САЙЛАНДЫ МА, ТАҒАЙЫНДАЛДЫ МА?
САЙЛАНДЫ МА, ТАҒАЙЫНДАЛДЫ МА?
Өткен жексенбiде түркiмен халқы алғаш рет баламалы түрде сайлады. Алты үмiткер қатысқан саяси доданы сынға алған Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының өкiлдерi сайлауға «спектакль» деген баға бердi.
Сонымен түркiмендер Түркiменбашының iзбасары ретiнде Бердiмұхаммедовтi таңдады. Шынына келгенде, оның президенттiк таққа отыратынына ешкiм күмән келтермеген болатын. Осыдан екi ай бұрын ресми мәлiмдеме жасаған Түркiменстанның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мұрат Қариев Бердiмұхаммедовтiң президенттiкке сайланатынын ашық айтқан: «Елдегi президенттiк сайлауды өттi деп есептесе де болады. Бiрақ Заңға сәйкес, дауыс беру процесiн 2007 жылдың 11 ақпанында өткiзу керек». Қариев қателеспептi, дауыс беру процесiне қатысқан 98,65 пайыз (2 миллион 677 мың) сайлаушының 89, 23 пайызы Бердiмұхаммедовтi таңдаған. Ал су жаңа президент «жинай алмай» қалған болмашы пайыз дауысты қалған 5 үмiткер пышақ үстiнен үлестiргендей өзара бөлiсiп алды. Айтпақшы, олар да далада қалған жоқ. Үмiткерлердiң барлығы да Халықтық мәслихат құрамына ендi.
Сайлау қорытындысы жарияланғаннан кейiн, яғни, кеше жаңа президенттiң инаугурациясы өттi. Оған Қазақстан, Тәжiкстан, Украина, Грузия елдерiнiң басшылары мен Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы, Түркия, Иран, Әзiрбайжан, Ресейдiң премьер-министрлерi, сонымен қатар АҚШ, Қырғызстан, Үндiстан, Армения, Қытай, Ливия, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi, Пәкстан, Өзбекстан мен Германияның өкiлдерi қатысты. 5 жылға сайланған 49 жастағы Гурбангулы Бердiмұхаммедовтiң негiзгi мамандығы — дәрiгер-стоматолог. 11 ақпандағы сайлауға дейiн ол 1997-2006 жылдар арасында Түркiменстанның Денсаулық сақтау және медициналық өндiрiс министрi, 1998-2006 жж. Сапармұрат Ниязов атындағы Халықаралық медициналық орталықтың бас директоры, 2001 жылдан бастап Түркiменстан Министрлер кабинетi төрағасының орынбасары, 2006 жылдың 21 желтоқсанынан бастап Түркiменстан президентi қызметiн атқарушы және Түркiменстан қарулы күштерiнiң бас қолбасшысы қызметiн атқарған.
Мұнай мен газы қызықтыратыны белгiлi. Сондықтан сайлауға дейiнгi саяси ойын көрiгiн қыздыруға тырысқан алпауыт елдер түркiмендердiң көңiлiнен шығуға, дәлiрек айтқандай, тығыз қарым-қатынас орнатуға тырысқан. Алайда билiк басында уақытша отырса да, сол кездегi үкiмет Түркiменбашы салып кеткен даңғыл жолдан айнымайтындықтарын ашық байқатқан едi. Энергетикалық қауiпсiздiк мәселесi күн тәртiбiнен түспей тұрған Батыс пен АҚШ, Қытай мен Ресей, Үндiстан мен Пәкiстан саяси таразының басы қай жаққа қарай бұрылатынын әзiр болжай алмай отыр. Бiрақ олардың әрқайсысының саяси күресте өлiспей берiспеске бекiнгенi анық. Әрi Түркiменбашының қазасы Орталық Азия аймағындағы саяси ахуалдың күрт өзгертетiнiн былтыр жыл соңында-ақ мәлiмдеген саясаткерлер мен сарапшылар қауымы «барлық қызықтың» әлi алда екенiн айтады.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