«ЖЕЛТОҚСАН ЭПОПЕЯСЫНА» ҒЫЛЫМИ ТАЛДАУ ЖАСАЛЫНДЫ
«ЖЕЛТОҚСАН ЭПОПЕЯСЫНА» ҒЫЛЫМИ ТАЛДАУ ЖАСАЛЫНДЫ
Осы аптаның өткен сейсенбi күнi Алматыдағы Шет тiлдер және iскерлiк карьера университетiнде Мемлекет және қоғам қайраткерi, ақын Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» деректi романына арналған ғылыми-практикалық конференция болды.
Конференцияны университеттiң ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сабри Хизметли ашып, ақынның жаңа еңбегiн жоғары бағалап, конференция жұмысына табыс тiледi. Одан әрi оны жүргiзу тiзгiнiн республикаға белгiлi композитор Қалдыбек Құрманәлi қолына алды.
«Желтоқсан эпопеясы» бойынша негiзгi баяндаманы Алматы қалалық Жазушылар одағының төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты, публицист-жазушы Бейбiт Қойшыбай жасады. Ол баяндамасында 1986 жылдың Желтоқсан кезеңiндегi елдегi ахуалға кең көлемде тоқтала келiп, эпопеяның терең мазмұнын, тарихи мәнiн ғылыми тұрғыда талдап бердi.
Негiзгi баяндамадан кейiн сөз алғандар – экономика ғылымдарының докторы Оразалы Сәбден, Түркияның Қазақстандағы «ТИКА» ұйымының төрағасы Мехмет Язған, «Қазақ газеттерi» ЖШС-нiң бас директоры Мереке Құлкенов, ҚР Халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Тұңғышбай Жаманқұлов, «Қазақстан–Zaman» халықаралық қоғамдық-саяси газетiнiң президентi Ахмет Аляз, «Ара «kz» журналының бас редакторы Көпен Әмiр Бек, саясаттанушы Болатхан Тайжан және басқалар эпопеяның қыры мен сырын өздерiнiң тың пiкiрлерi арқылы аша түстi.
Конференцияның соңында деректi романның авторы Мұхтар Шахановқа сөз берiлдi. Ол өз сөзiнде бұрын да, қазiр де қоғамда ең басты мәселе болып келген Ана тiлiмiздiң тағдырына, оны шынайы мемлекеттiк тiл дәрежесiне дейiн көтерудегi жүрiп жатқан тартысты күреске нақты мысалдармен тоқталды. Ана тiлiмiз мемлекеттiк тiл дәрежесiне дейiн көтерiлiп, өз тұғырына қонбайынша толыққанды тәуелсiздiк болмайтынын ашып айтты. Сөзiнiң соңында осы ғылыми-практикалық конференцияны ұйымдастырған университет ректоры Сабри Хизметлиге алғысын айтты.
Мазира ОРАЗАЛИЕВА,ұстаз, тiл маманы