Жаңалықтар

Қазақстанда қазақ тiлiнiң мемлекеттiк жылы, ал Ресейде орыс тiлiнiң халықаралық жылы...

ашық дереккөзі

Қазақстанда қазақ тiлiнiң мемлекеттiк жылы, ал Ресейде орыс тiлiнiң халықаралық жылы...

Кiмнiң кiмге елiктегенi түсiнiксiз, әйтеуiр орыстардың үстiмiздегi жылды орыс тiлiнiң халықаралық жылы деп жариялағаны сол-ақ екен, бiзде де қазақ тiлiнiң жылы жарияланды. Бiр ғана өзгешелiк бар: орыс тiлiнiң жылы халықаралық статусқа ие, ал қазақ тiлi әзiрше (әлде соған да шүкiр деймiз бе?) мемлекеттiк деңгейде ғана асқақталмақ.

Әрине, шүкiр деймiз. Былтыр Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Мұхтар Шахановтың қазақ тiлiне арнайы жыл арнау туралы ұсынысы әрiптестерiнiң тарапынан қолдау таппаған болатын.

Бiрақ қазақ «жүйелi сөз иесiн табар» деп бекер айтпаған ғой…

Ресей үкiметi 2007 жылды «Орыс тiлiнiң жылы» деп атапты. «Орыс тiлi ғарышта да ең бiрiншi қарым-қатынас тiлi» деген ұранмен Ресей үкiметi орыс тiлiнiң шет елдерде, әсiресе, бұрынғы кеңестiк елдерде оқытылуына, насихатталуына, орыс әдебиетi мен мәдениетiнiң кең таралуына ықпал ететiн шаралар өткiзбек.

Қазақ үкiметiнiң жаңа басшысы Кәрiм Мәсiмов сөзiнiң «әлеуләйiн» мемлекеттiк тiлдiң дамуы үшiн қажеттi шаралардың бәрiн жасауға уәде беруден бастады. Мұны Мәсiмов айтып қана қойған жоқ, Мәдениет және ақпарат министрлiгiне қазақ тiлiн үйрететiн компьютерлiк бағдарламаларды, осы бағыттағы электронды оқулықтар мен әдiстемелiк құралдарды жасау жөнiнде тапсырма да берiп қойды.

Осы орайда, аталмыш министрлiкке жоспарлау, қаржыландыру, мамандар даярлау iсiнде барынша ерiк берiлмек. Премьер-министр министрлiкке қажеттi құзырлықтар беру үшiн арнайы заң жобасын әзiрлеу керектiгi жөнiнде де айтып өттi. Басқаша айтсақ, Мәдениет және ақпарат министрлiгiне «екi қолды бос қойдым…» дегендей жағдай жасалғалы отыр. Тiлдердi дамыту комитетiнiң үстiнен қарайтын министрлiктiң мемлекеттiк тiлдiң аясын кеңейту үшiн қандай амал жасайтынын алдағы уақытта назарда ұстауға тырысамыз.

Әзiрге, Ермұхаммет Ертiсбаев «биыл бәрiмiз қазақша сөйлейiк, мiне, мен бастап та кеттiм» дегеннен басқа түсiндiрме берген жоқ.

Министр «Арық сөйлеп, семiз шығуды» мақсат тұтса, қанекей.

Өткен аптада мемлекеттiк тiл жанашырларын елең еткiзген тағы бiр оқиға болды: «Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалысы, «Ұлт тағдыры» және «Желтоқсан рухы» қоғамдық қозғалыстары бiрiге отырып, мемлекеттiк тiлге деген көзқарасы iс-әрекетiнен айқындалатын азаматтарға арнап екi сыйлық тағайындаған болатын. Мемлекеттiк тiлдiң дамуына кедергi келтiрген азаматқа «Шiрiген жұмыртқа» сыйлығы, ал оның дамуына барынша жағдай жасаған азаматқа «Алтын рух» сыйлығы берiледi деп шешiлген екен.

«Алтын рух» сыйлығы Алматы облысының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов пен Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Тайыр Мансұровқа берiлдi.

Мұндай iлтипат аты аталған азаматтардың мемлекеттiк тiлдi дамытуға жағдай жасауға деген құлшынысын одан әрi арттырып, олардың iсi басқа лауазым иелерiне үлгi болар деген үмiттемiз.

Ал ұлттың шiрiген жұмыртқасы кiм дейсiз ғой? Дауасы жоқ, ол – Ұлттық банктiң төрағасы Әнуар Сәйденов. «Компьютер жiберген қатенiң» кесiрiнен бұл азамат өзiн қазақ тарихында қара әрiптермен жазылуына үлес қосты. Егер атышулы қатесi бар теңгелердiң Парламенттегi тұсаукесерiнен кейiн-ақ Әнуар Сәйденов «қолмен iстегендi мойынмен көтерiп», ел алдында кешiрiм сұрап, қате теңгелердi қайта басып шығаруға қаржы қарастырса, оның соңына ешкiм майшам алып түспес едi ғой. Ендi, мiне, мемлекеттiк тiлдi менсiнбеушiлiк туралы сөз болғанда оңай мысал ретiнде алдымен Әнуар Сәйденовтiң аты ауызға iлiнедi.

Бiр қызығы, қазақ тiлiнiң жанашырлары мемлекеттiк тiлдiң дамуы үшiн ештеңе жасалып жатқан жоқ десе, ресми билiк өкiлдерi республикадағы тiл саясатын жолға қою үшiн барлық жағдай жасалған, алты жылдан берi осы бағытта бiраз шаруа атқарылды деп санайды. Бұған мысал ретiнде олар оңтүстiк облыстардың iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiруi мен жыл сайын қазақша бала бақша, мектептер санының өсiп келе жатқанын айтады.

Бiрақ осы iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiрдi деген облыстардың өзiнде қазақ тiлi әлi толық билiк тiлiне айналмағаны, бұл облыстардағы мемлекеттiк тiлдiң орыс тiлiне қарағанда беделi жоғарырақ болуы қарапайым халықтың негiзiнен қазақша сөйлеуiне тiкелей байланысты екенi түсiнiктi.

Мысалы, Қызылорда облысында қарапайым азаматтар арасында «қазақ қазақпен қазақша сөйлессiн» деп үгiт жүргiзудiң қажетi жоқ. Керiсiнше, күнделiктi жиналыстар мен үлкен жиындарда мемлекеттiк тiлде сөйлеу қажеттiгiн сол тiлдер туралы бағдарламаны қабылдаған билiк өкiлдерiнiң есiне салу керек.

Десе де, ресми дерек көздерiне жүгiнсек, осыдан алты жыл бұрын қабылданған Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасына сәйкес республика аймағында iс қағаздары ғана емес, есеп-қисап, қаржылық және техникалық құжаттар да қазақ тiлiнде дайындалып, ресми шаралардың бәрi мемлекеттiк тiлде өткiзiлуi керек. Сондай-ақ, халықаралық қарым-қатынас саласында да қазақ тiлiнiң беделi арта түсуi тиiс: барлық халықаралық құжаттар ҚР мемлекеттiк тiлiнде дайындалып, кездесулер барысында қазақ тiлi мiндеттi түрде пайдаланылуы керек.

Бұл талаптарды бiз, яғни ғылыми тiлмен айтқанда – қазақ тiлiн үнемi пайдаланушылар – осылай болуы тиiс деп қабылдасақ та, өкiнiшке қарай, мұны өз құқығын аяққа таптаушылық деп санайтындар да жетерлiк. Бiздiң ұлттық қасiретiмiздiң тамыры да осында жатыр.

Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл болып жарияланғанына да 16 жылдан асып барады. Әрине, қазақ тiлi Совет Одағының тұсында да Қазақ Республикасының мемлекеттiк тiлi болған. Қағаз жүзiнде қазақ тiлi ешқашан қағажу көрген емес. Мысалы, сiз 1990 жылы Қазақ тiлi мен Қазақстанның басқа тiлдерiн дамыту туралы мемлекеттiк бағдарламаның болғанын бiлесiз бе? Ол бағдарлама заңды түрде 2000 жылға дейiн күшiн жойған жоқ. Бiрақ жұмыс iстеп жарытқаны да шамалы.

Ал 2001 жылы қабылданып, жүзеге асуына 2010 жылға дейiн уақыт берiлген Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы бойынша бүгiнгi күнге дейiн атқарылған шаралар саусақпен санарлықтай. Мәселен, Қазақстанның қазақтар басым тұратын облыстар – Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл облыстары iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiрдi. Көкшетау мен Степногор қалалары, Ақмола облысының бiрқатар аудандары мемлекеттiк тiлге көшуге биылдан бастап дайын екендiктерiн бiлдiрдi. Кейбiр министрлiктердiң кейбiр департаменттерi де ресми қағаздарды қазақ тiлiнде дайындауға ден қоя бастады. Алматы қаласының әкiмшiлiгi былтыр мемлекеттiк тiлге толықтай көштi.

Бiрақ жоғарыда айтып өткенiмiздей, қазақ тiлiнде қаржылық құжаттардың, халықаралық келiсiм-шарттардың дайындалуы әлi де ақсап жатыр.

Өкiнiшке қарай, «iс қағаздары мемлекеттiк тiлде дайындауға көштi» деген ақпараттың өзi бүгiнгi таңда жәй ақпарға айналып тұр. Мемлекеттiк хатшы Оралбай Әбдiкәрiмовтiң айтуына қарағанда, қазақтардың саны басым облыстардың өзiнде қазiр сыртқа жiберiлетiн хабар-ошар құжаттарының жартысына жуығы ғана мемлекеттiк тiлде дайындалды. Ал мемлекеттiк тiл қолданысы жолға қойылды деген министрлiктерде, ведомстволарда құжаттардың 3-4 пайызы ғана қазақ тiлiнде жазылады.

Былтыр Елбасы осы мәселеге айрықша көңiл бөлмесе, жағдай қандай болар едi? Жабулы қазан жабулы күйде қалар ма едi? Алты жыл бойы мемлекеттiк шенеунiктердiң жұмыс үстелiнiң тартпасында шаң басып жатқан бағдарлама ендiгi төрт жылда толықтай өз мiндетiн атқарып үлгере ме?

2003 жылдың соңында Қазақстанның Әлеуметтанушылар мен Саясаттанушылар қауымдастығы осы мәселеге орай өте маңызды сауалнама жүргiзген. «Сiз қазақ тiлiнiң Қазақстанның мемлекеттiк тiлi екендiгiн мойындайсыз ба?» деген сауалға респонденттердiң 56,1 пайызы ғана «Иә» деп жауап берген. Қалған 26,7 пайызы қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл дәрежесiн мойындамайтынын бiлдiрсе, 17 пайызы осындай қарапайым сұраққа жауап беруге қиналыпты.

Президент өткен жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясында сөйлеген сөзiнде латын әлiпбиiне көшу туралы мәселе көтердi. Елбасының мемлекеттiк тiлге ерекше мән бере сөйлегеннен кейiн Қазақстандағы орыс тiлiнiң күнi батты деп жар салған әрiптестерiмiз де бар.

Жалпы, мемлекеттiк тiлдiң өз мәртебесiне лайық төрiмiзден орын алуы биiк мiнберлерден айтыла бастағалы қазақ тiлiне деген терiс пиғылды пiкiрлердiң өршiп кеткенi рас. Мұның себебiн мемлекеттегi тiл саясатының дұрыс жүргiзiлмей келе жатқандығынан iздеу керек. Әзiрше, құр дабыра мен дақпырт болмаса, тыңғылықты түрде қазақ тiлiнiң беделiн арттыруға бағытталған iс-шаралар жоқтың қасы. Қазақ мүндайда «айдағаның бес ешкi, ысқырығың жер жарады» дейдi.

«Әрбiр лауазым иесi, әр мемлекеттiк қызметкер мемлекеттiк тiлдi бiлуi тиiс» деген талап қазақ тiлiн бiлмеген адам қызметтен кетедi екен деген түсiнiк тудырған сияқты. Мысалы, Алматы iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiргеннен кейiн кейбiр мекемелерде қазақша келген факсқа жауап қайтара алмай қиналған, «ендiгi күнiмiз не болады» деп дағдарған азаматтарды кездестiрдiк. Мемлекеттiк құндылықтары қалыптасқан басқа кез келген елде бұл мәселе тек уақытша қиындық туғызатын жағдай едi. Бiрақ бiзде басқаша. Жоғарыда айтылған жағдайды «мiне, орыстарды қудалау басталды» деп түсiндiру, осы тараптағы үгiт-насихат жүргiзу бiздiң қоғамға ғана тән мiнез.

Елбасының «iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiру дегенiмiз оларды тек қазақ тiлiнде дайындау деген сөз емес, құжаттар екi тiлде де дайындалады» деп қайта-қайта ескертуiнiң себебi осында шығар.

Осы орайда, Алматыда қазақ тiлiн тегiн үйрету курстарының ашылғаны құптарлық iс.

Ал шын мәнiнде, екi тiлде iс қағаздарын жүргiзу екi кеменiң құйрығынан ұстау деген сөз.

Алматы әкiмдiгi мемлекеттiк тiлде iс-қағаздарын жүргiзуге дайындала бастаған тұста Иманғали Тасмағамбетов алдағы уақытта мемлекеттiк қызметкерлердiң мемлекеттiк тiлдi бiлуi мiндеттi екендiгiн, себебi аударма iсi тiлдiң дамуына кедергi тудырмаса, пайда әкелмейтiндiгiн жақсы айтып өттi.

Белгiлi саяси қайраткер Болатхан Тайжан мемлекеттiк тiл мәселесi сөз бола қалған жерде мемлекеттiк тiлдiң ұлтаралық қатынас тiлi де болуы керек екендiгiн айтып жүр.

Үкiмет мемлекеттiк тiлге заңға сәйкес өз мәртебесiн беру үшiн оны әуелi қоғамымыздың барлық саласында кең қолданыстағы орыс тiлiнiң деңгейiне жеткiзудi көздейдi. Орыс тiлi ығыспай, қазақ тiлiне орын қайдан табылар екен?

Құжаттарды орысша және қазақша дайындаудың ең «жақсы» үлгiсiн Парламентте көрдiк. Екi тiлде дайындалған (яғни, әуелi орыс тiлiнде жазылып, сосын қазақ тiлiне аударылған) заң жобаларының қазақша нұсқасын басқа түгiлi, депутаттардың өздерi оқымайды, оқығысы келмегендiктен емес, оқи алмайды. Қазақша заң жобасының мәтiнiн түсiну үшiн қазақ тiлiн қайта үйрену қажет. Журналистердiң баспасөз мәслихаттарында да осындай жағдай, тiптi, қазақтiлдi журналистердiң өзi қазақша релизге қоса орысша нұсқасын алып жатады, өйткенi, орысшасы анық, түсiнiктi тiлмен жазылған.

Мемлекеттiк тiл жөнiндегi заң талабын орындауды әуелi ақпарат иелерiнен талап ете алмай жүрмiз. «Қазақстан», «Хабар», «Алматы» сияқты бiрлi-жарым телеарналардан өзгесi мемлекеттiк тiл нормасын сақтап отырған жоқ. «Орындадық» дегенiнiң өзi қазақ тiлiн түнгi эфирге қойып, мазақ еткiсi келгендей сыңай танытады. Мысалы, «НТК», «КТК» телеарналары түнгi сағат екiден асқанда, тiптi, таңғы сағат төртте «түнгi детектив», «түнгi сериал» деген айдармен қазақша кино бередi. Аудармасының қазақшасы қалай екендiгiнiң өзi бiр бөлек әңгiме.

«Рахат» арнасы «түнгi концерттен» әлi ояна алмай жүр. Қазақша хабарлардың санын түнгi кино мен концерттердiң есебiнен толтыру «31» арнаға да тән кемшiлiк.

«Таң», «НТК» телеарналары қазақ тiлiндегi хабарлардың санын көбейтудiң жаңа «тәсiлiн» ойлап тауыпты. Түнгi концерттермен қоса мұнда «түнгi чат» ашылған. Яғни, «Ұйқыны қайтесiз» деген хабардың аты айтып тұрғандай, ұйқысыз түнi теледидар арқылы қысқа хабар алысып, әр түрлi тақырыпта «сұхбаттар» жасауға «жағдай» бар. Иә, ұйқыны қайтесiз, түнде қазақша теледидар тамашалаңыз!

Шамасы, бұл тақырып алдыңғы жылдары айтыла жазыла әбден жауыр болуға айналса керек, қазiр телеарналардағы мемлекеттiк тiлдегi хабарлар санын есептеп жүретiн азаматтардың қатары сиреп қалды.

Ал шын мәнiнде үйiңiздiң төрiнде күндiз-түнi сарнап тұратын тедедидар қазақша сөйлемей, мемлекеттiк тiлдi дамыту бағытындағы саясат дұрыс жүргiзiлiп жатыр деу қиын. Ақпарат саласы бүгiнгi идеологияның айнасы емес пе?

Сондықтан, ақпарат саласындағы мемлекеттiк тiлдiң сандық көрсеткiшiне ғана емес, сапасына да көңiл бөлетiн кез жеттi.

Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң құрамындағы Тiлдердi дамыту комитетiндегi лауазым иелерiнiң құлағына алтын сырға.

Р.S. Биыл мемлекеттiк тiлдi дамытуға бюджеттен арнайы 2 миллиард 700 миллион теңге бөлiнетiн көрiнедi. Ең әуелi мемлекеттiк тiлдi дамытуға бөлiнетiн қаржы су аяғы құрдымға кетпей, нақты iс-шараларға жұмсалса, қанекей.

Өкiнiшке қарай, бiздегi жақсы бастамалардың бәрi Аралды құтқару қорларының iс-әрекетiне ұқсап кететiнi бар ғой. Тiлдердi дамыту бағдарламасының қалай жүзеге асатынын уақыт көрсетер. 2010 жылға дейiн көп қалған жоқ қой.

Гүлбиғаш Омарова