“ДОДА” ЖАБЫЛДЫ
“ДОДА” ЖАБЫЛДЫ
Бұл қазақ тiлiндегi бағдарламаларға жасалған шабуыл емес пе?
Бүгiнгi телеарналар үшiн, қазақтiлдi бағдарламалардың санын арттыру мұң болып тұр. Оның себебi, телеарналарымыз үшiн кемiнде 50% басты заңдылық болып отыр. Сол заңдылыққа сүйенген кейбiр арналар уақыт толтыру үшiн түнгi уақытты пайдаланып жүр. Одан қала берсе, шет елдiк сериалдарды қазақшаға аудару жағы да қарқынды дамыған. Сериалдардың аудармасы туралы әңгiме бiр басқа, жалпы, бүгiнгi ақпараттық кеңiстiк орыс тiлiнiң шылауынан шыға алмай жүргенi тағы рас.
Осыдан бiраз уақыт бұрын 31-арнада қоғамдық саяси "Дода" бағдарламасы дүниеге келген. Айналдырған бiр жылдың iшiнде аталмыш бағдарлама көрермен көзайымына айналып, қоғамдағы саяси тұлғалардың пiкiр сайыс орталығына айналған едi. Қоғамымызда болып жатқан түрлi оқиғаларға қоғамдық пiкiр қалыптастыруымен де ерекшеленген. Аталмыш бағдарламаның дүниеге келуiнiң де өзiндiк сипаты болған. Әрi жоба ешкiмге ұқсамайтын ерекшелiктерiмен де өзгешеленген едi. "Доданы" үш бағана — ұстынға негiздеп құрдық. Сайқымазақ-шут, жүргiзушi журналист және Алдияр — сарапшы. "Дода" о бастағы жоба бойынша тiкелей эфирге шығу керек болатын. Бiрақ, бiр жыл уақыт өтсе де олай болмай тұр. Оның екi себебi бар. Бiрiншiсi, техникалық себептер студия тар, жарық беру жүйесi жетiлмеген, камералардың жетiмсiздiгi. Екiншiден, хабарға қатысатын адамдарға байланысты. Бiзде пiкiр таластырудың үрдiсi нашар дамыған. Қызбалыққа салынып, бiрi бiрiнiң сөзiн тыңдамай кететiн жағдайлар болады", — деген едi жоба авторларының бiрi Ораз Әлiмбек. Кейбiр кемшiлiктерiне қарамастан, "Дода" өзiнiң эфирдегi уақытын жалғастыра бердi. Бiрақ. өзiнiң атқаратын миссиясын аяқтады ма екен, әйтеуiр, эфирге шыққан соңғы хабарларының бiрiнде, бағдарлама жүргiзушiсi Берiк Уәли "Доданың" жабылғалы жатқанын хабарлады. Тiптi, аталмыш хабарға қаржы бөлетiн жандар болса, "Дода" ары қарай жалғасатындығын да жасырмады. Қаржы бөлетiн адамдар табылмады ма екен, әлде телеарна басшылығының арнайы бұйрығы болды ма, әйтеуiр жыл басталғалы берi, "Дода" бағдарламасы көрiнбей кеттi. Әр аптаның сенбiсiнде көрерменiмен қауышатын бағдарламаны жоғалтып алған соң, көрермендердiң арасында да әртүрлi күдiктер пайда болды. Бiреулер "Хабар саяси болғандықтан қысым жасалып, көрсетiлмей қойған шығар" десе, ендi бiреулер "Кез-келген хабар ары кетсе, екi жылда өзiнiң миссиясын аяқтайды. "Дода" бағдарламасы да солай болған шығар" деген дүдәмалдар келтiруде. Көрерменнiң сүйiктi бағдарламаларының бiрiне айналған "Доданың" көрсетiлмей қоюының сырын бiлгiмiз келiп аталмыш арнаға хабарласқанбыз. Алдымен "Дода" бағдарламасын ұйымдастырған шығармашылық топқа телефон соғуды жөн көрдiк. Жоба авторларымен тiлдесудiң сәтi келмедi. Бiздiң сауалымызға жауап берген "Дода" бағдарламасының жүргiзушiсi Берiк Уәли аталмыш бағдарламаның жабылғанын жасырмады. 1-желтоқсаннан бастап, арнаға жаңа басшылық келiп, ол кiсiлер "Дода" бағдарламасының шығармашылық шегiне жеткенiн айтып, ендi жабу қажеттiгiн ұсынған соң, хабарды жапқандарын айтады. Сондай-ақ, Берiк Уәлидiң айтуынша, жаңа басшылық "Доданы" ұйымдастырған топтың алдына жаңа мақсат қойыпты. Яғни, қоғамдық-әлеуметтiк жаңа бағдарламаны әзiрлеу қажеттiгiн ұсынған екен. Ал, "Доданы" ұйымдастырушы шығармашылық топ қоғамдық-саяси негiзде жаңа жобаны әзiрлеп отырған көрiнедi. Әзiрге, жаңа басшылық пен "Доданы" ұйымдастырушылардың арасында келiспеушiлiктер туындап отырған сияқты. Олар қазiр екi апталық демалысқа шығыпты. Екi аптадан кейiн ғана, қандай бағдарлама шығатыны белгiлi болады екен. "Доданың" орнына өзгеше жаңа қоғамдық-саяси жоба дайындау керек" деген соң, жаңа жобаны әзiрлеп, ұсынғанбыз. Бiрақ, қазiр бiз жаңа басшылықпен келiспеушiлiкке тап болып отырмыз. Ол кiсiлер бiздiң қоғамдық-саяси бағдарлама жасағанымызға қарсы. Оның орнына қоғамдық-әлеуметтiк ток-шоу дайындағанымызды құп көрiп отыр. Сондықтан, еңбектен тыс екi апталық демалыста жүрмiз. Оның соңы қалай болатынын әзiрге бiлмеймiн?! Екi апта демалыстан кейiн, көремiз. Егер қоғамдық-саяси бағдарлама жасауға рұхсат берсе, бiз оны дайындап шығаруға қарсы емеспiз. Ал, әлеуметтiк дегендi түсiнiп отырғам жоқ. Қоғамдық-әлеуметтiк дегенiңiздiң өзi саясат емес пе?" — дейдi Берiк Уәли.
