Жаңалықтар

МӘДЕНИ МҰРА — МЕМЛЕКЕТТIГIМIЗДIҢ ҰСТЫНЫ

ашық дереккөзі

МӘДЕНИ МҰРА — МЕМЛЕКЕТТIГIМIЗДIҢ ҰСТЫНЫ

Әрбiр өркениеттi, зайырлы мемлекеттiң алыс болашаққа бағытталған стратегиялық басты ұстанымы – қайталанбайтын мәдени мұраларын ұлықтау. Қазақстанның рухани әлемiн дамытуда сүбелi үлес болып табылатын ұлттық мәнi зор «Мәдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасы ЮНЕСКО тарапынан да бұл дүниеде сирек кездесетiн жоба, басқа елдерге де өнеге болатын құжат деп белгiленген едi. Қазақстанның мемлекеттiк мұражайларында бүгiнде екi миллионнан астам мәдени құндылықтар сақталуда. Қытайға, Түркияға, Моңғолияға, Ресейге, Жапонияға, Египетке, Өзбекстанға, Арменияға, АҚШ пен Батыс Еуропа елдерiне ғылыми-iздестiру экспедициялары ұйымдастырылып, Қазақстанның тарихы, этнографиясы, өнерi жөнiнде елiмiздiң ғылыми топтарында белгiсiз болып келген бес мыңға жуық қолжазбалар мен баспалық басылымдар табылып, сатып алынды. Тек бiр ғана Қытайға жасалған экспедицияның барысында Қазақстанның тарихы мен мәдениетi бойынша бұрын зерттелмеген үш жарым мыңға жуық дерекөздер табылды.

Елiмiзде үш жылдан берi жүргiзiлiп келе жатқан «Мәдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасы ауқымында мұнан басқа да сандаған ауқымды оң iс-шаралар атқарылғаны мәлiм.

Астана қаласындағы Бейбiтшiлiк және келiсiм Сарайында үш жылға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру жөнiндегi Қоғамдық кеңестiң қорытынды отырысына Қазақстан Президентi Н.Назарбаев қатысып, өз баяндамасында «Мәдени мұра» бағдарламасының халқымыз үшiн қаншалықты маңызды болғанын әр қырынан ашып өттi.

Рухани-мәдени таным арқылы, тарихи сана негiзiнде патриоттық сезiм, отаншылдық рух қалыптасатыны белгiлi. Әсiресе бүгiнгi жастарымызды отаншылдық рухта тәрбиелеу – мемлекеттiк идеологияның темiрқазығы болуы тиiс. «Мәдени мұра» бағдарламасы – мәдениетке деген мемлекеттiк көзқарастың соны стратегиялық айқындаған маңызды жоба болды.

Өткен үш жылда талай iзгi шаралардың жүзеге асырылуына ықпал еткен Қоғамдық кеңес, оған төрағалық еткен Иманғали Тасмағамбетов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мәдениет және ақпарат, Бiлiм және ғылыми министрлiктерiне ризашылығын бiлдiрген Қазақстан Президентiнiң зор алғысы азаматтарымызды қуантқаны сөзсiз.

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