ДАУ ШЕШIЛДI БIРАҚ КЕРIС БIТКЕН ЖОҚ
ДАУ ШЕШIЛДI БIРАҚ КЕРIС БIТКЕН ЖОҚ
Екi бауырлас ел арасындағы мұнай дауы сырт қарағанда, тараптардың келiсiмiмен аяқталған сияқты көрiнетiнi рас. Алайда қашан да «бiр саусағын iшiне бүгiп қалатын» орыстар белорустардан гөрi өздерiнiң қамын көбiрек күйттедi. Әрине, бұл «екiжақты тартыста орыстар ұтты» деген сөз емес…
«СЫЙҒА – СЫЙ, СЫРАҒА – БАЛ»
Сонымен, Ресей шикi мұнайға салынатын салықты алып тастамаса да, көлемiн азайтты. Кремльдi түрлi санкциялармен қорқытқан Беларусь те алғашқы тау қопарардай көрiнген райынан қайтып, Мәскеудiң ығына жығылуға мәжбүр болды. Сырт көзге келiсiмге разы кейiп танытқанмен, екi жақтың көңiлiнде бiр-бiрiне деген қыжылы бар. Бiрiншiден, Мәскеу мен Минск келiссөзден кейiн қалыптасқан ахуалға разы емес. Екiншiден, екi ел де көкейiндегi ең басты мақсатқа жете алмады. Үшiншiден, екеудiң қазiргi тiл табысуы алапат құйын алдындағы уақытша тыншу тәрiздi. Ешкiмге есе жiбермеудiң әлегiнде қалған орыстар мен белорустар арасында туындауы мүмкiн мүдделер қақтығысын дамыған және дамушы елдер өз пайдасына пайдаланып қалуға дайындалып жатыр.
КСРО кезiнде Ресейдiң өндiрiстегi үлес салмағы 67 пайызға жуық болса, Украинанiкi – 16 пайыз, Белоруссиянiкi небәрi 4 пайыздың о жақ, бұ жағында болатын. Пайыздық көрсеткiштiң қалған бөлiгi Кеңестер Одағына мүше болған өзге де «одақтас республикалар» еншiсiнде едi. Бұл көрсеткiш 15 республика қызыл империяның бұғауынан босап, өз тәуелсiздiгiне қол жеткiзгеннен кейiн де онша өзгермеген. Бiрақ мұнай дауында Минск «салмағым аз, күшiм кем» деп тартынбады, қашанғы әдетiнше тiзеге басқысы келген орыстарға «сыйға – сый, сыраға – бал»-дың керiн келтiрдi. Өзiне «аттаншыл» саясаткердiң имиджiн «жапсырып» алған Лукашенко белорустардан әлдеқайда күштi орыстарға қарсы әрекеттi ойланбай жасамағаны анық. Өйткенi, әр қадамын аңдап басуға тырысатын оның қолында «екi жеп, биге шығатын» мүмкiндiгi болды. Шындығына келгенде, Минск былтыр қыста газ бағасына қатысты туындаған дауда украиндардың орыстарға қарсы қолданған тәсiлiн қайталаған. Әрине, ұтылған жерлерi де баршылық. Бiрiншiден, Киевтiң жолы болғаны – дау мұнайға емес, газға қатысты болатын. Газды тасымалдаудың физикалық процесiнiң ерекшелiгi сол, мұнайды тасымалдаудағыдай емес, газды өндiрудi тоқтату немесе көлемiн азайту технологиялық тұрғыдан келгенде, өте күрделi. Сондықтан өндiрiлген газ тұтынушыға тез жеткiзiлуi керек, не сақтау үшiн арнайы қоймаларға жөнелтiлуi тиiс. Ал мұнайға келсек, сақтау қоймалары көп, өндiру қарқынын бәсеңдетуге немесе қалаған уақытта өнiм өндiрудi жалғастыруға мүмкiндiк мол. Кремльдiң Киевпен газ дауын шешiп алуға асыққаны осы себептен. Кәрi құрлыққа тасымалданатын газ көлемi азайған кезде ауа райы күтпеген жерден суытып, адамдар қыстың шыңылтыр аязынан үси бастаған. Сақтау қоймаларындағы энергоқор небәрi бiрнеше күнге жететiн едi. Энергоқорының негiзгi тұтынушысы әрi бұған дейiн сенiмдi серiктесi саналып келген Еуропаның алдында кiнәлi болып қалған Ресей украиндардың көңiлiн табуға тырысқан. Киевке көптеген жеңiлдiктер жасауы да сол себептен. Арада бiр жыл өткенде Минск жақтан шу шықты. Алайда украиндармен арадағы келiспеушiлiктен бiраз тәжiрибе жинақтап алған орыстар белорустармен болған дауда есе жiбере қойған жоқ. 2007 жылдың есiгiн ашуға санаулы-ақ уақыт қалған Минск кремльдiк «Газпром» қойған талаптарды орындауға, онымен келiсiм-шарт жасасуға мәжбүр болды. Десе де, «өзiм дегенде өгiз қара күшi бар» орыстардан кеткен есенi қайтаруды ұмытқан жоқ. Оған толық жағдай бар едi: қыс жұмсақ, мұнайды тұтыну деңгейi бұрынғыға қарағанда, едәуiр төмендеген, Еуропаның