ЖЕТIМIҢДI ЖЫЛАТПА...
ЖЕТIМIҢДI ЖЫЛАТПА...
Қазiргi таңда елiмiздегi жетiм балаларды асырап алуға әркiм құмар. Отандастарымыз денсаулығы мықты, сау баланы таңдауға тырысса, шетелдiктердiң назары, керiсiнше, ауру балаларға түседi. Нелiктен? Таным-түсiнiгi, менталитетi басқа болғасын ба? Шыр етiп дүниеге келгелi бiрауыз жылы сөздi жақынынан емес, жаттан күтiп, жаутаңдайтын бейкүнә бүлдiршiндердi мүсiркегесiн бе? Мүмкiн олардың аяушылық сезiмдерi бiзге қарағанда күштiрек болар? Әлде, ана мен әке болу бақыты жазылмаған бұл пәниде «суға кеткен тал қармайдының» керiн келтiргендiктен бе? Жұмбақ… Тек БАҚ-тан кейбiр мемлекеттердегi өзге елдерден асырап алған балалардың iз-түзсiз жоғалып кетiп жатқаны, кейбiр сәбилердiң өгей ата-ананың қолынан қаза тапқаны туралы деректердi оқығанда шекара асып кеткен бiздiң қарадомалақтардың тағдырына ерiксiз алаңдайды екенсiң. Оның үстiне, балалардың құқығын қорғауды көздейтiн халықаралық Гаага конвенциясына қол қоюға қатысты мәселенiң Қазақстанда бiрнеше жылдан берi шешiлмей келе жатқаны тағы бар…
КIМДIКI ДҰРЫС, КIМДIКI БҰРЫС?
Кейiнгi жылдары алты мыңнан астам қазақстандық сәбидi 25 алыс шет мемлекет пен ТМД елдерiнiң азаматтары асырап алған. 6 мың баланың 47-сiн түрлi себептерге байланысты шетелдiк ата-аналары Қазақстанға қайтарып берген. Елiмiзден бала асырап алуға АҚШ, Бельгия, Ирландия мен Қазақстанның өкiлдiгi жоқ өзге де мемлекеттер құмар көрiнедi. Демек, барған мекенiн бiздiң қарадомалақтар жерсiндi ме? Өгей әке-шешеден құқай көрiп жүрген жоқ па? Кiп-кiшкентай азаматтардың құқықтары жаңа отбасында тапталмай ма? деген сауалдарға қазақстандық тарап қажет жағдайда жауап ала алмайды. Бәлкiм бiздiң Үкiмет оған мүдделi де емес шығар… Айтпақшы, осыдан сәл уақыт бұрын ғана ҚР Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев Парламенттiң пленарлық отырысында шет елдерге кеткен балалар туралы сөз қозғады. Басты мәселе Конвенцияны қабылдау, қабылдамауға қатысты. Бiзге түсiнiксiзi, ана мен әкенiң жан жылуынан қағыс қалған көгенкөздердi неге бiз өзгелердiң, өзге болғанда да, дiнi мен дiлi жат өгейлердiң қолына оп-оңай ұстата саламыз? Неге балақандардың кейiнгi тағдырына алаңдамаймыз? Балалардың құқығын қорғау туралы Гаага конвенциясына қол қоймаған Ресей, Ирландия, АҚШ сияқты мемлекеттерге бала асырап алуға неге рұқсат беремiз? Конвенцияны қабылдамаған елдерге өгей баланың өмiрi мен денсаулығына деген жауапкершiлiк жүктелмейдi. Яғни, сiздiң елiңiзден барған бүлдiршiндердiң тағдыры тәлкекке ұшырап, қоңыз терiп кетсе де, ағзаларындағы түрлi органдары саудаға салынып кетсе де, ешкiмнiң шаруасы жоқ… Алайда, жаңа министр Түймебавтың айтуынша, аталған құжатқа қол қоюға Қазақстан асықпауы тиiс көрiнедi. Өйткенi, ол үшiн алдымен ҚР «Неке және отбасы туралы» Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлiп, Үкiмет тарапынан жетiм балаларды қолдау және қамқорлыққа алу жүйесiн дамыту жөнiндегi мемлекеттiк бағдарлама дайындалуы қажет. Әрине, бұл пiкiрмен бiздiң шенеунiктердiң барлығы бiрдей келiсе бермейдi. Мысалы, ҚР Бас прокурорының орынбасары Мерей Уаисов асырауға берiлетiн балалардың кiмдерге және қайда жол тартатынын қадағалап отыратын орталық органды құру, балаларды асырауға берумен шұғылданатын агенттiктердi мемлекеттiк тiркеуден өткiзу үшiн Конвенцияға