"ҚАЗАҚТIЛДI БАҒДАРЛАМАЛАРҒА КЕДЕРГI ЖАСАЛЫП ЖАТЫР ДЕГЕНГЕ КЕЛIСЕ АЛМАЙМЫН"
Осы мәселе төңiрегiнде бiз аталмыш телеарнаның атқарушы директоры Нұржан Мұхаметжановаға жолығып, әңгiмелескен едiк. Нұржан апай әңгiменi бүгiнгi қазақша бағдарламалардың жай-күйiнен бастады.
— 1-желтоқсаннан бастап, 31 арнаға атқарушы директор болып қызметке келдiм. Жалпы, алдымызда тұрған жоспарлар көп. Телевидение ол өзiңiз бiлесiз, бiр күннiң немесе бiр адамның жұмысы емес. Телевидение шығармашылық ұжымның бiрлесiп атқаратын жұмысы десек те болады. Кез келген бағдарламаның сапалы болуы, оның көрерменге жол табуы, соны көрерменге ұсынатын шығармашылық топтың iзденiсте болуы ең басты мақсат. Бiр сөзбен айтсам, қазiр бiз шығармашылық iзденiс үстiндемiз. Қазақтiлдi бағдарламаларға деген көзқарас бiздiң арнамызда қай кезде де дұрыс болған. Оны бiздiң арнамыздың көрермендерiнiң өзi-ақ мойындайды деп ойлаймын. Алдағы сәуiр айында бiздiң эфирге шыққанымызға он төрт жыл толады екен. Осы жылдар арасында көрермен көңiлiнен шығатын қаншама бағдарламалар әзiрледi. Әлi де әзiрлей бередi деген ойдамын. Бiздiң ендiгi мақсат, "қазақ тiлiндегi бағдарламалар мүлдем өзiн-өзi ақтай алмайды, олар мүлдем жұпыны қалып қояды" деген пiкiрге өзгерiстер енгiзу. Ол мақсатқа жету үшiн байқағаным, шығармашылық iзденiс, кәсiби iзденiс қажет. Қазiр менiң өзiме қойып отырған мақсатым да осы. Менен құрылтайшыларымның да талап ететiнi осы. Ең алдымен кәсiби телеарна жасауымыз керек. Қазiр өзiңiз де бiлесiз, журналистика деген бiр орында тұрмайды. Күннен күнге өзгерiп отырады. Қоғамымызда болып жатқан кез келген тақырыптың бiзге қатысы бар. Ең үлкен мәселе, кез келген ұжымның өзiнiң атқарылатын iшкi саясаты болады. Ол iшкi саясат сол бағдарламаларды қалай дұрыс жүргiзсек екен, сол бағдарламаларды қалай көрерменге дұрыс ұсынсақ екен деген ниетпен жүзеге асады. Қазiргi атқарылып жатқан жұмыстарды солай деп қабылдауын сұрар едiм. Бiр бағдарламаны жауып тастады, қазақ тiлiне осылай кедергi жасап жатыр екен деген пiкiрмен толық қосыла алмаймын. Өйткенi, менiң өзiм түп тамырым қазақтiлдi журналистпiн. Тiлiм қазақша шықты, қазақ мектебiне бардым. Сондықтан, қазақтың тiлiнiң мұңын мұңдайтын, жоғын жоқтайтын бiр азамат болса, сол менмiн деп ойлаймын. Екiншiден, маған дейiн де сәттi бағдарламалар болды. "Дода" сондай бағдарламалардың бiрi екенiн жасырмаймын. Бiрақ, бұл бiздiң арнаның iшкi саясаты. Жалпы, бағдарлама өзiнiң миссиясын аяқтап бiттi деген көзқарасқа келдiк. Көрермендер де осылай қабылдауына болады. Бұрынғы "Доданы" әзiрлеген шығармашылық топтың алдына өзгеше мақсат қойдық. Бiзде қазiр қоғамдық әлеуметтiк тақырыптар жетiспейдi екен. Саяси бағыттағы бағдарламалар әлi де баршылық. "Тұжырым" бағдарламасын бiздiң көрермендерiмiз жақсы бiледi. Жалпы, ол бағдарламаға қатысты да бiздiң өз ойымыз бар. Тақырыптық, техникалық мүмкiндiктi пайдалану жағынан болсын, оны да бiраз өзгертсек пе деп ойлаймыз. "Кiм?" деген бағдарлама шығып жүр. Оның да өз аудиториясы,өз рейтингi бар. "Доданы" әзiрлеген шығармашылық топқа қойып отырған жобамыз, ол бiздiң