Жаңалықтар

ӘДЕМI АҢЫЗ ҮЗIЛГЕН КҮН

ашық дереккөзі

ӘДЕМI АҢЫЗ ҮЗIЛГЕН КҮН

БЕЛГIЛI ТЕЛЕЖУРНАЛИСТ БЕЙБIТ ҚҰСАНБЕК ҚАПЫДА ҚАЗАҒА ҰШЫРАДЫ

1980 жылдың қысы үскiрiк едi. Жазда ғана КазГУ-дiң журналистика факультетiне оқуға түсiп, көңiлдерi шалқыған бiлдей студент болғанымызбен, қарапайым ауылдан келген қарадомалақ жастарға қатыгездеу, қапас көрiнетiн Алматы бозбалалық арман мен қиялшыл қалпымызды бұзып үлгермеген болатын. Жұдырықтай жүрегiмiздегi ана-оу момақан ауылдан жеткен мөлдiр тазалық пен iңкәрлiк әлi сол қалпында. Алматының сүйектi сорған дымқыл суығы бiлiмге деген құштарлығымызды, асқақ арманға ұмтылысымызды азайта алмаған. Ақпан айының бастапқы күндерiнiң бiрiнде «Балапан» – Бейбiт Құсанбек:

– Қапас қала өзiңдi ығыр қылған шығар, Аягөзге барып қайталық та. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың» мазарына тәу етейiк, – дедi ақсары жүзiне қызыл арай үйiрiле әдемi болып жымиып. – Махаббаттың мұнарасы ғой!

Сол барғаннан Семей жаққа – «Таңсық» стансасына жеттiк. Салдырлаған сол автобусты ұмыту мүмкiн еместей: тесiк еденiнен үйiрiлiп қар бұрқырап, балақтан суық жел уiлдеп ұрған. Бейбiт үстiндегi күртесiн шешiп алды да:

– Бiздiң ауылға келдiң ғой, жаурап қалмашы. Суық тисе курстастарымызға не айтамын, – деп шолақ күртесiн иығыма жапқан. Аққұба, дөңгелекше жүзiнде мейiрiм тұнып тұрды сол пәсте…

Ертесiне жағалауын мұз жауып, жылан көзденiп ақырын-ақырын аққан Аягөз өзенiн аттап өттiк. Аңызға толы өзен онша қиналдырмаған. Аттап өтiп, махаббат мұңлықтары Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың мазарына бардық.

Арманшыл студент не көргiсi келедi?! Қазақ ауыз әдебиетiнде әр жүрекке жазылып қалған махаббаттың жәдiгерi – қос қабiр бар: бiрi – Қозының қабiрi, екiншiсi – сұлу Баянның бейiтi деушi едi. Қос қабiрдiң үстiне нәзiк қызыл гүл өседi дейтiн. Ортасына тiкенек шығатын көрiнедi. – Ол Қодардың қабiрiне шыққан шөңге болса керек.

Жалақ тастардан қаланған мазарға келiп, есiгiнен қарағанымызда биiк кесененiң iшкi жағын жарты белiне дейiн көк-сұр цементпен құйып тастаған екен. Бозбалалық тәттi қиял, жүректегi нәзiк сезiмдердiң бәрi үйiрiле соққан суық желмен бiрге ұшқандай болды.

– Мұңаймашы, қос ғашықтың қабiрiн жөндеймiз деп цемент құйып кеткен бейбас студенттер ғой, – деп Бейбiт бiлегiмнен ақырын ғана ұстады. – Жүрегiмiзге жазылған әдемi аңыз бұзылмай қала берсiншi…

Апыр-ай, сол бiр жылдардағы сезiмiмiздi, жүректi тербеген iңкәрлiктi бiз – курстастар бiр-бiрiмiзге айтқан да жоқ едiк-ау…

Талантты адам барлық iсте де талантты. Бiздiң «Балапан» – Бейбiт Құсанбек қысқа ғұмырында айналысқан әр iсiнде де бойына табиғат берген талантын дәлелдедi және өзi бас иетiн Алаш жұртынан жүрегiндегi жылуды аяп көрген емес. Ол — ақын едi: жүрегiмен жазатын, нәзiк, сырлы сұлу өлеңдердi өретiн. Бiрақ жұртқа мақтанып көрсетпедi-ау. Ол — сазгер едi. Қоңыр мұңға тұнып толқитын әнiн жанында жүрген жолдастары ғана айтушы едi. Ол – қазақ тiлi үшiн жаны шырқыраған азамат болатын.

Бейбiт сырбаз едi. Сырт жұртқа томсырайыңқы, көп сөзге жоқ адам болып көрiнгенмен, жан-дүниесiн түсiне бiлген адамға оның жүрегi нәзiк үнмен, сыршылдықпен сөйлейтiн.

Бұдан былай Бейбiттi де шарқ ұрып iздеймiз! Азамат, жайсаң журналист ретiнде, қазақ тiлiне қабырғасы қайысқан азамат ретiнде саналы адамдар iздейдi.

Бiздiң курстастардың арасын ажал аралап жүр қазiр. Бақыт қайда, ақын Нұрлан Кеңсайда, Алтынбек те… Әдемi аңыз кенеттен үзiлдi ғой осылай…

Жаңабек ШАҒАТАЙ