«МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ» ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАЖЕТ ПЕ?
«МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ» ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАЖЕТ ПЕ?
Өткен аптада Парламент Мәжiлiсiнде мемлекеттiк тiлдi дамытудың әдiс-тәсiлдерiн және басқа да заңдық тетiктерiн талқылаған «Мемлекеттiк тiл – ұлттық саясаттың өзегi» атты дөңгелек үстел өттi. Оған қатысушылар арасынан «Мемлекеттiк тiл» туралы заң қабылдау қажеттiгi жайында ұсыныс айтылды.
«Мемлекеттiк тiл туралы» Заң жобасын қазiр екi қоғамдық-саяси ұйым ұсынып отыр. Оның бiрi – ұлт патриоттарының «Ұлт тағдыры» қоғамы болса, екiншiсi – Мақсұт Нәрiкбаев төрағалық ететiн «Әдiлет» партиясы. Мұхтар Шаханов 30-дан астам мәжiлiсменнiң бұл ұсынысты қолдауға пейiлдi отырғанын айтады. Әрi екi балама жоба да талқылауға түседi. Бұл жобаларда ұсынылған баптардың көңiлге қонымдысы ғана жаңа заң жобасына енгiзiлетiн болады. Сондай-ақ, Премьер-министрдiң де бұндай заңды қабылдауға қарсы еместiгiн сөз еттi.
Бiздiң бiлуiмiзше, дәл мемлекеттiк тiл туралы заң Ресейде бар. Оның өмiрге келгенiне де екi жылдың жүзi болып қалды. Бiрақ, Ресейде «Тiлдер туралы» Заң жоқ. Ал, Қазақстанда бұл заңның рөлiн «Қазақстан Республикасындағы тiлдер туралы» Заң атқарады. Яғни, 15 республика және өлкелерi мен автономиялы облыстарының өзi 80-ге таяп жығылатын Ресейде «Мемлекеттiк тiл» туралы Заң бар да, унитарлы Қазақстан «Тiлдер туралы» Заң аясында мемлекеттiк тiлдiң iс-қимылдарын айқындайды. Ресей титульды ұлттың тiлiн мемлекеттiк тiл ретiнде жариялаған әрбiр субьектiсiнiң қадамынан қорыққандықтан мемлекеттiк тiлдiң рөлiн айқындайтын арнайы заң қабылдап отыр. Бұл заң бойынша Ресейде мемлекеттiк тiл бiреу, ол – орыс тiлi. Және барлық заңнамалық актiлер, сайлау процестерi тағы басқа да iс-қағаздары барлық субьектiлерiнде мемлекеттiк тiлде – орыс тiлiнде жүргiзiлуi тиiс. Яғни, бұл арқылы Ресей Татарстан, Чешенстан, Башқұртстан, Дағыстан және т.б. да субъектiлерiнiң тiлiн тұншықтыруды көздеп отыр. Бiзде керiсiнше, жалпақшешейлiк танытып, Қазақстанның ұлттық мемлекет екенiн ескермей, «Тiлдер туралы» Заңмен жұмыс жасап келемiз. Сондықтан да, Мұхтар Шаханов және «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымдарының «Мемлекеттiк тiл туралы» Заң қабылдау идеясы орынды. Бiрақ, бұл қолданыстағы «Тiлдер туралы» Заңды алмастыруы керек. Әрi бұл заң мемлекеттiк тiлдiң қай салада, қалай қолданылатындығын және мемлекттiк тiлдi кiмдер меңгеру керектiгiн айқындауы қажет.
Бiз қазақ тiлiн – мемлекеттiк тiл деп жарияладық. Бiрақ, мемлекеттiк шенеунiктiң мемлекеттiк тiлдi игеруiн талап етпеймiз. Тәуелсiз Қазақстанның 15 жылдық тарихында мемлекеттiк тiлдi бiлу тек Президенттен ғана талап етiледi. Басқа деңгейдегi шенеунiктер мен әкiмдер, дипломатиялық қызметкерлер, депутаттар мемлекеттiк тiлдi бiлуге мiндеттi емес. 15 жыл тiл үйренуге берiлген уақыт десек, ендi кез-келген сала қызметкерiне мемлекеттiк тiлдi игерудi мәжбүрлейтiн уақыт жеттi. Бұған дейiн депутаттар «Дипломатиялық қызмет туралы», «Сайлау туралы» заң жобаларын талқылау барысында дипломатиялық қызметкерлерден, депутаттардан мемлекеттiк тiлдi бiлудi талап ететiн бапты енгiзу үшiн қызылшеке таласқа барғаны бар. Бiрақ, халық қалаулыларының көбi бұндай бапқа қырын қарағандықтан, аталмыш ұсыныс өтпей қалды. Кейбiр депутаттар дәл мұндай талапты бәрiнен бұрын «Мемлекеттiк қызмет туралы» Заңға енгiзу керек дейдi. Ал, дипломатиялық қызмет және сайлау туралы заңдардың барлығы осы мемлекеттiк қызмет туралы заңның бiр тармағы болып есептелiнедi. Яғни, «Мемлекеттiк тiл туралы» Заң осындай талас-тартыстың барлығына нүкте қояры сөзсiз.
Есенгүл Кәпқызы