Жаңалықтар

Баспана: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

ашық дереккөзі

Баспана: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

Елiмiзде тұрғын үй бағасы күннен-күнге аспандап барады. Тiптi, кейiнгi бiр-екi жылдың көлемiнде жалдап тұратын пәтердiң ақысы да едәуiр шарықтап кеттi. Алматыны былай қойып, қала iргесiнен қоныс тепкен елдiмекендерде де cолай. Адал еңбекпен тапқан ақшасының денiн ай сайын пәтерақыға төлеп отыру кез келген отбасыға оңай емес, әрине. Мұндайда шүпiрлетiп бала-шаға өсiрудi қойып, қарақан басыңды алып жүрудiң өзi қиын. Мiне, осы жағы жастарды қатты алаңдатады. Мұның кесiрi әуелi демографиямыздың тұралап қалуына, сосын үйсiз-күйсiз қазақтың көбеюiне әкеп соғады.

Шынында да, баспанасыз далада қалып қоймау үшiн әлдекiмдердiң босағасында жүргендердiң көбi – қазақ. Олардың арасында жастар тұрмақ, 40-50-ден асып кеткендер де кездеседi. Кезiнде бала-шағаның тамағы, киiм-кешегi, жалпы, күнкөрiс үшiн Алматы секiлдi үлкен орталыққа амалсыз келiп қалғандар олар. Яки ауылдағы үйiн болар-болмас ақшаға сатып, сауда жасауға қалаға келген. Алайда, сауданың тiлiн бiреу бiлер, бiреу бiлмес. «Ит тойған жерiне…» дегендей, бармағын тiстеп, туған топырағына қайта оралатындары да жоқ емес. Әдетте, ондайлар әзiл-шыны аралас «көшпендiлiк ата-бабамыздан қалған дәстүр ғой» дегендi айтып сылтауратады…

Басқасын қайдам, Алматы қаласы – қаржы орталығына айналады дегеннен берi үй мен жер телiмiнiң бағасы шырқап тұр. Қалаға бiрнеше шақырым қашықтықтағы жер аумағының өзi өте қымбат. Қарапайым бұқара халықтың жылдап тапқан жалақысы жетпестей бағаны айтады. Оның үстiне мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмектiң де қалi мүшкiл. «Ендiгi бiр өзектi мiндет – тұрғын үй проблемасын жеделдете шешу. Баспанаң болмайынша түтiн түтетiп, бала өсiру қиын» деген Елбасының халыққа Жолдауы да есiмiзде. Осы өзектi мәселенiң арқауы ретiнде 2005-2007 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасын iске асыру мақсатында Үкiмет тарапынан арнайы жоспар да бекiтiлдi. Яғни, үш жылға арналған аталмыш бағдарламаның биыл соңғы жылы. Алдын-ала жоспар бойынша елiмiзде ипотекалық несие беру жүйесiмен үш жыл iшiнде шамамен 49 мың отбасын қамту және 12 млн. шаршы метр тұрғын үй, яғни, 195 мың пәтер салу көзделiп, 1 миллионға жуық адам ипотека мен тұрғын үй жинақ жүйесiн пайдаланады деп межеленген. Дәл осы мақсатты жүзеге асыру үшiн Үкiметке 150 млрд. теңге бөлiнiп, оның 21 млрд. теңгесi коммуналды үй салу сияқты шараға жұмсалады деген. Бағдарламаның басты ерекшелiгi сол, әуелi балалары бар 29 жасқа дейiнгi жас отбасыларды, сосын мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен қоректенетiн мемлекеттiк органдар мен мекемелердiң қызметкерлерiне, әлеуметтiк саланың мемлекеттiк кәсiпорындары қызметкерлерiне басым құқық берiледi делiнген. Алайда, «Тұрғын үй» бағдарламасы баспанаға мұқтаж қазақстандықтар сұранысын толық қамтамасыз еттi ме?

Негiзi аталмыш бағдарлама айына 70-80 мың теңгелiк орташа табыс көзiн кiргiзетiн отбасыға арналған. Оның үстiне бұлардың денi мемлекеттiк қызметкерлер мен бюджет саласында жұмыс iстейтiн азаматтар болуы ләзiм. Қарасаңыз, дәл осы мемлекеттiк қызмет саласы төңiрегiндегiлердiң, мәселен, дәрiгер, мұғалiм секiлдi мамандардың жалақысы мүлдем аз. Сонда бұл бағдарламаның кiмге арналғаны тағы белгiсiз. Демек, қолына тиетiнi, ең көп дегенде 20-25 мың теңге болса, бұл жалақымен ол ипотекаға үй алып, қайтара алуы екiталай. Мәселен, 2006 жылы 240 пәтердiң кiлтiн табыс етудi жоспарлаған Жамбыл облысында бар-жоғы 6 адам ғана банктiң сынағынан сүрiнбей өткен. Ал Қарағанды облысында төлем қабiлетi бар бiр адам табылмапты. Мiне, бұдан кейiн қас-қағым сәтте аспанмен таласып салынып жатқан тұрғын үй пәтерлерiне ие боларлық азаматтардың табылуы неғайбыл. Есесiне, күн өткен сайын баспанасыздардың саны артпаса, азаяр емес.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңының «Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру» атты 9-тарауының 67-бабында мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру шарттары көрсетiлген. Осы баптың 1-тармағында былай делiнген: «Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй оған мұқтаж, осы елдiмекенде тұрақты тұратын (тұру мерзiмiне қарамастан) және халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалатын табысы аз топтарына жататын Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына берiледi». Осы баптың 2-тармағында: «Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй, сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаж мемлекеттiк қызметшiлерге, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерiне, әскери қызметшiлерге және сайланбалы мемлекеттiк қызмет атқаратын адамдарға берiледi» десе, ал 70-бапта «Азаматтардың мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй алу құқығына» тоқталып, «Ерлi-зайыптылардың әрқайсысында некеге тұрғанға дейiн осындай тұрғын үйi болған жағдайларды қоспағанда, азамат (зайыбымен және кәмелетке толмаған балаларымен бiрге) осы елдi мекенде мемлекеттiк тұрғын үй қорынан бiр тұрғын үй алуға құқылы» делiнген. Ал бiзде, дәл осы Заң жолымен баспанаға ие болу күмәндi жағдай. Өйткенi, отау құрып, бiрнеше бала сүйген жас отбасы Заңды бiлсiн, бiлмесiн, пәтерден пәтер жалдап күн кешуде. «Алма пiстi, аузыма түстi» дегенге сенбейдi. Қазақ «құрғақ қасық ауыз жыртады» демей ме?! Әйтеуiр, мемлекеттiк сала қызметкерлерiнiң кейбiрi кәсiби мерекелерiнiң қарсаңында пәтер алып, құрметке бөленiп жатады. Бұның иiсi ендiгi бiрiнiң мұрнына да жетпейдi. Себебi, тұрғын үйге қатысты жемқорлықтың да бар екендiгi шындық.

Естерiңiзде болса, Елбасы өз сөзiнде салынатын әрбiр үйдiң шаршы метрiнiң бағасы 350 доллардан аспайды деп нықтап айтқан болатын. Бiрақ, бағдарлама қабылданған бiр жылдан кейiн сарапшылар осы баға келер жылы 440-450 долларға жетiп жығылады деген болжам жасады. Айтқаны айдай келдi. «Бұл әлi бергi жағы ғой» деген мамандар алдағы уақытта әр шаршы метрдiң бағасы 1200-1300 доллар болуы ғажап еместiгiн де алға тартады. Тiптi, кейбiр «ақшасы бар талтаңбайлар» тұрғын үй құрылыс жұмысы басталмай жатып-ақ осы құнды алдын-ала төлеп, көп қабатты үйден бiрнеше пәтердi сатып, алып қойыпты. Сiздiңше, бұдан кейiн баға түсуi мүмкiн бе?

Сонымен Алматы қаласында үй мен жер бағасының өрлеуiне не себеп?

Бiрiншiден, Алматының қаржы орталығына айналуына байланысты, екiншiден, халықтың әл-ауқатының көтерiлуi мен айлық жалақының өсуiне, үшiншiден, бәрiмiзге белгiлi қаладағы ең басты мәселе – жер. Қазiр қала iшiнде бос жер қалған жоқ. Ендi жұрт жер телiмiн өз бағасына қала шетiнен де сатып ала алмайды. Төртiншiден, елiмiзде құрылыс материалдары аз өндiрiледi. Бесiншiден, шаһарға жыл сайын басқа аймақтан немесе бөгде елден 20 мыңнан астам адам келiп, тұрақтанады екен.

— Бағаны төмендетудiң жолы бар ма? Бар болса, қандай? Бұл сұраққа «Қазақстан ипотекалық компаниясының» басқарма төрағасы Азамат Ибадуллаев жауап берiп көрсiн.

