Шелектегi шатақ: СЕБЕП ПЕН САЛДАРЫ
Шелектегi шатақ: СЕБЕП ПЕН САЛДАРЫ
Өткен жылдың аяғына қарай Шелекте орын алған қазақ-ұйғыр жастарының төбелесi әлi де елдiң құлағын шулатып келедi. Тiптен, Ұйғыр ауданының – 50-ден астам ұлт өкiлi тұратын кiшi «ұлттар лабораториясының» кейбiр қыр-сырлары ендi ғана ашылып жатқандай. Олай дейтiнiмiз, таяуда «Состояние.kz» (24.12.2006.) бағдарламасында Шелекте орын алған оқыс оқиғаға байланысты арнайы сюжет көрсетiлген едi. Сюжеттiң соңына қарай «Уйгурстан» деген жазуы бар картаны бейнелеген үнпарақшалар да «паш етiлдi». Араға бiраз уақыт салып Шелектегi оқыс оқиғаға байланысты арнайы құрылған «Ұлт қалқаны» комитетi қорытынды есептерiн берумен қатар, аталған картаны жария еткен едi.
«Ауруын жасырған өледi». Бұл мақал – Шелектегi «шатақты» көтерген әрбiр ұлттық басылымның қанатты сөздерiне айналған сияқты. Сондықтан елiмiзде ұлтаралық мәселе туындаса, оны асқынбай тұрған кезiнде шешiп алған жөн шығар. Рас, Шығыс Түркiстанның билiгi Қытайға өтiп, ұйғыр халқы қыспаққа түскенде, елдiң бiразы бауырлас мемлекеттерге көше бастады. Ұйғырдың өзбекке тiлi жақын болса да, нағыз жақсылықты олар қазақтан көрдi. Сол баяғы қазақтың кеңпейiлдiлiгi, қонақжайлылығы ғой бұл. Жаһандану заманында түркi тiлдес мұсылман халықтарының бiрге болу керектiгiн қазақ басылымдары көтерiп-ақ жүр. Сондықтан бiзге Қытайда жерi мен елi қалған ұйғыр халқының да орны бөлек. Бiз бауырлас елмiз ғой… Десек те, кейбiр бұзақылардың «Мемлекет – сендiрдiкi, жер – бiздiкi» деп ұрандатуы екi халық арасына қаяу түсiре жаздады. Бұл қайдан шыққан сөз? Мұндай сөздi жас балаларға кiм үйретiп жүр? Сауал көп-ақ. Ал, жауап бар ма? Әлде бiз оның жауабын бiлемiз бе? Аталған баспасөз мәслихатында «Болашақ» республикалық қозғалысы төрағасының орынбасары Дәурен Бабамұратов: «Мына қолымызға түскен картаға келсек, бұл өте қулықпен жасалынған. Мұнда Қазақстанның қалалары көрсетiлмеген. Қай қаланың қай жерде орналасқаны мүлде жоқ. Жалпы картаның нобайы көрсетiлгенiмен, мәселен, мына жерiнде Қытаймен шекаралас жатқан Алматы, Талдықорған, Жаркент деген атаулар жоқ. Мұндай карта жайдан-жай жасалынбайды ғой. Мұның артында бiр жоспарлар бар сияқты. Осы картаның бет-бейнесi Шелектегi әрбiр ұйғыр азаматының ұялы телефондарында жүр дейдi» – деп, картаның Қазақстанда жасалу мүмкiндiгiн топшылады. Қазақстанда ұлтаралық жағдай бар болса, ол неден туындады? Қазақ мүддесiнiң күнi бүгiнге дейiн артқа шегерiлiп келуiнен бе? Мемлекеттiк тiлге кейбiр диаспора өкiлдерiнiң мұрнын шүйiре қарауынан ба? Әлде қазақтың Қазақстанда диаспора деңгейiне түсiп кеткенiнен бе? Егер Қазақстан деген мемлекет құрылса, ол қазақтың негiзiнде құрылуы керек емес пе? Ал, бiз тәуелсiз Қазақстанның 15 жылдығын немен қарсы алдық? Теңiз бен Шелектегi төбелеспен бе?! Бүгiнде қазақты «ұйқыдағы организммен» теңейтiн адамдар да бар. «Намыс өлген, тiл өлген» деп жатады. Дегенмен, жоғарыдағы оқыс оқиғадан кейiн сонау 90-шы жылдардың орта шенiнде қақ бөлiнген ұлттық ұйымдар тұңғыш рет қайта бiрiктi. «Ұлт тағдыры», «Ел болашағы», «Желтоқсан жаңғырығы», «Халық дабылы», «Алаш», т.б. қозғалыстар «Ұлт қалқанын» құрып, бiр ту астына жиналды. Осыдан-ақ, қазақтың намысының әлi де бар, тiрi екенiн байқаймыз. Дос Көшiм, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы: ЖАЛАУ IЛIП, КАРТА ТАРАТУ БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАУШЫ ЕДI…– Жалпы, ұйғырлардың автономия туралы мәселенi көтерiп жүргенiне көп жыл болды. Бұл 1960-шы жылдардан басталды. Юсуповтың кезiнде, Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн 90-шы жылдары автономияны беру туралы мәселе көтерiлген едi. Шындығында да, олар бұл жердiң тарихи ұйғырдың жерi емес, қазақтың жерi екенiн әлi түсiнбейдi де, бiлмейдi де. Кезiнде Қашқар жақтан қытайлармен соғысып қашқан ұйғырларға қазақтар осында жер берген. Кейбiр сөздерге қарағанда, оған Шоқан Уәлихановтың да қатысы болған екен. Шоқан осы жердiң ұйғырлардың қоныстануына берiлуi үшiн көмектескен сияқты. Бәрiмiз түбi бiр түркi халқымыз ғой. Бұл да өзiндiк қол ұшын созу болса керек.
Ал, өзiмнiң саясаткер ретiндегi жеке болжамымды айтсам, соңғы уақытта Шығыс Түркiстан жақта қытайландыру саясаты үлкен қарқынмен жүргiзiлiп келедi. Бұл саясаттың басталғанына да 20 жыл шығар. Соған байланысты, ол жақта көптеген көтерiлiстер болды. Естуiмше, өткен аптаның өзiнде Қытайда 27 күрескер ұйғыр азаматын атқан. Соған қарағанда, бұлар «сол жерде жеңiп шығамыз ба?» деген үмiттерiн үзе бастаған сияқты. Сондықтан ана жақтан кейбiреулерi ештеңенiң шықпайтынын түсiнiп, осы жерден-ақ Ұйғыр ауданының маңынан, яғни ұйғырлар көп қоныстанған жерден: «бiзге автономия есебiнде жер берiле ме?» деген мәселенi көтерiп жатқан сияқты. Демек, сол жақтағы ұйғырдың тәуелсiздiгi үшiн күресiп жүрген саяси күштер Қазақстанға да енiп, сол идеяны таратуын бастаған сияқты. Өйткенi бұрын да төбелестер болып жататын. Бiрақ жалау iлiп қою, карта тарату деген нәрсе ешуақытта да болмаған. Менiң ойымша, бұл – бiзге қазiрше белгiсiз саяси күштердiң Қазақстандағы жұмысының бастамасы сияқты. Солардың қот-қоттауымен ұйғырдың жастары қазiр осы идеямен қарулана бастаған секiлдi. Бұл дұрыс боп шықса, бiздiң бiртұтастығымызға үлкен қауiп төнедi. Бiрақ бiз Шелекке барып жағдайды тексергенiмiзде ерiксiз осындай ойға келдiк. – Қазiр кейбiр билiк өкiлдерi Шелекте ешқандай да ұлтаралық жағдайдың жоқтығын айтып келедi. Ал, Ұйғыр ауданына арнайы барып-келген комиссия мұндай жағдайдың болғандығын растаған сияқты. – Иә, бiздiң қорытынды есебiмiздi солай жазылған. – Аталған карта ұйғыр мектептерiнiң бiрiнен табылды деген де қауесет сөз бар… – Комиссия мүшелерiнiң айтуы бойынша, картаның бiреуiн «мiне, бiзге таратып жатқан карталар» деп әкiмшiлiктiң өзi берген. Ал, бiреуi бiздiң адамдар жатқан қонақүйдiң алдынан табылған. – Журналист Ерқанат Оралбаевқа қатысты мәселе басы ашық күйiнде сияқты. Прокуратура оның үстiнен қылмыстық iстiң қозғалатынын айтты. Журналистке ұлт патриоттары арашашы бола алады ма екен? – Ол iстiң мәселесiн көрермiз. Негiзiнен Ерқанаттың жазған мәлiметтерiнiң көбiсi расталды. Кейбiрi расталған жоқ. Өйткенi оның себебi де бар. Негiзгi себебi – бiз оқиға орнына бiр жарым ай өткеннен кейiн барып тексере бастадық. Олар бiраз нәрсенiң iзiн жасырып қоюы да мүмкiн ғой. Десек те, олар егерде сотқа берсе, Ерқанаттың өзiнде де материалдардың болуы әбден мүмкiн. Себебi қолында белгiлi бiр айғақтары, деректерi болмаса материал жазу мүмкiн емес қой. Сондықтан бiз бұл мәселенiң басталуына қарай араласуымыз әбден мүмкiн. Әбдiмижит ДУЛЯТОВ, «Ұйғыр авази» басылымы редакторының орынбасары: БIЗДIҢ ҚЫТАЙҒА ДА КЕРЕГIМIЗ ЖОҚ…– Бұл картаның пайда болу себебi неде деп ойлайсыз? Және ол қайдан шыққан?
– Бұл картаның қашан және қайда пайда болғандығын мен бiлмеймiн. Бiрақ бұл картаның ұйғырға пайдасы жоқ. Ұйғырдың мемлекетi болса, «Ұйғырстан» елi атанып, осындай карта шығарса, бiрдеңе болар едi… Қазiр ұйғырдың өз мемлекетi жоқ. Оған мұндай картаның не керегi бар? Мұның басқа бiреулерге керегi болған шығар. Менiңше, бiреулер мұны «шпаргалка» деп қарайды, бiреулер мұны «карта» деп қарайды. Мысалы, бұған жергiлiктi ұйғырлардың қатысы жоқ. Бiзге қазiр жұмыс керек, денсаулық керек, тыныштық керек. Қазақ бауырлармен достығымыз керек. Қалған нәрсенiң керегi жоқ. Қалған нәрсе өзi табылады. Бiз осы жерде туып-өскен жiгiттермiз. Осы жерде әкелерiмiздiң, бабаларымыздың қаны төгiлген. Терi төгiлген. Бiз қазақпен бiрге өсiп келе жатырмыз. Ендi анау-мынаудың не керегi бар? Бiз солардың ұрпағы, балаларымыз. Менiңше, мұндай мәселенi көзiр етпеу керек. Керiсiнше, ұйғырдың арасына кiрiп, қарттардан, жастардан жағдайын сұраңыз: «Не iстеп жатырсыздар? Не жұмыс iстеп келесiздер?» – деп. Мысалға, барахолкада отырғандар – қазақтар мен ұйғырлар. Ауылдарда да өз қарындастарымыз тұрады. Олардың мұндай нәрсеге қарауға дәтi жоқ. Олардың денi аурушаң. Жұмыс жоқ. Аш-жалаңаш. Мұндай мәселелерге мен қарсымын. Қазақтарды ұйғырдың проблемасына терең қарауға, оларға не жетiспей жатқанын бiлуге шақырамын. Солай қараған дұрыс. Өткен ғасырларға қарасаңыз, бiздiң көрген қуанышымыз да – бiр, қасiретiмiз де – бiр. – Негiзiнен бұл картаның кейбiр ұйғыр балаларының ұялы телефондарынан табылғандығы айтылып жүр ғой… – Мен бұған сенбеймiн. Оны айту оңай. Неге сол ұялы телефонды табады да, басқаны таба алмайды. Бұл да анау «қазақ жiгiтiнiң құлағын кесiп кетiптi, ұрып кетiптi» деген сияқты да… Мен сол жерде туып-өстiм. Оқиғадан кейiн сонда бардым. Бәрi жалған?! Ресторанда арақ iшiп алып, сосын ұрысып-төбелесiп, кейiн ұлт мәселесiн көтерудiң өзi ұят қой бiзге… Әрине, мен де өз ұлтымды жақсы көрем. Бiрақ өз ұлтымды жақсы көру үшiн қазақ ұлтын құрметтеймiн. Өте құрметтеймiн. – Яғни, сiз бұл картаны шығарғандар қазақ пен ұйғыр қарым-қатынастарына қаяу түсiргiсi келдi дегiңiз келе ме? – Иә, солай. Бұл қазаққа да керегi жоқ, ұйғырға да керегi жоқ. Мұның кiмге керегi бар? Өзiңiз де ойлаңыз. Мысалға, мен мұны бiрiншi рет көрiп отырмын. Бәлкiм, мұны бiреулер әдейi жасаған болар. Саддам Хусейндi дарға асқанда, оны да ұялы телефон арқылы түсiрген ғой. Әйтеуiр бiреудiң шығарғаны ғой бұл…– Ал, негiзi ұйғырдың туы суретте көрсетiлгендей ме? – Иә, ай мен жұлдыз. Байрақ болған ғой ұйғырда бұрын… – Әлгi картада «Ұйғырстанның» территориясына Қазақстанның да бiраз аумағы кiрiп кеткен сияқты. Әйтеуiр, картада оның Ресеймен шектесiп тұрғаны да байқалады… – Бұл күлкiлi нәрсе. Қызық… Қазақстан жерi бөлiнбейдi. Мен осында туып-өскем. Бұл – менiң туған елiм, туған жерiм. Жағдай осылай боп тұрғанда, карта жасаудың не қажетi бар?! Қазақстанда жұмыс iстеймiз. Қазақ тiлiн бiлемiз. Үйренiп жатырмыз. Орыс билеген кезде бәрiмiздiң қасiретiмiз ортақ болды. Тек қана тiл емес, барлық мәселелер ортақ болды. Қазақтардың жеке мемлекет болғаны жақсы. Оған мен қарсы болуым керек пе? Жақсының өзi бiрiншi кеп маған тиедi ғой. Бәрiбiр тиедi. 10 жыл, 15 жылда бәрi жақсы болып кетпейдi ғой. Уақыт керек. Ертең қазақтың оқығандарының «ұйғырларға мектеп ашып бер, тiлiн сақтап қалсын, әдебиеттi сақтап қалсын» дейтiндей кезең келмей ме?! Бiз сол үшiн жасаймыз. Сонда анау ұйғырдың қазақтың алдында келiп, таразыға тұрмағанын сонда көрейiн?! Бiздi қазақтан басқа ешкiм түсiнбейдi. Қазақтың оқыған қыз-жiгiттерi түсiнбесе, бiздi кiм түсiнедi?! Бiздiң Қытайға да керегiмiз жоқ.Кәмшат ТАСБОЛАТОВА