Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ҚАЛАЙ МӘҢГҮРТТЕНДI?!

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ҚАЛАЙ МӘҢГҮРТТЕНДI?!

Исi қазақ бұл қасiреттi мәселенi терең танып бiлуi арқылы ғана ұлттық сана деңгейiне көтерiлiп, ұлтшылдық сезiмге бөлене алмақ. Ұлтшылдық сезiмге қол жеткiзе алсақ, ол – мақтануға тұрарлық рухани қазына көзiне айналмақ. Бiрақ ұлтшылдық деген сөзден шошытқан күш – тоталитарлық идеологияның жемiсi екенiн ендi сезiнiп жүрмiз. Санамызда стереотиптiк қорқынышты сезiмге айналған жазалау шарасының хабаршысындай қаһарлы күштiң елесi адамдардың бойында ұялап қалғаны бүгiнде жасырын сыр емес, шындықтың өзi. Өйткенi бұл мәселенiң өзегi И.Сталиннiң 1937 жылы: «Мы не только уничтожим всех врагов, но и семьи их уничтожим, весь их род до последнего колена» (Леонид Млечин. КГБ, председатели органов госбезопасности (рассекреченные судьбы). Москва, 2005, стрт.152), – деп нұсқау беруiнде жатыр. 1937 жылы қазақ зиялылары мен елдегi естi адамдардың жүз мыңдайы атылып, атақтыларының үрiм бұтағын қалдырмай, тiптi, жамағайындарына шейiн түгел көзiн жою осы қаһарлы нұсқауға байланысты болатын-ды.

Ұлтшылдық сезiм – елiн, жерiн сүйген әр ұлт адамына жарастықты қасиет, бiрақ ол нәсiлшiлдiк сезiммен ұштасса, жазылмайтын рухани дерт. Ресей империясы мен кеңестiк қызыл империя нәсiлшiл шовинистiк саясатты дәстүр ретiнде ұстанды. Бұл мәселенiң тамырын қуалап, саяси болмысын танып бiлмейiнше, құлдық сананың ноқтасына мәңгiлiкке таңылып қала бермекпiз. Ұлттық санамыздағы құлдық ноқтасын саналы түрде үзбейiнше рухани болмысымыз қараңғылық қапасында қала бермек.

Қазақ мәңгүрттiктi тәңiрiден өзi тiлеп алған жоқ, оған Ресей империясының миссионерлiк, нәсiлшiл шовинистiк саясатты ұстануы себеп болды. Тiптi, Ұлы Отан соғысы кезiндегi қайталанбас ерлiк жасаған қан майдандағы жауынгерлер ерлiгiн бағалаудағы әдiлетсiздiктiң өзi-ақ ұлт саясатындағы екiжүздi ұсқынсыз сұрқын көрсетiп бердi. Бұл қасiреттiң түпкi саяси тамырын танып, аспай-саспай ғасырлар бойы мемлекеттiк деңгейде толассыз жүргiзiлген отаршылдық саяси айла-тәсiлдердiң бұралаң жолдарын танып әшкерелеуде зор мағына жатыр. Отаршылдық саясатты iркiлiссiз әшкерелеу әрекетiне бару Ресейдi, немесе орыс халқын жек көруде емес, ұлттық сананы оятып, мәңгүрттiктен арылуда жатыр. Ресей империясының патшалық, кеңестiк дәуiрдегi бүркемеленген алдамшы ұлт саясаты астарындағы евроцентристiк кертартпа дүниетанымын ғылыми тұрғыдан терең танып бiлу әрекетi ғана бiздi құлдық сана құрсауынан шығара алмақ.

Қазақ жерiн Петр I патша келешекте жаулап алынатын Азия құрлығына шығудың қақпасы деп бiлiп, оны қандай әдiспен болса да қаратып алуды империяның келешек басты мақсаттарының бiрi етiп қойды. Бiр жарым ғасыр iшiнде Ресей патшалығы аспай-саспай, батыс Еуропамен ара қатынасына қарай отырып, бiрде жылдам, бiрде баяу қарулы күшпен жерiмiзге шым-шымдап ене түстi. Жылжып отырды. Алдымен, айнала қоршап 44 жерден әскери бекiнiстер салумен айналысты. Шортанбай ақын дәл болжап көрсеткендей:

«Әуелi баста ханды алды,

Айнала қоршап маңды алды,

Қамалып қазақ сандалды», –

деген сөзiнде Ресей патшалығы жүргiзген отаршылдық саясаттың өзектi желiлерi белгi берiп жатты.

Алтын Орда империясы құлап, түрiк халықтары көптеген ұсақ хандықтарға шашылып кетуi Ресейдiң көктен сұраған тiлегiн жерден берген заман едi. Шашырап кеткен ұсақ хандықтарды бiртiндеп жаулап алысымен-ақ, Ресей саясаты оларды шоқындыру арқылы орыстандыру саясатын мықтап ұстанды. Қырым, Қазан, Астрахан, Сiбiр хандықтары миссионерлiк саясаттың шырмауына түстi. Ресей тарапынан құрылған мұндай миссионерлiк қанды қақпанға алдымен Сiбiрдегi түрiк халықтары түстi. Ал, қазақ жерi мен Түркiстан өлкесiн 1731 жыл мен 1865 жыл аралығында тұтас жаулап алып, Қытаймен екi арадағы шегарасын заңдастырып бекiтiп алған соң, түрiк халықтары ұстанып келген ислам дiнiне деген саясатын күрт өзгерттi.

Қашан Орталық Азияны жаулап алғанша қазақтар арасында ислам дiнiн қолдап, әр ауылға молдалар тағайындап, қолпаштап келуiнiң себебi де бар. Өйткенi келешекте жауланатын Түркiстан өлкесiндегi халықтарды шошытып алмау үшiн саяси айла жасап, уақытша алдай тұруды мақсат тұтты. Осы мақсатқа соңынан қолы толық жеткен соң, ендi миссионерлiк саясатын ашық әрi батыл жүргiзуге кiрiсiп кеттi.

Қазақ жерiн Ресей империясы жетiлген қарудың күшiмен 150 жыл уақыт iшiнде әрең жаулап, тұтас қаратты. Ал, Түркiстандағы Бұхара, Хиуа, Қоқан хандығының тұрақты әскерi, мылтық, зеңбiрекпен қаруланған күштерi әрi мықты қамал қорғандары болса, да екi-үш жылға төтеп бере алмай отарланып, бодандықтың ноқтасын киiп шыға келдi. Қазақтар мен өзбек хандықтарын жаулап алудағы ерекшелiктi орыс тарихшылары тарапынан айтылған шыншыл пiкiрден-ақ танып бiлсе болғандай. Ресей отаршылдары қазақ жерiн бiр жарым ғасыр бойы жаулағанда, олар отты қарумен, тұрақты армиямен қаруланса да әр жердегi қазақ батырларының қол бастаған жанкештi қарсылығына ұшырап, алға жылжи алмай келдi. Мұның басты себебiн орыс тарихшысы Аничков қазақтардың елiне, жерiне деген махаббатынан туындаған ұлттық санасының жоғары деңгейде болуында деп атап көрсеттi. Ал, өзбек хандығының қарсыласуы тез арада тойтарылып, екi-үш жыл арасында жеңiлiс табуы оларда ұлттық сананың жоқтығын көрсеттi. Өйткенi, отаршылдарға қарсы бiрде бiр не өзбек, не сарт, не тәжiк батырының қол бастап қарсылық көрсетпеуi – осының айғағы едi.

Ресей империясы бұл мәселеге ерекше мән бере қарады. Осы себептi Түркiстан түрiктерi мен қазақтарға қарсы қолданған отаршылдық саясатында елеулi айырмашылық жатты. Қазақ сияқты ұлттық санасы күштi, асау халықты келешекте қолда ұстап тұрудың қиындығын Ресей отаршылдары терең сезiндi. Жылқы мiнездi, кеңiстiктегi еркiндiктi аңсайтын тарпаң мiнез қазақтарды тұқыртып ұстаудың бiрден бiр кiлтi – олардың ұлттық санасын өшiрiп, халықтық тарихи жадынан жаңылдырып, табиғи болмысының өзегi болған ауылдық қауымдық ұясын (ядросын) бiртiндеп жою мақсатын шешушi орынға қойды. Дала қазақтарының бәрiн де саналы түрде мәңгүрттендiрудi саяси мақсат ретiнде ұстанды.

Осы себептердi ескере отырып, патша үкiметi түрiк халықтарының iшiнде алдымен қазақтарды ерекше қыспаққа алып, жер бетiнен сыпырып тастау әрекетiнен тайынбады. 1865 жылғы наурыз айында Александр патша ерекше мәнi бар мәселеге өз қолымен жазатын транскриптiнде қазақтарды шоқындырып, орыстандыру туралы саяси құжатқа ресми түрде қол қойды. Бұл байлам жергiлiктi билiк арқылы құпия түрде бiртiндеп, асықпай жүзеге асыруға бағыт алды. Қазақтарды шоқындырып, орыстандыру мәселесi Святой Синодқа тапсырылып, миссионерлiк саясат үшiн мемлекет тарапынан орасан зор қаржы бөлiндi.

