Жаңалықтар

Әшiрбек СЫҒАЙ: БАР ҚИЫНДЫҚТЫ ЖАЗУ АРҚЫЛЫ ЖЕҢДIМ

ашық дереккөзі

Әшiрбек СЫҒАЙ: БАР ҚИЫНДЫҚТЫ ЖАЗУ АРҚЫЛЫ ЖЕҢДIМ

Әшiрбек Сығай – белгiлi театр сыншысы. Өмiрiнiң жартысынан көбi театрмен бiте қайнасып, бiрге өтiп келедi. Театрдағы әрбiр қойылым, әрбiр актердiң мұңы мен қайғысын да бiрiншi сезiнетiн жан. Олар туралы сан мақала, бiрнеше кiтап жазыпты. «Әлi де жаза берсем» дейдi. Алпыс асуына келген ағамен мерейтой қарсаңында жолығып, театр өнерi туралы тағы да бiр рет әңгiмелескен едiк.

–Жастайыңыздан, актерлердiң, актрисалардың өмiрiне қызығып, солардың ортасында өстiңiз. Солай бола тұра, актерлiктi емес, сыншылықты таңдапсыз. Оның сыры неде?

– Оның рас. Актерлiк бөлiмнiң 2-курсында жүргенде басталды ғой. Менiң жазуға құмарлығымды бiлген мұғалiмдерiм де қолымды қаққан жоқ. Бұл дәл сол 2-курста басталған арман емес, мектепте жүрген кездiң өзiнде аудандық газетке, қалалық газеттерге майда-шүйде дүниелерiм жарық көрiп жататын. Көкейдегi дән қайта гүлдеп, шешек атқаны сияқты, жазуға деген құмарлық қайта өрши бастады. Оның үстiне, актер болу үшiн Жантөрин, Ноғайбаев, Молдабеков сияқты қапсағай, еңселi, иықты, дауысым да солардiкiндей жуан, ерекше болу керек. Рас, ақыл-парасатым ешкiмнен кем болған жоқ деп ойлаймын. Мақтанғаным емес, әйтпесе ненi жазасың?! Оның үстiне, сыншы болу деген қайда? Аз бiлiммен сыншы болу деген далбаса. Екi-үш мақаланы күшенiп жазады да, одан кейiн зым-зия жоқ болатындар аз емес. Ал, мен он бiр кiтап, мыңнан аса мақала жазыппын. Осының бәрi өзiмдi-өзiм толықтырғаннан жазылған дүниелер ғой деп ойлаймын. Ал, сыншылыққа келу, ол кездерi театр туралы жазып жүрген адамдар көп емес едi. Әрi қолымнан жазу келгеннен кейiн, неге жазбасқа деп ойладым. 1967 жылы «Лениншiл жас» газетiне тұңғыш мақалам шықты. «Өнерде әркiмнiң өз соқпағы бар» деп аталады. Содан маған қанат бiттi. Сол кезде тұп-тура жиырма жаста едiм. Мiне, содан берi қырық жыл өтiптi. Сол-ақ екен, дәнiккесiн, ары қарай тартқылай бастайсың. «Алтын шыққан жердi белден қаз» демей ме, бұлай жазуға болады екен дедiм де, ендi шындап кiрiсе бастадым. Сөйтiп жүрiп, курстастарымның арасында да, мұғалiмдерiмнiң алдында әжептеуiр беделiм де пайда болды. Ол кезде екiншi курста республикалық газетке шығу сирек болатын. Шын мәнiнде жақсы оқыдым, бiрақ, жазу менi тарта бердi, тарта бердi. Тiптi, осы жазуыммен өзiмнiң курстастарымды асырадым десем де болады. Мұрат Мұқажанов деген досым бар. М.Әуезов театрында жап-жақсы бастап едi, кейiн отбасылық жағдайымен, әрi әке-шешесi қарт адамдар болған соң, соларға қарайласамын деп Семейге кетiп қалды. Менiң оларды асырағанымды осы Мұрат жиi айтады. Ол кезде қаламақы деген әжептеуiр. Бүкiл курстың балалары таңертең тұратын-дағы пошта жәшiгiне қарай тұра жүгiредi. Поштамен кiшкентай квитанция келедi. Құман Тастанбековтен бастап, марқұм Әшiрәлi Кенжеев бар, жаңағы Мұрат, қайсысы тауып алады, жүгiрiп келiп, менен сүйiншi сұрайтын. Сонда әлгi квитанция «Лениншiл жас», «Жетiсу» газеттерiнен келедi. Мiне, осы сүйiспеншiлiк менi жазу әлемiне алып келдi. Қателескен жоқпын-ау деп ойлаймын. Мәскеудегi театр институтының аспирантурасын бiтiрдiм. Ол уақытта КСРО халықтарының кафедрасы деген болатын. Сол кафедрада сырттай төрт жыл оқыдым. Қаншама мақалалар жазып, елге белгiлi болдым. Барлығы да сол театрдың ауы мен бауы. Бәрiн айтып бiттiм деу қиын, бұл таусылмайтын процесс. Оған бiр кiсiнiң ғұмыры жетпейдi. Бiрақ, шама -шарқыма қарай аз жұмыс жасаған жоқ сияқтымын..

