АҚАРЫСТЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ АРАША КҮТЕДI
АҚАРЫСТЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ АРАША КҮТЕДI
Құтарыс ауылына қарасты Ақарыс ауылының тұрғындарын мазалап жүрген бiр жәйт бар. Ол – ауыл iргесiнен ағатын Арыс өзенiнiң көктемгi тасқын кезiнде жекелеген тұрғын үйлерге төндiрер қауiп – қатерi. Әншейiнде моп-момақан көрiнер өзен мұндай тасқын кезiнде долдана ағып, жарқабақты аяусыз соғады. Жол-жөнекей Ақсу, Құтырған, Машат өзендерi қосылған Арысты ондай кезде ешбiр күш тоқтата алмасы анық. Ең өкiнiштiсi сол, өзен суы соңғы кезде ауыл шетiндегi зиратқа да тым жақындап келiп, тағы бiр жұлқынса 1942 жылдан берi талай марқұмдарға пана болған жердi жайпап кетуi әбден мүмкiн. Бетiн аулақ қылсын, егер мұндай жағдай орын алса арғы жағын көзге елестетудiң өзi қиын.
Осы мәселе бұдан 3 жылдай бұрын көтерiлiп, ауыл тұрғындары тиiстi мекемелерге дабыл қағудай-ақ қақты. Сол кездердегi аудан әкiмi болған Қ.Айтахановқа ауызша, Ө.Әметұлына жазбаша ескертiлдi. Ауыл тұрғындарының ащы айқайы жуық арада жоғарыдағылардың құлағына жете қоймаған соң ендi бұл мәселенi ауыл әкiмi Ұлданай Тәжiтаева өз қолына алып, аудан әкiмi Ә.Тұрғымбековтың назарын аударуға аз жүгiрген жоқ. Мiне, осыдан соң ғана сең қозғалып, аудан әкiмi облыс әкiмдiгiне, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының атына орын алуы мүмкiн табиғи апаттың алдын алуға тиiстi қаражат бөлулерiн өтiнiп, хат жазған болатын.
2006 жылғы мамыр айының 19-ы күнi облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары И.Әбiшев қол қойған жауап хат аудан әкiмiнiң қолына тидi. Бiздiң қолымыздағы осы хаттың көшiрмесiнде былай делiнген:
«…Зерттеу барысында төмендегiдей жағдайлар анықталған. Ақарыс ауылының жанынан өтетiн Арыс өзенi мен Ақсу өзенiнiң қосылған жерiнде өзен ағысының сол жақ бетiндегi жағалауы өз арнасын өзгертiп, жағалаулары кемерленiп, құлап жатыр. Өзен жанынан өтетiн «Мұсабек» каналына дейiн шамамен 6 метрдей жер қалған. Ұзындығы 9 шақырым болатын магистральдық канал «Оңтүстiксу шаруашылығы» МҚК-ның есебiнде болуына байланысты, өзен арнасын жөндеу жұмыстарымен осы мекеме айналысады. Негiзiнен, өзен арнасы ауыл зиратына дейiн шамамен 10 метрдей қалғаны рас…»
Ал, қазiр бұл аралық бар-жоғы 6-7 метрдей ғана. Маусымның 29-ы күнi облыс әкiмiнiң орынбасары Қ.Төлебаевтан Ә.Тұрғымбековке тағы бiр хат келедi. Онда аудандағы құзырлы мекемелердiң инженерлiк техникаларын жұмылдырып, Ақарыс ауылындағы Арыс өзенiнiң ауыл зираты жанындағы арнасын түзету жұмыстарын ұйымдастыруын сұранған.
Бұл мүмкiн емес, онсыз да «шықпа жаным-шықпамен» әрең отырған аудан бюджетi қомақты қаржыны қайдан алсын. Дегенмен, тамыздың 1-күнi аудан әкiмiне облыс орталығынан тағы бiр хат келiп жеттi. Хатты Оңтүстiк Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарма бастығының орынбасары Б.Раманғұлов жазыпты. Хат тым қысқа жазылғанымен, жанға жайлы тиiптi.
«Сайрам ауданы Құтарыс ауыл округiнде Ақарыс ауылының маңында Ақсу және Арыс өзендерi бар. Сол өзендердiң көктемгi жаңбыр және тасқын суларының көбейiп, тасуларына байланысты жеке кәсiпкер А.Сансызбаевқа жобалық сметалық құжаттамасын дайындауға тапсырыс берiлгенiн хабарлаймыз».
Не керек, сметалық құжат та дайын болып, облыстық бюджеттен 15 миллион теңге бөлiнетiн болды. Құрылыс жұмыстары 2007 жылы басталуы керек болатын. Ауыл тұрғындарының көңiлдерiн бiр демдеп, келер жылды күтiп жүргендерiнде тағы да төбеден жай түскендей хабар жеттi. Ауыл зиратын аман алып қалуға бөлiнуi тиiс қаржы қырқылып тасталыпты, бұл мақсатқа көк тиын да бөлiнбейтiн болыпты. Ауыл тұрғындары тағы да атқа қонып, облыс әкiмi Ө.Шөкеевтiң атына араша сұрап хат жазды. Оларды да түсiнуге болады, ата-бабаларының сүйегiн кiм көрiнер көзге суға ағызғысы келедi дейсiз.
Хош, осы мәселенiң анық-қанығына көз жеткiзу үшiн аталмыш ауылда болып, мән-жайға қанықтық. Расында да, ауыл зираты қауiп-қатердiң алдында тұр. Өзен мен зираттың арасы шамамен 6-7 метрдей ғана. Осы жерде ауыл қариясы Аманкелдi Дәуренбеков ақсақал былай дедi:
–Өзен арнасы тағы бiр тасыса, онда жағдай қиын. Ата-бабаларымыздың сүйегiн жиып ала алмасымыз анық. Күн сайын қауiп-қатерден қорқып, жанымызды шүберекке түйiп отырған жайымыз бар. Ертеңгi күнi бәрiмiздiң де барар жерiмiз–жер қойнауы. Неге бiз өлi жандардың алдында дәрменсiздiк танытып отырмыз?
Ауыл имамы Жиенбек Мұратовтың да айтары бар екен:
–Ес бiлгелi осы зиратқа бақилық жандар жерленiп келедi. Олардың арасында кiмдер жоқ дейсiз, ел басқарған ерлер, партия, кеңес қызметкерлерi, соғыс және еңбек ардагерлерi жатыр. Мына мәселеге егер көз жұма қарасақ, онда әруақтар бiздi кешiрмейдi. Келер ұрпақ алдында жүзiмiз жарқын бола алмасы да анық.
Ауыл әкiмi Ұлданай Тәжiтаева заты әйел болса да еркекке тән екпiнмен осы iстiң басы-қасында жүр. Оның мына бiр сөзi көпке дейiн көкейiмiзде тұрып қалды:
–Айтқан жерден аулақ, егер зират суға кетсе санитарлық -эпидемиологиялық апат сонда болады. Бәрiнен де бұрын бiз бұған жол берiп алсақ, әруақтардың алдында қарабет боламыз. Жол бермеу керек, тиiстi орындардың бұл мәселеге бей-жай қарамай, мәселенi оң шешiп бергенiн қалаймыз.
Иә, Ақарыстан ұзап шығып, жол үстiнде келе жатып та, осы жолдарды жазып отырып та, қалың ой үстiнде болдым. Қашанда әруақ сыйлап өскен елдiң ұрпағы емес пе едiк? Құдайым-ау, өстiп ары-берi салмақтап жүргенiмiзде бiр қауым елдiң зираты суға кету алдында тұр. Дәрменсiздiк танытып, «қаржы жоқ» деген желеумен бiтейiн деп тұрған тiрлiктi тоқтату кiмге, не үшiн керек болды екен? Сауал көп, жауап жоқ әзiрге…
Ердәулет ТҰРАПБЕКҰЛЫ,Оңтүстiк Қазақстан облысы,
Сайрам ауданы