Жаңалықтар

«ҚАЗАҚТЫ ҚОРЛАУ»-2

ашық дереккөзі

«ҚАЗАҚТЫ ҚОРЛАУ»-2

Әлем алдында абыройымызды айрандай төккен лондондық сайқымазақ қазақ халқын қорлайтын «фильмсымағының» жалғасын түсiруге дайындалып жатыр. «Итiң жаман» десе, кәдiмгiдей намыстанып, шамданып қалатын атаның ұрпағы едiк, тұтас бiр ұлтты қорлаған қайдағы бiр сайқымазақты тезге салуға дәрменсiз боп отырмыз. Бiздiң билiк «қалжың ретiнде қабылдай сал» деп жұбатқансиды…

Ұлыбританияда тұратын ұлты еврей сайқымазақ Саша Барон Коэннiң былтыр жарыққа шыққан «Борат: Қазақстан халқының игiлiгiне арналған Американың мәдени зерттеуi» атты «фильмсымағы» кейбiреулер қанша жасырып, жапқанымен, қазақтардың халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтiргенi анық. Бiз үшiн тағы бiр «күтпеген сый»: жуырда баспасөз мәслихатын өткiзген «News Corp.» компаниясының басшысы Руперт Мердок қазақ журналисi Борат Сағдиевтiң образын сомдаған Коэннiң «Борат» фильмiнiң екiншi бөлiмiн түсiру үшiн келiсiм-шартқа отырғанын мәлiмдедi. «Экраннан үш рет тамашалап, iшек-сiлем қатқанша күлдiм» деп «ағынан жарылған» Мердокты «Қазақстан халқының игiлiгiне арналған Американың мәдени зерттеуi» емес, былтыр прокаттан түскен мол қаржы көбiрек қызықтырғаны сөзсiз. Түскен пайданың жалпы көлемi 248 миллион долларға жетiп, тiптi, «Оскарға» ұсынылған болатын. Ебедейсiз қазақ журналисi Боратты сомдаған сайқымазақ (Саша Барон Коэн) «Алтын глобусты» ұтып алды. Қазақтарды қорлауының арқасында.

«Қазақтардың сүйiктi сусыны – аттардың быршып кеткен зәрi», «жезөкшелiк – Қазақстандағы ұлттық спорт түрi», «қазақтардың ең сүйiктi ұлттық әнi – «Еврейдi құдыққа лақтыр», «Қазақстанда әйелдер қоғамдық көлiктердiң iшiнде емес, сыртында жүредi», «автобус, трамвайлардағы қазақтардың қызтекелерiн көгiлдiр шляпаларынан танисыз»… деп көкiген Коэндi елiмiзде жақтаушылар табылды. Тiптi, кейбiр «жанашырлар» «ерен еңбегi үшiн» Коэнге «Тарлан» сыйлығын тағайындауға ұсыныс жасады… Алғашқыда қазаққа «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» қайдағы бiр сайқымазақтың сонша қорлағанына намыстанып қалған қазақ билiгi Саша Баронды қатаң сынға алған. Қазақстанның Ұлыбританиядағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Ерлан Ыдырысов: «Саша Барон Коэн Батыстың Қазақстан туралы хабары аздығын барынша кең пайдаланған. Бiрақ оның қалжыңдары жала мен нәсiлшiлдiкке толы. Әзiл-қалжыңды жанды сергiтуге және қайшылықтарды жоюға қолдануға болады. Мысалы, Лейбористiк партияның конференциясындағы Тони Блэрдiң қалжыңы. Егер әзiл бейхабарлық пен болжамдардан құралса, нәтижесi қалжыңға мүлде кереғар шығары анық. Мен британдық сайқымазақ әрi Борат Сағдиевтiң образын ойлап табушы Саша Барон Коэн мұны түсiнбейтiн шығар деп қорқамын. Коэн комедиялық жанрды шебер меңгерген және ойлап табу қабiлетi аса жоғары актер. Оның ойының ұшқырлығы соншалық, жер бетiнде жоқ елдi – нағыз Қазақстанға еш қатысы жоқ, бiрақ қатiгез, қатал, керi кеткен «Қазақстан» деген елдi ойлап тапты. Боратқа тән қасиеттер – дөрекiлiк, көргенсiздiк, нәсiлшiлдiк пен шектен асқан ұлтшылдық. Бұл адам емес, шошқа: топас, қатiгез, жиiркенiштi…» дедi. Алайда, көп уақыт өтпей-ақ Коэнге қатысты пiкiрiн кiлт өзгерткен бiздiң билiк сайқымазақтың «қалжыңдарына» «түсiнiстiкпен» қарауға тырысты. Әп дегенде Коэндi сотқа беретiнiн айтқан Президент Назарбаев былтыр Ұлыбританияға жасаған ресми сапарының барысында сайқымазақтың фильмiн әзiл ретiнде қабылдауға кеңес бердi. Ал Қазақстанның шын мәнiсiнде қандай ел екендiгiн бiлуге қызыққан шетелдiктердi елiмiзге қонаққа шақырды. Туғалы аяқ баспаған «Атамекенi» – Қазақстанға Коэн келмедi. Ал министр Ертiсбаев оның «қалжыңдары» Қазақстанның халықаралық аренадағы беделiне нұқсан келтiрмегенiн, керiсiнше, жағымды әсер еткенiн мәлiмдедi. Осылайша «жауырды жаба тоқуға» тырысқанымызбен, сабасына түскен сайқымазақ жоқ. Керiсiнше, құтырына түсiп, «тағы айтарым тағы барға» басқалы отыр. Коэннiң қазақтарды масқара еткен былтырғы құны тым қымбат бағаланған «қалжыңдарына» зорлана жымиюға тырыссақ та, көңiл шiркiнде алаң бар. 15 жыл бойы «қасықтап жинаған абыройымызды шөмiштеп шашуға» «шебер» сайқымазақ қазақтарға тағы да қандай «сый» дайындады екен? Бiзге түсiнiксiзi, тұтас бiр ұлтты, бүкiл мемлекеттi қорлауға Коэнге кiм құқық бердi? Егер, сайқымазақ Қазақстанды емес, өзге бiр елдi дәл солай қорласа, әлемдiк сахнадағы беделiне нұқсан келтiрсе, «қырғи-қабақ соғысқа» ғана емес, тiптi, әскери шараларға әкеп соғатыны анық. «Итiң жаман» десе кәдiмгiдей намыстанып қалатын атаның ұрпағы едiк, «алты айшылық» жерде жатып алып, масқара еткен бiр көргенсiздi тезге сала алмай әлекпiз. Дәлiрек айтқанда, тағы да билiк дәрменсiз…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