Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ҚАЛАҒА ЕНЕ АЛА МА?

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ҚАЛАҒА ЕНЕ АЛА МА?

Осыдан бiр жылдан астам уақыт бұрын дәлiрек айтқанда 2005 жылдың қарашасы кезiнде Алматы облысы Қарасай ауданының Каменка ауылына қарасты жатақхананың сатылуына байланысты, оны мекен ететiн тұрғындардың далада қалу қаупi туындағаны бар. Қайда жүрсе де, мұндай бақытсыздыққа өзгеден бұрын қазақ тап болатыны белгiлi ғой. Аталған жатақханада тiрлiк ететiндердiң 99%-ы қазақтың жастары едi. 25 отбасында 100-ге жуық бала өсiп келе жатқан. Осы жатақхананың тұрғындары ереуiлдетiп, баспанасыз қалатындығын жалпақ әлемге жар еткенде, жергiлiктi билiк те бейжай қала алмаған. Қарасай ауданының әкiмi Қарасай ауданына қарасты Әйтей ауылы мен Шамалған ауылдарынан әр отбасына 10 сотықтан жер берiп, болуға тиiстi жанжалдың алдын алып қалған-тұғын.

Оқиға президент сайлауының тұсында өрбiдi. Бұл билiктiң сайлау алды науқанының бiр көрiнiсi едi. Содан берi жер қатынастарына қатысты мәселелер күн өткен сайын ушығып барады. Баяғыдағы бабаларымыздың ең маңыз берген «жер дауы мен жесiр дауының» қайта өршитiн түрi бар. Әрине, «жесiр дауына» бүгiнде нүкте қойылған. Ал, «жер дауы» ендi басталды. Бүгiнде күнде жанжал, күнде шу шығып жатқан «Шаңырақ», «Қалқаман», «Думан» және «Бақай» сияқты қаламаңы елдiмекендерiнде тiрлiк ететiндердiң 100%-ы қазақтар десек те болады. Көбi iшкi көшi-қон нәтижесiнде қоныс тепкен. Бiлетiндердiң айтуына қарағанда, бұндағы заңсыз салынған үйлерге тиесiлi жерлердi кезiнде аталған елдiмекендер Алматы облысына тән болып тұрған шақта, жергiлiктi шенеунiктер үлестiрген көрiнедi. Бұл туралы Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов 2005 жылы тамыздың 3-iнде «Алматы қаласында жердi пайдалануды мемлекеттiк тұрғыдан бақылау және қорғау мәселелерi жөнiндегi» кеңесте: «Жердi өз бетiмен басып алу шарасы бұдан бiраз уақыт бұрын, дәлiрек айтқанда 1998 жылы Алматы облысына қарасты кейбiр аумақтардың Алматы қаласына қосылғанынан кейiн орын алды. Бұл жерлердi қалаға өткiзгенде құжаттарды рәсiмдеу барысында, жүргiзiлген тексерулер мен аталған жерлердi инвентаризациялау кезiнде Қаскелең ауданының Каменка ауылдық аумағының бұрынғы әкiмi жер телiмдерiн беру туралы жүздеген заңсыз қаулы қабылдағаны анықталды. Бұл үшiн олар сазайын тартып жазасын алды» деген екен. Сондай-ақ, әкiм Алматы қаласында жеке тұрғын үй құрылысын салуға арналған жерлердiң барлығы соңғы он жылдың iшiнде таратылып қойғанын айтады. Тек соңғы 5 жылдықтың өзiнде Алматы қаласының аумағынан 100 мың жер телiмдерi таратылған. Сол себептi де қала аумағында бос жерлер жоқтың қасы, егер бар болса оның көзделген мақсаты мен мұраты бар. Басқасын былай қойғанда, 20-ға жуық мектеп пен 350-ден астам бала-бақша салу керек. Демек, өткен жылдың тамыз айында Үкiмет шығарған «Қазақстанның әрбiр азаматы 10 сотық жердi тегiн иеленуге құқылы» деген Қаулысы Алматы қаласының соңғы бас жоспарына қайшы келедi. Елiмiздегi ең iрi мегаполистен ойып орын алу үшiн, алпауыттар тұрғызып жатқан тұрғын үйлерден пәтер сатып алатын жағдайың болуы керек. Онсыз Алматының есiгiнен сығалау мүмкiн емес дүниеге айналды.

