергiлiктi елде мемлекеттiк дәрежеде болмауы қажет қой. Бұл, тiптен, нонсенс! «Естiмеген елде көп» дегеннiң нағыз өзi. Қазiр Қазақстанда диаспора деңгейiнде қалған бiр ғана тiл бар. Ол – қазақ тiлi. Кейбiр саясаткерлер тiлдiк саясат арқылы қазақты орысқа, орысты қазаққа қарсы етiп қояды. Дегенмен, орысқа Қазақстанның да қажетi жоқ. Оларға өз елдерiнiң амандығы, бала-шағаның тоқшылығы ғана керек. Бiрақ кейбiр диаспора өкiлдерiн қазаққа қарсы қойып, Қазақстанда орысты диаспора емес, ұлт деңгейiне жеткiзiп отырған көпвекторлы саясаттың тозғаны байқалады. Иә, бұл саясат тоқсаныншы жылдардың басында маңызды болған шығар. Дегенмен, бүгiн қазақ көпшiлiк. Қазаққа қазақша балабақша, мектеп, университет керек. Мемлекеттiк тiлде сөйлейтiн дәрiгер, мемлекеттiк тiлде қызмет көрсететiн банкир, мемлекеттiк тiлде хабар тарататын телеарналар керек. Тозығы жеткен көпвекторлы саясат ендi бiр ғана ұлтқа – қазаққа бетбұрмаса, «Қазақстан» атты мемлекеттiң қалыптасуы екiталай. Кейбiр зиялы қауым өкiлдерiнiң билiкке қаратып: «Қазақ сендерге керек болмаса, сендер де қазаққа керек емессiңдер» – дегеннiң керi сонда келедi.

Түйiн. Соңғы кездерi елiмiзде тiл мәселесi әжептеуiр көтерiлiп жатқандай көрiнедi. Жаңа премьердiң ұлтына қатысты ел iшiнде неше түрлi алыпқашпа әңгiмелер тарап жүрген соң, Кәрiм Мәсiмов қазақ тiлiнiң дамуына ерекше көңiл бөлетiнiне уәде бердi. Қазiрше үкiмет сағаттары орыс тiлiнде өтуде. Бiрыңғай ұлттық тестiлеуге Қазақ тiлi енгiзiлгеннен берi менiң орыс таныстарым да «тез арада тiл үйрет» деп жалынып жүр. Бұл олардың мемлекеттiк тiлдi үйренуге деген екiншi талпынысы. Егерде елiмiзде қазақ тiлiнiң дамуына қатысты билiктiң бос сөздерi көбейе берсе, өзге ұлт өкiлдерiнiң тоқсаныншы жылдардың басындағыдай тiлдi үйренуге деген талпынысы қайтып қалмасына кiм кепiл?! Ендi осы кезеңдi мүлт жiбермесек игi. Бұл бiздiң өзгелерге қазақ тiлiн мойындату жолындағы соңғы амалымыз. Ақырғы амалымыз…

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА