“КӨШПЕНДIЛЕР” ФИЛЬМI КӨҢIЛДЕН ШЫҚТЫ МА?
“КӨШПЕНДIЛЕР” ФИЛЬМI КӨҢIЛДЕН ШЫҚТЫ МА?
Қазақ сынды iрi ұлт өзiнiң ұлт болып кемелiне келген шағында “Көшпендiлер” сынды фильмiмен дүниенi дүр сiлкiндiруi керек едi, олай болмады.
Барға қанағат ететiн баяғы қазақилығымызға бассақ: “Бұған да тәуба” деп шүкiршiлiкпен қарауымыз керек. Оның да жөнi бар шығар. Жалпы ұлттық рухты көтеруде көтерген тақырыбы жағынан қарағанда жаман да емес – өзегi жақсы. Бiрақ бiздiң айтпағымыз екiнiң бiрi лепiрте жөнелетiндей бос мадақтау емес, кемiстiгiмiзге керi бұрылып көптiң көмейiндегi ақиқатты айту.
Фильмде бiр ғана арқау бар делiнсе, ол – ұлттық рух, ол – отаншылдық. Сол өзектi ойдың туын көтерушiсi – Абылай. Ендеше, жұрт бiрден Абылайға қарайды. Аңызы мен ақиқатын алтын бәйтеректей бағалайтын алты алаш Абылай тұлғасына iзетпен бас иедi, оны ешқашан төмендеткiсi келмейдi. Сондықтан да Абылай жыры екi ғасыр жырланса да көнергенi жоқ. Халық екi жүз елу жылдың алдында өмiр сүрген Абылай бейнесiн көкiректерiнде қалай сомдаса көркем шығармалардан соны iздейдi. Олай болса “Көшпендiлер” фильмiндегi Абылай тұлғасы бұған жауап бере алды ма?
Шығарма шындығына қарағанда Абылай жасаған дәуiр ислам дiнiнiң қазақтарға барынша кең тараған кезi. Ал исламнан iлгерi IХ-Х ғасырлардан бұрын шамандық үлгiнiң қазақтарға әсерi аз болмады. Күнi бүгiнге дейiн сарқыншағы жойылған жоқ. Алайда Абылай туралы аңыздармен хисса-дастандарға үңiлсек, исламға одағай қарамайды – Аллаға мiнәжат етiп отыруды ұмытпайды. Абылай заманында ислам ықпалы жоғары болды. Абылайдың алды артындағы хандардың (Абылай да iшiнде) сүйегiнiң рухани орталағымыз, дiн дiңгегiмiз Түркiстан түбiнде жатуы соның мысалы.
Фильмiмде Абылай дүниеге келуден iлгерi сәуегей бейнесi көрiнедi. Бiр қызығы қазақтан бiр сәуегей шыққаны сияқты жоңғарларда да сондай сәуегей – бақсы бар. Екеуiнiң жоруы да ұқсас. Бұл Шыңғысхан дәуiрiнде болса шындыққа жақындар едi. Ал Абылай заманында Буддизммен Исламның ұқсастығы шығарма шырайын ашып тұрғаны жоқ.
Қазақ сәуегейiнiң: “Досы сүйiнетiн, дұшпаны күйiнетiн ұл болсын” деп тiлек тiлеуiн де түсiне алмайсыз. Досы сүйiнсiн, ал дұшпаны күйiнгенi қалай? Мұны жауың жанашырлық iстесiн деген мүсiркеу дегенiмiз жөн бе?
Жоңғар бақсысы хан ордасына “Масқара, масқара!” деп баса көктеп кiредi. Қазақ тiлiндегi “Масқара” сөзi – ұятқа қалды, күлкiлi болды дегендi бiлдiредi. Ендеше, Галдан Цэрэннiң қызы үйiнде отырып екi қабат болып қалғандай “Масқара, масқара” деуi күлкiңiздi келтiредi. Алматылықтардың ауыз екi айтатын диалектiндегi “масқара” сөзiн фильмге келсiн келмесiн қолдануымыз нағыз масқараның өзi болған.
Фильмде мейлi қазақ ханының болсын, мейлi жоңғар ханының болсын хан ордасының айбаты жоқ. Кәдiмгi қара билердiң үйi сияқты, бiреу кiрiп бiреу шығып жатады. Ханмен қатарласып жүру, орданың алдында ойнақ салу оларға түк емес.
Ел жадындағы ескi әңгiмелерде далалық сахара заңы бойынша хан ордасының маңынан мал жүргiзбейдi. Орданың төбесi көрiнген жерден қонақтың алдынан шығатын ат ұстаушылары болады. Бiрiншiден, ханға құрмет, екiншiден, тазалық жағы да бар. Арғысын айтпағанның өзiнде сол Абылайдың шөбере, шөпшектерiнiң ауылына атпен тiке келгендердi “үйдi бастырдың” деп айыпқа жығатын әдет бертiнге дейiн жалғасқан. Бұдан бiз қазақ хандарының ордасы мен Галдан Цэрэн ордасының ұсқынсыздығын байқаймыз. Тiптi жоңғарлардың хан ордасының кiшкентай жыра iшiнде болғаны “масқараның” үлкенi!. Хан ордасы бетi ашық белесте, қорғанысқа қолайлы тау қойнауында болса бiр сәрi, ағашы жоқ жерде желден ықтап жаман жыраны паналаған қараша лашықтай қуысқа тығылуы “масқара” емей, немене?!
Сәуегей ендi бiрде сәби Абылайды көтерiп оның әкесiнiң ордасына кiредi. Есiктен кiре бере: “Амансыз ба?” деп амандасады. Қазақ қай кезде де есiктен кiре бере “Ассалаумағалейкум” деп сәлеммен кiредi. Үйде кiсi болса сәлемдi алады. Кiсi болмаса оны “Шаңыраққа сәлем” деп атайды.
Абылайдың балалық шағында бағанағы сәуегей ендi тәрбиешiге өзгередi. Ол қалың баланы ағашқа тәу еткiзедi.Осының бәрiн көрiп отырып тағы да мұсылмандығымыз есiмiзге түсiп, “мұнысы несi?” деп қынжыла күбiрлеймiз. Ағашқа, әруаққа тәу етсiн-ақ, алдына Алла есiмiн қосуы керек едi ғой!
Абылай бейнесiн жасаудағы ендiгi бiр сәтсiздiк – оның ғашықтық хикаясы. Бұл хикая көрермендi баурау үшiн белгiлi мәнi бар шығар. Бiрақ Абылай тұлғасын сомдауға айырықша көмек көрсете алмаған.
Бала Абылай кiшкентай қызға тесiле қарайды. Қыз: “Маған неге қарайсың?” деп махаббатқа тiленiп тұрғандай болады. Бұл қолдан жасалған, өмiрге сәйкес келе бермейтiн жасанды қиыстыру екенi анық көрiнiп тұр.
Ендi бiрде есейген шағында: “Менiң досым саған ғашық” дейдi қызға. Қазақтың қыз-жiгiттерi ғашық болуды ешқашан ашық әңгiмеге айналдырмаған, оны барынша бүркеп, ибалы сезiмдермен жеткiзе бiлген. Қазақ қыз-жiгiтiне тән бұл қасиет “Қыз-Жiбек” фильмiнде өте сәттi шыққан. Бұл, бұл ма, Абылай жоңғар қолына түсiп, одан қызбен бiрге қашып келе жатқанда оған: “Маған ұнайсың” дейдi. Бiз тағы да жергiлiктi диалектiге орын бердiк. Екiнiң бiрiнде : “Ол маған ұнайды” дейтiн бүгiнгiнiң сөз саптау тәсiлiн екi ғасыр iлгерi Абылайға айтқызуымыз тағы да “масқара” болды. Бұл масқараның ар жағында жатқан тағы бiр масқара – Жоңғар батыры, тоғыз қатынның үстiне тоқалдыққа алған қызды Абылайдың алып қашып биiк төбеде сүйiсуi болды!
Қазақ батырларының ерлiгiн дәрiптемекшi болған Абылай мен Ералының бет пердемен сайысқа түсiп, Ералының қапыда өлуi Абылайдың батырлығынан гөрi аңғалдығын ашқандай. Бұдан Жоңғардың жауыздығы емес, қазақты қазақ өлтiрген ақымақтық көрiнiп тұрған жоқ па?!
Жоғарыдағы кемiстiктер бiрде байқалса да бiрде байқалмауы мүмкiн. Ол көрермен көзiне байланысты нәрсе.
Ал жұрттың ортақ өкiнiшiне келер болсақ, ол сөзiмiздiң басында айтқан Абылай тұлғасынан аса батырлық пен көрегендiк көргiсi келген елдiң ерекше талғамының туындысы едi.
Бiрiншiден, актер Абылай түгiлi қазақ болмысын сомдай алмаған. Оның сөйлегенi, күлгенi, жүрiс-тұрысы қазаққа ұқсамайды. Оған қарағанда сәуегей мен Ералы қазақ бейнесiне жақындау.
Екiншiден, актерде батырлыққа тән отты көз, ханға тән кең маңдай, мол күш-қайратқа бiткен шымыр дене бiтiмi жоқ. Абылай бейнесi “Қыз –Жiбек” фильмiндегi Бекежанға да жетпей қалған. Бекежанның көзiнде от, көкiрегiнде кек жатқаны көрiнедi. Ал “Көшпендiлердегi” – Абылай өз мiндетiн ада қылу үшiн ғана әрекет жасап жүрген актер бейнесiнде қалған. Оның Шәрiштiң басын алуы да Абылай тұлғасын аша алмаған. Онда да бiрде-бiр жан “Иә, Алла” демейдi, көпшiлiк “Әруақ, әруақ” деп шуылдайды. Дiн жағынан фильмнiң сценариiн жазушылар мен жасаушылары Алланы ауызға алғысы келмейтiндей көрiнедi.
Қазақ тарихы мен болмысын бiлмейтiн шетелдiк көрермендер бiр есептен фильмдi жылы қабылдауы да мүмкiн. Бiрақ, бiз оларға өз ұлтымыздың өр тұлғасы мен елi жерi үшiн басын құрбандыққа шалу рухын жоғарғы деңгейде көрсете алдық па десек бiрдеме деу қиын. Қытай ұлтының бiр ерекшелiгi өзiнiң тарихи фильмiнiң қай-қайсысында да ұлттық рухын биiкке көтеруi жағынан әрқашан құмалағын төрттен қоюдан жаңылған емес. Олардың жәй батырларының өзi нағыз жауынгердiң бейнесiнде сомдалып ерекше көзге түседi, қытайды бiлмейтiндер сол батыр бейнесiне қарап-ақ оларды жоғары бағалауға мәжбүр болады.
Жоғарыдағы пiкiрлерiмiз “Көшпендiлердi” iлiкке алғысыз дегендi бiлдiрмейдi. Фильмнiң сәттi тұстары да көп. Әсiресе, қазақ қолының жеңiстiк алып, жоңғар қолының ойсырай жеңiлуi, Түркiстан түбiндегi жеңiс дабылы қазақ қаныңызды қоздырып жүрегiңiздi мақтаныш сезiмiне бөлейдi.
Абылай – қазақ тарихындағы аса iрi тұлға. Оны екiнiң бiрiнiң қол жаулық еткендей келсiн келмесiн кейiпкер етiп алуы ұлтқа ұлағаттылық әкелмейдi. Кешегi ел iргесiнiң бекемделуi мен бүгiнгi егемендiгiмiздiң тамыры бiр. Өткен Абылай тұлғасынан бүгiнгi қазақ бейнесiн көрсету парызы әрқашан жадымызда болғаны жөн.
Жәди ШӘКЕН, жазушы