Жаңалықтар

МИССИЯСЫН ОРЫНДАFАН КОМИССИЯ: ПРЕЗИДЕНТТIК БИЛIКТЕН ДҰРЫСЫ ЖОҚ

ашық дереккөзі

МИССИЯСЫН ОРЫНДАFАН КОМИССИЯ: ПРЕЗИДЕНТТIК БИЛIКТЕН ДҰРЫСЫ ЖОҚ

Болашақта… Президент билiгi күшейе түспесе, әлсiремейдi. Саяси партиялар мұғалiмдер мен дәрiгерлердiң қазанына ортақтасып, бюджеттiң түсiмiмен бөлiспек. Парламент депутаттарының саны көбеймейдi. Бiрақ, партиялардан сайланатындардың қатары молаяды. Келешекте өзге ұлт өкiлдерiн сол ұлттық ерекшелiгi үшiн Парламенттен көре қаласаңыз, таң қалмаңыз. Өйткенi, олар «азшылық» қой. Ал азшылықтың «мүддесi» Қазақстанда өте қатаң түрде ескерiледi. Мiне, мұның бәрi саяси реформалардың бастауы…

«НҰР ОТАНДЫ» ҚАРЖЫЛАНДЫРҒЫҢЫЗ КЕЛЕ МЕ?

Бұл күнi Ақ Ордаға жиылған 30 шақты жанның денi көңiлдi болды. Әйтпегенде ше, елде демократиялық реформалар өткiзу жөнiндегi бағдарламаны дайындау мүмкiндiгi осыларға бұйырды ғой. Бәлкiм бұлар, саяси реформаның аталары деген атпен есте қалатын шығар. Алайда, қорытынды жасау Президентке тиесiлi болды. «Саяси реформаның» аталары қаншалықты мол ұсыныс енгiзгенiмен, оларды екшеп алуды Президент өз үлесiне қалдырды.

Мемлекеттiк комиссия мүшелерi осы комиссияны Президент басқармаса, барлығы жабылып жүрiп, саяси реформа деген асуға шыға алмайтындай кейiп танытты. Олардың әрқайсысы комиссияны өз қанатының астына алғаны үшiн «әлқиссасын» Президентке алғыс айтумен бастады.

Сонымен, соңғы 3-4 жылда Тұрақты Кеңес, Ұлттық Комиссия, Мемлекеттiк комиссия деп түрленiп, жұмыс iстеген комиссияның миссиясы аяқталды. Саяси реформалар жасау жолында қорытынды құжат әзiрлеумен айналысқан Мемлекеттiк комиссия мүшелерi 3-4 топтың айналасына шоғырланған. Әр жұмысшы тобының жетекшiсiне өз пайымдарымен бөлiсу үшiн 5-6 минуттық уақыт берiлдi. Бақытжан Жұмағұлов қашанғы әдетiмен, «Нұр Отан» партиясына PR жасауды ұмытқан жоқ. «Партия Мемлекеттiк комиссия жұмысына аса мол ұсыныс енгiздi» дей келе, «Бiз партиялардың мемлекет есебiнен қаржыландырылуын қолдаймыз» дейдi.

Желдiң қайдан ескенiн аңдауға болады. Мемлекет қаржысына басқадан бұрын «Нұр Отандықтар» зәру болғанға ұқсайды. Бiрнеше партияларды қатарына қосып алған соң, «Нұр Отан» қаржы мәселесiнен қиналып қалған сияқты.

Президент ұсынысты қолдады. Ендi бұдан былай партиялар мемлекет есебiнен қаржыландырылады.

ПРЕЗИДЕНТКЕ КIМНIҢ ЖҰҒЫМЫ БАР?

Жалпы, бұл жиылыста Президенттiң қай саясаткерге жағымды көзқараста екенi жақсы аңғарылды. Жұмағұлов Президентке жұғымы барлардың алдыңғы қатарында тұр, әрине. Ал «Ауыл» партиясының төрағасы, комиссия мүшесi, әрi жұмысшы тобының жетекшiсi Ғани Қалиевтiң баяндамасын Президент, тiптi, тыңдаған да жоқ. Қалиевтiң өзi де именiңкiрей, «Құжат алдарыңызда жатыр. Айтайын ба?» деп едi, Президент: «Оны қайталай берiп қайтесiз» деп тоқтатып тастады.

