АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ ЛАТЫН ӘЛIПБИI ЖАЙЛЫ ПIКIРТАЛАСЫ
АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ ЛАТЫН ӘЛIПБИI ЖАЙЛЫ ПIКIРТАЛАСЫ
Ғылым-бiлiмнiң есiгiн ашатын кiлтi iспеттес жазу-сызудың рухани өмiрiмiздегi маңызы зор. Өз дәуiрiнiң өзектi мәселелерiн дер кезiнде көтерiп отыратын қазақ баспасөзiнiң назарынан әлiпби мәселесi тыс қалған емес. Тарих беттерiне үңiлсек жазу, әлiпби мәселесi ауық-ауық пiкiрталас тудырып отырған күрделi мәселенiң бiрi болып саналды. Қазақ даласына ислам дiнiмен бiрге енген араб жазуы он ғасырдан астам қолданыс тапты. Қазақ жерiн отарлап алған Ресей патшалығы түркi халықтарын рухани бiрiктiрiп отырған араб жазуының орнына орыс жазуын енгiзудi көздедi. Миссионер ғалымдар араб таңбаларының қазақ тiлiнiң дыбыстық жүйесiн нақпа-нақ бейнелеудегi олқылықтарын көлденең тартып кириллицаға көшiруге әрекеттендi. XIX ғасыр басындағы қазақ оқығандары сан ғасырлар бойы пайдаланып келген араб таңбаларының кемшiлiктерiн жоюға тырысты. Олар өз ойларын “Түркiстан уәлаяты”, “Дала уәлаяты”, “Айқап”, “Қазақ” сынды басылымдарда ортаға салды.
“Дала уәлаятының газетiн” шығарушылардың бiрi Д. Сұлтанғазин аталған басылымның 1899 жылғы 22,23 сандарында басылған мақаласында қазақ тiлiне орыс әрпiн пайдалану керек пе, әлде араб жазуын жетiлдiрiп қолдана беру қажет пе деген мәселенi талқылайды. Автор қазақ халқы басқа түркi халықтары сияқты араб таңбаларын пайдаланып келгенiн, оны тастап басқа әлiпбидi аламыз дейтiндерге қосылмайтынын айта келiп: “Себебi қазақ бiлмейтiн бiр бөтен әлiпби шығарғанша, бұрынғысын түзеткенi жақсы”, – дейдi. Қазаққа орыс әрiптерiн енгiзудi ұсынатын миссионер ғалым Н. Ильминскийге қатысты көзқарасын былай аңғартады: «Бiр бiлiмдi адам Ильминский деген қазақ сөздерiн орыс әрiптерiмен жазса керек, орыс әрiптерiне бiрақ өзгертсе керек дейдi. Бұл кiсiнiң сөзi де онша келiсiмдi емес. Себебi, бұл Ильминский орыс әлiпбиiне көп латын әрiптерiн қосады және орыстың өз әрiптерiн бiр түрлi қылып өзгертiп, орыс әлiпбиiн тым қиын қылып жiбередi». Д. Сұлтанғазин қазақ сөзiн жазуға өзгерiссiз алса, орыс, латын таңбаларының да сәйкес келе бермейтiнiн, жаңа алфавит қабылдағаннан гөрi “қазақтардың не заманнан берi ғадет алып үйренген” араб әлiппесiн қазақ тiлiне лайықтап бiрақ өзгерту туралы ұсыныс жасайды. “Солайша өзгерткен уақытта, – деп жазады ол, – араб хәрiптерi мұнан да жақсы болар едi”. Осы мазмұндас пiкiрдi 1912 жылы “Қазақ” газетiнде басылған А. Байтұрсынұлының “Бастауыш мектеп” деген мақаласынан да аңғарамыз: “…қазақты орысқа аударамыз деген пiкiр бәрiн бүлдiрiп отырған. Сол школдар арқылы қазақ тiлiн жоғалтып, орыс тiлiне түсiремiз дейдi, қазақ тұтынып отырған араб қарпiн тастатып, орыс қарпiн алдырамыз дейдi. Сол үшiн балалар ана тiлiмен оқымай, орыс тiлiмен оқысын, ана тiлiмен оқыса да, орыс қарпiмен оқысын дейдi. Өкiметке керегi мемлекеттегi жұрттың бәрi де бiр тiлде, бiр дiнде, бiр жазуда болу, ал халыққа керегi – өз дiнi, тiлi, жазуының сақталуы”, – деп қазақтың дiнiне, тiлiне, жазуына төнiп келе жатқан қатердi ескертедi.
Кеңес үкiметi орнағаннан кейiн де әлiпби мәселесi күн тәртiбiнен түспегенiн сол тұстағы баспасөз материалдарынан көруге болады. Ал, КСРО құрамына енген түркi халықтарын араб таңбаларынан латынға көшiру мәселесi көтерiлген тұста қазақ зиялыларының арасында қызу пiкiрталас туындады. 1923-1929 жылдары қазақ баспасөзi «арабшылдар» мен «латыншылдар» пiкiрталасына кеңiнен орын бердi. “Еңбекшiқазақ”, “Ақ жол”, “Сары арқа”, “Жаңа мектеп”, “Жаршы” сынды басылымдарда А. Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытұлы, М. Дулатұлы, Е. Омарұлы, Н. Төреқұлұлы, Ә. Байдiлдаұлы секiлдi арыстарымыздың аталған мәселеге қатысты жарияланымдары жарық көрдi. Белгiлi қоғам қайраткерi, журналист Әбдiрахман Байдiлдин «Еңбекшi қазақ» газетiндегi «Бiздiң жобамыз» атты мақаласыңда Мәскеуде қызметте және оқуда жүрген қазақ жастарының латыншылдар ұйымын ашқанын айта келiп, күн тәртiбiнде бұл мәселенiң қойылу себебiн былай түсiндiредi: ”Елдi сауаттандыру керек. Бұл игi iстi тездетуге араб әрпi жарамсыз, тез хат танытып, тез жаздыруға қолайсыз. Оның баспа iсiне де кедергiлерi көп. Саны 24-28, ал басуға, жазуға келгенде 100-ден асады. Шым-шытырық нүктелер көп, жазу оңнан солға қарай, ал цифрлар солдан оңға қарай оқылады, пән белгiлерiне жарарлық таңбалар жоқ”. Ә. Байдiлдаұлы ескi әрiп-тердi жамап-жасқап кәдеге асырайық дегендердi алға қарай дамуда «жауыр ат пен шиқылдаған сынық арбаны» тастағысы келмегендер, яғни арабшылдар, ескiшiлдер, ал латын әрпiн “өзi жүйрiк, өзi берiк отарбаға” теңеп, мұны жақтаушылар “жаңашылдар” деп баға бередi. “Осы жүйрiк көлiктерге мiнуден қорықпайық, болашағы зор, көптiң құралы латын әрiптерiн үйренiп, мәдениеттi жұрттармен тез жақындасудың жолына түсейiк. Бұл жол адастырмай азаттыққа апаратын төте, дұрыс жол” деген пiкiрде болды.
Ахмет Байтұрсынұлы «Ақ жол» газетiндегi «Баспа қарiптерiн түзету туралы» тақырыпты мақаласында «Әзербайжан жобасы латын хәрпiн алу болса, ол тiптi алынбайтын жоба ғой. Халыққа хат таныта алмай жүргенде, хат бiлгендерiмiзден айрылып қалуымыз мүмкiн», деген пiкiрiн бiлдiредi. Ғалым араб таңбалары бiр тұрпатты болғанда баспа iсiне, хат танытуға әкелетiн пайдасы мол екенiн айтады. Оған дәлел ретiнде Қазақ-қырғыз Бiлiмпаздарының тұңғыш съезiнде жасаған баяндамасында жасаған тұжырымдарына тоқталады. Аталған съезд әлiпби, қарiп мәселесiне байланысты ашылатын болғандықтан, оның қарсаңында «латыншылдар» да, «арабшылдар» да өз пiкiрлерiн баспасөз беттерiнде жариялады. Жүсiпбек Аймауытов «Жазу мәселесi туралы соңғы сөз» деген мақаласында «Ақаңның жазба мәшинеге арнап шығарған таңбалары қабылдансын» дей келiп, съезд қарсаңында латын қарпiне көзқарасын да ашық айтады. “Жүзден төрт-ақ адам хат танитын қазақтың көзiн ашамыз деп жүргенде, бiр жола жаңа қарiпке түсiп кетсек, сол төртеуiн соқыр қылып алу қаупi бар”. Осы тұста айта кететiн бiр мәселе, кеңес үкiметi орнағаннан кейiн кеңселердегi жазу мәшинелерiне төрт түрлi болып келетiн араб таңбалары үйлеспедi. Қазақ әлiпбиiн жазу мәшинелерiне ыңғайлап өз жобаларын ұсынушылар Жантөрин, Ахметжанов, Алпаров және Байтұрсынұлы сынды азаматтар болды. Ж.Аймауытов Байтұрсыновтың осы жобасын айтады.
Мәскеуде, Тәшкентте латыншылдар ұйымдары құрылды. 1924 жылы маусым айында Орынборда өткен Қазақ-қырғыз бiлiмпаздарының тұңғыш сиезiнде осы мәселе кең көлемде талқыланды. Сиезде баяндама жасаған Ахмет Байтұрсынұлы түрiк жұртының тоқсан пайызы араб таңбаларын пайдаланып келедi, әрқайсысының хат мәдениетi бар, бiр әрiптi тастап екiншi әрiптi ала қою оңай жұмыс емес, мұндай қаржы мен қайрат қазақ түгiл, түрiктiң қай жұртында болса да жоқ дегендi айтады. Ғалым сол тұстағы қазаққа латын әлiпбиiне көшуден гөрi, қазақ тiлiне ыңғайлап жасаған өз әлiпбиiнiң (төте жазудың) тиiмдi екенiн жан-жақты ғылыми негiзде дәлелдеуге тырысады. Аталған жиында латын әлiпбиiне көшудi ұсынып Нәзiр Төреқұлов сөйлеген сөзiнде «Бiз латын әрпiн қазаққа күшпен алдырғалы отырғанымыз жоқ. Латын әрпi үйрену жазуға тым пайдалы, жеңiл. Түрiк әрпiнiң бiреуi төрт түрлi, латындiкi бiр ғана түрлi» деп араб таңбаларына қарағанда латын әлiпбиiнiң баспа iсiне, бала оқытуға жеңiлдiгiн дәлелдеуге тырысады. Осы сиездегi қызу тартыс жайлы қаламгер Ерғали Алдоңғаров «Еңбекшiқазақ» газетiнде былай деп жазды: «Ахметтi жақтап талай шешендер түрлi дәлелдер келтiрiп, мысалыға қарiп белгiлерiн, сан белгiлерiн, қарiптi жию, теру жеңiлдiгiн айтты. Латын қарпiн қолдануға әлi ерте, орыс халқы алмағанда бiз неге аламыз, қарiпке қызығып – мәдениетiмiзден айрыламыз деген түрде қарсылық бiлдiрдi. Сиез мәселенi баспасөз бетiнде еркiн талқыға салу қажеттiгiн, сондай-ақ Астрахан және Қарақалпақ қазақтарын қосып, толық сиез шақырылатыны жөнiнде қаулы шығарды».
Қаламгер Ерғали Алдоңғаров «Еңбекшi қазақтың» жауапты хатшысы бола жүрiп, халыққа мәселенiң мән-жайын түсiндiрудi өзiне борыш санаса керек. «Өнердiң басы – әлiпби» (14.02.1926) деген мақаласында «Заман талабы, өркениетке жету жолы – латын таңбаларына көшу болып отыр. Партия жолынан таймай, бiрте-бiрте осы әрiпке көшкенiмiз жөн, керiтартпалыққа салынбалық», – деп басу айтады.
«Еңбекшiқазақ» газетiнде Мәжит Үмбетұлы деген оқырман былай деп жазады: «Латын қарпi, араб қарпi деген әңгiме басталып жүр. Араб қарпiнен неге қаштық? Орыстың миссионерлерi Елменский шығарған қарiптен Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тiлiне икемдеген арап қарпi қазақ халқына аса қолайлы тиген жоқ па?»
Мiне, осы секiлдi түрлi пiкiрлер қайшылығы туатыны дәл қазiргiдегiдей заңды құбылыс екенiн жоққа шығара алмаймыз. Әрине, пiкiрталас тегiннен тегiн тумайтыны белгiлi. Арабқа қарсылардың басты дәлелдерi: араб таңбаларының төрт түрлi болып жазылуы. Оның техника құю, теру жұмыстарына келтiретiн кемшiлiктерi едi. Араб таңбаларында қалуды жақтаушылар басқа әлiппе алғанша, арабтiкiн жекелейiк, кемшiлiгiн түзетейiк дегендi айтқан. «Латын әрпi жайында» («Еңбекшiл қазақ»24.02. 1927) деген мақаласында Жан Ахмет есiмдi автор латын әрпi жазуға жеңiл, қолайлы деген латыншылдардың пiкiрi негiзсiз, дұрыс емес дейдi. Латын әрiптерiнiң көлденең сызықтары мен құйыршықтары толып жатыр деп мысалдар келтiредi. Балаға үйретуге жеңiл дегендерi де бос сөз. Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуы өте қолайлы, оңтайлы деген пiкiрiн автор орынды дәлелдейдi. Аталған мақалада латыншылдардың бiрқатар пiкiрлерiне тойтарыс бередi.
Латыншылдар тарапынан Нәзiр Төреқұлов «Тағы да жаңа әлiпби туралы» («Еңбекшi қазақ» 21.02.1927) деген мақаласында латын қарпiне көшу мәселесi Қырғыз, Өзбек, Түрiкмен, Қарашай секiлдi шығыс елдерiнiң бiрсыпырасында көтерiлiп, қолдау тауып отырғандығын айтады. Автор қазақ зиялыларының, оның iшiнде Ахмет Байтұрсынұлының латын әрпiн алуға «құбыжықтан» артық қарсы болып отыр деп ренжидi. Қошке Кемеңгеровтың «…мұндай өзгерiс жасауға қазақтың қалтасы тайыз, күшi келмейдi» сынды, Елдес Омаровтың «… қазаққа жаңа әрiптiң керегi жоқ, бiздiң маңдайымызға бiткен ұлт әрпiмiз бар. Өгей әрiп қазаққа жанаспайды» деген көзқарастарын Нәзiр Төреқұлов қатты сынайды.
Әлiпби мәселесi жөнiнде 1926 жылы наурыз айында Баку қаласында Түрiк бiлiмпаздарының сиезi болды. Аталмыш жиынға Қазақстаннан Ахмет Байтұрсынұлы, Бiләл Сүлейұлы, Елдес Омарұлы, Әзиз Байсейiтұлы барды. Сиезге түрiк нәсiлдi ұлттардың көбiнiң өкiлдерiмен қоса Бартольд, Олденбург, Крымский, Менсель сынды батыс халықтарының профессорлары да қатысты. Сиезде қосымша баяндама жасаған Әлiмжан Шарапұлы «…емле түзеу жүзiнде түрiк жұрттарының алдағысы қазақ. Қазаққа латынға көшiп көп қаражат шығын шығарудың қажетi жоқ. Латын қарпiнiң қазiргi қарпiмiзден артықшылығы шамалы» дегендi айтты. Ахмет Байтұрсынұлы да азғантай күшiмiздi мектеп үйлерiн салу мен оқулықтарға жұмсауымыз керек. Қарiп мәселесiне мұқтаждық туып отырған жоқ дегеннен танбады.
Нәзiр Төреқұловты қолдаған «латыншыл» қаламгер Абдрахман Байдiлдин «Жаңа әлiппе туралы» (1928 ж.) деген кiтабында арабшылдардың бiрқатар пiкiрлерiн өткiр сынға алды. Қарiп мәселесi төңiрiгiндегi қазақ зиялылары Қызылордада, Ташкентте бас қосқан жиындарда Мiржақып Дулатов пен Қошке Кемеңгеров латыншылдарды халықтың мәдени және әлеуметтiк жағдайын ескермегендiктен «… желiкке ерген демогоктар» дейдi. Латыншыл Әбдiрахман Байдiлдин осы пiкiрге Ә. Бөкейханов («Қыр баласы» деп көрсетедi) пен Елдес Омаров та қосылғанына қынжылады. Әбдiрахман Байдiлдин «Қазан төңкерiсiнен кейiн еңбекшiлердiң шаруашылығы дамыды, мәдени тiлектерi өстi. Оны орындауға араб әрпi жарамсыз. Латын таңбаларына көшу «желiккендiк» емес, заман талабы» дегендi айтады.