– Тұрғын үйге қатысты бағаның өсуi немесе төмендеуi тiкелей сұраныс пен ұсынысқа байланысты. Сұраныс неғұрлым көп болса, баға да соғұрлым жоғары. Айта кетерлiк жәйт– елiмiзде құрылыс нарығында өзара бәсекелес фирмалар өте аз. Сол себептен ең негiзгi керектi құрылыс материалдарын көршi елден әкелуге тура келедi. Мiне, мұның кесiрi құрылыстың, сондай-ақ тұрғын үйдiң қымбаттауына әкеледi. Айталық, Алматыда үй мен жер бағасы неге қымбаттап кеттi? Қала таудың ортасында қысылып тұр. Артық жерi де жоқ. Бұл бiр. Екiншi, жылда мұнайдың бағасы өсiп кетедi де, бiр қалыпқа қайта түседi. Керiсiнше, халықтың белгiлi бiр топтарында ақша молаяды. Бұл ақшаны депозитке салайын десе, одан түсетiн пайда шамалы. Ал шет елдегiдей бiзде акция деген жоқ. Содан кейiн барады да, екi-үш пәтер сатып алып, оны бiрнеше айдан кейiн екi есе бағаға сатады.

– Ипотека арқылы баспанаға ие болатын кiмдер?

– Мұны ресми түрде дәлелденген тұрақты табысы бар кез-келген азамат ала алады. Ал баспанаға кiмдер ие болады дегенге келсек, бiз ол азаматтың өзiн де, көзiн де көрмеймiз. Өйткенi, бiз тек банктермен ғана жұмыс iстеймiз.

– Қалада салынып жатқан үйлер көбiнесе ауқатты топ өкiлдерiне арналған сияқты. Ал бұны қарапайым халықтың қалтасы көтермейдi…

– Сiз айтып отырған аспанмен таласып жатқан зәулiм үйлер шынымен де қалтасы қалыңдарға арналған. Бұл мемлекеттiк бағдарламаға енбейдi. Ал әлеуметтiк жағдайы орташа халық үшiн де салынып жатқан үйлер бар. Әр түрлi әлеуметтiк сала қызметкерлерi тұрғын үйге қатысты бағдарлама аясында коммуналдық пәтерге әкiмшiлiкте тiзiммен беру арқылы ие болады. Әлбетте, бұларға қарағанда элиталы үйдiң көзге бiрден түсетiндiгi – олардың жарнамасы да анадайдан «мен мұндалайды» ғой.

– Күндердiң күнiнде тұрғын үй бағасының түсуi мүмкiн бе?

– Түседi. Экономикада өсу бар жерде, құлау да бар. Қашанға дейiн осылай кете бередi? Кейбiреулер бiр-екi жылдың көлемiнде түседi дейдi. Ал бiрақ бағаны нарық қана төмендетуi мүмкiн. Егер баспана бағасы осылай өсе берсе, сұраныстың да төмендеуi ғажап емес.

Кешегi Үкiмет 2005-2007 жылға арналған «Тұрғын үй» бағдарламасының заң жүзiнде қабылдауына белсендi түрде атсалысқанмен, оның iс жүзiнде орындалуына аса ден қоймаған. Сарапшы маманның пiкiрiнше, бөлiнген қаржы толық игерiлмей қалған.

Болатхан Тайжан, саясаттанушы:

– Әуелгi кезде «Тұрғын үй» бағдарламасын қабылдаған кезде салынып жатқан тұрғын үй бағасының бiр шаршы метрi 350 доллар деген сөз шындыққа келiспейтiн сөз едi. Оны құрылысшылар, кәсiпкерлер мен қаржыгерлер де айтып жүрдi. Бiрақ оған ешкiм құлақ аспады. Бұл бiрiншi. Екiншi, тұрғын үй мәселесiне келгенде 350 доллармен ипотека алуы тиiс. Оны алмақ болған қарапайым қызметкердiң отбасылық табысы да банк жасаған шартқа сәйкес келмейдi. Мәселен, Талдықорғанда салынған 480-нен аса пәтердiң тек 80-i ғана ипотекамен сатылды. Ал қалғанын сатып алатын адамдар табылмаған.

– Даниал Ахметов үкiметi «Тұрғын үй» бағдарламасына қатысты бөлiнген қаржыны толық игердi ме?

– Әңгiме сонда болып тұр. Олар осы бағдарламаны толық iске асырмады. Ахметов үкiметi 2006 жылы 91 миллиардтан аса теңгенi игере алмады. Бұл деген бiр жылдық бюджетке берiлетiн қаржы iске асырылмады деген сөз. Әңгiме бұл сомада емес, осы қаржыға жасалынатын жол, аурухана мен мектептiң салынбағандығында. Демек, экономикамызға, әлеуметтiк тұрмысымызға қажеттi шаралар жүзеге аспады. Яғни, бiр жылдық жоспарымыз орындалмай қалды. Сондықтан Даниал Ахметов үкiметi бұл салада көп мүмкiндiктердi қолдан жiберiп алды.