Президент Бәйменовтi аса ықыластана тыңдады. Әлихан Мұхамедияұлы да «Мемлекеттiк комиссиядағы Президенттiң рөлiне» назар сала, нығыздай сөйлеген едi, Президенттiң алғысы да ұзағырақ естiлдi.

Айтпақшы, ауа-райының қолайсыздығы себебiнен, комиссия мүшесi Дариға Нұрсұлтанқызы комиссияның соңғы салтанатты отырысына келмей қалды. Бұл ақпаратты жиылғандарға Нұрсұлтан Әбiшұлының өзi жеткiздi. Назарбаеваның орнына баяндама жасаған депутат Дарья Клебанова: «Парламент депутаттарының санын 100-ге дейiн көбейту керек. Партиялардың тiркелуi үшiн қажеттi 50 мың қолдың орнына 25 мың қол жинаса да жеткiлiктi» деген ниетiн айтты.

«СЕН ҰНАТПАСАҢ, МЕН ДЕ ҰНАТПАЙМЫН» НЕМЕСЕ НӘРIКБАЕВҚА ЖАСАЛЫНҒАН СIЛТЕМЕ

Саяси реформалар аясында сот жүйесiн жақсарту жайлы қорытынды құжат даярлау iсi Мақсұт Нәрiкбаевтiң жұмысшы тобына тиесiлi едi. Нәрiкбаев өзiн сот жұмысынан гөрi, Парламент жұмысының қызықтыратынын аңдатып алды. «Мажоритарлық жүйеге қарағанда, пропорционалды жүйеден сабақ алуымыз керек. Мажоритарлық жүйе бойынша Парламент сайлауын өткiзетiн елдерде азшылықтың мүддесi ескерiлмейдi. Дауыстар жоғалып кетедi» дейдi ол төпелетiп. Негiзi, ертеңгi күнi билiк тарапынан «Жануарларды аяуымыз керек. Олардың терiсiн қорлау қиянат» дегендей бастама көтерiлсе, үстiндегi терi бұйымынан жасалынған дүниеден ашық түрде бас тартатындардың қатарында осы Нәрiкбаев жүретiн шығар…

Нәрiкбаевтiң айтқаны Президенттiң де көңiлiнен шықты. Парламенттiң қандай болуы керектiгiне тоқталған Назарбаев: «Мажоритарлық әдiспен сайлану екi партиялық елдерге тән. Ал пропорционалды әдiс көппартиялық елдерге жақын. Айтпақшы, Мақсұт Сұлтанұлы, сiзге АҚШ пен Англия ұстанып отырған мажоритарлық жүйе ұнамайды ғой? Мiне, ұнамайды» деп Нәрiкбаевқа сiлтеме жасауы сол едi, Нәрiкбаевтiң екi езуi екi құлағына жеттi. Сонымен, Қазақстан Парламент сайлауын өткiзгенде, екi жүйенiң де көңiлiн қалдырмайтын болып шештi. Парламент Мәжiлiсiнiң жартысы мажоритарлық жүйемен, яғни, партиялар тiзiмiмен сайланса, жартысы пропорционалды жүйемен, бiр мандатты округтерден сайланбақ. Айтпақшы, өзге жұмысшы топтары депутаттардың саны көбейсiн деген бағыт ұстанса, Нәрiкбаевтiң: «Парламентте мың депутатты отырғызып қойғаннан ештеме шықпайды» деген «көрегендiгi» де Президенттiң ойымен тұспа-тұс келдi. Президент: «Көп адамның шоғырланғандығын аса қаламаймын. Парламент кәсiби әрi, шағын ғана болуы керек. Депутаттардың санын көбейткеннен не ұтамыз?» дейдi.

