НАН БАFАСЫ НЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ?
НАН БАFАСЫ НЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ?
Осы сұрақ қарапайым азаматтардың кез келгенiн толғандырары хақ. Әсiресе, «қалтасы тесiк» тұтынушыларды.
Бала күнiмде Туған жерiм Қазалыдағы орталық көшелердiң бiрiне iлiнген «Нан болса, ән де болады» деген жазуды әр өткен сайын мiндеттi түрде дауыстап оқуды ұнатушы едiм. Кейде осы әдетiмнен жаңылып қалсам не есiмнен шығып кетсе, кiлт керi бұрылам да, әлгi көшеге қайта түсемiн. Жазуды оқып қайтуға. Дiттеген жерiме жете бере жолдың ортасына тұра қаламын да әндете созам: «Нан болса…». Сол жазудың не сиқыры барын әлi күнге түсiнбеймiн. Бiрақ «НАН» деген бiрауыз сөздiң аса қастерлi екенiн бала жүрегiм сезетiн.
ҚАЗАҚ БИДАЙЫНАН ӘРКIМ ДӘМЕЛI
Қазақстанның кейбiр аймақтарында нан бағасы өстi. Күнделiктi тұтынатын тауарлар, киiм-кешек пен азық-түлiк бағасы нан бағасына тәуелдi екенi белгiлi. Сыртқы нарықта қазақ бидайына деген сұраныстың артуы қарапайым халықтың қалтасына салмақ салғалы тұр. Ресми деректер қазiргi таңда Қазақстандағы астық бағасы өте жоғары екендiгiн көрсетедi. 2006 жылдың желтоқсан айындағы мәлiметтерге сүйенсек, үшiншi сортты бидайдың 1 тоннасы 120-125 долларға дейiн көтерiлген. Бұл көрсеткiштiң күн өткен сайын өсе түсуi ұн бағасының қымбаттауына әкеп соғуда. Астық бағасының жоғарылауынан экспорттаушыларға түсетiн пайда шаш-етектен. Оның үстiне, отандық ауыл шаруашылығы саласындағы бәсекелестiктi арттыра түседi. Бiрақ «баға саясатында» ұтылатын – бiр бөлке нанын адал маңдай терiмен тауып жүрген «қалтасы тесiк» қарапайым тұтынушы. Ресми деректер бойынша, нанның қымбаттауы 2004 жылы болған екен. Ол кезде iшкi нарықтағы 1 тонна астық құны 150 долларға дейiн жеткен. Былтыр осындай жағдай тағы да қайталаныпты. Өйткенi, ауыл шаруашылығындағы Қазақстанның басты бәсекелестерi Ресей мен Украинаның батыс бөлiгiнде құрғақшылық болып, егiн бiтiк шықпаған. Сапасы жағынан орыстар мен украиндардан әлдеқайда жоғары қазақ бидайына сұраныстың күтпеген жерден артуы осының нәтижесi. Айтқандай, кейiнгi жылдары қазақ бидайы Балтық жағалауы елдерiне де жөнелтiлiп келедi. Былтыр Латвия 50 мың тонна астықты сатып алуға қазақтарға тапсырыс берген болатын. Бiздiң егiннiң бiтiк шығуына Түркия, Солтүстiк Африка елдерi мен Египет те мүдделi. Жүргiзiлген екiжақты келiссөздер нәтижесiнде Қазақстан аталған елдердi астықпен қамтамасыз етудi қолға алған. Ақпан айының ортасынан бастап қазақстандық Үкiмет ресейлiк шағын кәсiпорын өкiлдерiмен келiссөздер жүргiзудi көздеп отыр. Әрине, орыстарға сатылатын астық көлемi түрiктер мен арабтарға, африкалықтарға сатылғандай iрi көлемде болмайды.
ТАҒЫ ДА «ЖАҢЫЛТПАШ» ЗАҢ…
Осыдан 3 жыл бұрын астыққа деген сұраныс пен бағаның өсуiне қарамастан, нан 45-50 теңге емес, 30-35 теңгенiң көлемiнде сақталып қалған едi. Отандық өнiм өндiрушiлердiң айтуынша, ұн бағасы былтырдан берi өсiп келедi. Бiрақ оның нан бағасына тiкелей әсерi бiрден байқалмаған. 2007 жылдың қаңтарынан бастап қазақстандық астық өңдеушiлерге жағдай жасауды көздеген үкiмет қосымша құн салығын 3 есеге дейiн азайтты. Астық өңдеу мен нан өнiмдерiн шығаратын кәсiпорындарға салынатын салық көлемi ендi 4,2 пайыз болмақ. Мамандар пiкiрiнше, бұл нан бағасын тұрақтандыруға әсер етуi тиiс. Өкiнiшке қарай, iс жүзiнде олай болмай отыр. Өйткенi, ұн шығаратын кәсiпорындар үшiн қосымша құн салығы төмендетiлуi мүмкiн, ал нан өнiмдерiн пiсiрумен айналысатындар мұндай жеңiлдiктен қағыс қалмақ. Себебi, бекiтiлген жеңiлдiктерге нан шығарумен 90 пайыз айналысатын мекемелердiң ие болатыны көрсетiлген арнайы заңда тәттi тоқаш, қалаш, бауырсақ сияқты басқа да нан өнiмдерi туралы тiс жарылмаған. Бәсекелестiк қабiлеттiлiктiң жоғары болуын талап ететiн нарық заңында өндiрiстегi өнiм түрi неғұрлым көп болса, соғұрлым пайдалы болатыны өздiгiнен түсiнiктi. Есесiне, тоқаш пен тәттi бөлкелердiң нан өнiмдерi ретiнде заңда көрсетiлмеуi, тиiстi орган қызметкерлерiне «қайдан құлақ шығарса да, еркi бар қазаншының» керiн келтiруге мүмкiндiк берерi анық.
ҮКIМЕТТIҢ НЕ ОЙЛАҒАНЫ БАР?
Отандық мамандардың сөзiне сенсек, қосымша құн салығының төмендетiлуi заңды және заңсыз жолмен пайда тауып жүргендердiң жұмысын бiр деңгейге жеткiзедi. Бұған дейiн көлеңкелi бизнесте жүргендердiң көпшiлiгi ашық әрекет ететiн заңды кәсiпорындар сияқты жұмыс жасайтын болады. Әрi өнiм сапасының жақсаруына игi әсер ететiн бәсекелестiк деңгейi арта түспек. Алайда, мұның «бармақ тiстетiн» тұсы да жоқ емес. Мысалы, инфляция. Бiр бөлке нан бағасы 30-35 теңге аралығында сақталып келген екi жыл iшiнде инфляция бағамы 14 пайызға дейiн жетiптi. Елiмiзде электр жарығының бағасы, жанар-жағар май мен коммуналдық қызмет ақысы өстi. Сондықтан қосымша құн салығын жеңiлдету арқылы нан бағасын тұрақтандыру уақытша көрiнiс болуы ғажап емес. Жылу мен жарық, өзге де коммуналдық қызмет көрсетушiлердiң «бағаны өсiрткiз» деп Үкiметке қыңқылдап жүргенi тағы бар…
Қазақ бидайына деген сұраныстың өсуi келесi жылы да астық бағасының өсуiне ықпал етуi мүмкiн. Әрине, астықпен бiрге iшкi нарықтағы нан құнының да артатыны анық. Сол кезде әлеуметтiк ахуалы төмен отбасылардағы, әсiресе, «шықпа, жаным, шықпамен» күндерiн әрең көрiп отырған ауылдағы ағайынның жайы не болмақ? Қазақстан Үкiметi бұл туралы ойланды ма? 2004 жылы астыққа деген сұраныс кенет өсiп шыға келгенде Үкiмет кейбiр аймақтарда астық қорын қамдап, нан бағасын өсiрмеуге тырысқан. Бiрақ республикалық деңгейдегi мемлекеттiк шаралар ұйымдастырылмады. Есiктен кiрген жаңа жыл ескi проблеманы тағы да бiр еске салды. Тек әзiрге Үкiметтегiлердiң нендей шара қолданары белгiсiз.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