– Сiз сыншылықты бастаған кезде талай мықтылардың көзi тiрi кезi. Жаңағы өзiңiз айтқан Жантөрин, Ноғайбаев сияқты мықтылардың бар кезi. Ондай мықтылар жас жiгiттiң сынын қалай қабылдады екен?

– Бәрi бар. Шалдардың бәрiнiң көзi тiрi. Ол кезде жастаусың, тәжiрибең жоқ. Өзiңнiң шамаң келмейтiн сөздердi айтып, перiп кеп қаласың. Бiрақ, ойың жақсы, ниет дұрыс. Тәжiрибелi адамдар басқаша айтады ғой. Сағат Әшiмбаев деген ағаң болды. Ол уақытта ол кiсi бөлiм бастығы. Газетке не апарсам да бiрден басады. Бiр күнi «Театр және жастар» деген көлемдi мақалам шықты. Әуезовтiң: «Бiз театр өнерiнiң ертеңiне жауаптымыз» деген сөзiн эпиграф қылып алдым да, ұрып кеп қалдым. Сол мақаладан кейiн: «Бұл кiм, қайдан шыққан батыр?» дескендер көбейiп кетiптi. Ол кездегi жастар дегендерiңiз Асанәлi Әшiмов, Сәбит Оразбаев, Фарида Шәрiпова, Райымбек Сейтметовтер. Ылғи мықтылар. Ол кезде театр институтында мұғалiм кезiм. Кiжiнiп-кiжiнiп қойған болуы керек. Сосын екiншi рет тағы бiр газетке жазып жiбердiм. Тағы шуылдап жатыпты. Өзiм театрда iстемеймiн. Әркiм-әркiм хабар айтып келедi. «Көрсе мойнын бұрап аламыз» дегендердi естiп жатам. Табиғатымнан менде де қайтпас-қайсарлық бар. Бiрте-бiрте олардың да етi үйрендi. Қазiр Әшiрбек Сығаевсыз көже iшпейдi, шай да батпайды. Алғашқыда қиын болатын. Жастардың тұрақтай алмайтыны сол ғой. Анадайдан көрiнсе, безе жөнеледi. Ал бiз қарсы жүрдiк. Театр өнерi деген сана соғысы. Ол ақылы асқандiкi. Тек сезiмге, эмоцияға берiлуге болмайды. Қателеспеуге тырысу керек. Бiлiп айтпасаң, қате айтсаң құрыдым дей бер. Жардың басынан ұшып кеткеннен кейiн, сүйегiң қайда қалғанын бiлмейсiң?. Мiне, бiз де сүрiндiк, шалт бастық, бiрақ негiзгi бағыттан айныған жоқпыз. Сыншы деген ұшқыр мамандық қой. Дер кезiнде көрсетiлген медициналық көмек сияқты. Кез келген өнер жаңалығына сараптама жасап, қарсылық көрсетiп, төрелiк айтып жiберу.

–Сiздiң сыныңыздан кейiн бiр өзгерiстер, түзетулер болып жататын ба едi?

– Түзеген жағдайлар болды. Мәселен, «Бiз перiште емеспiз» деген Қалтай Мұхамеджановтың пьесасы қойылды. Сәкеннiң тағдыры туралы. 1937 жылдың оқиғасын шерткен тұңғыш спектакль. Қорықтық қой. Қалағаңның «Жат елдесi» де сондай болды. КГБ-мен ара-қатынас, солардың зорлық-зомбылығы. Маған спектакльдiң безендiрiлуi, көркемдiгi бәрi-бәрi ұнады. Спектакль де ұнады. Режиссерi – Әзiрбайжан Мәмбетов. Сол кездегi жақсы жоралғы, зиялы қауым өкiлдерi жиналып алып, талқылайтын. Кез келген спектакльдi електен өткiзетiн, суын сығып, сөлiн қалдыратын. Талдайтынбыз, қызыл-кеңiрдек болатынбыз. Бiлгiш көсем де, қатардағы журналист те барлығы пiкiрiн ортаға салатын. Соның есесiнен ол жылдардағы спектакльдер ұзағырақ жасайтын. Жұрттың талқысына даяр боп баратын. Қазiргiлер өздерi күлдiбадам қылады да, айдап кеп жiбередi. Соның кесiрiнен, бескүндiк-алты күндiк спектакльдер пайда болып жатыр. Өмiрi қысқа, ғұмыры қысқа. «Бiз перiште емеспiз» спектаклi қойылғаннан кейiн, мен де өзiмнiң пiкiрiмдi айттым. Онда лауазымды қызметте iстеп жүрген кезiм. Қызметiм бар екен деп, айту-жазу мәселесiн бiр минут та тастаған емеспiн. «Ашық айтылған, қызықсыз, дәл бұлай беруге болмайды. Кiшкене бүгiңкiреп, сахналық шеберлiкпен айтуымыз керек. Қызықты қып беру керек» дедiм. Әзекең оған құлақ аса қояр ма? «Мен осылай көрiп тұрмын, осылай шығады» дедi. «Жарайды» дедiм. Содан 1987 жылы Наурыз фестивалi өттi. Өзбек, тәжiк, түркiмен қатысты. Ол кезде министрдiң орынбасарымын. Сыншы ретiнде, басқарушы ретiнде басы-қасында жүрмiн. «Қазақстан» қонақ үйiнiң 7-қабатында штабымыз болды. Төрт республикадан қонақ қабылдадық. Ең бiрiншi болып, «Бiз перiште емеспiз» спектаклiн бiз көрсеттiк. Жан-жақтан өңшең атақты сыншылар келген. Сол сыншылар әлгi спектакльдi ал кеп ұрсын. Әсiресе, мәскеулiк сыншылар қатты айтты. Тура менiң сөздерiмдi айтты. Әзекеңнiң бiрiншi таяқ жеуi. Ылғи мақтайтын. Обалы не, Әзекең театрды әлемдiк аренаға көтердi ғой. Мұңайғанын бiрiншi рет көрдiм. Содан шат-шалекей болып ашулана ма деп едiм, басын шайқап қана қойды. Екi-үш күн өткеннен кейiн, Әуезов театрының лифтiсiнде жолығып қалдық. «Әзеке, қалай, менiң айтқанымды айтты ғой» дедiм. «Дауа жоқ саған, сенiмен келiсуiм керек едi» дедi.

Баяғыда Әлжаппар Әбiшев «Кiм менiң әкем?» деген пьеса жазған.Театрда көп жүрдi. Содан әлгi спектакльдi Мәскеуге алып барды. Мәскеулiк сыншылар «Кiм менiң әкемдi?» әбден сынап, әкесiн танытқан ғой. Кейiн Қалтай Мұхамеджановтың: «Әлжекең бұл жолы әкесiн тауып қайтты» деп қалжыңдағаны бар-ды. Сол сияқты, Әзекең де менiң сынымды мойындады.

Сын жазып жүрiп, қиналған кезiм де болды. «Түймең сәл қисық қадалыпты» дегендi кiм жақсы көредi? «Қойыңызшы»,– деген көңiл күй тұрады әртiстерде. Бiрақ айту керек. Әдiл сөздi айтпасаң, күпiрлiк болады. Лебiзiңдi қайтадан керi жұту, ол сыншыға жараспайды. Және оны әсем, байыппен, әдеппен жеткiзу керек. Төбесiнен тарс еткiзсеңiз, ол қисайып, майырылып қалады. Оны сақтай отырып, майыстырмай жеткiзуiң керек. Әсiресе, актрисалардың жаны қандай нәзiк? Олар мүлдем нәзiк гүл ғой, салбырайды да қалады. Ол сен үшiн қызық па? Соларды майыстырмай, қайырмай айту үшiн шеберлiк, шешендiк керек. Осы өнердiң даңқымен атағымыз шықты.