қосылу керектiгiн айтады. Айтпақшы, Қазақстанда бала асырап алуға заңды түрде тыйым салынбауын тиiмдi пайдаланып қалуға тырысқан 40 мекеме нандарын туғаны мен тумасы жоқ тұл жетiмдердi шекара асырумен тауып жүрген көрiнедi. Бұл ресми тiркеуде тұрғандары ғана. Бала саудасын көлеңкелi бизнес көзiне айналдырғандардың нақты саны бiр Құдайға ғана аян. Себебi, шетелдiктердiң Қазақстаннан бала асырап алу мәселесi билiк тарапынан бақылауға алынбайтындықтан, пайданы шаш-етектен тауып жүрген пысықайлар көп. Сондықтан Гаагалық конвенцияға қол қою маңдайынан сипайтын мейiрiмдi жандарды Туған жерiнен емес, жат жұрттан тапқан сәбилердiң кейiнгi тағдырының қалай болғанын қадағалап отыруға мүмкiндiк бермек. Алайда, халықаралық құжатты жақтап сөйлеген Уаисов мырзаға қарсы уәж айтқан депутаттар Конвенциядағы бала асырап алу iсiмен шұғылданатын орталық органның өз өкiлеттiлiгi мен құзырын өзге ұйымдарға жүктеуге құқық беретiн бөлiмiне қарсылық бiлдiрдi. Олардың айтуынша, бұған дейiн заңсыз жұмыс iстеп келгендер орталық орган тарапынан берiлген өкiлеттiлiктi пайдаланып, заңды «қоныштарынан басуы» бек мүмкiн. Халық қалаулылары арасында түрлi пiкiрлер орын алды. Мысалы, кейбiр депутат шетелдiктерге бала беру мәселесiн қатаң бақылау арқылы шешудi қолдаса, кейбiр депутат бұл iске тiптi, мүлде қарсы. Қазақстандағы демографиялық ахуалдың сын көтермейтiндiгiн айтқан Амангелдi Айталы жетiмдердiң шекарадан ары аспауын жақтайды. Шынында да, жерiмiз ұлан-ғайыр, бiрақ санымыз аз. Жетiмiмiздi жылатып, Туған жерден жыраққа тентiретiп жiбергенше, неге оларды басынан сипап, бауырға тартпаймыз? Биiк мiнбелерден құлаш-құлаш баяндама оқитын шенеунiктер Қазақстанның экономикалық жетiстiктерi туралы айтудан бiр шаршамайды. Ендеше неге бейкүнә тұл жетiмдердiң жағдайын жасауды мемлекет өз жауапкершiлiгiне алмасқа? Неге балаларды шекара асыруға қатаң тыйым салмасқа? Қара қытай сияқты мемлекет территориясына сыймай жатсақ әңгiме басқаша өрбiр едi. Өкiнiшке қарай… Сонымен, жетiмдер тағдырын Парламент отырысында ұзын-сонар тартысқа салған депутаттар Конвенцияны заңдастыру мәселесiн кейiнге қалдырып, заң жобасын керi қайтарды. Осымен екiншi рет. Халықаралық пактiге қол қоюға кезiнде өткен шақырылымның депутаттары да қарсы болған едi.
БАЛА БАҒАСЫ ҚАНША ТҰРАДЫ?
Балаларды өзге елдер азаматтарына асырауға беру тәжiрибесi Кеңес үкiметiнiң кезiнде басталған. Әрине, бұл мәселе тек Мәскеудiң нұсқауымен шешiлетiн едi. Әке мен ананың мейiрiмiне зәру жетiмектер Ресейде жетiп артылатын. Есесiне, қазақстандық көгенкөздердi бауырға басуға бiрде-бiр шетелдiк құмар болмады. Неге екенiн қайдам, КСРО ыдырағаннан кейiн сүт аңқыған нәресте иiсiн аңсайтындар Қазақстанға қарай ағылды. Америкалық делдалдар жас категориясына қарай асырап алынатын бала бағасын бiрден бекiтiп те үлгердi. Төленетiн қаржы шетелдiк делдалдардың ақылы қызметiн пайдаланатын арнайы қорлар арқылы жүзеге асырылуы тиiс едi. Демек, делдалдардың жетiм балаларды жарылқауға нелiктен құштар екендiгi өздiгiнен түсiнiктi болады. Әрине, баланың ақшасын төлеумен iс бiтпейдi. Асырап алушылар фирманың қажеттi құжаттарды дайындауға кететiн шығынын өтеуге, сыйлықтар мен басқа да керек-жараққа тиесiлi қаржыны төлеуге мiндеттi. Оған баланы алып қайтуға кететiн жол қаражатын тағы қосыңыз.
«БАЛАПАН – БАСЫНА, ТҰРЫМТАЙ – ТҰСЫНА»…
Негiзi Қазақстанда шетелдiктерге бала асырау мәселесiмен айналысу өте оңай. Ол үшiн ағылшын тiлiн жетiк бiлсеңiз және кез келген шет мемлекеттегi, мысалы, Америкадағы осы iспен айналысатын бiр агенттiкпен келiсiм-шартқа отырып (мұндай агенттiктер әр штатта көп), сол мекеменiң «Қазақстандағы үйлестiрушiсi» деген лауазымға қол жеткiзсеңiз болды. Содан кейiн әлгi «үйлестiрушi» жетiмдер үйi мен балалар үйiнiң басшысымен келiссөздер жүргiзуге кiрiседi. Сөз жоқ, басшыны көндiрудiң жолдары сан-алуан. Ол әлгi басшының ар-ұжданына байланысты. Мысалы, егер өз қызметiне адал адам болса, жетiмдердiң жаңа өмiрдi бастауына жол ашылғанына, ата-ана мейiрiмiнен қағыс қалған балалардың жаңа отбасында берекелi тiрлiк кешетiнiне көзi жетсе, «үйлестiрушiмен» келiседi. Оның үстiне, көкек аналар мен безбүйрек әкенiң, қатiгез туысқандарының жүрегiн жiбiте алмаған бүлдiршiндерге жетiмдер үйiнен орын жетiспей жататыны тағы бар. Ал балалардың емес, құлқынының қамын көбiрек ойлайтын басшымен келiсу тiптi жеңiл. Өйткенi, баланы асырап алуға қол жеткiзген өгей әке-шеше «үйлестiрушiге» қомақты көлемде ақы төлейдi. Осы ақшаның тек болмашы бөлiгiн ғана қанағат тұтуға бар «құлқын» – басшы қол астындағы жетiмектерге «күл болмасаң, бүл бол» деуi әбден мүмкiн. Басшының көңiлiн тапқаннан кейiн «үйлестiрушi» балаларды суретке түсiредi де, олар туралы деректер көрсетiлетiн анкеталарды толтырып, агенттiкке жолдайды. Агенттiкке келетiн болашақ ата-ата суреттердi аудастырып отырып, дүкен сөрелерiндегi заттарды тамашалағандай, балаларды таңдаудан өткiзедi. Олар өз таңдауын жасасымен, агенттiк ата-аналар туралы деректердi жинайды да, «үйлестiрушiге» жiбередi. Әлгi «қамқоршы» жетiмдер үйi орналасқан қала не аудан әкiмiнiң атына өтiнiш жазып, аудан әкiмшiлiгi бiрлесе отырып, шешiм қабылдайды. Егер өгей әке мен шешенiң құжаттары дұрыс, материалдық жағдайы түзу және әйел мен еркектiң бiрiнiң өз баласын сүюге медициналық тұрғыда мүмкiндiгi шектеулi деген анықтама болса, жергiлiктi әкiмдiк өкiлдерi қарсылық бiлдiре алмайды. «Жығылғанға жұдырық», қазақ қоғамын iшiнен iрiткен жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық жетiмдердi де айналып өтпептi. Сондықтан бала асырап алуды көлеңкелi бизнес көзiне айналғандар саны уақыт өткен сайын көбейiп келедi. Парламенттегi кейбiр депутаттардың алаңдаушылығын туғызған басты мәселе де осы. Жетiмi мен жесiрiн жылатпаған киелi қайран қазақтың бүгiнгi ұрпағы етегiне ие бола алмайтын жеңiлтек қыздары мен баласын «жұртта» жиi қалдыратын намыссыз ұлдарына тыйым салуға дәрменсiз. «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына» дейдi баяғы… Менiңше, кез келген елдiң жарқын келешегiне кепiл болатын кiп-кiшкентай азаматтар екендiгiн естен шығарып алған бiздiң билiк те безбүйрек…
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