1927 жылдың қысында Қызылордада өткен айтыста арабшыл Iлияс Ахметұлы латын әрпiн алу мәселесi қазан төңкерiсiнен кейiн туып отырған, патша отаршылдық саясатты күшейткен заманда туындады дептi. Оның пiкiрiнше, орыс патшасы татарды жеңiп, Азияны өзiне қаратып, латын әрпiнiң бiр тарауына орыс әрпiн алдыруға күш салған. Орыстың миссионерлерi азғырып, дiнiн, тiлiн бұзу үшiн оларға лайықтап дербес әрiп шығарды. Латын әрпi түсiн бояп келген орыс әрпi деген пiкiрiн ашық айтты. Ал Ә. Байдiлдин бұл пiкiрге «латыншылдар-миссионерлер, латын әрпiн алу – отаршылдық дегенге қазiргi заманда кiм сенедi?» деп таңданады. Iлияс Ахметұлының бұнысы «дүмшелiк» деп түйiндейдi. Ақиқатына келсек, Iлияс Ахметұлының «отаршылдық» дегенi жаны бар сөз. Халықты сан ғасырлар бойы пайдаланып келген жазуынан айыру, қордаланған жазба мұрадан қол үздiру, өткенiн өшiрумен, рухани тамырынан айырумен пара-пар емес пе?
Смағұл Сәдуақасовтың «…латын әрпiн алудың саяси қорқынышы бар, молдалар қарсы болады. Араб таңбалары ислам дiнiнiң таянышы, әрiптен қол үзсек дiнiмiзден де қол үземiз» деген көзқарасын Ә.Байдiлдин мен Н.Төреқұлов «ескiшiл», «дiншiл» деп жерден алып, жерге салады. Сондай-ақ, Ж.Аймауытов, Қ.Кемеңгеров, М.Дулатовтардың латын әрпiн алсақ, халық жаппай сауатсыздыққа ұрынады деген ескертпелерiн, халықты үркiту үшiн айтылған деп санайды.
Қошке Кемеңгеров пен Мiржақып Дулатов «латын әрпiн алуға ерте, алдымен одан басқа керектерiмiздi орындауымыз керек» деген мәселе көтередi. Оларға Нәзiр Төреқұлов «неге ерте, неге кеш емес? Бұларыңыз дұрыс десек қалыңмал алу әдетiн жою да ерте, қазақтың республика болуы да ерте, Мадияр мен Қошмамбеттердiң «лапылдап» қарсы шығулары да ерте» деп жауап қайтарған.
1927 жылы Қызылордада шыққан «Әлiппе айтысы» деп аталатын жинаққа арабшылдардың да, латыншылдардың да пiкiрлерi толық енгiзiлдi. Ахмет Байтұрсынұлының араб әлiпбиiн жақтаған баяндамасы, Телжан Шонанұлының латын таңбаларын жақтап сөйлеген сөзiн, сондай-ақ, Омарұлы Елдес, Ермекұлы Әлiмқан, Бұралқы ұлы Мұстапа, Байтасұлы Абдулла сынды қаламгерлердiң пiкiрлерiн ұсынған.
Бiрнеше сауат ашу құралдарының авторы, қаламгер Телжан Шонанұлы әлiпби мәселесi көтерiлгелi берi, пiкiрталасушылар емле мен әлiпбидi шатастыруда дей келiп, «Емлемiз жақсы дегенге қосыламыз. Бiрақ таңбамыз, әлiппемiз, арабымыз жақсы дегенге қосылғым келмейдi. Орыс жолдастар: қазақ латын әлiппесiн алса, қазақша тез үйренемiз дейтiн көрiнедi. Бұл тiл мен әлiппенi шатастыру болады. Бұл да дұрыс емес. Осындай шатастырулар арабшыл жолдастар арасынан көбiрек табылады» деп Елдес Омаровтың «латыншылдар ғылым терминдерiн қазақшалауға қарсы» деген пiкiрiн терiске шығарады. Телжан Шонанұлы әлiппе өзгерсе тiл өзгередi дегендердiкi жөнсiз деген тұжырымға келедi. Қаламгер қай әлiпби тiлге үйлесiмдi, жазуға жеңiл, сауат аштыруға қолайлы, баспа iсiне тиiмдi деген мәселелер төңiрегiнде өз тұжырымдарын айта келiп Ахмет Байтұрсынұлының бiрқатар ұстанымдарын терiске шығарады.
1928-29 жылдары латын-қазақ әлiпбиiнiң жасаушылардың бiрi Халел Досмұхамедұлы болды. Х. Досмұхамедұлы қазақ халқы қолданып отырған араб таңбаларын тастап, латын қарiптерiн алуға қарсы болғандығын мынадай пiкiрiнен аңғартады: «…Нәзiр айтқандай, менiң латын әрпiн алуға қарсы екенiм рас. Бiрақ латынға қарсы екенiмдi бiле тұра маған латын әрiптерiнiң жобасын жазып беруге тапсырған соң, сол жобаны жасағаным да рас».
Сөзiнiң соңында қайраткер ғалым «…жазу мәселесi – өте зор мәселе. Оны жете тексерiп барып шешу керек» деп ескертедi
Латын қарпiне көшуге байланысты пiкiрталас 7-8 жылға созылды. Қазақ зиялыларының көпшiлiгiнiң қарсылығына қарамастан қазақ елi 1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық кеңес комитетi IV сессиясының қаулысымен латын қарпiне көшiрiлдi. Жаңа әлiптi мерзiмдi басылымдар арқылы насихаттау бағытында Орталық Жаңа Әлiпби Комитетi 1929 жылы “Жаршы” журналын шығарды. 1935 жылы жаңа қарiптi насихаттау мақсатында “Төте оқу” газетi жарық көрдi. Аталған басылым 1939 жылдың наурыз айынан 1941 жылдың сәуiрiне дейiн “Сауатты болуға көмекшi” деген атпен шығып келдi. 1941 жылы “Жаңа жазу” деп өзгердi.
Қашанда өз заманының өзектi проблемаларын көтере бiлген қазақ баспасөзiнiң бетiнен әлiпби мәселесi, ол жайындағы қызу пiкiрталастар ауық-ауық көрiнiс берiп отырды. Өйткенi, жазу, әлiпби әрбiр халықтың рухани және мәдени өсуiмен қатар даму деңгейiн көрсететiн аса зор әлеуметтiк мәнi бар құбылыстың бiрiнен саналады. Оның кешегiсi мен бүгiнгiсiнiң қоғамымыздың даму заңдылықтарымен бiрге өзгерiске ұшыраған өзiндiк тарихы бар. Түркi халықтарының әлiпбиi отарлаушы елдердiң жойқын күшiмен сан түрлi өзгерiске ұшырап, тағдыр тәлкегiн бастан кешiрдi. Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн жазу алмастыру мәселесi тағы күн тәртiбiне қойылып, осыған қатысты әр түрлi пiкiрлер баспасөз бетiнде көрiнiс бердi.
1993 жылы 30-желтоқсанда белгiлi филолог Әбдуәли Қайдар “Ана тiлi” басылымындағы “Кемел елге, кемел әлiпби керек” – деген, Елбасына арналған ашық хатында латын таңбаларына көшудi ұсынған болатын. Осы ұсыныстан кейiн әлiпби ауыстыру мәселесiне қатысты баспасөзiмiзде төрт түрлi пiкiрдегi жарияланымдар орын алды:
Бiрiншiсi, латын таңбаларына көшудi ұсынушылар; екiншiсi, кириллица таңбасында қалуды жөн көретiндер пiкiрi; үшiншiсi, Ахмет Байтұрсынұлы түзген төте жазуға ауысуды дұрыс санайтындар; төртiншiсi, көне түркi жазуына көшудi қолдайтындар.
Осы пiкiрлердiң қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенiн анықтап, сараптама жасап баға беретiн уақыт келдi.
Қазақстан халықтары ассамблеясының ХII сессиясында Елбасы сөйлеген сөзiнде бес мәселеге ерекше тоқталып өттi. Солардың бiрi латын әлiпбиiне көшу мәселесi болды. Президент өз сөзiнде «Қазақ әлiпбиiн латынға көшiру жөнiндегi мәселеге қайта оралу керек. Бiр кездерi бiз оны кейiнге қалдырған едiк. Әйтсе де латын қарпi коммуникациялық кеңiстiкте басымдыққа ие. Және де көптеген елдер, соның iшiнде посткеңестiк елдердiң латын қарпiне көшуi кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жыл iшiнде мәселенi зерделеп, нақты ұсыныстармен шығулары тиiс»деп атап көрсеттi. Саяси-әлеуметтiк жағынан, мәдени-рухани қырынан қай әрiп қазаққа қолайлы, тиiмдi екенiн зерттеп, бiр тоқтамға келетiн сәт туды.
Мәрия МАЙЛЫҚҰТОВА,Әл-Фараби атындағы Қазақ
Ұлттық университетi журналистика факультетiнiң
оқытушысы