қоғамымызға қатысты әлеуметтiк мәселелердi көтеру. Кез келген әлеуметтiк проблема — саясаттан алшақтап кете алмайды. Оның ар жағында саяси мән бар. Жуырда Парламентте "Бiздiң балаларымыз ойнайтын ойыншық қауiпсiз бе?" деген тақырыпты көтердi. Бұл проблема емес пе? Бәрiмiздiң де балаларымыз бар. Шын мәнiнде, ойыншықты әзiрлейтiндер бiзге сапалы ойыншықтар дайындап жатыр ма? Сертификаты дұрыс па екен? Бiздiң балаларымыздың ойнаған ойыншығы арқылы олардың өмiрге деген көзқарасы қалыптасады. Қолына үлкен автоматты ұстап алып, шауып жүретiн баладан ертеңгi күнi қандай болашақ күтемiз?! Осы проблемаға деген ұстаздың көзқарасы, ата-ананың көзқарасы қалай, соны көрсетуге болады ғой. Сол мақсатты шығармашылық топтың алдына қойып отырмыз. Ол шығармашылық топ ол мақсаттың үдесiнен шыға ала ма, шыға алмай ма, ол басқа әңгiме. Көрермендерiмiз бiраз шыдамдылық танытып, күтулерiне тура келедi. Керемет бiр жұмыс атқардым деуге әлi ерте. Өйткенi, қызметке келгенiме бар-жоғы екi-ақ ай. Бiрақ, бiздiң арнаның потенциалы өте жоғары. Қазақтiлдi журналистердiң де деңгейi төмен емес. Менiңше, қазақтiлдi бағдарламалардың кәсiби сапасын тағы бiр рет жоғары деңгейге көтерсек, көрерменнiң көңiлiнен шығатын бағдарламалар әзiрлеуге болар едi. Бұл бағдарламалардың көбi, жаңа маусымда жүзеге асады. Қазiргi жасап жатқан жұмыстарымыздың көбi сол күз айына жасалып жатқан алғашқы қадамдар. Оған дейiн де, шетiнен шығып жатады. Бiр күнде бәрi өзгередi деп уәде бере алмаймыз. Онда өтiрiк көлгiрсу болар едi. Олардың көбi қаржыға келiп тiреледi. Қаржылай қолдау көрсететiн адамдар тапсақ, сол бағдарламаға жаны ашитын қазақ кәсiпкерлерiн тапсақ деген ойымыз бар. Қазiр бұрынғыдай емес, жарнама берушiлердi табуға болады. Ол iзденiске әрi бағдарламаның сапасына байланысты. Өнiмнiң сапалы болатынына жарнама берушiнi сендiре алуымыз керек. Телевидение қаржының көзi. Сапалы өнiм беруге тырысу керек. Бiздiң арнаның үш жүзден астам қызметкерi бар. Соларға жалақы төлеуiмiз керек. Сол қызметкерлердi жарнаманың арқасында қаржыландырып отырмыз. Аз-аз адым аттап, шығармашылықтарымызды пайдалана отырып, бiраз өзгерiстер енгiзсек деген ой. Бәрi де ендi басталып жатыр. Көрермендер өздерi көзайым болған жүргiзушiлерiмен әлi де қауыша бередi. Бiздiң телеарнамыздың жұмысына пiкiр айтамыз деген оқырмандар шығып жатса, оны тыңдауға қай кезде де әзiрмiз. Телеарнаның бiр сатыға болса да көтерiлуiне әсерiмдi тигiзсем деген ой ғана менi көбiрек мазалайды.
P.S. Әзiрге, екi жақтың да пiкiрi осылай. "Доданың" көрермендерiне ендi қандай бағдарлама ұсынылатынын уақыт көрсетедi. Рас, 31-арна әлi де талай бағдарламаларды жүзеге асырар. Ең бастысы, қазақтiлдi бағдарламалардың саны елу пайызбен шектелiп қалмай, өзiнiң ақпараттық кеңiстiктегi өз орнын иемденсе екен деген үмiт қана. Шын мәнiнде, Қазақстандағы телеарналардың бәрiнiң алға тартатыны елу пайыздық дүние. Елу пайыздан артып кетсе, заңға қайшы келедi деп түсiнетiндер де бар. Ал, олар қазақ көрерменiнiң қазақ аудиториясының жарты санмен есептелмейтiнiн ұмытып кете ме, қалай?!
Гүлзина Бектасова