Жаңалықтар

ӘСЕМ ӘНШI, СҰЛУ САЗГЕР

ашық дереккөзі

ӘСЕМ ӘНШI, СҰЛУ САЗГЕР

Гауһар Әлiмбекова ән кешiне шақырады

22-ақпанда Алматыдағы Республика Сарайында белгiлi әншi-сазгер Гауһар Әлiмбекова "Қыз сезiмi" атты ән кешiн өткiзедi.

Бұл – әнсүйер қауымға "Бiр тамшы көздiң жасындай", "Жан құрбыма", "Қыз сезiмi", "Оралшы махаббат", "Ақ келiн", "Көктемгi жаңбыр" секiлдi әндерiмен танымал өнерпаздың алғашқы шығармашылық кешi. Бұрын елiмiздiң әр аймағына, көршi мемлекеттерге гастрольдiк сапарларға шыққанымен, Алматыда тұңғыш рет жеке концерт бергелi жатқан әншi-сазгерден мұның себебiн сұрағанда, ол:

– Бұған бiр жағынан қаржы мәселесi қолбайлау болса, екiншi жағынан, "Мен сондай дәрежеге жеттiм бе өзi?" деген iшкi күмән өзiмдi үнемi iркiп ұстай бередi. Репертуарымдағы әндердiң барлығы дерлiк өз туындыларым болғандықтан, оларды тыңдарман сүзгiсiнен өткiзу, асылы мен жасығын салмақтау да қосымша жауапкершiлiк жүктедi. Рас, бiр концерт қоюға жарар 20 шақты ән менде бұрыннан бар-тұғын, бiрақ оларды әбден сұрыптап, бiртұтас бағдарлама түзiп, халық алдына абыройлмен шыққым келдi, – деп жауап бердi.

Расында да, отандық ән өнерiнiң көгiнде жетi-сегiз жылда жарқырап келе жатқан жұлдыздарымыздың қатарында Гауһар Әлiмбекованың есiмi ерекше аталады. Себебi, ол, бiрiншiден – сазгер. Сазгер болғанда да, әндерi басқа ешкiмнiң қолтаңбасын қайталамайтын дара талант. Екiншiден, ол – сол сыршыл да, сұлу әндерiн нақышына келтiре отырып келiстiре шырқай алатын шебер әншi де. Қазiр дауысына ешқандай маман дау айта алмайтын майталмандар – қазақ эстрадасында аса көп емес. Фонограмма деген нәрсе құрыса, бүгiнгi "жұлдыздарымыздың" бiразынан "айрылып" қаларымыз да анық. Сондайда эстрада сахнасында өз бағасын төмендетпей қала беретiн саңлақтардың қатарында Гауһардың да болары хақ. Үшiншiден, ол өзiн көрсетуге барын салып, бүкiл телерадиоэфир атаулыға өңмеңдеп ұмтыла беретiндердiң қатарынан емес. Әр туындысын қырнап-жонып, шыңдап шынықтырып, әбден әрi мен сәнiн келтiргенде барып көрерменге ұсынады. Сол себептi де, муызка мамандары оны ұлттық эстрадағы талғамды өнерпаздардың тобына қосады.

Әншi-сазгер мұндай табысқа бойындағы Тәңiрi сыйлаған талантының арқасында ғана емес, сол қабiлет-қарымын терең iзденiспен ұштастыра бiлген еңбексүйгiштiгiнiң және өнерге деген ғаламат ғашықтығының көмегiмен қол жеткiзiп отыр. Сонау Оңтүстiк Қазақстан облысының Мақтарал ауданында туып-өскен өрiмдей қызды өнердiң сүрлеуi көп соқпақты жолына түсiрген де сол ән әлемiне деген әуестiк болса керек. Дарынды өнерпаздың дара қолтаңбасы ең алғаш осыдан он бес жыл бұрын өткен жас сазгерлердiң "Үкiлi үмiт" байқауында-ақ ел назарын бiрден аударған болатын. Исраил Сапарбай, Мұрат Құсайынов, Секен Тұрысбеков сынды қазақ муызкасының қайраткерлерiнен құралған қазылар алқасы жас сазгердiң өнерiн өте жоғары бағалап, жүлдегерлер қатарына қосқан-ды. 1995 жылғы конкурста Гауһар "көрермендер көзайымы" сыйлығын жеңiп алды.

Ал 1996 жылы ол "Мырзашөл жұлдыздары" фестивалiнде дипломант атанды.

Гауһар көп балалы отбасынан шыққан. Оның бауырлары мен сiңлiлерiнiң барлығы дерлiк музыкалық аспаптарда ойнай алады. Гауһардың кiшкене кезiнде марқұм әкесi теледидардан ән шырқап жатқандарды көрiп: "Әне, елдiң балалары қандай өнерлi, қандай талантты! Сендердiң үйде сайрағандарың болмаса, «әу деп сахнаға шығар бiрiң жоқ", – дейдi екен. Сонда болашақ әншiнiң сәби санасында "өскенде өнер жолын қуып, сахнадан ән шырқап, әкемдi бiр қуантсам.." деген арман оты жылт етсе керек. Құдайға шүкiр, Гауһардың бұл мақсаты орындалды…

Әншi-сазгер тек өз шығармаларын ғана шырқамайды, егер жан-жүрегiн, сезiмiн баурай алса, басқа сазгерлердiң де әндерiн орындауға қарсы емес. Осы орайда Ақан серiнiң "Балқадишасы" сынды ән төресiнiң бағасын асырған Гауһардың кейiнгi жылдарға дейiн ескерусiз келген тағы бiр тамаша әннiң бағын ашқанын атап өтпесек болмайды. 2000 жылы аяулы сазгер Шәмшi Қалдаяқовтың 70 жылдығына орай өткен еске алу кешiнде ол Шәмшi ағамыздың "Өмiр-өзен" атты әнiн тұңғыш рет үлкен сахнаға алып шықты. Кейiн бұл әндi басқа әншiлер де өз репертуарына қосқанымен, "Келiннiң бетiн кiм ашса, сол ыстық" демекшi, көпшiлiк көрермен үшiн бәрiбiр Гауһардың орындауы бөлек, ерекше.

Кейiнгi жылдары Г.Әлiмбекова бiраз өнiмдi жұмыс iстедi. "Жазығым не?", "Көктемгi жаңбыр" сынды әндерiне клип түсiрдi, екi ән жинағын жарыққа шығарды. Алдағы кеште орындалатын әндерiнiң тең жартысын соңғы бiр-екi жылда жазылған дүниелер десек, артық болмас. Олардың арасында әлi сиясы кеппеген жаңа туындылар да бар.

"Кешiңiзге қонақтардан кiмдер қатысады?" деген сауалға Гауһар:

— Әншi әрiптестерiмнен Бейбiт Сейдуәлиева мен "МузАрт" тобы қатыспақ, — деп жауап бердi. — Себебi, олар менiң әндерiмдi орындайды. Жалпы, мен келген қонақ кеш иесiмен осылай тығыз шығармашылық байланыста болса ғана бағдарламаның артық мүшесiне айналмайды деп сенемiн. Төрт бөлiктен тұратын кеш арасында бағдарлама талабына сай костюм ауыстырып үлгеруiм үшiн қажеттi паузаларды, сондай-ақ, менiң әзiлкеш достарым – "Шымкент-шоу" театры мен "терiсқақпайлық" жас пародияшы Олжас Сыдықбеков те жалғайды. Бiрақ бұлардың орындайтын номерлерi де менiң шығармашылықа және ондағы тақырыптарға қатысты болмақ.

Ендеше 22 ақпан күнi Республика Сарайын бетке алып, гәкку үндi Гауһардың сұлу әнiмен сусындауға асығыңыздар!

Басталуы 18.00-де. Билеттер Республика Сарайының кассаларында сатылады. Ұжымдық тапсырыс берушiлер 8(327)2726776 телефоны арқылы байланысқа шығуына болады.