«МӘДЕНИЕТТIҢ БАСЫНДА БАСТЫҚ ЕМЕС, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ ОТЫРУЫ КЕРЕК»

– Спектакльдi сынау бiр басқа да, мәдениеттi басқару бiр басқа. Мәдениеттi басқарған жылдарда сiзге қиындықтар туындаған жоқ па? Әрi мәдениеттi басқару оңай емес.

– Негiзi, мәдениеттiң басында бiлiктi адам отыру керек. Мәдениет – ел мұрасы, ел құндылығы. Елмен байланыс. Ауылшаруашылығы, Машина құрылысы, Энергетика министрлiгiнiң қыр-сырын ел бiле бермейдi. Ал, мәдениет елдiң назарында. Орта мектептiң оқушысы да, сауыншы да, ұшқыш та пiкiр айтуға қақылы. Жұрт көрiп отырған нәрсенi басқару деген өте қиын. Жалпы, өнердi басқаруға болмайды. Режиссер – маман, актер-маман, әншiнiң дауысы болса болды. Олар өз мамандығына министрден көмек сұрамайды. Тек оларды ұйымдастыру керек. Мәселен, Қазақстанда тоғыз театр бар делiк. Оның тоғыз басшысы бар емес пе? Бiрақ, сол тоғыз театрдың басшысын ұйымдастыратын бiр адам керек қой. Оларға көмектесу қажет. Ақша керек пе, тауып бер, киiм керек пе, тауып бер. Оған министрлiктiң ақылының керегi жоқ. Сен олардың қиындығына көмектес. Құдайберген Жұбановты бiлетiн шығарсыз, талай жыл, мәдениет саласын басқарды. Бәрiнiң басында жүгiрiп жүретiн. Репетицияда да жүрген сол, опера театрынан шықпаған. Не жетпейдi? Соның бәрiне тез арада көмек қолын созу керек болды. Соның бәрiн басы-қасында жүрiп, бақылады, көмек қолын созды. Өзбекәлi Жәнiбековтi көзiмiзбен көрдiк. Аяғына керзi етiк киiп алып, ескерткiштердiң тiзiмiн жасаймын деп, елдi кезiп кеттi. Кабинетiнде отырып алып, бұйрық берген жоқ. Фотоаппаратын мойнына кигiзiп алып, ел кездi. Көзiмен көрiп, суретке түсiрiп, соларды жөндеу үшiн мамандарды тапты, көмектестi, ұйымдастырды. Қай әншi қалай өсiп келе жатыр, қай әртiс қалай дамып келе жатыр, спектакльдер қалай? Осының бәрiн көз алмай қадағалау керек. Қазiр не? Мәдениеттiң бәрi Алматыда, басқаратындар — Астанада. Байланыс жоқ, бiреудiң бiреуде iсi жоқ. Халық әртiстерi қайтыс болып жатыр, оны қойып жатқан ешкiм жоқ. Орталықтан пәрмен, нұсқау жоқ. Әркiм қожайын, әркiм әрненi бiр айтады. Ортақ ұйымдастырушы болуы керек. Сол жетiспегендiктен, ақылгөй көп. Мұның бәрi жақсылыққа апармайды. Соңғы уақытта мәдениетте қанша министр ауыстырдық. Мәдениеттiң басында Еркiнбеков деген кiсi он екi жыл отырды. Драма театрындағы жиналысқа келетiн. Жақсы премьера болатын болса, соны келiп көретiн. Пiкiрлесетiн, сырласатын. Қазiр ол заман өттi, кеттi. Қайта қалалық әкiмшiлiк көп жәрдем бередi. Актерлерiмiздiң көбi әкiмшiлiктен жәрдем күтедi, министрлiктен емес..

–Бүгiнгi театрларымыздың жағдайы қалай, оңалды ма?

– Бұрынғыға қарағанда, қазiр оңалды. Осыдан бес-алты жыл бұрын көрермен таба алмай қалғанбыз. Қазiр спектакльдерде көрермен аузы-мұрнынан шығып отырады. Бұл көрерменнiң диланғанын көрсетедi. Рухани өмiрге ойыса бастағанын байқаймыз. Спектакльге келер болсақ, оған бiржақты пiкiр айту қиын. Әр спектакльге жеке-жеке тоқталу керек. Жалпылама сұхбат кезiнде қалай айтам? Әр спектакльдiң табысы әр қалай емес пе?

–Қазiр жекеменшiк театрлар көбейiп келедi. Жекеменшiк театрлардың көбейгенiн құптайсыз ба? Бұл театрды бизнес көзiне айналдыру емес пе?

– Өте жақсы. Қандай жолмен жасайды, тек өнердi жасаса болды. Ол театрды басқаратын адам бизнесмен болсын, тек өнердi жасаса болды. Эстетикалық әсердi арттырса болды. Мен әсер алсам, көрермен риза болса болды емес пе? Оны қандай жолмен жасайды, гастрольге қалай шығады? Ол өз шаруасы. Олардың өзiнiң басы ауырсын. Олар қанша шығын шығарды, соны қайтаруды ойлау керек. Ең бастысы, таза өнердi шығарсын. Саф, таза мөлдiр өнердi көрсетсiн. Халық налып, ренжiп қайтпаса болды. Мұндай театрлар бiзге керек. Шет елде, тiптi бiр Германияның төрт жүзден астам театры бар екен. Бәрi жекеменшiк. Оларды ұстап отырғандар меценаттар. Абажадай мемлекеттiк театрлардың өз өмiрi бар, өз репертуары бар. Олардың репертуарын қайталасаң, онда қателескенiң. Менiң кейде ренжитiнiм, кейде академиялық театрда эксперименттер жасағысы келедi. Ондай сахнада болмайды. Оның өз көрерменi бар. Олар академиялық ыңғайдағы, күрделi спектакльдi түсiне бiлетiн күрделi көрермен болуы керек. Зиялы, ес тоқтатқан, ұғымтал көрермендер баруы керек. Эксперимент – дегенiңiз барлап көру. Оны көрермен қалай қабылдайды, қалай шығады, оны режисердiң өзi де бiлмеуi мүмкiн. Еңлiк-Кебек сол баяғы бiз көрген қалпында шыға берсе, ол көрермендi тойдырады. Дастархан мәзiрi iспеттес, түрлi меню ұсынуымыз керек. Жекеменшiк театр академиялық театрды қайталамайтын болсын. Сонда ғана қызғылықты, әртүрлi тақырыпта iзденетiн театрлардың өнерiне риза боламыз.

«АТАДАН БАЛАҒА МИРАС БОП ҚАЛҒАН ДҮНИЕДЕН БЕЗIНУ –ТРАГЕДИЯ»

– Бүгiнгi қоғамда болып жатқан ұлттық мәселелерге көңiл бөлесiз бе? Кейбiр мәселелерде жаныңыз ауырып, қиналатын сәттерiңiз бола ма?

– Егер мен осы елдiң ұлы, перзентi болатын болсам, қалай ойламаймын? Театрдан басқаны бiлмейтiн, көрсоқыр болуға болмас, әсiресе, менiң жасымда. Әрине, мен ұлтымның ертеңiне уайымдаймын.

– Ненi уайымдайсыз?

– Көлденең көз көп. Келiмсек көп, тiнтiп-тiмiскiлеп жүрген бiреулер қаптап жүр. Кейде қызғанам. Мынау үндiстердiң, француздардың, кәрiстердiң барлық байлығымызды алып жатқанын қызғанам. Олардың кейбiрiнiң 500-ден астам фирмалары бар. Оларда жұмыс iстеп жатқандардың көбi қазақтар емес, өздерiнiң өкiлдерi. Мұның бәрi менiң жанымды ауыртады. Қытай күннен-күнге қаптап барады. Алматыда пәлен жүз қытай бар деп есiтем. Олардың реңдерiнен қазақтардан айырмашылық табу қиын емес. Бiздiң қазақ қыздарының бiразы, солардың қолтығында жүр. Осының бәрi менiң жынымды келтiредi, ұйқымды қашырады. Он жылдан кейiн, олар қанша болуы мүмкiн?! Жаңағы қытайдан туған бала қазақ бола ма, қытай бола ма? Кiм болады? Сайын көшесiнде тұрған қыздарды көргенде жылағым келедi. Олар да бiреудiң немересi, қызы емес пе? Олардың да әке-шешесi бар емес пе? Оқуға келген, түсе алмаған, түссе де, ақша керек, сосын сонда тұр. «Менiң қызым болмаса болды» деп қарап отыра беремiз бе? Олар да ертең бiреудiң жары , бiреудiң анасы болмай ма? Осыған үкiметтiң жаны ауырып жатыр дегенге мен сенбеймiн. Көбi обыр-жебiр, жапырып жеуден басқа ешнәрсенi бiлмейдi. Ойсыратып кетiп жатыр. Кешегi Әйтiмованың өзiнiң iсiн прокуратураға өткiзiп жатыр дейдi. Не масқара? Қыз бала. Өзiн сондай сыйлайтын едiм. Оған да мен уайым шектiм. Оқып, бiртүрлi жағамды ұстадым. Қаржылық мәселеде көптеген қателiктер жiберген дейдi, пәлен дейдi, түген дейдi. Оған менiң көзiм жетпейдi, мүмкiн ол адал шығар. Бiрақ, анадай сөзден кейiн жаным ауырады. Iшiм қан жылайды. Мен де өзiмдi ел азаматымын деп есептеймiн. Ел де бiр ұлымыз бар деп есептейтiн шығар. Менiң шаңырағым ғана, өзiмдiкi деп ойласам, мен қалай ел азаматы болам?! Денем дiр ете қалады. Қазақтың көрген қиыншылығы аз емес. Ашаршылықты өткердi, 37-нiң зобалаңы басталды, одан кейiн соғысқа аттанды, халық шаруашылығын қалпына келтiремiз деген бұйрық тағы шықты. Кешегi 53-54 жылға дейiн, қашып-пысып жүрдi. Ендi есiмiздi жинай бастағанда. 86-ның оқиғасы басталды. «Ұлтшыл» дедi. Қудалады, азапқа салды. Осының бәрiне жаныма қылбұрау салғандай қиналам. Қазiргi жастарда не идеал жоқ. Бiз әйтеуiр Ленинге сендiк. Октябрят, пионер болдық, комсомолға өттiк. Оған құдайдай сендiк, құлдыраңдап қызмет еттiк. Қазiргi жастар кiмге елiктейдi, кiмге сүйенедi?! Ашық-шашық, денелерiнiң бәрiне татуаж салып тастаған. Осының бәрi ортаға байланысты. Қазақтың өзiнiң табиғи әдемiлiгi бар емес пе? Айлы түн, жасыл желек, әдемi ат, қос етек көйлек,сәукеленi қыл мойын әрең көтередi, ғажап ақсүйек, қазақтың өз қызығы, өз дәуренi болған. Халық әндерiн емге бiлмейдi, менсiнбейдi. Халық әнiнде халықтың көңiл-күйi жатқан жоқ па? Халық әнi бүкiл ұрпақтарды тәрбиелеп келген жоқ па? Атадан балаға мирас боп қалған дүниеден безiну, ол – трагедия. Осының бәрiн ойлайсың, жаның ауырады…

«ЖАСТАРДА ЖАЛҚАУЛЫҚ БАСЫМ»

– Театр сынын бiтiрiп жүрген жастардың арасында сiздiң жолыңызды қуып жүргендер бар ма?

– Жылына алтау-жетеу, ары кетсе, тоғыз бала қабылдаймыз. Одан артық алмаймыз. Мұнда жаза бiлу керек, айта бiлу керек, өмiр танығыш болуы керек. Әрине, менiң соңымнан ерiп келе жатқандар баршылық.Солардың табанының бұдыры барлар қалады, бұдыры жоқтар кетедi. Бiреуi журналистиканы таңдап кетедi. Бақыт Нұрпейiс, Еркiн Жуасбек сияқты жастар бар. Қорғайын деп жатқан қыздарымыз да бар. Бұлар әрi таныла қоймаған. Iнi-қарындастарымда жалқаулық басым. Ананы кiнәлайды, мынаны кiналайды. Бiз де бiрден сыншы боп кеткен жоқпыз ғой. Ананың босағасында, мынаның босағасында жүрiп, талай жылымызды өткердiк. Осылай боп шыға келдi дейсiң бе? Ол кездерi осындай боламын деу, армандамақ түгiлi түсiме де кiрмеген. Тек жазу арқылы жеңдiм бар қиындықты. Мен содан қуат алдым, өзiме күш-жiгер жинадым. Екi-ақ сағат ұйықтаған кездерiм болды. Күндiз елдiң проблемасын шешуден шаршайсың, екi сағат ұйықтап алып, қайта тұрып жазатынмын. Күндiз-түнi еңбек еттiм, сол еңбектiң нәтижесi шықты.

– Бүкiл жұртшылық сiздi сыншы ретiнде таниды. Әшiрбек ағаның сыншылықтан өзге қандай өнерi бар?

– Негiзгi мамандығым – сол сыншылық қой. Негiзгi жейтiн наным сол болғандықтан, сол төңiректе сөз өрбiтiп келгенiм рас. Әлi денсаулық болса, өрбiте де беремiн деп ойлаймын. Сосын хоббиларым бар. Хобби дегендi сәл жеңiлдеу «ермек» деп аударыпты. Бiрақ, одан гөрi салмақтырақ сияқты көрiнедi. Мәселен, фольклор iспеттес боп кеткен, өнер адамдары, әдебиет, мәдениет қайраткерлерi жайлы күлкiлi әңгiмелердi қағазға тiзiп жүрем. Және оларды кiтапқа да енгiздiм. Таяуда «Тасжарған» деген газеттiң 20 нөмiрiнен астамына жарық көрдi. «Тасжарған» деген оппозициялық газет екен. «Сiз неге оппозициялық газеттерге берiп жүрсiз, бiзге бермейсiз бе?» деген журналистер де болды. Мен оны арнайы апарып бергенiм жоқ. Олар менiң кiтабымды қолдарына түсiрген. «Толғам» деген кiтабымның үшiншi тарауы түгелдей фольклор. Ел аузындағы күлкiлi, мұңлы, уайымды, жағдаяттарды сөз қылады. Кiтабым өз алдына, сол газеттен оқыған оқырман республиканың қай жағына барсам да алдымнан шығады. Бұл да менiң бос уақыттағы көп көңiл бөлетiн өмiрiмнiң бiр қыры. Сосын үй жануарларына өте әуеспiн. Әуес деген аз, солардың өмiрiне көбiрек ден қоям. Мәселен, тауықтан бастап, ұлар, үйрек, қаз, қоянның неше түрi, кептердiң неше түрi бар, иттердiң де жақсы тұқымы – менде. Соларды шулатып, тамақ берiп, жем берiп жүргендi жақсы көрем. Мүмкiн бұл бiреулерге күлкiлi көрiнетiн шығар. Бiрақ, олардың да өз тiршiлiгi бар. Олар философиялық ойларға бармағанымен, күнделiктi өмiрлерiнде күтпеген тiршiлiктi жасап жатады. Тауық әлемi, кептер әлемi, иттер әлемiнде iшегiм-қатып күлiп жатам. Олардың психологиясын бағдарлаудан керемет рахаттанам. Оның ешқандай күлкiсi жоқ. Дем алам. Кептердi төмен жерде ұстауға болмайды. Соларға арнап, пәленбай ақша бөлiп, ұясын жасаттым. Сондай тiршiлiкпен бала кезiмнен айналыстым. Он-он бiр жасар кезiмде бiр кептерiм жоқ болса ата-анама ренжiп, азан-қазан қылып жататынмын. Бүкiл ауылды кезiп iздейтiнмiн. «Ендi алпысқа келгенде сол тiршiлiктiң бәрi неге керек?» деп балаларым, жеңгең ренжидi. Амал-жоқ, мен iс-сапарға кеткенде балаларым су құйып, жем шаша салады. Мен келген кезде олардың қуанғанын көрсеңiз. Олардың өз әлемi бар, Олардың әлемi маған қызық. Бұл да – өнер.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА