Жаңалықтар

«АЛАҒАН ҚОЛЫМ – БЕРЕГЕН...»

ашық дереккөзі

«АЛАҒАН ҚОЛЫМ – БЕРЕГЕН...»

Мәскеу мен Минск арасындағы ресейлiк мұнай бағасына қатысты туындаған дау ақыры шешiлдi. Үш күнге созылған екiжақты келiссөздерде әрбiр доллар үшiн күрес, серiктестiк сенiмдiлiк, былтыр украиндар мен орыстардың газ бағасына қатысты дауынан кейiн «аузы күйген үрiп iшедiнiң» кебiн киiп қалған кәрi құрлықты сабаға түсiру мен қайтадан кеңестер алу мәселесi жан-жақты талқыланған. Сонымен, Ресейден Беларуське тасымалданатын шикi мұнай өнiмiне тасымалдық салық салынатын болды. Бұл туралы РФ үкiметiнiң төрағасы Михаил Фрадков: «2007 жылдан бастап бiз Белоруссияға тасымалданатын шикi мұнай өнiмiнiң әр тоннасына 53 доллардан алатын боламыз» дедi. Ал Беларусьтiң премьер-министрi Сергей Сидорский ресейлiк және беларусьтiк тараптар алдағы 3 жыл iшiнде қабылданған келiсiмдi қатаң сақтау жауапкершiлiгiн мойындарына алғандарын мәлiмдедi. Бұған дейiн беларустар өздерi арзаннан алатын орыс мұнайын еуропалықтарға үстеме бағамен сатып келген болатын. Кешегi келiсiмнен кейiн олар бұл мүмкiндiгiнен айырылып отыр. РФ қаржы министрi Алексей Кудрин: «Егер Белоруссия iшкi шекарада шикi мұнайын тiптi 1 тоннасын сыртқа шығарар болса, алдымен 53 доллар, содан соң 180 доллар төлеуi тиiс. Осылайша тасымалданатын мұнайi өнiмiн шикi күйiнде өңдеу үшiн Белоруссияға әкете алмайды» дедi. Кремль жүргiзiп отырған табиғи ресурстарға қатысты саясатқа көңiлдерi әбден тойған ресейлiк сарапшылар белорустармен болған келiссөз нәтижесiнде түйiндi мәселелердiң барлығы шешiмiн тапқанын және 2020 жылға дейiн мұнай мәселесiнде дау туындамайтынын айтады. Екiжақты кездесуден кейiн берiлген баспасөз мәслихатында Мәскеу Ресейдiң өз мүддесiн толық сақтап қалғанын, алайда мұнай тасымалдауда екiншi рет туындаған дағдарыс Еуропаның жүйкесiне тигенiн мәлiмдедi. Үстерiнен ауыр жүк түскендей, күрсiнiп сала берген Кремль ендi Минскiнiң ресейлiк компанияларға мұнай саудасына қатысты қойған ондаған шектеулерiн алып тастауын күтедi.

Былтыр желтоқсан айында Ресей мұнайдың әр тоннасына салынатын экспорттық төлемдi 180 долларға дейiн көтерген болатын. Орыстардың бұл талабы қытықтарына тиген белорустар тасымалдық төлемдi тоннасына 45 доллар деп белгiлейтiндiктерiн мәлiмдеген. Онымен де шектелмей, «Дружба» мұнай құбырындағы өнiмдердi дереу тасуға көшкен. Осының салдарынан былтыр қыстың көзi қырауда украиндар мен орыстар арасындағы даудың кесiрiнен табиғи газсыз қалған Еуропаға тағы да жылусыз және жарықсыз қалу қаупi төнген. Мәскеудегi келiссөзге келген Белорусь премьерi Сидорский ресейлiк әрiптестерiн мұнайдың әр тоннасына белгiленген 180 долларды 53 долларға дейiн түсiруге көндiрген. Қолма-қол төленетiн салықты Ресей жағы бiрден санап алмақ. Ал Минск Мәскеумен бiрге бiртұтас экспорттық салымды енгiзедi. Сол баяғы 180 доллар… Ең бастысы, жаңылтпашқа ұқсаған келiссөздер екi жақты да қанағаттандырған көрiнедi

.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