сақтау қоймаларындағы мұнайы көпке жетедi, тiптi, халықаралық нарықтағы мұнай бағасының өзi төмендеген. Былтырдан берi энергетикалық қауiпсiздiкпен бас қатырып келе жатқан кәрi құрлық мұнай тасымалында орыстар тарапынан тағы да қиындықтар мен кедергiлер туындайтын болса, Ресейге қысым жасайтыны анық едi. Оның үстiне, транзиттiк елдерге өте тәуелдi Батыс қашан да достары мен жақтастарының жыртысын жыртуға мүдделi. Украиндар мен орыстар арасындағы газ дауы Ресейдiң энергоқорды тасымалдаудағы сенiмдiлiгiне селкеу түсiргенi белгiлi. Лукашенко орыстарға қарсы баға күресiн бастамас бұрын осыны негiзге алды. Яғни, былтыр газдан жiберген есенi мұнайдан қайтаруды көздедi (1 мың текше метр газға қойылған баға — 100-110 доллар). Бұған дейiн Минск Ресейден тасымал үшiн 300 млн. доллар, «Белтрансгаздың» акциясы үшiн 650 доллар алып келген болатын. Оған тұрақтылық қорындағы 600 млн. долларды тағы қосыңыз. Демек, Беларусь орыс мұнайынан ауыз толтыра асап қалды. Ал Кремльдi «ұлықтаудан» бiр шаршамайтын ресейлiк БАҚ Мәскеудiң «кереметтiлiгi» туралы «жырлады».
«СУҒА КЕТКЕН ТАЛ ҚАРМАЙДЫ»
Алпауыт елдерге арқа сүйеген Беларусь газ бен мұнай ғана емес, әскери-стратиегиялық салада да соққы берген. Телеарналар арқылы халқына сәлем жолдаған Лукашенко: «Бауырлас орыс халқы бiздi аяусыз тонап жатыр. Бiздiң елдiң территориясын пайлануға алған ресейлiк әскерилер жер салығын төлемейдi және арнайы жеңiлдiктерге сүйенiп отыр» деп орыстарға шүйлiктi. Президент сөзiнiң астарында Ресейден Беларустегi әскерлерiн әкетудi талап етуi мүмкiн екендiгi жатқан. РФ Қорғаныс министрi Сергей Иванов белорустар жерiндегi плацдармның Мәскеу үшiн аса маңызды екендiгiн жеткiздi. Кремльдiң алаңдауына себеп бар: орыс әскерi бұрынғы КСРО-ның ескi шекарасында қалған. Сондықтан әскердiң Белоруссиядан әкетiлуi Солтүстiкатлантикалық альянстың Мәскеуге тым жақын келуiне мүмкiндiк бередi. Айтпақшы, келмеске кеткен кеңестiк империяны әлi аңсап жүрген кейбiр орыс саясаткерлерi егер Беларусь Ресейдiң құрамына өз еркiмен қосылатын болса, посткеңестiк кеңiстiктегi газ бен мұнай бағасы әлдеқайда арзан әрi энергоқормен осы кеңiстiктiң бiртұтас қамтамасыз етiлетiнiн айтады. Алайда, сарапшылар пiкiрi басқаша. 150,2 шаршы шақырымға созылып жатқан бiртұтас тасымал жүйесi бар «Газпром» жалпы көлемi 58 миллиард текше метрдi құрайтын 23 жерасты сақтау қоймасына ие. Ал ТМД елдерiнiң газ тасымалдау жүйесi 77,7 мың шаршы шақырым. Ресейлiк сарапшылар «Газпромның» ТМД елдерiнiң тасымал жүйесiне арқа сүйемесе, шетелдiк нарық пайдасынан қағылатынын айтады. Алайда кәрi құрлыққа жеткiзiлетiн орыс мұнай, газының Беларусь, Украина және Грузия территориясы арқылы өтетiнiн ескерсек, Кремльдiң қосымша тасымал көздерiн табуға неге жанталасатыны белгiлi болады. «Жығылғанға жұдырық», орталықазиялық аймақтағы тәуелсiз жас мемлекеттердiң еркiн әрекет етуде белсендiлiк танытуы Кремльге оңай соқпай тұр. Мысалы, орыс газын сатып алудан бас тартқан Әзiрбайжан энегоқорды Новороссийск арқылы тасымалдауды доғарды. Ереван мен мәскеу арасындағы саяси ахуал ушыға түстi. Түркiменстандағы жағдай кiмнiң пайдасына шешiлетiнi әзiр белгiсiз. Бiр кездерi орыстармен «тонның iшкi бауындай» араласуда алдарына жан салмаған Қазақстан орыстардан бiртiндеп алыстап барады. Күнi кеше ғана саяси сахнада Ресейдi бауырға тартқан қытайлар орыстардан гөрi Орталық Азия елдерiмен тығыз қарым-қатынас орнатуға бел шеше кiрiскен. Сондықтан Мәскеу Киевпен арадағы қатынасты жақсартып, украиндардың Солтүстiкатлантикалық альянсқа мүшелiкке өтуiн кешеуiлдете тұруға мүдделi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