Святой Синод қазақтарды православие дiнiне шоқындырып, орыстандыру мәселесiн миссионер ғалымдардың қолына тапсырды. Осы себептi Кiшi жүздi шоқындырудың басына профессор Ильминскийдi, Орта жүздi орыстандырудың басына профессор Алекторовты, түркiстандықтар мен Ұлы жүз қазақтарын шоқындырып орыстандырудың басына атақты профессор Остроумовты қойды. Қой терiсiн жамылған ашқарақ қасқырдай миссионерлер қазақтарды шоқындырып, орыстандырудың ең сенiмдi жолы – бұратана халықтарға арналған аралас мектеп түрiне шешушi мән бере қарады. Бұл iстi жүзеге асыру үшiн алдымен қазақтардың мың жыл бойы қолданып келе жатқан араб жазуын кириллицаға ауыстыру мақсатын жедел қолға алды. Бұл үшiн орыс жазу таңбасын жүзеге асыруда сенiмдi болуы үшiн қазақтардың өз iшiнен шыққан өкiлiне тапсыру жолы қарастырылды. Бұл аса күрделi де нәзiк мәселеде профессор Ильминскийдiң ұсынысы бойынша, Ыбырай Алтынсариндi пайдалану қолға алынды. Бiрақ патша үкiметi бұл арманын жүзеге асырып үлгере алмай кеттi. Билiктi толық қолына алған соң бұл мәселенi Кеңес үкiметi халықтар достығы ұранын бетке ұстап, зорлықпен тез арада құйындата жүзеге асырғанынан көзi қарақты оқырманның бәрi де хабардар.

Қазақтарды шоқындыру арқылы орыстандыру мәселесi жүзеге аспаса, оларды жер бетiнен жойып жiберу мақсаты ашық айтыла бастады. Мысалы, патша үкiметiнiң ерекше iстердi жүзеге асыратын чиновнигi, шоқынды Балкашин Жетiсу, Семей губернасын аралап, жарамды жерлердi орталықтан келген қара шекпендерге беру үшiн зорлыққа басқанда, оған Потанин қарсылық пiкiрiн бiлдiрдi. Сонда Потанинның қарсылығына Балкашин: «Империяға жер керек, қазақтар қайда кетсе онда кетсiн» деп ашығын айтқан болатын. Немесе 1916 жылғы қазақ жерi мен Түркiстан өлкесiндегi ұлт-азаттық көтерiлiсiн басып-жаншу үшiн Санкт-Петербургтан арнайы патшаның ең сенiмдi, айлакер, аса тәжiрибелi қарт генералы Куропаткин жiберiлгенi туралы ақын Мәди Меркiшұлы:

«Петроград шаһарынан Куропаткин,

Сегiзiншi ауғұста Ташкент келдi…

Бұл ұста шал көрсеттi тәртiп әдеп,

Ұсталықпен қылды ол iстi талап…»

деп көп жайдан нақтылы дерек мағлұмат беретiнi бар. (Молда Мәди Меркiшұлы. Шығармалары, Алматы, 2005, 18 бет). Мiне, Түркiстанға генерал-губернатор қызметiне келген Куропаткин өзiнiң сол кездегi жазылған күнделiгiнде қазақтарды жер бетiнен сыпырып тастау мәселесiне отаршылдардың бәрi де iштей бiр шешiмге келгенiн ашық мойындайды. Бiрақ оны жасырып, iштей ұстанып келгенiн жасырмай жазған мына төмендегi жан шошырлық хабарды оқып көрейiк: «Озабоченный востанием 1916 г. Куропаткин вынужден был в припадке откровенности признать на страницах своего дневника что – за последние 40 лет точно безмолвно согласилось стереть с лица земли казахов. К этому действительно клонилась вся политика самодержавия. Только за период с 1902 года по 1912 год количество казахского населения уменшилось на 9 проц.» (С.Брайнин,С.Шафиро. Очерки по истории Алашорды. 1935 г. стр.26). Бұл бiздер үшiн қасiреттi де қорқынышты ресми саясатты лауазымы жоғары саяси қайраткердiң ашықтан ашық мойындауы болатын. Қазақтарды өз жерiнде қырып салып, жерiне келiмсектердi орналастыру мақсаты кеңес халықтарын халықтар достығы саясатымен даңғазалап алдап келген компартия көсемдерiнiң де iшкi мақсатына айналғанын нақтылы дерек көздерi айғақтап отыр. 1918 жылы В.И.Лениннiң «Түркiстан халықтарына үндеуi», онда айтылған большевиктердiң саяси уәделерi қағаз жүзiнде қалғанын уақыт шындығы көрсетiп бердi.

В.И.Ленин бастаған орталық билiктiң ұлт мәселесi жөнiнде орыстың ұлтшыл-шовинистiк саясатын мұра ретiнде ұстанғанын Зәки Тоғанның Мәскеуден эмиграцияға кетерiнде Ленин, Троцкий, Сталин, Рыков төртеуiне жазған хатында: «Из политики, которую начал осуществлять ЦК РКП, явствует, что в отношении народов Востока вы… приняли за основу идею русских националистов-шовинистов» (Заки Валиди Тоган, «Воспоминания», Уфа, 1994), – деп шындықтың өзегiн тiле отырып айтқан едi. Осы шовинистiк-ұлтшылдық саяси жолды ұстанған Қеңес үкiметi де халықтар достығы ұранын бетперде ретiнде ұстанып, түрiк халықтарының бiрi ғана емес, бiрегейi қазақтардың басына қолынан келгенiнше әңгiр таяқ орнатып бақты. Революцияның алғашқы жылдарында-ақ большевиктер революция мүддесi үшiн көшпелi халықты құрбандыққа шалудан тартынбады. Түркiстан өлкесiн жайлаған ашаршылық жылдарында қазақтарды сақтап қалуға барын салған Тұрар Рысқұловқа қарсы тұрған Түркiстан большевиктерiнiң саяси басшылары қазақтардың ашаршылықтан қырылуын заңды құбылыс деп таныған едi. Орыс жазушысы Николай Анастасьев Мұхтар Әуезов туралы жазған кiтабында: «Для ясности: Феодор Колесов и Иван Тоболин – большевики, занимавшие сразу после революции видные позиции в Туркестанском крае. Последний, по свидетельствам очевидцев, откровенно публично заявлял, что киргизы, то есть казахи как народ … с точки зрения марксистов, экономически слабый, все равно должен будет вымереть…» (И.Анастасьев. «Мухтар Ауэзов», Москва, 2006, стр.130), –деп келтiрген айғақты пiкiрi жан дүниемiздi өртше шарпиды емес пе?

«Бiз кiмдерге сенiп келгенбiз?» деген сұрақтың әр қазақтың алдына қойылары да заңдылық. Немесе Сталин мен Хрущевтiң Қазақстандағы сұмдық ашаршылық жайында пiкiр алысқанда: «Бiз Сталинге Қазақстандағы адам төзгiсiз ашаршылықтан бүкiл қазақ халқы қырылудың аз-ақ алдында тұрғанын айтқанымызда, «Ол сары пәлелерден тек сондай жолдармен ғана құтылуға болады», – деп жауап бердi» – дегенi («Қазақ әдебиетi», 01.12.2006) кеңес халқының құдайдай табынып сенiп келген көсемi И.Сталиннiң iшкi саяси ойының тамыры қайда жатқанын әшкере етiп тұр. Голощекиннiң саяси ұсынысын не себептi қолдап, қуаттауының астарында қандай саяси құпия мақсат жатқандығы осының өзiнен-ақ анықталып тұр емес пе? Сонда Ресей патшалығы мен большевиктердiң қазақ елiн жер бетiнен сыпырып тастау туралы саяси мақсаттары бiр жерден шығып тұр. Осы ойды айғақтайтын деректер көзiне назар салайық:

«Бекболат» дастанындағы бас кейiпкердiң аузымен айтылатын мына өлең жолдарындағы:

«Алты миллион шырақпыз,

Солар сөнсе сөнермiз.

Егер олар сөнбесе,

Бiз-дағы көппен көрермiз», –

дейтiн халық санасындағы қарапайым өршiл ұғымның астарында қарағайдай көп қазақтың қуатына сенген таным жатыр. Мiне, осы алты миллион қазақты аштықпен, қызыл террормен саналы түрде мақсат қойып қатыгездiкпен аяусыз қырудың нәтижесiнде Ұлы Отан соғысына дейiн Қазақ халқының үштен екiсiнен айрылып, өз жерiмiзде азшылыққа ұрындық.

XVIII ғасырдағы қазақ, қалмақ арасындағы Ұлы Отан соғысында, атақты Ақтабан шұбырынды қырғынында халқымыздың үштен бiрiнен айрылған едiк. Ал, бейбiтшiлiк заманда большевиктердiң «бостандық, теңдiк» ұранына алданған халқымыздың үштен екiсiнен, яғни 4 миллион адамынан айрылу – бұрын-соңды басымызға түсiп көрмеген қасiрет болатын. Бұл қасiреттi жағдай кездейсоқ тап болған құбылыс емес, бiздi– қазақтарды жер бетiнен сыпырып тастауды алдына саяси мақсат етiп қойған жүйелi бағдарлама негiзiндегi империялық қанды қол саясаттың өзi болатын.

Мәскеудегi орталық билiк қазақтардың белiн сындыру – бүкiл түрiк халқының сағын сындыру деп ұғынды. Өйткенi, ХХ ғасыр басында ұлттық санасы оянған қазақ халқы арасынан үркердей зиялы топ ұлттық идея маңында шоғырланып, Алаш партиясын ұйымдастырып, саяси iске қызу атсалысып, ұлттық автономия да жариялап үлгерген едi. Түркiстанды жайлаған басқа халықтар ол кезде мұндай саяси әрекетке бара алмағаны белгiлi. Кеңес үкiметi орнап, солардың билiгi жүре бастаған заманда Тұрар Рысқұловтың басшылығымен Түркiстан республикасының өмiр сүруi орталықты қатты әбiгерге түсiрдi. Өйткенi кеңестер елiнде iрi екi суперэтнос – славяндар мен түрiк халықтары қатар бой түзеп қалыптасу жолына түсе бастауы – алда болжап болмайтын өзгерiстерге ұрындырар деп сескендi. Егер түрiк халықтарының ұлттық санасы оянып, евроцентристер арнайы ұмыттырған тарихи танымы жаңғырып, рухани тұтастығы толыса берсе, келешекте бой бермей кететiн саяси адуын күшке айналу мүмкiндiгiнен қауiптендi. Оның үстiне қазақтардың ортасынан шыққан Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Қожанов, С.Смағұлов т.б. сияқты iргелi саяси қайраткерлер бағытымен Мәскеу есептеспей тұра алмады.

Орталық қандықол әрекеттерiн жүзеге асыру үшiн әр облысқа бiр жарым мың адамның көзiн жоюға ресми түрде лимит берiп, оларды үштiк (тройка) арқылы аттырып отырды. Ал Мәскеу облысының басқарма бастығы адамдары ату үшiн берген орталықтың лимитiн тез орындап қойып, оны асыра орындауға тағы да лимит сұрауына таңғалуға болмайды. Өйткенi, берген тапсырманы асыра орындап, лауазымды қызметке көтерiлiп, шенiңдi өсiретiн бiрден бiр мүмкiндiктi пайдаланып қалуды ғана ойлаған қанды қасап иелерi көп едi. (Сонда, Е.Млечин… стр.284).

Осы адам ату лимитiне сүйенген Қазақстанның Iшкi iстер басқармасы қазақ халқының ұйтқысы мен қаймағы болған зиялы тобының көзiн жою, Голощекин мақсатын жүзеге асыру мақсатында бiр жыл iшiнде жүз мыңға жуық сауатты, зиялы азматтарды атып өлтiруi арқылы негiзгi мақсатқа жетсе, осының алдында ғана халықты қолдан жасаған жасанды ашаршылыққа ұрындырған едi. Қалғандарын мәңгүрттендiрiп, рухани құлдыққа айналдырудың жолын да ерте бастан қарастырды. Сөзiмiз дәйексiз болмауы үшiн, нақтылы дерек көздерiне сүйенейiк:

Бiрiншiден, Бұхар жырау бұдан үш ғасыр бұрын Абылай ханның заманында болашақтан қауiптенiп:

«Жатқа тiзгiн бермеңiз,

Жатқа тiзгiн берсеңiз:

Соноу кеудеңдегi

Мұнарадай бас кетер,

Екi көзден жас кетер», – деп ескерткен едi.

Шынында да бiздiң халқымыздың саны ел тiзгiнiн жатқа ұстатқанда үнемi құлдырап отырса, республикамызды 25 жыл басқарған әлемдiк деңгейдегi саяси қайраткер Қонаевтың тұсында ғана халық саны бастапқы қалпынан асып түстi. Қонаев саяси бюро мүшелерiнiң iшiндегi ең бiлiктiсi және пенделiк пиғылдан ең тазасы болуы себептi халқының санасында кемеңгер перзентi ретiнде сақталып қалды.

