МӘСIМОВ КӨЛЕҢКЕДЕН КҮНГЕЙГЕ ШЫҚТЫ
МӘСIМОВ КӨЛЕҢКЕДЕН КҮНГЕЙГЕ ШЫҚТЫ
Қазiргi күнi елдiң саяси, экономикалық салаларында болып жатқан оқиғалардың бәрi де Кәрiм МӘСIМОВТIҢ атымен байланысты. Таңертең ол бiр министрлiктiң коллегиясында жүрсе, түстен кейiн Кәрiм Қажымқанұлының алдында келесi бiр министр есеп берiп жатады. Бұған дейiнгi Үкiмет басшыларының мұндай қарқынмен жұмысқа кiрiскенiн аса аңдай қоймаушы едiк. Дәлiрегiнде, премьерлер министрлiктердiң коллегияларына қатысуды аса қажет деп таба бермейтiн.
Кәрiм Мәсiмов тәп-тәуiр ұйымдастырушы секiлдi. Талап қоя бiлетiндiгi де байқалды.Сонымен ол өз командасына алдымен: «Арық айтып, семiз шығыңдар» дедi. «Мәлiмдеме жасар кезде абай болыңыздар. Өйткенi, министрдiң кез келген сөзi Министрлер кабинетiнiң позициясы болып есептеледi» дейдi ол. Мұны Мәсiмовтiң командасына қаратып айтқан алғашқы сөзi десек, премьер болып тағайындалар тағайындалмастан, Президентке арнап: «Сiздiң адал көмекшiңiз болғанмын. Қазiр де, болашақта да адал көмекшiңiз болып қала бермекпiн» деп ағынан жарылғаны ерсiлеу болып көрiнгенi де рас. Әдетте, үлгi алатын елдердiң премьерлерi халыққа, болмаса, ең құрығанда халық атынан сайланған депутаттарға қаратып осылайша сөз сабақтап жатады. Ал бiзде өзгеше. Президенттiк ел болғандықтан да шығар…
…10-қаңтарда премьер болып тағайындалғаннан iске кiрiскен Мәсiмов алдымен «Самұрық» пен «Қазына» холдингтерiнiң басшыларын қабылдады. Айтпақшы, осы ретте бiрер жайтты аңдадық. Сауат МЫҢБАЕВ Мәсiмовпен «Самұрық» холдингiнiң Басқарма төрағасы ретiнде кездестi. Бұған дейiн бiр жыл бойы оның холдингтiң уақытша басқарушысы болып келгенiн ескерсек, Мыңбаевтың Басқарма төрағасы деген атты иеленуiне Мәсiмовтiң премьер болып келуi ғана жетiспегендей. Өз орнына нық отырған Мыңбаевқа Мәсiмов бiраз тапсырма бердi. Ал «Қазына» қорының басшысы Қайрат КЕЛIМБЕТОВКЕ Мәсiмов экономиканы тұрақтандыруды басты тапсырма етiп берiп, «Келесi аптада «Қазынаға» барамын» деп ескерттi.
Хош делiк, онан кейiн Мәсiмов министрлiктердi аралап кеттi. Айтайын дегенiмiз: Ауылшаруашылығы министрлiгiнiң коллегиясынан бастап, онан әрi қарай Энергетика және минералды министрлiгiнiң, ҚАРАҒҰСОВА, КОРЖОВА, ЕРТIСБАЕВ, БАЛИЕВА, ОРАЗБАҚОВ (Индустрия және сауда министрлiгi) басқаратын министрлiктерге барып тапсырманы үйiп-төгiп берiп кеттi. Кәрiм Мәсiмовтiң баспасөзге берген сұхбаттарын қарап отырып, «Айналысатын жұмысым өзiме қызықты» дегенiн оқып едiк, ол шындығында да өз жұмысына тыңғылықты кiрiстi. Алайда, бiр таң қалғанымыз: жауапкершiлiктiң бәрiн сол министрлiктердiң өзiне тапсырды. Бұрынғы премьер мәселенi ұжымдық, жалпылама түрде шешуге тырысатын. Соның кесiрiнен өз командасын жинай алмай қалған кездерi де болған. Ал бұл премьер: «Министрлiктегi шаруаларды министрден артық ешкiм бiлмейдi. Әкiмшiлiк реформаны министрлер сауатты жүргiзсiн» дей келе, «Бәрiн де өзiм бақылап отырамын» деп қадап-қадап айтты.
