Жаңалықтар

АЛМАТЫ – VII – АЗИАДА АСТАНАСЫ!

ашық дереккөзі

АЛМАТЫ – VII – АЗИАДА АСТАНАСЫ!

Өткен жексенбi күнi Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов Чанчунь қаласының мэрi Чжу Цзиньеден қысқы Азия ойындарының алауын қабылдап алды. 2006 жылдың 4 наурызында Азияның Олимпиада кеңесi мен Алматы Әкiмдiгi арасында Қазақстанның онүстiк астанасында 2011 жылы VII қысқы Азия ойындарын өткiзуi туралы келiсiмге қол қойылған болатын. Осы жарыстар барысында медальдар спорттың он түрiнен сарапқа салынатын болады. Мәселен, шаңғы тебу, биатлон, тау шаңғысы, трамплиннен секiру, фристайл, конькимен жүгiру, шайбалы хоккей, конькимен мәнерлеп сырғанау. Спорттық ойындарға 1000 спортшы, 800-ге жуық бапкер мен спорт мамандары қатысады деп күтiлуде.

Қытайдың Цзилинь провинциясына қарасты Чанчунь қаласына арнайы рейспен Алматы қаласының Әкiмi Имангали Тасмағамбетов аттанып кеткенде, тосын сапардың бекер еместiгiн сезгенбiз. Сол күнi, яғни ақпанның 4-iнде әкiм VI қысқы Азия ойындарының жабылу рәсiмiне қатысты. Сонан соң « Шангри-Ла» бесжұлдызды қонақүйiнiң конференц-холында «Азиада-2007» ойындарына куә болған қазақстандық журналистермен бас қосып, олимпиада ойындарына қатысты өз ойларын жайып салды.

2014 қысқы олимпиаданы өткiзуге үмiткер қалалар тiзiмнен әлдеқандай себептерге байланысты алынып тасталған Алматы мұнымен айылын жиғысы келiп тұрған жоқ. Төрт жылда бiр рет өтетiн Олимпиада ойындарын 2018 жылы ару Алматыда өткiзу үшiн тағы да тартысқа түседi екен.

Лозаннада Халықаралық Олимпиада комитетi қалыптасқан дәстүр бойынша үш үмiткер қаланы таңдап алғанға ұқсайды. Тiзейiк. Австрияның Зальцбург қаласы, Оңтүстiк Кореяның Пьечонгi және Ресейдiң курортты Сочи қаласы. Алматының аргументтерi нанымсыздық тудырды ма екен, әйтеуiр Лозаннаға өкiл боп барған адамдарымыздың бастары салбырап қайтқаны рас. Соған қарағанда, ұлттық олимпиада комитетi мен қысқы ойындарды өткiзуге тапсырыс беретiн комитет Лозаннаға ешбiр дайындықсыз барса керек. Әйтпесе, 2010 жылғы олимпиаданың үмiткер қалалардың қатарынан Алматы ойып тұрып орын алды емес пе! Лозанна бiрқатар олқы тұстарды, сонымен қатар қаланың инфрақұрылымның, көлiк қатынастары мен қонақ үйлердiң күйiн салық қылса керек. Жә, бұл ендi егжей-тегжейлi зерттеудi қажет ететiн тақырып .

Ал Қытайдың төрiнде отандық БАҚ өкiлдерiмен баспасөз мәслихатын өткiзген Иманғали Тасмағамбетов Азияда болатын спорттық сайыстарға қаланы дайындау жөнiндегi бiрқатар тың фактiлердi көлденең тартты.

Жұмбақ құрылысқа айналған метроның алғашқы желiлерi нақты қай кезде iске қосылғаны белгiлi болды. Жалпы саны 10 бекеттен тұратын алғашқы желi Құдай бұйыртса 2009 жылдың басында iске қосылатыны. Әкiмнiң бұлай деп кесiп айтуында мән бар. Мәселен, осы күнгi дейiн жерасты ұңғылау жұмыстарына қымбатқа түсетiн техника пайдаланылатын. Қазiр құрылыстың құнын едәуiр төмендететiн құрал-жабдықтар сатып алыныпты. Демек, алғашқы желi iске қосылған соң, метрополитен құрылысының қарқыны бiршама артады да, 2011 жылғы Азиада кезiнде тағы да жиырмаға жуық бекеттi қамтитын екi желiге «жан» бiтедi.

Сөйтiп, Алматы қаласының жолдары кәдiмгiдей жеңiлдеп қалады екен.

– Алдағы Азиаданы өткiзудiң нақты жоспары бар, – дедi нық сенiммен И.Тасмағамбетов. – Алматыдағы спорт обьектiлерiн тұрғызу және қайта жаңарту жөнiндегi барлық мәселелер iс жүзiнде шешiлген. Жуық арада әлемге мәшһүр «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы демалыс орны түбегейлi өзгерiп, жаңаратын болады.

Сонымен қатар Талғар қаласы iргесiндегi Құлжа күрежолының бойында Олимпиада ауылының iргесi қаланған. Ол соңғы сән үлгiсiмен бой түзедi. Биатлон мен шаңғы жарысын өткiзуге Солдат деп аталатын сай таптырмас жер екен. Осы сайда кереметтей база бой көтерiп, алдағы жарыстардың көрiгiн қыздыратын орынға айналатынға ұқсайды. Ол ол ма, олимпия ауқымына қажеттi инфрақұрылым обьектiлерi, сондай-ақ автокөлiк жолдары салынатын болады.

– Чанчуньдегi Азиадаға қытайлықтар көп кедергiсiз дайындалған екен, спорттық обьектiлерiн арзанға, жеңiл-желпi жасаған. Коллекционерлер айтпақшы, бiз көшiрме жинайтындай бай емеспiз. Стадиондарды салғанда, бiз жерiмiздiң сейсмикалық жағын да ойлауымыз керек. Сондықтан ұзаққа шыдайтындай етiп, тұрақты жасаймыз, – деп атап өттi өз сөзiнде Иманғали Тасмағамбетов.

VI қысқы Азия ойындарының жабылуының ресми салтанаты кезiнде Қазақстан тарихында елеудi орын алатын оқиға болды. Алматы әкiмiне Азия олимпиада комитетiнiң туы табысталды. Сөйтiп, осы бастан Алматы қаласы ресми түрде, 2011 жылдың 30 қаңтарынан 6 ақпанға дейiн Қазақстанда өтетiн VII-ақ Азиаданың астанасы болып табылады. Алматының әкiмi осы сапар барысында Чанчунь қаласының әкiмi Джу Ерджинмен де кездесiп екi жақты әлеуметтiк-экономикалық өзара ынтымақтастық туралы келiссөз жүргiзiп қайтты.

Цзилинь провинциясының басшысы қазақстандық Чанчуньде жасалған «Қызыл ту» қытай автокөлiгiн сыйға тартты.

Ғалымжан Мелдеш