Екiншiден, қазақ жұртының сан ғасыр бойында қалыптасқан тұрмыс болмысының өзегi (ядросы) болған бiр атаның баласынан құралатын 10-15 үйлi отбасы бiр ауыл болып ұйыған қатықтай өмiр кешетiн. Ол ауылды жатқызып тұрғызатын ақылгөй ақсақалы болатын. Бүкiл шаруашылық пен рухани тұтастық мәселесi сол ақсақалдың ақыл кеңесiмен шешiлетiн. Қазақ халқын ғасырлар бойы сақтап келген осы тұрмыстық өзегiн (ядросын) жойып, дәстүрiнен жаңылдыруды отаршылдар ерте қолға алған едi. Бұл қазақы өзектi (ядроны) бұзбайынша, қазақты шоқындырып, орыстандырудың, мәңгүрттiк жолға бұрудың ауылы алыс едi. Осы себептi, бұл кедергiнi бұзып ыдыратудың жолдарын қарастырды. Бiрақ бұл қастандық әрекет ауыл ядросының тiрегiн солқылдатса да, түпкiлiктi деңгейде бұза алмады. Ал, Кеңес үкiметi тiкелей тiзеге басып зорлықпен колхоздастыру, колхоздарды iрiлендiру, совхоздар құру арқылы қазақы ауылдық ядросының түбiне жеттi.

Үшiншiден, Ресей патшалығының отарланған ұлан байтақ қазақ жерiн материалдық және рухани жағынан меңгеру жолында ұстанған саясатының бiр елеулi буыны водворение саясатында жататын. Қазақ жерi 1891 жылдан бастап ресми түрде мемлекет меншiгi деп жарияланды. Қазақтардан тартып алынған сулы, нулы жерлерге Ресейде жерсiз қалған келiмсектердi орналастырумен бiрге, қазақтар арасына сұғындыра араластырып отыруды да қолға алды. Мұндағы басты мақсат – келiмсектердiң саны басым түсiп, қазақтардың шоқынып орыстануына қолдан жағдай жасау қамында жататын. Қазақ, орыс аралас-құралас отырған жерде бұратана халықтарға арналған түземдiк орыс мектебiн ашуға негiз жасалып, қазақ-орыс балаларын бiр сыныпта оқытып, бүкiл дүниетанымын орыстандырып жiберуге бағыттау болатын. Мұндай мектептер бiздiң заманымызда аралас мектеп деп аталып жүр. Патшалық билiк тұсында мұндай аралас мектептiң алғашқы үлгiсiн орнықтырған Сырдария губернасының тұңғыш генерал-губернаторы, арғы тегi немiстен шыққан Кауфманский болатын. Жалпы Ресей отарлаған қазақ жерiндегi билiкке орыстардан гөрi европалықтарды қоюды жөн көретiн. Өйткенi, шетелдiктер отарланған бұратаналармен жұмыс жүргiзуге қолайлы, жергiлiктi халықты билеп-төстеудiң айла тәсiлдерiн шебер қолданып, ел iшiнде туындаған өздерi үшiн қауiптi ой-пiкiрлерге құлақ салып, өте сақтықпен бақылап отыратын. Мысалы, Абайға жазылған Қосшығұловтың ислам дiнiндегi қазақтарды шоқындыру, көнбесе жер бетiнен сыпырып тастау жайындағы Николай II патшаның жергiлiктi генерал-губернаторға жiберген құпия өкiмi туралы хатына (қазақтар iшкi сырды бiлiп қоймауы үшiн) бүкiл Семей,Омбы билеушiлерiнiң дүрлiгуi т.б.

Патша үкiметiнiң қазақ жерiнде жүргiзген водворение саясатын Кеңес үкiметi төңкерiс жылдарының өзiнде-ақ мұрагерлiк танытып, саясаттағы ата дәстүрi ретiнде қабылдап дамытқан едi. Бұл әрекет колхоздастыру, бай кулактарды тап ретiнде жою және Гулагтардың қазақ жерiнде көптеп ашылуы кезiнде үдей түстi. Ұлы Отан соғысы жылдарында Едiл бойы халықтары мен Кавказ түрiктерiн зорлықпен Қазақстанға жер аудару тұсында молыға түстi. Әсiресе, бұл саясат 1954 жылы Қазақстанда тың жерлердi игеру науқанында шыңына шықты. Сырттан жұмыс күшi ретiнде бiр миллионнан астам славяндарды тартып, оларға барлық жағдай жасалды. Осы кезде 700 қазақ мектебi жабылып, ондағы оқушылардың бәрi де жаңадан ашылған аралас мектептерде бiлiм алды.

Шынында да қазақ жерi 130 ұлттың екiншi отанына айналды. Осыдан келiп Қазақстан көп ұлтты республика деген ұғым кеңестiк идеологияның терминi есебiнде санамызға сiңдi. Шындығында, мәселе осылай ма? Маңайдағы шегаралас елдерге назар салып қарайықшы, қалай екен. Мысалы, Ресей мен Қытайды немесе Өзбекстанды алып қарайық. Ресейдегi барлық жергiлiктi ұлттардың бәрi де тарихи ата мекенiнде отыр. Бiр кезде олардың бәрiн де Ресей жаулап алып, өз жерiне қосты. Кеңестiк дәуiрде олардың бәрi де одақтас республикалар мен автономиялы республикаларға, ұлттық округтарға айналып, соның негiзiнде федерациялық құрылымға айналып, көп ұлтты республикаға айналды. Ол ұлттардың ата мекен жерi болуы себептi де, олардың бөлiнiп кетуге конституциялық заңды құқы бар. Қытай Халық республикасы жерiнiң 60 процентi майда ұлттардың жерi болса да, қытайлар көп ұлтты республикамыз демейдi. Өзбекстанда жасайтын қазақ, тәжiк, қарақалпақ, қырғыз халықтары да өз ата мекен жерiнде отыр. Осы себептен де олар Өзбекстан үшiн диаспора деп есептелмесе де, Өзбекстан өзiн көп ұлтты республикамыз деуге саналы түрде бармай отыр.

Ал, бiз не себептi, қандай заңдылыққа негiзделiп көп ұлтты республика боламыз? Бiз өмiр сүрiп отырған ата мекен жерде қазақ елi толық отарлауға ұшырағанша бiрде-бiр бөтен халық отырмаған. Осы себептi де Қазақстан әлем халқына тәуелсiздiк алысымен унитарлы мемлекет деп танылды. Бiздiң жерде өмiр сүрiп отырған 130 ұлттың бiрiнiң де заңды ата мекен жерi жоқ. Олар бiздер үшiн диаспора ғана. Егер заңды ата мекен жерi болса, олар өз алдына бөлiнiп кетуiне заңды құқы болар едi. Жерi жоқ, бiрақ түрлi саяси-әлеуметтiк жағдайлармен келiп орналасқан бұл халықтардың шын отаны сыртта жатыр. Осы жағдайға қарамай, яғни ата мекен жерi болмаса да, Мәскеу немiстер мен ұйғырлардың автономия алып, бөлiнуге ұмтылған әрекетiн қолдап, тiлектес болып отырды. Хрущев билiгi тұсында Тың өлкедегi алты облысты Ресейге, оңтүстiк өлкесiн Өзбекстанға, Жетiсуды ұйғырларға беру әрекетi Қазақстанды бөлшектеп жiберу мақсатын көздеген авантюристiк әрекетi едi. Олай болса не себептi Қазақстан көп ұлтты республика атанады?!

Төртiншiден, қазақтың мәңгүрттену жолындағы шешушi саяси буын Голощекиннiң И.Сталинге жазған қызмет хатындағы: «…бесiншi кезеңде – қалған барлық қазақ зиялыларының көзiн жойып, қазақ әлiппесiн тағы да ауыстырып, осындай әдiспен жеткiншек ұрпақтың өз халқының тарихын бастапқы тума көздерден оқып бiлу мүмкiндiгiнен айыру» («Советская степь», 20.11.1927г.), – деп ашық жазуында жатыр. Бiздiң ұлтымыздың басына түскен қасiреттiң барлығы осы саяси мәнi бар ұсыныстан басталды. Бұл терең жауыздық пиғылды Сталин: «Голощекин жолдас! Менiң ойымша, қызметтiк жазбада атап көрсетiлген саясат, негiзiнен, бiрден-бiр дұрыс саясат болып табылады», – деп ресми түрде бекiтiп беруiнен кейiн-ақ қазақ зиялыларын бiрiн-бiрiне айдап салып, жаппай қудалаудың басталғаны тарихтан мағлұм. Бiрi ұсынып, екiншiсi оны ресми түрде қолдаудың нәтижесi 1930 жыл мен 1937 жылдың аралығында жүз мыңға жуық қазақтың аптал азаматтарын жаппай атып, көздерiн жоюмен бiрге алты миллионға жеткен қазақтар екi миллионға жетер жетпес жағдайда қалып, өз жерiнде халқының үштен екiсiнен айрылды. Қазақ ақын-жазушыларының қолымен жазылып, басылым көрген ұлттық рухтағы туындылары да тұтас жойылды. Кейде олардың атын атап, өлеңiн жатқа бiлетiндердiң өзi де халық жауы ретiнде ұсталып жатты. Оны студенттiк шақта, 1951 жылғы идеологиялық күрес кезiнде көзiмiзбен көрiп, үрейленiп өстiк емес пе? Қазақ филологиясында оқып жүрген кезiмiзде бiздер ата ұрпақтың рухани мұрасынан мүлде бейхабар қалғанымызды кеш ұғындық. Олардың туындысын жасырын болса да оқып бiлуге қазақ жазу әлiппесiнiң латыншаға, артынша орысшаға ауысып кетуiнен оқуға шамамыз келмедi. Голощекиннiң зымиян, ойы мен тiлегi алдымыздан шықты. Өткен тарихымызды танып бiлуге ұмтылысымыз далаға кетiп, күн өткен сайын мәңгүрттене бердiк.

Бiр ғасыр iшiндегi ұрпақтар алмасуындағы заңдылықты бұзып және олардың бойындағы ғасырлар бойы қалыптасып дәстүр ретiнде келесi ұрпаққа ауысатын бүкiл салт-сана, дүниетаным, ұлттық рухани қазына көздерi тәрiздi табиғи рухани құндылықтар үзiлiп, келесi ұрпақ өкiлiне жетпей қалды. Қасiрет атаулының бәрi де осы рухани мұрадан қол үзуде жатыр. ХХ ғасыр iшiнде өмiр сүрген төрт буын ұрпақтың: ата буын (75-100 жас аралығы), аға буын (50-75 жас аралығы), орта буын (25-50 жас аралығы), жас буын (25-ке дейiнгiлер) арасын жалғастырушы ата буын тұтастай жойылып кеттi. Мiне, бiздiң ұлттық қасiретiмiз дәл осы мәселеден басталатынын сезгендей өзiнiң шашпа пiкiрлерiнде Бауыржан Момышұлы Ұлы Отан соғысы кезiнде «У нас есть последственная преемственность всего благородного от поколения к поколению. Именно в этом достоинство нашего народа. Именно в этом суть нашего прогрессивного мышления и стремления к идеалам» (Б.Момышұлының үй архивiнен), – деп қадай көрсетуiнен бiздер қандай қасiреттi жағдайға ұшыраған бейшаралық қалiмiзге көзiмiз жете түседi. Б.Момышұлының Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Н.Оңдасынов, I.Омаров т.б. қазақ зиялыларына майданнан жазған хаттарында да осы ойларының идеялық желiсi жалғасын тауып жататыны бар. Отаны үшiн от кешкен Б.Момышұлын осы ой танымы үшiн ерлiгiн бағалаудың орнына «ұлтшыл, современный Бөкейханов» деген жалалы пiкiрдiң етек алғаны есiмiзде.

Бесiншiден, Голощекиннiң екiншi көтерген мәселесi – қазақ әлiппесiн тағы да ауыстырып, келешек жастарды өз халқының тарихи жадынан мақұрым қалдырып, мәңгүрттендiру болатын. Бұл мәселенiң тарихи төркiнi де патшалық замандағы орыс миссионерлерiне барып тiреледi. Мысалы, атақты миссионер ғалым, профессор Ильминский үкiметтiң ресми хабарлары жарияланатын «Дала уалаяты» газетiнде венгер ғалымы Вамбери қазақтардың арғы ата-бабалары – ғұндардың тарихынан мағлұмат бергенде, зәресi ұшып бiрден обер-прокурорға арыз жазып, ресми газеттiң өзiн жаптырып тастауы – осының айғағы. Профессор қазақтар өткен тарихын бiлсе, ұлттық санасы оянып кетуiнен зәресi зәр түбiне түсе қорықты. Мiне, Сталин мен Голощекин қаласын қаламасын орыс миссионерлерiнiң дәстүрiн жалғастырушы рухани мұрагерлерi болып шыға келдi. Неге бұлай? Мәселенiң бәрi де осы ой танымнан таралып, өрiс алуында жатыр. Оларға ешкiм де жала жауып отырған жоқ, шындықтың өзi осылай болса не дерсiң?

Мекемтас Мырзахметұлы,

профессор

Жалғасы бар