ТЕРЕЩЕНКОНЫҢ ДЕГЕНI БОЛДЫ НЕМЕСЕ ҰЛТЫНА ҚАРАЙ ПАРЛАМЕНТ ЖАСАҚТАУ

Сенатқа ендi Халықтар ассамблеясының сөзi көбiрек жүретiн шығар.

Өйткенi, мұнда ендiгәрi Ассамблеяның квотасымен келетiн сенаторлардың саны көбеймек. Терещенконың көздеген мақсаты қолдау табатын болды. Терещенконың соңғы уақытта аз ұлт өкiлдерiнiң мүддесiн қызғыштай қорғап жүргенiн ескерсек, Сенатта ендi жергiлiктi ұлт өкiлi болмағандығы үшiн ғана саяси бағы жанып кететiндердiң тiзiмi топтасатын шығар. Айтпақшы, бұл механизмдi бiртiндеп Мәжiлiске де енгiзу керек дейдi Президент. Басқаны қайдам, бiрақ, бұл жайт мемлекет құраушы ұлтқа жағымсыз әсер ететiн секiлдi. Ең бастысы бұл Конституцияға қайшы жайт болып көрiнедi. Өйткенi, бiздiң Конституция: «Ұлтына, тегiне, дiнiне, нәсiлiне қарамастан азаматтардың бәрiн тең дәрежеде» көрмеушi ме едi? Ендi, ұлтына қарай бөлу мәселесi жанданып, елдегi халықтардың бiртұтастығына кесапатын тигiзетiндей. Қырық құрау болып отырғандар ендi көрпенi өз жағынан тартыңқырай түсетiн шығар.

Тағы бiр ескеретiн тұс: Конституция бiртiндеп өзгертiлмек. Алдымен, конституциялық өзгерiстердi аса қажет етпейтiн толықтырулар енгiзiлсе, кейiннен Конституцияның өзiне өзгертулер енгiзiлмек. Екi шаруа қатар жүргiзiлмек. Толықтай өзгерiстер енгiзiлген Конституцияны Парламенттiң 80 пайыз депутаттары қолдап дауыс беруi керек, иә болмаса, жалпыұлттық референдум жасалынбақ. Бiздiң Парламенттiң икемге тез келетiнiн ескерсек, референдумның өткiзiлмейтiнiне кәмiл сенiмдiмiз.

Айтпақшы, Конституцияға өзгерiстер енгiзу жолын талқылау үшiн Президент елдегi заңгерлермен де кездесiп үлгiрдi.

Премьер жұмысқа кiрiспес бұрын Парламенттегi көпшiлiктiң, яғни, iрi фракцияның қолдауына ие болуы тиiс. Жақында, «Нұр Отан» партиясы Парламенттегi фракциясының Президентпен ақылдасуға шақырылып, әрi Премьерге «бата бергенiн» ескерсек, бұл үрдiс онан әрi жалғаспақ. «Премьердiң тағайындалуына қолдау бiлдiру арқылы Парламент депутаттарының жауапкершiлiгi де артады» дейдi Президент. Сондықтан, сайлаушы қауым, бұдан бұлай, Үкiметтiң тындырған шаруалары көңiлiңiзден шықпай жатса, өз депутатыңызға өте қатаң талап қоюыңызға болады.

Негiзiнен, Президент өз қолындағы өкiлеттiктерiн Парламентке бере салуға аса сақтықпен қарап отырғандай. «Әрине, Конституциялық Кеңес, Орталық сайлау комиссиясы, Есеп комитетiнiң құрамын жасақтауда Президент өкiлеттiгiнiң Парламентке көшуiне қарсы емеспiн. Алайда, таразының басын тең ұстауымыз қажет» дейдi ол.

Мемлекеттiк комиссияның ақтық отырысынан аңдағанымыз: Қазақстанның жақын арада Парламенттiк республикаға айналуы неғайбыл. Ел президенттiк билiктiң қол астында қалады. Ол билiк мұнан әрi күшеймесе, әлсiремейдi.

Гүлнәр Мұқанова