ПАРЛАМЕНТ ПРЕМЬЕРДIҢ ТҰСАУЫН КЕСТI
ПАРЛАМЕНТ ПРЕМЬЕРДIҢ ТҰСАУЫН КЕСТI
Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Парламент депутаттарын Үкiметтiң 2007-2009 жылдарға арналған жоспарымен, яғни, бағдарламасымен таныстырды. Мұны жаңа премьердiң премьерасы, болмаса беташары десек те болатындай. Конституция бойынша, кез келген премьер өзi жұмысқа кiрiскен бiр айдың аралығында нендей шаруамен айналысатынын шешiп алуы тиiс. Яғни, Парламент депутаттарының алдына келiп, бағдарламасымен таныстырады да, iзiнше «бата алады». Мәсiмовтiң баяндамасынан алдын ала хабардар болған депутаттар да өз сауалдарын премьерге бұрынырақ көрсетiп алған сыңайлы. Тiптi, Мәсiмов сондай сценарийдiң кесiрiнен бiрер әйел депутаттың түрiн шатыстырып алып, өзге бiреуге бағытталған жауабын сол депутатқа оқып берiп, ыңғайсыз жағдайда қалды. Есесiне депутаттар премьердiң беташарында барынша көзге түсiп қалуға тырысты.
Мәсiмовтiң өз сөзiмен айтқанда, «Үкiметтiң бағдарламасы елдiң әлеуметтiк-саяси өмiрiнiң бүкiл аспектiсiн қамтиды». Алайда, елдегi бүкiл ахуалды қамтитын сол бағдарламаны таныстыруға премьер мырзаның бар-жоғы 15-ақ минуттық уақыты кеттi.
Сонымен, әлқиссасы «Елбасы атап көрсеткендей» деп басталатын бағдарлама 9 бөлiктен тұрады:
Үкiмет елдiң макроэкономикалық саясатының жүргiзiлуiн өте жiтi қадағаламақ. Алдағы екi жыл iшiнде Ұлттық банкпен бiрiгiп, қаржы-несие саясатын бақылауға алады. Премьердiң қаржыгер екендiгiн ескерсек, Мәсiмов экономика және қаржы саясатын шындап қолға алатын сияқты. Бұрынғы премьердiң Кәрiм Қажымқанұлына инфляция, банкирлермен текетiрес, сыртқы қарыздың өсiмi секiлдi «мұра» қалдырғаны белгiлi.
Әкiмшiлiк реформа да осы Үкiметтiң негiзгi атқарар шаруасы. Премьер монополияға қарсы саясаттың қатаң түрде жүргiзiлуiне де мүдделi. Денсаулық сақтау мен әлеуметтiк ахуалды да назардан тыс қалдырмады. «Инфекциялық ауруларды азайтуға күш саламыз» дейдi премьер. Мемлекеттiк тiл мен мәдениеттi дамытуды да Мәсiмов естен шығарған жоқ. «Мемлекеттiк тiлдiң Қазақстанның мемлекеттiлiгiн әрi қарай нығайтатын фактор ретiнде қарастыруға күш саламын» дейдi ол. Өзiнiң басшылығымен мемлекеттiк тiлдi дамытатын комиссияның жұмыс iстейтiнiн, депутаттар Шаханов пен Сұлтановтың көмекке келуге дайын отырғанын да жеткiздi. «Олар менiң орынбасарларым» дейдi премьер. Алайда, премьер қазақ тiлiн бала-бақшадан бастап дамытуға күш саламын дегенiмен, «орыс тiлiнiң деңгейiн сақтауға, әрi өзге тiлдердiң кеңiнен қанат жаюына да жағдай жасайтынын» айтты.
Ауылдық жерлер, шағын қалаларды қалпына келтiруге де қаржы бөлiнбек.
Инфрақұрылымды дамытып, оның деңгейiн халықаралық дәрежеге жеткiзетiнiн де тыс қалдырмады. Экономиканы диверсификациялап, модернизациялауға да көңiл бөлдi. «Елдiң инновациялық белсендiлiгiн арттырамыз. «Тау-Кен өндiрiсiндегi компаниялардың ашық болуына мүдделiмiн. Осы саладағы компанияларға лицензия беру iсiнде Парламент депутаттарының көмегiне жүгiнемiн» дейдi Мәсiмов.
Негiзi, Мәсiмов Парламент қабырғасында өткiзген 4 сағат iшiнде осылайша Парламент депутаттарының көмегiне әлсiн-әлсiн жүгiне бердi, жүгiне бердi…
Депутаттар сауалына жауап берген Мәсiмовтiң сөздерiн қысқаша былай деп қорытындылауға болады: «Иә, ондай проблеманың бар екенiн бiлемiн. Бiз әкiмдермен, министрлермен мәселенi талқылаймыз және шешемiз».
Ал депутаттарға Мәсiмовтiң жауаптары ұнап қалды ма, жоқ әлде, өздерiн көрсеткiсi келдi ме, әйтеуiр бәрi де тiл қатып қалуға жанталасты. Сөз сөйлеймiн деушiлер спикер Мұхамеджановтың жүйкесiне де бiраз әсер еттi. Ауық-ауық «Орал Байғонысұлы, бiздiң кезегiмiз неге сақталмайды? Сөйлейiк деп едiк» деген дауыстар естiлiп отырды. «Кiмнiң қашан сөйлейтiнiн қайтадан дауысқа салайық» деп Парламенттiң «ақсақалдары» да бой көрсеттi. Ауылға жаңа келiн түскенде, қолынан шәй iшемiз деп ауылдың тайлы-тұяғы қалмай той болатын үйге шұбырушы едi. Сөйлеп қалуға таласқан Парламент депутаттарын көрiп, сол көрiнiстiң көз алдыма келгенi…
Депутаттардың барлығы дерлiк: «Кәрiм Қажымқанұлы, мен Сiздiң бағдарламаңызды қолдаймын» деп сөз саптап бастады.
МӘСIМОВ ПЕН КОЛБИННIҢ АРАСЫНДА ҚАНДАЙ БАЙЛАНЫС БАР?
Қазiргi премьер мен Колбиннiң арасында паралелль жүргiзушi бiз емес, депутат Ерасыл Әбiлқасымов. Депутаттың үш ұсынысының екеуi Колбиннiң талабы мен Мәсiмовтiң ұшағы туралы болды. Таратып жазсақ, «Колбин деген мырза бiр жылдың iшiнде қазақша сайраймын деп уәде берген. Сiз де өзiңiзге сондай талап қойыңыз. Шаханов пен Сұлтанов Сiздi тоқпақтап отырып, қазақша үйретедi деп ойлаймын. Бiзде қазақша бiлмейтiн талай премьер болған. Тоқаев қазiр тiлдi жақсы меңгерiп алды. Тiптi, орыс Терещенконың өзi қазақша үйренiп қалған» деген Әбiлқасымов премьерге «аймақтарды аралағанда ұшағыңызға депутаттарды салып ала кетiңiз. Олар бiраз мәселенi түсiндiредi» деп кеңес бердi.
Бiздiң: «Не үшiн Колбиндi еске түсiрдiңiз?» дегенiмiзге, Әбiлқасымов:
— Әдейi айттым. Ол, «бiр жылда үйренем» деген, — сен одан кемсiң бе? — дегенiм ғой.
— Бағдарламаның денi бұрынғы Үкiметтiң бастаған шаруасынан тұратын секiлдi…
— Премьер бәрiн айтып қойса, ертеңгi күнi Президентке не қалады? Президент наурыздың бiрiнде халыққа жолдау жасауы керек. Сол жолдауда Президент мынанша бала-бақша, мынанша объект iске қосылады деп айтады.
— Сiзге Президенттiң не айтатыны қазiрден белгiлi ме?
— Көресiз ғой, ертең. Президент негiзiнен екi мәселеге көңiл бөледi. Бiрiншiсi: бәсекелестiкке қабiлеттi елу елдiң қатарына кiру үшiн халықтың ахуалын дұрыстау керек дейдi. Әлеуметтiк ахуал, бала-бақшалар салу, медициналық мәселелер бiрiншi орында тұрады. Шымкенттегi ахуалдың қалай болғанын бiлесiз. Екiншi мәселе: саяси реформаларға қатысты болады.
«Премьер қазақ тiлiн дамытуды қолға аламын дегенiмен, оқу әдiстемелiк жағдайға, оқулықтарды шығаруға көңiл бөлуi керек едi. Адамның тiлдi үйренуге деген құштарлығы, талабы оянуы үшiн ол адамда жеткiлiктi ақпарат болуы керек. Сол ақпараттық ресурс қана оның қажеттiлiгiн туындатады. Балалардың «Том мен Джерри» секiлдi мультфильмдердi қазақша көруге мүмкiндiгi болуы қажет. Мәселен, Германия өз тiлiнде ақпараттық ресурсы мол ел. Бiрақ, осы ел аудармаға қыруар ақша жұмсайтындығымен де белгiлi. Ал бiзде «Көшпендiлер» секiлдi фильмге ақша салғанды тәуiр көредi» дейдi, депутат Әлихан Бәйменов.
Премьер, мақаламыздың басында жазғандай, барлық сауалға жатық жауап бердi. Бiрақ, түйiнделiп қалған мәселелердi шешудiң жауапкершiлiгiн өз мойнына ала қойған жоқ. «Сiздермен бiрге шешемiз» деп Парламент депутаттарына қарата ысырып тастады. Делдалдардың бағы жанып тұрған тұрғын үй саласын да, көктемгi егiс пен күзгi орақ маусымында мұнай өнiмдерiнiң бағасы ұшынып кетуiн де Үкiметпен қатар Парламент депутаттары қадағалауы тиiс.
Тек аймақтарды газдандыру мәселесiне келгенде ғана, Мәсiмов нақты жауап бергендей болды. Ауыл аймақты газдандыруды Үкiметтiң өзi қадағаламақ. Бiрақ, өкiнiшке қарай, ол жоба бұл бағдарламадан орын таппаған. «Бiз мұны алдағы үш жылда есепке қоямыз» дейдi ол. Мәсiмов алдағы үш жыл iшiнде өз орнында отыра тұрсын деп тiлейiк. Ауылдар көгiлдiр отынға қол жылытып қалар…
Гүлнәр Мұқанова