Жаңалықтар

КӨШЕ АТАУЛАРЫНДАҒЫ БЕЙБЕРЕКЕТТIК

ашық дереккөзі

КӨШЕ АТАУЛАРЫНДАҒЫ БЕЙБЕРЕКЕТТIК

Ағылшынның бұрынырақ өткен бiр қайраткерi: «Ұлы Британияның мәңгiлiк жауы да жоқ, мәңгiлiк досы да жоқ, мәңгiлiк мүддесi ғана бар», – дегенiн үлгi тұтып, саяси қайраткерлер, саясаттанушылар, тiптi, қарапайым журналистер де жиi қайталайтыны рас. Жаңылыспасақ, осы сөздi Уинстон Черчилль айтқан ғой деймiн. Қателессек, онда «Жаңылмайтын жақ, сүрiнбейтiн тұяқ жоқ».

Жұрттың әлгi дуалы ауыздың пiкiрiн жиi қайталауға құмарлығы ол сөздердiң құлаққа тұрпайы естiлер цинизмге толы болуынан емес, тiршiлiктiң қатыгез шындығына мейлiнше сай екендiгiнен. Қазiр жер ғаламшарында үдерiске айналған жаһандану процесi тұсында әрбiр ұлт өзiне жау да, дос та iздемейдi, өзiне тиесiлi орын, тiптi артық мөлшерде үлес алып қалуға мейлiнше ұмтылады және ұлттық басты мүдделерден туындайтын ерекше мақсаттар халықтардың арасын жақындатпай қойды деп қынжылатын ұшқалақ космополиттердiң өкпе-назы орынсыз-ақ.

Адамзат тарихын байыптай келгенде әмiсе осылай болғаны аян және таяу ғасырларда осылай жалғаса беретiнi де талассыз. Осыдан барып әрбiр ұлт пен халық өзiнiң мүддесiне, дүниетанымы, өмiр сүру салттарына сай келетiн құндылықтар мен игiлiктердi алғы орынға шығарып, алғаусыз көңiлмен ардақтайды әрi әрқашан, ақырзаманға шейiн ұлықтауға даяр.Ең бастысы, адамзат қоғамының қай кезеңiнде де әрбiр халықтың өзiне тән мақтанышы болуының еш қисынсыздығы жоқ.

Мәселен, АҚШ-тың астанасы – Вашингтон қаласы. Ал осы елдегi пошта қызметкерлерiнiң шексiз өкiнiшiне қарай, Құрама Штаттарда тағы да 120 «Вашингтон» – шағын қалалар мен мекендер бар. Елдiң алыс солтүстiк-батыс түкпiрiнде Вашингтон штаты орналасқан. Жетi асқар тау, сегiз арынды өзен, он айдын шалқар терең көл, отыз үш округ және тоғыз бiрдей колледж осылай аталады. Сұсты Вашингтонның бейнесi пошта маркалары мен доллар банкноттары, бедерi күмiс сөлкебайлардың бетiнде көзге жылыұшырап, қызуы ұстаған алақанды күйдiре жаздайды-ай. Миллиондаған офистерде оның портреттерi iлiнiп, ескерткiштерi қойылған. Оңтүстiк Дакота штатындағы жалама қия жартаста ғасырлар мен мыңжылдықтарға қашалған «АҚШ-тың негiзiн қалаушы – әкейлердiң» бейнелерi арасында Вашингтонның басы бiрiншi болып тұр – иегiнен тас төбесiне дейiн тура жиырма метр! Оған қатысты құжаттар мен қайтыс болғаннан кейiн ол туралы жазылған мыңдаған томдықтар мен тонналаған зерттеу еңбектерiнен АҚШ кiтапханаларындағы сөрелер қайысады.