Ендеше, болашақта қала аумағына енедi деп жоспарланған қала маңындағы Алматы облысына тиесiлi елдiмекендерден не қайыр?! Көптеген шенеунiктер қала маңындағы ауылдардың да тұрғындардың өтiнiшiн қанағаттандыра қоятындай мүмкiндiгi жоқтығын айтады. Өйткенi, аты Алматы облысыныкi демесеңiз, заты Алматы қаласыныкi болып келетiн бұл ауылдардың да болашақ жоспары сызылып, инфрақұрылымдары алдын-ала бекiтiлiп қойған көрiнедi. Кейбiр, сыбыстарға қарағанда, қала аумағының бiр шетi Алматы облысының Қарасай ауданының орталығы Қаскелеңге дейiн созылса, екiншi шетi Алматы облысына қарасты Қапшағай қаласына дейiн жетпек. Алайда, бұл өңiрлердiң де бас жоспары айқындалып үлгерген сынды. Өзгесiн айтпағанда, Қапшағайды Қазақстанның Лас-Вегасына айналдырамыз деген әңгiменiң желдей гулегенiне де бiраз уақыт болды. Демек, қала маңындағы елдiмекендердiң өзi тұрғындардың талап-өтiнiшiн қанағаттандыруға жарамайтын көрiнедi. «Известия-Казахстан» газетiнiң 2007 жылы қаңтардың 19-ы күнгi санындағы «Земельный перенадел» атты мақалада газет тiлшiсiне берген сұхбатында Алматы облыстық Жер қатынастары жөнiндегi басқарма бастығының мiндетiн атқарушы Виктор Красмик Алматы қаласының тұрғындары үшiн Алматы облысының аумағынан жер қарастырылмағандығын айтады. «Предоставить для ИЖС земельные участки жителям Алматы из земель близлежащих районов Алматинской области не представляется возможным, так как последние 15 лет в черту города из земель области было передано 15 тысячи гектаров. В настоящее время свободных земель в пригородной зоне нет» делiнген онда. Дегенмен, әкiм-қаралар жер жоқ деп ауызды қу шөппен сүрткенмен, «жер сатамыз» деген хабарландырулардан көз сүрiнедi. «Заң» газетiне сұхбат берген «Атамекен» Қазақстан кәсiпкерлерi мен жұмыс берушiлерiнiң жалпыұлттық одағы Алматы облыстық филиалының директоры, Алматы облыстық тәртiптiк кеңесiнiң мүшесi Атымтай Омаров бұл жерде бiр шикiлiктiң шетiн шығарады. Оның айтуынша, жекешелендiру кезiнде кеңестiк қоғамға сiңiрген еңбегiне орай үлеске алған бiр-екi гектар жерлерiн пайда табу үшiн сатуға қояды. Бiрақ, бұл жерлердiң барлығы дерлiк ауылшаруашылық жұмыстарын жүргiзу нысанына арналған. Сондықтан оны сатып алған адам тұрғын үй сала алмайды. «Алайда, сол жер құжаттарын тез арада заңдастырып, бере қоятын ат төбелiндей топтар бар. Олар жердi арзан бағаға сатып алып, тұрғын үй салуға болады деген шешiмдi қосып қымбаттатып сатады. Бұл белгiлi жобаның жоқтығының салдары» дейдi ол («Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудiң бiр амалы бар», «Заң» газетi, 18.01.2007, № 8). Демек, қазiр Алматы облысындағы жерлердiң болашақтағы жоспары сызылғанымен, ауылшаруашылығына нысандалған жерлердiң бейберекет сатылуынан тағы да Алматы қаласының iргесiндегi даулардың кейiн мұнда да бой көтермесiне кiм кепiл? Жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың салдары ертең де шешiмiн таппас дауға айналып жүрмесе неғылсын. Ал, Алматы облысының басшылығы бұған көзжұмбайлықпен қарап отыр. Дау Алматы облысының Алматы қаласымен шектес аумақтары тағы да қала территориясына өткен туындары хақ. Сол кездерi ауыл шаруашылығы нысанындағы жерлердi тамыр-таныстықпен жеке тұрғын үй тұрғызу нысанына бекiтiп алып, бас-көз жоқ үй тұрғызған қарашаның тiрлiгiн тағы да заңсыз деп жүрмес үшiн бұл бейберекетсiздiктiң алдын бүгiн алу керек.

Сондай-ақ, бiр кездерi қазақ Алматы қаласына маңайлай алмады. Ауылда тiрлiк еттi. Ол кезде қазақты қалаға ендiрмеу туралы арнайы жасырын нұсқау болған көрiнедi. Ендi тәуелсiздiкке қол жеткiзген бүгiнгi күнде нарық қатынастарына көшкендiктен қалтасы таяз халық тағы да қалаға ене алмай отыр. Ал, ауылда тiршiлiк көзi жоқ. Ендi не iстеу керек? Әрине, қарапайым қарашаны қалаға әкелу жайлы арнайы бағдарлама жасалған жөн. Сондай-ақ, Жер кодексi талқыланып, қабылданып жатқан тұста мемлекеттiк арнайы жер қорлары құрылатындығы туралы бап енген едi. Осы баптың орындалып жатқанынан бейхабармыз. Демек, халықтың ертеңiн ойлап, жүйелi қадам жасауға талпынған жанды көре алмай отырмыз. Егер, жағдай осылай сипат ала беретiн болса, қазақтың қалаға енуi ертегi болып қала беретiнi даусыз.

Есенгүл Кәпқызы