– Бүгiнде ипотекаға берiлетiн үйдiң әр шаршы метрi 450 долларға жеткен. Алайда, мемлекеттiк қызметкерлер айлық табысымен бұған да қол жеткiзе алмайды. Сонда бұл бағдарлама, сiздiңше кiмдерге арналған?

– Бұл мәселеге басқа жағынан келу керек. Осы бағдарламаны қабылдағанға қарағанда, Үкiметте экономиканы бiлетiн азаматтардың жоқтығын бiлдiрмей ме!? Егер олар елдiң экономикалық жағдайын бiлсе, мынаны ойластыруы керек едi. Үй салу бағытында көп әрекет жасасаңыз, соғұрлым құрылыс материалдары қымбаттайды. Неге? Өйткенi, құрылыс материалдарын шетелден әкелемiз. Қазақстанда құрылысқа қажеттi арматура, кiрпiш, цемент, т.б. материалдар шығарылмай жатыр. Мiне, әуелi осыны ұйымдастыру керек. Мұны елеместен, әр науқан кезiнде билiк халыққа жылы сөйлеп бәрiн қатырамыз дейдi. Өкiнiшке қарай, сол уәде далада қалады. Әлбетте, айтылған сөз орындалып жатса, кiм қарсы?! Бәрiнен сол орындалмай жатқандығы қынжылтады.

Жалпы, Қазақстан Үкiметi қашан да, қалай да болсын iшкi өнеркәсiптi жан-жақты дамытуға мәжбүр. Онсыз жалақыны, зейнетақыны, студенттiң стипендиясын қанша өсiр, бәрi бекер, далаға кетедi. Себебi, қаншама қаражат өндiрсеңiз де, құрылыс заттарын сатып жатқан компания немесе жеке адамдар соншалықты бағасын көтерiп отырады. Соған қарай, бюджеттен берiлiп жатқан ақша елдiң iшiндегi өндiрiске септiгiн тигiзбей, әкелiнетiн заттардың төлемi ретiнде шет елге кетiп тұрады. Ал iштегi өнеркәсiп дами бастаса, халықтың алған жалақысы содан өндiрiлген затты сатып алуы арқылы өзiмiздiң өндiрiске құйылар едi. Қай мемлекет болсын, өзiнiң күнделiктi өмiрде тұтынатын заттарын, кем дегенде 60-70 пайызын өздерi шығаруға тырысып қана қоймай, оның сапасын сапа бәсекелестiгiнде көтеруге ұмтылады. Мiне, осындай экономикалық заңдылықтарды Үкiмет еске алмайды.

Тұрғын үй бағасының құны түседi дегендi халықтың естiгiсi келгенi қашан. Әйтеуiр, қазiр салынып жатқан тұрғын үйдiң санында шек жоқ. Бiр қызығы, жұмысы жаңадан жанданып жатқан тұрғын үй құрылысы әп-сәтте бой түзейдi. Мұның сыры неде? Бәзбiреулердiң айтуынша, ипотекаға берiлетiн үйге арзан құрылыс материалдарын пайдаланады-мыс. Сондықтан үйлi-баранды болғысы келген ауқатты отбасы су жаңа емес, бұрынғы ескi үйлерден пәтер алуды армандайды екен. Мемлекеттiк тұрғын үй саясатында қала маңынан шағын әрi арзан үйлер салуды қолға алса деген халықтың мұң-мұқтажы да бар. Кезiнде КСРО-ның басшысы болған Хрущев шағын отбасыларға арналған, жұрт «хрущевка» деп атап кеткен үйлердi көптеп салу арқылы баспана мәселесiн бiршама шешкендiгiн тiлге тиек етедi.

Ал әзiрге аңыз бен ертегiнiң елесiне айналған 10 сотық жердiң де жыры басталып-ақ кеткен. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 1-тамыздағы №726 қаулысына сәйкес, «Жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскесiне құқық беру Ережесiн бекiту туралы» қаулысы қабылданды. Осы қаулыға сүйенсек, елiмiздiң әрбiр азаматына 10 сотық жер жекеменшiкке тегiн берiледi делiнген. «Отыз тiстен шыққан сөз отыз елге тарайды». Аталмыш қаулыны естiгеннен-ақ бiр баспанаға зар болып жүрген халықтың легi жер комитетiне ағыла бастады. Таң атқаннан кеш батқанға дейiн ұзын-сонар кезекте тұрған қарапайым жандардың үкiлi үмiтi – баспаналы болу. Алайда, Алматы мен Астана секiлдi бас қалаларда әзiрге берiле қоятын жер жоқ. Ендiгi кезек, әйтеуiр тiзiмге iлiктiм ғой, күтсем күтермiн деу ғана…

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