Жаңалықтар

САЙҚЫМАЗАҚ БОРАТ «ОСКАР» АЛА МА?

ашық дереккөзі

САЙҚЫМАЗАҚ БОРАТ «ОСКАР» АЛА МА?

Қазақстанды танытамыз деп, Голливудтың белдi жұлдыздарын «Қазақфильмге» тартып, оған миллиардтаған қаржыны сарп етiп, «Көшпендiлер» фильмiн түсiрсек те, бұл фильм әлем көрермендерiнiң қызығушылығын аса туғыза қойған жоқ. Тiптен, Абылай ханды қазақ емес, американдық актердiң сомдағаны көзге оғаштау көрiндi ме, әйтеуiр, Қазақстанда да бұл фильм кереметтей жетiстiкке жеттi дей алмаймыз. Есесiне қазақ елi туралы келеке фильм түсiрiп, елiмiздiң Сыртқы iстер министрлiгiнiң наразылығын туғызған Саша Барон Коэн өмiрiндегi алғашқы «Оскар» сыйлығына «Борат» фильмi арқылы қол жеткiзуi мүмкiн.

Таяуда әлемдiк кино саласының ең сыйлы да, бағалы жүлдесi – «Оскардың» жаңа номинанттары жария етiлдi. Оскар сыйлығының «Ең үздiк сценарийлiк адаптациясы үшiн» жүлдесiне «Борат: даңқты Қазақстанның халқы үшiн жасалынған американдық мәдениеттiң зерттеуi» атты фильм ұсынылып отыр. Таяуда ғана «Комедия немесе мюзикл жанрында сомдаған ерлер арасындағы үздiк ролi үшiн» американдық «Алтын глобус» сыйлығын иемденген Саша Барон Коэн ендi «Оскарға» да қол жеткiзетiн түрi бар. Әдетте «Оскар» сыйлығы адам құқы мен демократияны, қызтекелердiң құқын қорғаған, қара нәсiлдiлердiң мәселесi және иудейлердiң шашбауын көтерген фильмдерге берiлетiн едi. Ендi, мiне, Қазақстанды бiраз дүрлiктiрiп, иудейлер мен қызтекелер көп қудаланатын ел ретiнде көрсеткен фильм әлемге әйгiлi сыйлыққа ұсынылып отыр.

Сiрә, «Оскар» сыйлығы тектен-тек дүниеге келген жоқ қой. Ол да американдық саясаттың құрамдас бөлiгiне айналған үлкен жоба. Бүгiнде Голливуд – американдық еврейлердiң қолында. Әйтеуiр, ұлты бойынша еврей Саша Барон Коэн фильмiнiң «Оскар» жүлдесiне ұсынылып отырғаны да тектен-тек емес шығар. «Борат» фильмiн көрген кез келген адам мынандай ойға келуi мүмкiн: «Борат» – кейбiр iшкi саяси топтардың жасаған «заказы» ма, әлде сыртқы күштердiң ықпалы ма? Фильмде шырқалған «Қазақстанның Әнұраны» қызық. Ол «Бiздiң елiмiз ең ұлы, ал басқа елдер – боқ, ал өзбектер – кеңкелестер» деген сыңайда ән шырқайды. Мұның астарына үңiлсек, Қазақстанның, шынымен-ақ, соңғы кездерi тым мақтаншақтыққа берiлiп, әлем алдында экономикалық өрлеуiн жиi тiлге тиек ете бергенi осындай қарсылық фильмiне әкеп соққан жоқ па дерсiз. «Еврейлердi құдыққа тастаңдар» деген ән де құлаққа түрпiдей тиедi. Әйтеуiр, қазақ журналисi «Борат Сағдиевтi» сомдайтын Коэн мәдениетсiз қылықтары арқылы қазақ елiн көрсеткендей болады. Қазақстанның сырттағы PR кампанияларынан шаршаған ба, әлде елiмiздiң экономикалық-әлеуметтiк жетiстiктерi қызғаныш тудыра ма, әйтеуiр Борат қазақ елiн өте тұрпайы, кедей ел ретiнде көрсетiп үлгердi.

Атышулы фильм болмаса, оның «Оскар» алатындай кереметтей тұстары жоқ. Фильм орта деңгейдегi американдықтарға арналған. Сюжет желiсi де тым тұрпайы. Қазақстаннан келген Борат Америкаға барып, таңдайын қағып, американдық жеңiлтек қыздарға қызығып жүредi. Сөйтiп, белгiлi актриса Памела Андерсонға ғашық болады. Бiрақ оның кезiнде порнографиялық фильмдердi түскенiн көрiп, Бораттың «жүрегi жараланады», тағысын тағылары… Осындай фильм «Оскар» жүлдесiне ұсынылып отыр?! Бұл әдiлеттi ме?! Мұндай фильмдi марапаттау арқылы «Оскар» өзiнiң абырой-беделiнен айырылып қалмай ма? Әу бастан «Көшпендiлер» фильмi түсiрiлiп жатқанда, отандық киногерлер «Оскар» сыйлығын алуды межелеген едi. Бiрақ Қазақстанға жанама түрде қатысы бар «Борат» фильмi елiмiздiң «алғашқы Оскары» бола ма?! Қазақстанның атын желеулетiп, елiмiздi келеке, мазақ еткен фильм нелiктен шетелдiктердiң ерекше назарында?! Борат «Оскар» алса, мұны саяси баға деуге болар ма екен?!

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА