ЖЕР ДАУЫ АҚБҰЛАҚТЫҚТАРҒА ДА ЖЕТТI МЕ?
ЖЕР ДАУЫ АҚБҰЛАҚТЫҚТАРҒА ДА ЖЕТТI МЕ?
Қазiр Алматы қаласында жер мәселесiнiң күйiп тұрған шағы. Бұған кешегi «Шаңырақ» пен «Бақайда» орын алған ұлтарақтай жерi мен құрқылтайдың ұясындай баспанасын қорғаған қарапайым халықтың ашу-ызасы куә. Кейiнгi кезде бұзылатын үйлерге белгiленген ақшаның тұрғындарды қанағаттындырмай жатқаны тағы бар. Алайда, жер дауы мұнымен тоқтап қалған жоқ. Ендiгi кезек Әуезов ауданына қарасты «Ақбұлақ» елдiмекенiне келiп жетiптi.
«Ақбұлақ» елдiмекенiн Үкiмет 1990 жылы «Қазақ соқырлар қоғамының» құзырына берген. 1996 жылы олар бұл мекендi тастап кеткенде, есiк-терезесi мен шатырының да тас-талқаны шыққанына қарамастан елiмiздiң әр жерiнен күнкөрiс қамы үшiн келген 70 отбасы жөндеп, қалпына келтiрiп тұра бастаған. Үш айдан кейiн ол жердiң иесiмiн деген Байдуков Қазболат келiп: «Осы қоғамда қызмет iстегенмiн, қиын жағдайға байланысты мына жердi тастап кеткен едiк, сiздер ендi жалға тұрасыздар»,– дейдi. Халық бұған келiсiп, уақытында пәтерақыны төлеген. Оны мөрi басылып, қолы қойылған квитанция беру арқылы растап отырған. 2000 жылы бұл азамат орнынан кетiп, Омаров Нышанбек келедi де, 70 отбасы бұнымен де келiсiм-шартқа қол қойып, пәтер жалдап күн кешедi. Содан не керек, тұрғындар «жекеменшiкке айналдырып, сатып алсақ» деген ұсынысты арнайы президиумда талқылап, «Халыққа берiлсiн!» деген шешiм қабылданады. Осыдан кейiн, барлық құжаттар қолдарына тиiп, тек қана сату, сатып алу туралы келiсiм-шартты бермей 4 жыл табанын тоздыртып, сандалтқан. Сөйтсе, қайтадан қымбат бағаға сатқысы келген әрi өздi-өзi таққа таласқан «Қазақ соқырлар қоғамының» басшылары соттасуға дейiн барып, «Тұрғындар баспанаға заңсыз ие болған, бiр тиын көрген жоқпын» деп қарапайым халықты да сотқа берiп, әбiгерге салды. Бiрақ зағиптар тарапынан жекешелендiру жасалмағанына қарамастан, жердi сатуға бел буып, шешiм шығарған. Ал Жылжымайтын мүлiк орталығынан маман шақырып, бағалатқанда, ең төменгi үшiншi сұрыптағы үй деп, бар-жоғы 2,5 млн. теңге болатынын айтқанмен, бiр жылдың iшiнде халық 4 млн. теңге құйып қойған екен. 36 рет өздi-өзi соттасып, жеңiске жеткен Әубәкiров мырзаға «Ақбұлақтың» тұрғыны Шырын Өсер барып: «Қараңыз, бәрi сiздiң қолыңыз ғой» десе, «Қол қойған жоқпын» деп жалтарып, қайтадан «Әр бөлменi 7 мың долларға сатам» дептi. «Егер халықта мұндай ақша болса, неге бұрын басқа жерден сатып алмайды. Бұл тек әлеуметтiк тұрмысы төмен халыққа жасалған қысым» деген тұрғындар не iстерiн бiлмей дал болуда. Сөйтiп, соттың қайта қарау шешiмiмен Заңды бұрмалап, «Қазақ соқырлар қоғамының» пайдасына бередi.
Демек, 2006 жылдың мамыр айында Б.Әубәкiровтың төрағалығымен «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бiрлестiгiнiң орталық басқармасы президиумының отырысында «Қазақ соқырлар қоғамының өндiрiстiк сауда кәсiпорын»ЖШС директоры Н.Омаровқа кәсiпорын жайлары мен жер телiмдерiмен қосып тұрып жатқан тұрғындарға беруге рұқсат етiлгенi туралы 31.05. 2002ж. №6 шешiм қабылданған. Алайда, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бiрлестiгiнiң орталық басқармасы берген уәдесiнде тұрмаған.
Бүгiнде бұл елдiмекенде мектеп жасындағы 200-дей және 90 мектеп жасына дейiнгi 90 бала зардап шегуде. Әсiресе, мектепке баратын балаларға жағдай қатты батқан. 3 шақырым жердегi мектепке жаяу барып, қараңғы көшемен үйiне оралудың өзi мұң. Сабақты тек шаммен оқиды. Ал 2002 жылдан берi дүние есiгiн ашып жатқан қарадомалақтар әлi Қазақстан азаматы емес. Өйткенi, жасы 4-5 ке келсе де, туу туралы куәлiгiне қолы жетпеген. Бұл бiр. Екiншi – ауыз су мәселесi. Мұндағы жұрт өмiрдiң нәрi – суды да тасып iшедi.
Әу баста тұрғындар жарық көзiн қосу үшiн 380 мың теңге жинап, оны трансформаторға жалғайтын кезде, арнайы мамандар келiп, «Жалғамаймыз, өйткенi, «Қазақ соқырлар қоғамы» бiзге 1 млн. 700 мың теңге қарыз. Мұны төлемейiнше, жарық беру мүмкiн емес» деген. Сотқа арыз жазғанда «2,5 млн. теңгеге жарық қуатын пайдаланып, оны төлемеген, заңсыз деп әр отбасыға 60-70 мың теңгеден бөлiп, соқырлардың бұрынғы қарызын салған болып шықты.
Желтоқсандық батыр қызымыз Шырын Өсер бастаған тұрғындар бұл мәселе жөнiнде билiк тармақтарына, қала әкiмiне хат жолдаған. Хат жауапсыз қалмай, Әуезов ауданы әкiмiнен сүйiншi хабар келiптi. Мұнда «Ақбұлақ елдiмекенiнiң электр жүйелерiн қайта жабдықтандыру үшiн Алматы қаласының әкiмi 50 млн. теңге көлемiнде материалдық қаражат бөлгенiн, қазiргi уақытта электр жүйелерi қайта жабдықтандырылып, ескi ТП жаңа қондырғыларға ауыстыру жұмыстарының жүргiзiлiп жатқанын, осыған байланысты электр қуатын беру жұмысына iркiлiстердiң болып отырғанын» айтыпты. Ал су құбырын тарту шараларын 2007-2008 жылдары жүргiзу жоспарланып отырғанын бiлдiре келе, тұрғын жайға қатысты туындаған дау тек сот арқылы шешiледi дегендi де ескертiптi.
Қолдарында керектi құжаттары бар 70 отбасының сол 1996 жылдан берi көрiп келе жатқаны күн емес. Оларға, тiптi, теледидар көру жаңалық iспеттес. Тек арнайы электр беретiн қондырғылары бары ғана кешке қарай жарық көзiн көредi. Болмаса, ол да жоқ. Басына түскен қиындықтарға мойымай, өмiр сүруден жалықпай келе жатқан тұрғындардың ендiгi үмiтi тек жоғары билiкте ғана. Әйтпесе, «бұл жағдай кешегi «Шаңырақ» пен «Бақайды» қайталауы мүмкiн» дейдi ашынған халық.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