Мұның бәрi осыдан 20-30 жыл бұрынғы жағдай едi, ал одан бергi уақытта АҚШ-тың алғашқы президентi, жеңiмпаз Джордж Вашингтонды ұлықтау өрши түстi. Әсiресе, елде жадағай патриотизмнiң оты өршiген кейiнгi жылдары, АҚШ Ауғанстан мен Иракта соғыс ашқан соң тiптi құтырына бастаған американдық ұлтшылдық тұсында Вашингтонға табыну одан әрi ұлғая түспесе бiр мысқал азайған жоқ. Қайталап айтамыз, бұл ұлықтау әйгiлi Джордж Вашингтон қайтыс болған соң ондаған жылдардан кейiн қалыптасқан ахуал. Көптеген тоталитарлық елдерде диктаторлар мен қатал басшылар өздерi билiк басында тұрғанда осындай ұлылыққа ұмтылып, алтынмен апталған алып ескерткiштерiн тұрғызып жанталасады. Денесi қара жердiң қойнына берiлер-берiлместен-ақ әлгi ескерткiштер дауыл соққандай тас-талқан етiлiп, кiтаптары өртелетiнi де өмiр шындығы. Халық кiмдi қалай құрметтейтiнiн өзi таңдайды!

Осы орайда өзiмiз телеарналардан жыл сайын жаңа жылда жалықпай көретiн «Тағдыр тәлкегi немесе жеңiл буыңызбен» фильмiндегi комедиялық оқиға кеңестiк дәуiрде барлық қалалар мен елдi мекендерде аттары ұқсас көшелер, бiр-бiрiнен аумайтын үйлер, бiртектес пәтерлер болуынан басталатынын да айта кету керек. Расында Кеңестер Одағында көше атауларының өзi үгiт-насихат, мемлекеттiк идеология, аса маңызды тәрбие құралына айналдырылғанын және бұған зор мән берiлгенiн ұмытпауымыз керек. Мәселен, Мәскеуде ең басты көше – Ленин даңғылы болса, қызыл коммунистердiң қатал уысындағы орасан байтақ империяның кез келген қаласындағы басты көше де осылай аталатын. Ленин алаңы да осылай. Екiншi маңызды көше – Калинин атында болса, бұл Алматыда да айнытпай қайталанады. Коммунистiк даңғылы Итжеккендегi елдi мекендер мен алыстағы өзбек қышлақтарында да ең үлгiлi көшелердiң рөлiн атқаратын.

Бұның бәрiн коммунистер халықтарды ортақ мүддеге жұмылдыру, iштей өзара бiртектендiру, мемлекеттiк идеологияны мызғымастай қалыптастыруға қол жеткiзудiң құралы ретiнде пайдаланып келгенi даусыз. Ұлы Отан соғысы жылдарында ғана Сталиннiң шарасыздықтан «Әр халық өзiнiң ұлттық батырларын насихаттау арқылы жауынгерлiк рухын көтерсiн», деген нұсқау бергенi мәлiм. Тiптi, осының өзi ортақ мемлекеттiк мүддеге сай қызмет атқаруға тиiс болатын.

Өркениеттi елдерде көшеге ат қоюда көшелiлiк танытып, ең әуелi ұлттық, мемлекеттiк мүдделер мен талаптар бiрiншi орынға қойылады.

Өкiнiшке қарай, Қазақстанда бүгiнгi күнде бұл мәселеде қалыптасып отырған ауыр жағдай бейберекеттiкке ұласуда. «Алматы ақшамы» газетiнiң жазуынша, Алматыда орыстың 86 зиялысының, яки 33 жазушы, 22 суретшi, 16 ақын, 15 сазгерiнiң атында көше бар көрiнедi. («Алматы ақшамы» газетi, №5, 13 қаңтар, 2007 ж.). Осылардың көбiнiң Қазақстанға түк қатысы жоқ. Ол ол ма, Александр Невскийден бастап (жарайды,оны ежелгi қыпшақтың жиенi деп қоюға болар), Пугачев бастаған орыс-қазақтар мен бұратана халықтардың көтерiлiсiн (iшiнде қазақтар да көп), сондай-ақ Австро-Венгрия империясына қарсы азаттық аңсаған итальяндардың да көтерiлiсiн аямай қанға бөктiрiп басқан Суворов, басқа да көптеген орыс қолбасшыларының, тiптi,қандықол қарақшы, атаман Ермактың атындағы көшелер де сақталып қалған. Осындай сiрескен мұздың Тәуелсiздiгiмiздiң 15-жылдығында да мызғымай тұруына қарағанда отар ел, бодандықта болған халық екенiмiздi ұмытқысы, ең қауiптiсi, жұртқа, өскелең жастарға ұмыттырғысы келмейтiндерi әлi де iшiмiзде көп сияқты.

Көшелерге, елдi мекендерге ат қоюдың анархияға ұласқаны соншалық, таяуда Алматы облысының Еңбекшiқазақ ауданындағы «Шелек» аулында болған ұлтаралық төбелестен соң елiмiзде қалыптасқан аса қауiптi тенденциялардың бетi ашылды. Әлгi ауылдағы көшелердiң көбi ешкiм аты-жөнiн естiп бiлмеген, тiптi, қиырдағы Қытайда өмiр сүрген ұйғырлардың атынан қойылған көрiнедi. Және бiр үрейлендiретiнi, осындағы ұйғыр мектептерiнде мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi аптасына екi-ақ сағат өткiзiлiп келген екен.

Ал Оңтүстiк Қазақстан облысындағы өзбек ауылдарында, сонымен қатар, Тараздың iргесiндегi дұнғандар ауылында жағдайдың осылай қалыптаспай отырғанына ешкiм кепiлдiк бере алмайды. Солтүстiк облыстардағы ахуал бұдан да күрделi. Бiздiң елiмiзде осы маңызды iстiң бетiмен жiберiлгенi соншалық, Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Қарғалы аулындағы 1999 жылы Қазақстанның халық әртiсi Әсет Бейсеуовтiң есiмiмен аталған көшенi 2003 жылы әкiмшiлiк тiрi жүрген адамның атымен қайта атауға ұйғарым шығарыпты. БАҚ-тардың, республикаға танымал ақын-жазушылар, әншiлердiң араласуымен арада үш жылдан кейiн әдiлдiк қайта жеңдi. Мұндай жағдай басқа облыстарда да жиi байқалатынына дау жоқ. Бiр таңқаларлығы, өлiлердiң еншiсiне таласқан тiрiлер көзiм жұмылса атаусыз қалармын деп қорқатын сияқты: «Өлгеннiң сазайын көмген берсiн», – деген қазақы тұжырымды мойындағылары жоқ сияқты. Ең бастысы, әкiмшiлiктегiлер мен лауазымды адамдар бұл iсте белден басуға әбден бой үйретiп алған. Тiптi, тiрi адамға көше атын беру ырымға жаман екенiн бiлмейтiн де сияқты.

Мұның бәрi жер-жердегi ономастикалық комиссиялардың оралымсыздығы кесiрiнен орын алған келеңсiздiктер.

Осының бәрi ұлттық мүдделерге Қазақстанда жеңiл-желпi көзқарастың қалыптасқандығы, мемлекеттiк идеологияның белсендi түрде жүргiзiлмейтiндiгiнiң белгiсi. Мұның бәрi ауылдар мен аудандарда, сондай-ақ, облыс орталықтарында да көше аттарын сараптамай, еш тәртiп, ережесiз қоюға әкелiп соғуда. Бұрын отаршыл Ресей империясының сойылын соққан болыс-билерге де, коммунистердiң құйыршығына айналған комсомол жетекшiлерi мен партия функционерлерiнiң аттарына да қойылған көшелер мен алаңдарға сан жетпейдi. Коммунистердiң құрбандарының атына да, қандықол коммунистердiң атымен де қатар көшелер атала бередi. Осының өзi қиынсыздық екенi толғандырмайды. Қалыптасқан жағдай Қазақстанның тәуелсiздiгiн, ата-бабаларымыз аңсаған азаттық идеясын баянды ете түседi дей алмасақ керек. Әкiмқаралардың көшелерге өз аталарының есiмiн беруге құмарлығы, адамдардың наразылығын ғана емес, түрлi анекдоттар туғызуға да себеп болып жүр.

Қала даңғылдары мен ауыл көшелерiне қазақ халқы алдындағы еңбегi уақыттың екшеуiнен өтiп, тарихи дәлелденген тұлғалардың ғана есiмi берiлуi керек. Және бұл iсте барлық жерде бiрiздiлiк болуынан бас тартпаған жөн. Мәселен, бас көше – Абылай хан аталса, ендiгi бiр бас көше Абай атанғаны абзал. Әл Фараби, әз Жәнiбек, тағысын тағы. Бiрақ, барлық жерде, ауыл, аудан, қалаларда ортақ ереже, тәртiпке бағындырылғаны жөн. Сонда ғана унитарлық мемлекет, бiртұтас халық, тәуелсiз ел екендiгiмiз өзiнiң нақты көрiнiсiне ие болады.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Жаңабек ШАҒАТАЙ