Жаңалықтар

МЕДИА-ФОРУМҒА ӘЗIРЛIК БАСТАЛЫП ТА КЕТТI

ашық дереккөзі

МЕДИА-ФОРУМҒА ӘЗIРЛIК БАСТАЛЫП ТА КЕТТI

Еуразиялық медиа-форум Қазақстанда 2001 жылдан дәстүрлi түрде өтiп келедi. Осы уақытқа дейiн Алматы шаһарына әлемнiң 60 мемлекетiнен 500-ден астам делегат өкiлдерi ат басын тiреген. Мәселе, бұл санда емес, көтерген мәселесiнiң жүгiнде болуы тиiс. Қашан да, көрпенi өзiне қарай тартатын халықаралық және аймақтық БАҚ өкiлдерi, танымал саясаткерлер кешегi күнге дейiн өз елiнiң өзектi мәселесiн ауызға алғанда, форумның ұйымдастырушылары «өз қожайыны – қазақ» мәселесi, қазақтiлдi БАҚ төңiрегiндегi еленбей жатқан проблема туралы ауыз ашпайды. Бұл бесiншi басқосудың мән-жайы мен жай-жапсары жайында баспасөз бетiнде талай жазылды. Ал форумның негiзгi мақсаты – еуразиялық БАҚ-тың кәсiби дамуына қолдау көрсету және Батыс пен Шығыс арасындағы ынтымақтастықты дамытуға септiгiн тигiзу.

Сонымен «VI Еуразиялық медиа-форум мiндеттi түрде өтедi» деген ұйымдастырушылар дайындық барысына кiрiсiп кетiптi. Форумның продюсерi Владимир Рерих форумды ұйымдастырушы топтың құрамы өзгергенiн де хабарлады. «Осы күнге дейiн Еуразиялық медиа-форумды басқарып келген бас директор Талғат Дайырбеков бұл қызметтен кеттi», дей келе, ол бұл қадамға өзi барды дегендi айтады. Осыдан соң Рерих мырза сәтi түскенде баспасөз өкiлдерiне форумның жаңа бас директоры Лариса Пакты таныстырып, оның кәсiби ұйымдастырушы екенiн де айта кеттi. Ұйымдастырушылар алтыншы форумда әлемдiк саясаттың гуманизм аясынан шығып бара жатуына қатты алаңдаушылық бiлдiрiп, «азаматтық және саяси қарым-қатынастардың қатулана түсуi» атты тақырып аясында ортақ пiкiр өрбiтпекшi. Еуразиялық медиа-форум бас директорының айтуынша, бағдарламаға бүгiнгi таңда халықаралық саяси және медиақоғамдастық үшiн айрықша өзектi болып табылатын бiрқатар тақырып енгiзiлмек.

Мәселен, Таяу шығыс мәселесi төңiрегiнде және Саддам Хусейннiң үстiнен жүргiзiлген сот туралы мәлiмет тарату жайы, сондай-ақ Ливандағы әскери қақтығыс, ТМД елдерiндегi «сөз бостандығы» жағдайы, Иран мен Солтүстiк Кореядағы ядролық саясат мәселесi, Еуразия аймағы елдерiндегi энергетикалық қауiпсiздiк саясаты, БАҚ-тың «ойын-сауыққа» бой алдыру ағымы, қазақстандық Борат Сағдиев атты ойдан шығарылған журналист феноменi т.б. мәселе төңiрегiнде сөз болады. Л.Пак: «Форумды интерактивтi отырыс ретiнде ұйымдастырып, залда жиналғандарға өз пiкiрiн ашық түрде ортаға салуға мүмкiндiк беремiз. Бiз ток-шоу, пiкiрталас, сұхбат ретiнде телевизияның пiшiндерiн қолданамыз» десе, «Осы жарыссөзге шығатындар iшiнен бүгiнгiнiң интеллектуалдық жетекшiлерiн көрiп-бiлгiмiз келедi. Сондықтан әлемге танымал философтар Фрэнсис Фукуяма, Ричард Хантингтон, Умберто Эко, бестселлер авторлары Харуки Мураками мен Мишель Уэльбек, ресейлiк саясаткер Евгений Примаков пен Михаил Горбачев, сондай-ақ философ әрi исламтанушы Гейдар Джемаль, АҚШ ойшылы Ноам Хомскийдi шақырдық», –дейдi В.Рерих.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