Жаңалықтар

ҚАЗАҚЫ АЙ АТТАРЫ МЕН КYНТIЗБЕНI ДҰРЫС АЙТЫП ЖYРМIЗ БЕ?

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚЫ АЙ АТТАРЫ МЕН КYНТIЗБЕНI ДҰРЫС АЙТЫП ЖYРМIЗ БЕ?

Жуырда Қарағандыға барған сапарымда белгiлi жазушы Кәмел Жүнiстегi қазақы ай аттары мен күнтiзбеге байланысты қызықты деректердi айтып берген. Өзiмiз әлi ести қоймаған, естiсек те жете үңiлiп, тереңiне бойлай қоймаған табиғаттың кейбiр тылсым сырларын жазушының аузынан естiгенiмiзде таң-тамаша қалғанымыз да рас. Тағы бiр жыл табалдырықтан аттап, ел мәре-сәре боп жатқанда, оқырмандарымыз бiле жүрсiншi деген оймен, Кәмел ағамыздан естiген нәрселерiмiздi қаз- қалпында қағазға түсiрудi жөн көрдiк.

…Өмiр үмiтке толы. Соңғы бiраз жылдан берi әлемге деген қазақы танымды бiлейiк, мақрұм қалған жұртымызға қайта ұсынайық деген ұмтылыстың көбейе түсуi қуантады. Көшпендiлердiң әлемге деген өзiндiк ерекше танымы болғаны аян. Ол болмаса көшпендi ұлы халық Едiл патшаның заманында Еуропаны тiзе бүктiрiп, онан да арғы заманда Чукот–Аляскадан өтiп, Америка деп аталатын құрлыққа ие болып қалмас едi. Бұл қыр-сыры мол, арғы да бергi жұрттың ұлы құбылысы.

Сондай қуантарлық мақала, «Егемен Қазақстанның» 28.ХII.05 ж. санында жарық көрген «Қазақ күнтiзбесi немесе шатастырылған ай аттары» деген атпен жарық көрiптi. Авторы Сағатбек Мұғалiмжанның қазақы ай атауларын өз орындарына тура қойып айтып жүрмiз бе деп үлкен проблемалық мәселенi көтеруi өте орынды. Кешегi орыс империясының бодауында жүрiп, елден осы дұрыс па, бұрыс па деп сұрай салмай, мысықтың көзiн ашпаған баласындай сипалап жүрiп қоя салған ай атаулары әлi де сол қалпында сiресiп тұр. Мен әлемтану жөнiнде қазақы пiкiр айта алмаған ғалымдарды айыптаудан аулақпын. Қазақы пiкiр айтқанның қандай «айыптауға» ұшырағаны белгiлi. Сөйтiп, қазақы ай жөргөгiнде тұншықтырылды. Отырса басқа, тұрса аяққа ұрған ауыл ақсақалдары жұлдызбен айдың атын атап ұрпаққа үйретпек түгiлi «пәледен машайық қашыптының» керiнде жүрдi. Сол жағдайдың сан рет куәгерi де болдық.

Сағатбектiң «июль айын шiлде деп жүргенiмiз, жаңылыс деуi» әбден орынды. Сол сияқты желтоқсанды қаңтар деп атауы да көңiлге қонады. Июнь айын маусым деп атау өрескелдiк екенiн де бiлдiрiптi. Маусым-маусымдық жұмыстар деген ұғым емес пе? Оны бiр айдың атына таға салу танымның төмендiгiнiң көрiнiсi.

Мақала авторы жаңа жылды наурыздың 22 күнiнен бастаймын деп жұлдызды әлемнiң бар құбылысын әр айдың 21-22-не келтiрiп, зорлап тықпалағандай еткен. Пенденiң тiлегi барда, әлемнiң күшке көнбес заңды табиғи құбылысы бар. Наурыз жыл басы, бiз де соны мойындаушының бiрiмiз. Бiрақ сүйретiп қосқан тазы түлкi алмас деген халық даналығын да естен шығармайық.

Наурыз халықтың асыға күткен ұлы қонағы. Асыға күткен қонақтың келедiсi бар, келе жатыры бар. Қазақ Наурыз айын Наурыз күнiнен бұрын осы күнгi жыл санаудың 15-мартынан бастай берген. 15-нен 16-на қараған күнi қой құмалағы қарға батып кетсе, жақсылыққа санап, ырым еткен. Сол 15-i күнi халық қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұлдызы туды деп есептейдi. Шынында да жұлдыз ауысады. Соның ертеңiне яғни, осы күнгiнiң 17-мартынан «Бес қонақ» басталған. Мiне, Наурыздың келедiсi мен келе жатыры осы. «Бес қонақ» бес күнге созылған ауа райының құбылысы. Ол бiр күн боран, бiр күн сырғыма, қатты жел болып, бес күнге созылады да, 21-күнi бiтедi. Ертеңiне «Самарқанның көк тасы ерiген» Наурызды Наурыз көк деген құс ала келген. Сөйтiп, Наурыз бiр күннiң ғана атауы емес, толық ай аты екенiн айта кеткен жөн. Қазақы күнтiзбеде әр ай осы күнгi григорианша санаудың 14-15-нен басталатынын бiлген дұрыс.

Сағатбек «Тоғыс есебiндегi қазақы күнтiзбе» болған деген пiкiр айтқан екен. Сәл жаңылыстау кеткен тұстарына тоқтала кетейiк. Көне заман жұлдызшы-есепшiлерiнен бүгiнгi бiзге там-тұмдап зорға жеткен есебiнiң бiр түрi – осы тоғыс.

ХХ ғасырда ел шұбырған аумалы-төкпелi заманда сан қазына түбiрiмен құрып кеттi. Аштықтан тiрi қалғандар белсендiлердiң қит-ұрқысынан шошынып, бiлгенiн ұмытуға, ұрпаққа естiртпеуге тырысты. Бiр тайпа елдiң ақсақалынан тоғыс есебiн сұрағанда, «қарағым, есте не қалды дейсiң?» деп мұңайғанының куәсi болдық. Сонда сол есептiң жұрнағына iлiктiк. Ай мен Үркердiң қиылысып өтуiн көшпелi жұрт тоғыс атаған. Жаңа ай мен Үркердiң бiртiндеп жылжып жақындасып тоғысуы әр айда әрқилы күндердi өткiзген. Тоғысу январьда жаңа айдың тоғызында 9 тоғыс, Үт айында жетi тоғыс, Наурызда 5, Сәуiрде 3, Мамырда бiр тоғыс, шiлдеде 23, Саршада 21, тамызда 19, қыркүйекте 17 тоғыс болып келе берген. Көшпендiлер тоғысты күнтiзбе емес, ауа райын болжау үшiн қатты пайдаланған. Әсiресе, қыс айлары үшiн аса керектi болған да тоғыз тоғыс, жетi тоғыс деп ерекше ескерiп отырған. Осы жерде ерекше атап өтетiн жағдай, 1 тоғыс мамыр айына келуi. Есепшiлердiң бiр жүйесi жаңа жыл есебiн осы бiр тоғыстан есептеуге бейiм болған. Себебi, мамырды қарашамен, сәуiрдi қазанмен, наурызды қыркүйекпен, үттi тамызбен қауыштырған. Тоғыс есебi, негiзi ауа-райын болжау есебi. Ұлы Абай «Сәуiрде көтерiлер рахмет туы» деп аса ризалық бiлдiрген ай, осы сәуiр. Оны көкекпен шатастырып қайтемiз. Алтай мен Едiлдiң арасындағы ұлы далада бұл уақытта көкек шақырмайды. Ол әзiрге келе қойған жоқ. Сондай-ақ, сәуiрдiң де осы күнгi жыл санаудағы апрельдiң 14-нен басталатынын мойындаған абзал. Мартта жаз жұлдызы туса, сәуiрдiң осы күнiнде осы жаз бұлты шығып, бөлек-бөлек отау боп көк жүзiн кезедi. Үш күннен кейiн даланың адал құстары қаз-үйрек, т.б. жұмыртқа салады. Көкектiң шақыратын айы – негiзiнен мамыр. Тағы бiр қызығы, автордың мамыр атауын өзiн-өзi өлтiрген қыздың атына байланыстыруы, Шәкәрiмнiң «Қалқаман-Мамырындағы» Мамырдың есiмiне орайластыруы ыңғайсыздау. Шәкәрiм қажының Мамыры кешегi күн ғана ғой, ал қазақтың ай атауы көне дәуiрде жатыр.

Әр айдың басын 22-не тықпалаудың салдарынан май мен июньдi қамтитын ай Сарыатан-зауза болып шыға келедi. Тағы да айтамыз, көшпендiлр ай атауларын ертекке байланыстырмаған (орыста ғана ойдан шығарылған Ильин день, Петров день, Рождество бар) керiсiнше, қазақ ай атауын табиғатпен тiкелей байланыстырады. Көшпендi елде Шiлде деген ай бар. Тағы да шiлде аптабының аяқталуын 22-санына зорлап апару бар. Үркердiң жылдың қай мезгiлi, қай күнiнде «жататынын» айтпасақ тағы бiр ертек туады.

Қырық күн шiлде Үркердiң жерге түсуiнен басталады. Бұл осы күнгi жыл санаудағы Мамыр айының 30-на дәл келедi. Арада төрт-бес күн кеткен соң, Үркер орнына орнықты деп санаған. Содан кейiн Шiлденiң ыстығы басталады. Бұл айды ел Шiлде айы деп атайды. Осы күнгi күнтiзбедегi Маусым атауы түбiрiмен қате. Үркердiң бату кезеңiнде «Үркер шалшыққа батса, жаз жаңбырлы болады» деген болжау бар. Шiлденiң ыстығы келесi айдың 15-16-сы шамасында Үркердiң қайта тууымен бiтедi.

Көшпендiлер ауа райының құбылысына Үркердiң әсерi барын қатты бақылаған. Үркердiң шалшыққа батуы, Үркердiң толғағы дегенiмiз, қыстағы, яғни осы күнгi январь айындағы Сары аяз.

Үркердiң аууы (3-5 февраль. Бұл күнде ауа райы өзгередi). Үркердiң жамбасқа (4-5 марттағы жылымық), бәрi назардан тыс қалмаған. Тоғыс есебi де Үркермен жүргiзiлгенiн еске алайық.

Мақала авторы Сарыатан -Зауза деген қателiкке ұрынып, келесi айды «отамалы» дейдi де, ар жағында Сарша-Тамыз деген қазақы ұғымды қоса тiркейдi. Әуелi, осы Отамалы деген қазақы, ұғынықты сөзге тоқталайықшы. От, яғни малдың оттауы, оның амалы жаздың ортасында, қиындықсыз кезде тумайды. Наурыз күнi өткеннен кейiнгi аптаның соңында Құс қанаты деген амал өтедi. Ұлы далада қырқаның жотасы қарайғанмен, айналаны жапқан қар сiресiп жатады. Осы күнгi жыл санаудағы сәуiрдiң 4-5 күндерi соңғы боран өтедi. Сонан соң қар күрт жiбiп сала бередi де, малдың өрiсi кеңейедi. Көшпелi ел тап осы соңғы боранды Отамалы деп атаған. Мұны жаздың ортасындағы бiр айға апару үлкен қателiк. Сарша, Тамыз осы күнгi жыл санаудағы июль, август айларына келедi. Сарша сөзi исi қазаққа түсiнiктi. Жаз ортасы ауып, жасыл желектi айнала сарғыш реңге ене бастайды. Тамыз сөзiн үндi-парсыдан iздеудiң қажетi шамалы. Бұл айда жемiс-жидек, қарақат-бүлдiрген тамылжып, мөлдiреп пiседi. Тамыз сөзiнiң түбiрi-тамылжу. Үндi мен гректiң Сүмбiленi қалай атағанында жұмысымыз жоқ. Мәселе, бұл айда Сүмбiленiң тумайтынында. Көшпендiлер «Таразы туа таң суыр» дейдi. Бұл айда туар жұлдыз – Таразы. Үш бұрышты шоқжұлдызды жоғарыдағы жұлдызынан iлiп қойған тәрiздi, кешке бiр басы төмен түсiп тұрса, түн ауа екiншi басы басып тұрады. Таразыдан соң, айға жуық уақытта үш арқар көрiнсе, Сүмбiле қыркүйектiң 21-23-аралығында туатын жалғыз жұлдыз. 23-қыркүйекте күн мен түннiң теңелуiн де ұмытпайық. Мал баққан көшпендi ел «Сүмбiленiң суы жүрiп пе?» деп сұраған. Сол күндерi жаңбыр жауып өткен жердiң көдесiнiң түбi көк болады деп, қыста жылқыны сол жерге тебiнге салған.

Таразыдан соң, туар ай – Қыркүйек. Ұлы даланың қыр жағында өмiр сүретiн халықтың мал шаруашылығына байланысты қырда алынатын күйiкке орай ай аты да қойылған. Қойынан төл алуды көздеген, талай ғасыр осы даланы мекен еткен халық 22-февраль мен 21-март арасында малынан төл алуды ойластырмаған. Қырда бұл уақытта атақты-атақты сан боран бар. Малына қора салмай ықтырмада ғана ұстап, сан мыңға ие болған бай жетерлiк. Арқаның Тағылы-Бұғылы сияқты қысы қатты өңiрiнде ғұмыр кешкен бiр ғана Ботпай байда 20 мыңнан аса қой болған. Февраль түгiлi марттың 20-сынан кейiн, Отамалы дейiн ықтырмада қозған қойдан ешкiм төл ала алмас едi.

Қошқарға күйектi түннiң сууына байланысты байлаған. Түн суй қой қашатын шақ туады. Жобаға таразы туа таң суыр деген август айының орта тұсы алынып, ноябрьдiң алғашқы аптасы бiткенше қошқардан күйек алынбаған. Мiне, осы шамада ұрықтанған қой сәуiрдiң орта тұсында жаппай төлдей бастайды.

Шаруашылықтың жиын-терiн айын ел қазан қойса, Сары күз, Қоңыр күзден соңғы айды қараша атаған екен. Қарашадан қараған түбiнде қар қалса тоқтылық қыс болады деп болжам жасаған. Қазақ айын Ақырап деп те атаған. Ақыраптың алты күнiнде (15-i мен 21-нiң арасы) қыстың алты айын болжаған ерекше де ырым бар. Қарашаның 17-18-де өз амалы бар. Бүрме деп сойылған қойды жiлiктеп, өз терiсiне орап тастауды айтқан. Шаруашылық әлiне қарай, 20-дан бастап, 50-60-қа дейiн бүрме жасаған. Бүрме бас тартылуы қажеттi қонақ келген сайын ашылып отырған. Қараша айының соңында Қамбар жұлдызы туады. Орыстар Козерог атап жүрген бұл жұлдыз шоғын бiздiкiлер Ешкiмүйiз атап жүр.

Қаңтар атақты теке бұрқыл боранымен, Ақпан қыс шiлдесi Сары аязымен белгiлi. Онан кейiнгi ай – үт. Әзiрге бiз оны Ақпан деп шатасып жүрмiз. Үт сөзiн парсының «Худ» деген сөзiнен iздеушiлер де бар. Бұл ендi қазақы танымнан айрылып қалғанымыздың көрiнiсi. Осы айда күн жарығы молайып, терезеден түскен ақ сәуледе тозаң тәрiздi ақ ұшқын ұшып жүргендей көрiнедi. Осы ақ сәуленi қазақ «үт« деп атаған. «Үт кiрдi, құт кiрдi» деп жұрттың iрi қарасы төлдеп, елдiң аузы аққа да жари бастаған. Ұлы даланы мекен еткен жұрттың әр аймақта әр айда болып өткен уақиғаға байланысты, сол айға қосымша ат таға салуы да болған. Ақпан-Тоқпан әңгiмесi, соның бiрi ғана деп қарастырған жөн болар. Бұл айдағы бар қазаққа белгiлi қыс амалы – февральдiң 17-23 арасында өтетiн «Бөрi сырғақ» бораны. Осы боранда даланың көкжалдары жұптасып, 62 күннен соң, қасқыр бөлтiрiгiн туады.

Өз атауын таппай жүрген тек ай мен жұлдыз атаулары емес, жыл атауларында да кездеседi. Мешiндi бiз қазiр маймылға апарып жүрмiз. Бiздiң жас кезiмiзде, көнекөз қариялар «Мешiн» адамның азғыны, кiсi киiк деп атаушы едi. Бүгiнгi тiлмен айтқанда, бұл «Қар адамы». Сол сияқты «доңыз» жылын жылды арамға бұйырмай, «Қара киiк» деп атаған. Осылай атасақ, жастардың көңiлiне адалдықтың сәулесiн себе түспес пе едiк.

Бiз мемлекеттiк идеология жоқ деймiз. Мемлекеттiң идеологиясы халықтың ұлттық танымында жатқан жоқ па? Ұлттық таным – халықтың көкiрегiн ашады, ұрпақтың өз ұлтына деген мақтаныш сезiмiн арттырады. Ұлттық намыстан елiн қорғайтын ерлер туады. Осы жағы бiзде әлi жетпей жатыр.

Жазып алған Гүлзина БЕКТАСОВА