Бiздiң бақылауымыз бойынша, ол тапсырмалар да бердi, әр министрге сын-ескертпе де айтты. Н.Коржоваға қарата: «Министр өте әсем презентация жасады. Бiрақ, шын мәнiнде жұмыс жасалынбаған» дейдi. Б.Iзмұхамбетовке: «Әр қазақстандық жоғарғы сапалы маман болуы керек» дейдi. Бұған дейiн бәсекеге төзiмдi адам болуы керек дегендi еститiн едiк, ендi Мәсiмовтiң төл сөзi: «Жоғарғы сапалы маман» деген анықтама да айналымға енетiн шығар. Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаевқа: «Бiлiм саласына жеке бизнестi тартыңдар. Бiлiм дегенiмiздiң өзi – бизнес. Инвесторды тартудың механизмiн жасаңдар» дейдi. Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң эксперименттер зертханасына айнала жаздағанын ескерсек, Түймебаевтың бизнесмендердi бiлiмге араластырамын деп, шеңберден шығып кетпесе екен дегенiне сенгiмiз келедi.
Оразабақов ДСҰ (Дүниежүзiлiк Сауда ұйымы) мәселелерiмен айналысуға тапсырма алды. Осы ДСҰ мен Қазақстан арасында көпiр боламын деп М.Есенбаевтың да, В.Школьниктiң де ақ тер-көк тер болғанын ескерсек, Ғалым Оразбақовтың министр болып тұрған кезiнде, әйгiлi ұйым Қазақстанды құрамына кiргiзедi деген дәмемiз де жоқ емес.
Министрлердiң iшiндегi сын естiмегенi тек Ертiсбаев қана болды десек, қателеспеймiз. Негiзi, бұрынғы премьер де осы министрдiң бетiне жел болып тиiп көрген емес едi. Премьерлердi бетiне тiке қаратпауына Ертiсбаевтың «от тiлдi орақ ауызды» екенi ғана емес, сонымен қатар Президенттен алған арнайы имунитетi де әсер ететiн секiлдi. Ертiсбаев Мәсiмов қатысқан министрлiктiң коллегиясында Қазақстандағы мәдениет атаулыға жауап беретiнiн есiне түсiрдi ме, әйтеуiр облыстық мәдениет басқармаларын сынап алды. Сөйтсек, олар Ертiсбаевты бастама, ұсыныс, идея деген нәрселермен құлағдар етпейдi екен. Алайда, Ертiсбаев өзiн мемлекеттiк тiлдiң жанашыры етiп көрсетiп, бiраз таңғалдырды. «Осы жылы мемлекеттiк тiлдiң дамуына мықтап көңiл бөлемiз. Тiлдiң қолданылу айналымын кеңейтемiз. 2007 жыл қазақ тiлiнiң жылы болады» дейдi министр. Мәсiмов те қолдай жөнелдi. «Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң осы жылғы ең басты шаруасы мемлекеттiк тiлдi үйретудiң жаңа компьютерлiк бағдарламалары мен электрондық оқулықтар, методологиялық қосымшаларды шығару. Мемлекеттiк тiл туралы бағдарламаның қабылданғанына алты жыл болғанымен ел аймақтарындағы iс қағаздары әлi де мемлекеттiк тiлге өтпеген. Тiлдiң қолданылу ауқымын кеңеюту министрлiктiң негiзгi тiрлiгi болсын» дейдi Мәсiмов.
Бұл сөзiне және мемлекеттiк тiлде баяндама жасағанына қарап, «Мәсiмов тiлге көңiл бөлмекшi» деп көңiл демдеуге немесе «Мәсiмов қазақтың жанды жерiн аңдап, ұпай алу жолында қадам жасауда» деп сенiмсiздiк бiлдiруiмiзге де болар едi. Алайда, Мәсiмовтiң «Орыс тiлiне кесiр тигiзбеуiмiз керек. Бiрақ, қазақ тiлiн дамытуды ойлайық» дегенiн екiжақты стандарт демеске амалымыз жоқ. Бұл Олжас Сүлейменовтың баяғы: «тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» дегенiне ұқсаңқырайтындай ма, қалай… Бiрақ, түсiне бiлген адамға бiр тiлдiң қолданылу аясын тарылтпай, екiншi тiлдiң қолданылу аясын кеңейтудiң мүмкiн еместiгi белгiлi.
Мәсiмовтiң Қытай философиясынан хабары бар екенi белгiлi. Көршi елдегi бiр емес, екi оқу орнын бiтiрген бiздiң премьердiң жақсы көретiн нақыл сөзi бар екен. Әрине, қытай философиясына тиесiлi сөз. «Өзен жағасында отырып, дұшпаныңның мәйiтi жаныңнан ағып бара жатқанын көруге болады».
Мәсiмов бұл премьерлiк креслода да дипломаттығымен ерекшеленетiн секiлдi.
Гүлнәр Мұқанова