Жаңалықтар

ЖУРНАЛИСТЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ САҚТАЛЫП КЕЛЕДI?

ашық дереккөзі

ЖУРНАЛИСТЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ САҚТАЛЫП КЕЛЕДI?

Таяуда «Әдiл сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының бастамасымен журналистердiң құқықтық мiндеттерi мен талаптарына негiзделген екi күндiк семинар өттi. Айтулы шараға алматылық журналистермен қатар, аймақтық тiлшiлер де қатысып, өзара пiкiр алмасты.

Өткен жылы Қазақстанда 3 журналист қаза тауып, 12 журналистiң қызметiне қауiп төнген. 13 рет әрқилы редакциялар мен БАҚ өкiлдерiне шабуыл жасалса, 14 журналист уақытша тұтқындалған немесе абақтыға жабылған. Жиынға қатысқан мамандар елiмiзде журналистердiң емiн-еркiн ақпарат алуында да кедергiлерге ұшырасып тұратынын жасырмайды. Әсiресе аймақтық журналистердiң құқы жиi бұзылатын көрiнедi. Осыған орай аталған жиында журналистер құқығының сақталуымен айналысып келе жатқан белгiлi заңгерлер Т.Симахина мен С.Уткин және «Әдiл сөз» қорының төрайымы Тамара Калеевалар өз тәжiрибелерiмен бөлiсiп, журналистердi қорғайтын заңнамалық және құқықтық құжаттармен таныстырды. Бiр қызығы, жиналған мамандар қазақтiлдi журналистердiң мемлекеттiк тiлде ақпарат алып, тарату құқы мен мiндетiне қатысты сауалға мардымды жауап бере алмады. Кейбiр мамандар орыс тiлiн қорғаштап шығып, қазақ тiлiнде жасалған сұрау-сауалға орысша да жауап беруге болады десе, тағы бiреулер шенеунiктер тарапынан жауап екi тiлде келуi керек деген сыңайда ойларын айтты. Ең қиыны, кейде қазақ журналистерi құзырлы орындарға мемлекеттiк тiлде сұрау-сауал жiберсе, жауап орыс тiлiнде берiлiп жатады. Ал, басылымға материалды орыс тiлiнен қазақ тiлiне аударып берсе, шенеунiктер мақаланы лингвистикалық сараптамаға берiп, жауаптың бұрыс аударылғанын алға тартуы мүмкiн. Яғни, бұл тұрғыдан алғанда, қазақтiлдi журналистердi сотқа тарту оңайырақ. Сондықтан мемлекеттiк тiлдiң ақпараттық құзырын күшейте түсу де қажет сияқты. Оның үстiне қазақтiлдi журналистердiң қызметi тiлдiк тұрғыдан шектелiп жатса, бұл мәселенi де жергiлiктi ұйымдармен қатар, сөз бостандығын қорғайтын халықаралық ұйымдардан да талап ете бiлу керек сияқты. Себебi бiз мемлекеттiк тiлде ақпарат ала алмасақ, бұл бiздiң адами құқымыздың бұзылуы емес пе?!

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА